ойын сауық отауы
Жарылқасын ағаның батасы
09.04.2017 4 274 0 Дауыл

Жарылқасын ағаның батасы

Бата, тілектер
ЖАРЫЛҚАСЫН АҒАНЫҢ БАТАСЫ

Дастарқан батасы
Дастарқаның бай болсын,
Қазан, ошағың май болсын.
Төрт түлігің сай болсын,
Көңілің толып жай болсын.
Құнажындарың құлындап,
Құлындарыңтай болсын.
Ұлың қонып ұяға,
Қызың ұшып қияға,
Келінің бибі атанып,
Ұлың болсын би аға.
Бергеннен Алла танбасын,
Көбейе берсін мал басың,
Өсе берсін жан басың,
Арманың көкке самғасын.
Досыңнан көңілің қалмасын,
Жағаңнан дүшпан алмасын.
Жолың болып жортқанда,
Жолыңды Қызыр жалғасын.
Әумин!

***
Берек берсін асыңа,
Бақ келіп қонсын басыңа.
Балын татып өмірдің,
Жамбылдың жетіп жасына.
Қуанышпен достарың,
Жинала берсін қасыңа.
Қойың қоздап егізден,
Ешкің туып сегізден.
Майдан қолың кетпесін,
Соғымың болып семізден.
Айтып жүрсін қонағың
Таңдайдан кетпей жегізген.
Шалқып жатсын дәулетің,
Тасыған селдей теңізден.
Баянды Алла бақ берсін,
Адалын берсін ақ берсін.
Атағың кетіп Алашқа,
Астыңа алтын тақ берсін.
Әумин!

***
Атымтай жомарт секілді,
Тасытсын Алла ниетіңді.
Досың түгіл дұшпаның,
Қайтармасын бетінді.
Төле бидей сөздерің,
Халқыңа болсын өтімді.
Қырық жігіт, қырық қыз,
Қоршап жүрсін көшінді...
Төрт түлігің қаптасын,
Сай менен сайын төсінді.
Дариядай дәулетің,
Арнадан асып құйылсын.
Сәулелі болып сәулетің,
Тең - тең болып жиылсын.
Бақ келіп қонып басыңа,
Көңілің көлдей шалқысын
Пейіліңе қонған қонағың,
Ішпей - жемей балқысын.
Әумин!

***
Ер - азаматқа бата
Сөзің аталы,
Атың жоталы болсын.
Биең құлынды,
Түйең боталы болсын.
Қойың егізден,
Ешкің сегізден тапсын.
Келін аяғымен,
Қойшы таяғымен жақсын.
Көңілің дилы,
Басың сыйлы болсын.
Қызың ибалы,
Ұлың милы болсын,
Қосағың сарамжал,
Айшадай ақ адал болсын.
Кемімей парқың,
Қадірлі халқың
Басынды бағалар болсын.
Өзің сары тісті қария,
Дәулетің дария болсын.
Әумин!

***
Атың тұлпар,
Құсың сұңқар болсын.
Желің биелі,
Көшің түйелі болсын.
Ісің жүйелі,
Басың киелі болсын.
Қызың қияға,
Ұлың ұяға қонсын.
Сапарың сәтті,
Жегенің тәтті болсын.
Баянды болып,
Бақ, дәулет қонып,
Көңілің толсын.
Әумин!

***
Сыртыңнан дұшпан жүрмесін,
Көңіліңе үрей кірмесін.
Көре алмаған күншілдер,
Күшіктей шулап үрмесін.
Сыйлы етіп Алла басыңды,
Ғұмырлы қылсын жасынды.
Аруақ қолдап өр, шыңға,
Домалатсаң тасыңды.
Қадірін білген анаңның
Қызығын көргін балаңның
Күнің мен ісің түспесін,
Қолына топас сараңның
Асқақ болып арманың,
Арайлап атсын таңдарың.
Мақсатыңа жете бер,
Аман болып мал - жаның.
Әумин!

***
Жас жұбайларға бата
Шаңырақтарың биік,
Босағаларың берік болсын.
Бау - бақтарың,
Алма мен өрік болсын.
Басыңда дәйім,
Құлпырған құндыз бөрік болсын.
Ақ жүзіне жарыңның,
Ақ кимешек көрік болсын.
Құдай қаласа,
Көп ұзамай жерік болсын.
Торсық шекелі ұл туып,
Ол өзіңе серік болсын.
Әумин!
***
Қол ұстасып өтіңдер,
Армандарыңа жетіңдер.
Жемісі мол дарақтай,
Өркендендер, өсіңдер.
Болдындар ақ некелі,
Бөлінбендер екі елі.
Аппақ келін ұл тусын,
Айдай торсық шекелі.
Жүзге келіп жастарың,
Аппақ болсын шаштарың.
Шөбереңе ұрысқанда,
Қалтылдасын бастарың.
Әумин!
***

Дәркембай ұстаның батасы
Ғажап талант берсін!
Ғаламат талап берсін!
Кеңдігің жеріңдей болсын!
Мейірімің еліңдей болсын!
Өмір - көрігің өшпесін!
Достарың жаныңнан кетпесін!
Ісіңе жұрт сүйсінсін!
Қуанбай әсте өтпесін!
Ұлдарың бай, дүбірлі болсын!
Ұрпағың үбірлі - шүбірлі болсын!
Әумин!
***

Орысбай Әбділдаұлы батасы
Ел көңілі шалқысын,
Күн нұрына балқысын.
Перзенттері тік тұрып,
Қызмет етсін халқы үшін.

Қара жерге шаншылып,
Орман болсын талшыбық.
Егін - жайлар жайқалсын,
Ақжауынға малшынып.

Безінгендер боздасын,
Қой егізден қоздасын.
Жұмыр басты пенделер,
Ойламасын өз басын.

Бұзау үзіп бұйдасын,
Сиыр уыз сыйласын.
Көже құйып көршілер,
Бірін - бірі қинасын.

Қыл қүйрықты өсіріп,
Құлын шапсын көсіліп.
Жылқышылар құрық caп,
Шаттансын бір төс ұрып.

Отар көшін бастаған,
Ай мүйізбен жасқаған,
Ақ серкелер көбейсін,
Етке өткізіп тастаған.

Көк қауласын дүркіреп,
Жауын жаусын сіркіреп.
Жаңа дүние жаңғырсын,
Ой - сананы сілкілеп!
Әумин!

***
Жай қолыңды құрдасым,
Ғұмыр кешкін бір ғасыр.
Сипалап өт өмірден,
Қосағыңның сырғасын.

Ағайын - жұрт азбасын,
Ойламасын өз басын.
Бабалардан ұласқан,
Жөн - жоралғы тозбасын.

Берік болсын, бел, мықын,
Қорғаштай біл ел құтын.
Есті болса ер жігіт,
Халық аман, жер бүтін.

Тасып кетпей меймана,
Нәпсіңді тый, ей, бала!
Қалтылдаған қарттар мен
Артында бар кейуана.

Арулар көп үмітті,
Ардақ тутқан жігітті.
Арқа сүйер әрқашан,
Азаматқа білікті.
Өмір гүлі әр үйдің,
Қорғаны бол сәбидің.
Құдіретіңді хош көріп
Сонда ғана танимын.
Қайырым жаса жарлыға.
Жомарттық тән арлыға.
Айтып - айтпай не керек,
Жарық күнде қалғыма!
Әумин!

***
Жер қайыссын жылқысы,
Тыныш болсын ұйқысы.
Қоздап жатсын қойлары,
Тарқамасын тойлары.

Боталасын түйесі,
Қорғап жүрсін киесі.
Егіз тапсын ешкісі,
Ренжітпесін еш кісі.

Сайға сыймай сиыры,
Малға толсын қиыры.
Озып келсін қосқаны,
Алқаласын достары.

Ұзын болсын құрығы,
Ұзатпайтын ұрыны.
Ойына алған тілегі,
Орындалсын үнемі.

Құт - береке дарысын,
Уыздығы жарысын.
Жарқырасын Ай - Күні,
Асып тұрсын айбыны.

Өсіп - өнсін ұрпағы,
Шуақ шашсын нұр таңы.
Аулақ болсын, уайым,
Сақтап жүрсін Құдайым!
Әумин!

***
Балаларға бақ қонсын,
Періштелер жақ болсын!
Кілең бестік сыйлансын,
Имандылыққа илансын!

Биікте қалықтасын,
Оқудан жалықпасын!
Ауырып - сырқамасын,
Үлестен құр қалмасын!

Өнерге құштар болсын,
Талантын ұштар болсын!
Кітапқа құмар болсын,
Халқына ұнар болсын!

Өмірде сыйлас болсын,
Өкпеге қимас болсын!
Құдайым қуат берсін
Көңілге шуақ берсін!

Қаламы жорғаласын,
Бестікті дорбаласын!
Күндей боп күлімдесін,
Сындардан сүрінбесін!

Мұраттас болсын - дағы,
Жарқырап жансын бағы!
Құлашын кеңсермесін,
Бос жүріп теңселмесін!

Алысқа көзін тіксін,
Ақ бата сөзімді ұқсын!
Мақсаты зордан болсын,
Еліне қорған болсын!

Ақ сүтті ақтар болсын,
Отанға мақтан болсын!
Ұстазын ұлықтасын,
Осыны ұмытпасын!
Әумин!

Дастарханға бата Дастарханға бата
Дастарханың бай болсын. Қазан - ошағың май болсын. Төрт түлігің сай болсын. Көңілің толып жай болсын. Ұлың қонып қияға, Қызың қонып қияға, Келінің
Дастарқанға ақ бата Дастарқанға ақ бата
Бата бердім, бақ тіледім, Ақ дастарқан басына, Я, Құдайым, шын тіледім, Келсін деп менің қасыма! Көңілің көлдей болып, Көргенің түстей болып, Қыдыр
Үй иесіне бата Үй иесіне бата
Шаңырағың шалқи берсін. Керегең кеңи берсін. Осы үйге ән - күй келсін, Дұшпаның кеми берсін.
Қанжығалы Асаубайдың батасы Қанжығалы Асаубайдың батасы
Көтер білекті, Берсін тілекті. Әуелі қудай оңдасын, Әжді - әулие қолдасын.
Құрбан айт батасы Құрбан айт батасы
А, Құдайым оңдасын, Оңдағанның белгісі, Қайырлы етіп басыңа. Бақ - береке орнасын.
Қазақтың бата тілектері Қазақтың бата тілектері
Көш көлікті болсын, Дос серікті болсын, Жан ерікті болсын, Жар көрікті болсын, Жер құнарлы болсын, Жас елеулі болсын, Қыз шырайлы болсын, Тау өрісті
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×