ойын сауық отауы
Домалақ ана. Қазақ тарихындағы әйелдер
08.04.2017 7 582 0 Дауыл

Домалақ ана. Қазақ тарихындағы әйелдер

Бұл қызықты
Қазақ тарихындағы әйелдер
Домалақ ана
Домалақ ананың шын аты – Нұрила. «Диһнат мама» (әулие ана) деген сөзбен байланыстырылып, Домалақ ана деп аталып кеткен.
Домалақ ананың өзі Қожа руынан, түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі. «Мұрын апамыз кімнің қызы» атты мақалада «Мақтым Ағзам Қожа Ахмет Иассауидің Гауһар деген қызынан тараған ұрпақ еді». Мақтым Ағзамның ұлы Әли сыман батыр Ақсақ Темірдің әскер басшысы еді. Әли сыман Нұрбикеге үйленіп, одан Нұрилә деген қыз туады. Әли сыман өзі жорыққа кеткенде қызы мен келіншегін Мақтымның қолына табыс етеді. Әкесі соғыстан келмей, шешесі Нұрбикені жылан шағып өлтіреді. Нұрилә Мақтым Ағзам мен оның бәйбішесі Зухраның қолында қалады.
Домалақ ана – Бәйдібек бидің әйелі. Бәйдібек би туралы сақталған мәліметтер өте көп. Оның әкесі Қараша хан (қаған) (530-604) Батыс Түрік қағандығын өзінің әкесі Естемес қағаннан мұраға алған. Бәйдібектің үш әйелі болған. Бірінші әйелінен туған Байтоқтыдан Түркеш (Сарыүйсін) дүниеге келсе, екінші әйелінен туған Жәлменбеттен Шапырашты, Ысты, Ошақты тарайды. Домалақ анадан туған Тілеубердіден Албан, Суан, Дулат тараған дейді. Қазіргі таңда Бәйдібектің Домалақ анадан тараған ұрпақтары Алматы, Жамбыл облыстарында қоныстанған.
Нұрила қазақ даласына 712-714 жылдары бейбіт мақсатпен, ислам дінін насихаттап келген араб дегдарының қызы дедік. Ал оның өзі барлық адамдарға өте мейірімді, ақылды, әулие әйел болған. Жаратушының күшімен болатын оқиғаларды күні бұрын білім отыратын сәуегей, көріпкел екен.
Бірде Домалақ ананың әкесі Мақтым Ағзам сопы түс көріпті. Түсінде Қожа Ахмет Иассауи былай деп аян береді: «Жалғыз немере қазыңа әулиелік дарып, бақ қонады. Оның білегінен кім ұстаса, сол адамға некесін қиып қос, үбірлі-шүбірлі, бақытты болады». Ояна келсе, түсі екен. «Иә, құдайым, осы түсімді пайғамбар жорып, Нұрила қызымды бақытты қыла көр, әумин» деп бата қылыпты. Бұл кезде Нұриланың сегіз жасқа толған кезі екен, мешітте дәріс тыңдап жүреді. Ал оның жасы он төртке толғанда оның алдыңғы өмірінде бірден-бір қатысты бір оқиға болады. Бір күні Нұрила құдықтан су алуға барады, шығырды ағытып, қауғаны құдыққа тарта бергенде, шығыр ағытылып кетіп, қыз қауға-мауғасымен қоса терең құдыққа түсіп кетеді. Оны сол маңайда ойнап жүрген балалар сыртынан байқап қалып, дереу ауылға хабарлайды. Елдің бәрінен бұрын Бәйдібек жүгіріп келіп, құдықтың түбіне еңкейіп қараса, қыз қауғадан ұстаған қалпы су бетінде қалқып тұр екен.
Нұрила, қауғадан мықтап ұста, мен тартып шығарайын, - деп айқайлайды да, шығырды бұрайды. Қыз құдықтың аузына жеткенде, Бәйдібек оның білегінен ұстап тартып, шығарып алады. құдықтың мұздай суына әбден тоңып, дірдектеп тұрған қызды ол шапанына орап, көтеріп алып, атасының үйіне апарады. Зухра әжесі жік-жапар болып, ыстық сүт беріп, немересінің асты-үстіне түседі. Ертеңіне Түркістаннан Мақтым атасы оралады. Болған оқиғаның естіген соң, құдықтан қалай шығарып алғанын нақтылап біліп алмақ оймен:
Шырағым, Бәйдібек батыр сені құдықтан қалай алып шықты? – деп сұрайды.
Ол маған «қауғадан мықтап ұста» деді. Мен ұстадым. Содан сол ол құдықтың аузына жақындай бергенімде, білегімнен ұстап шығарып алды. Сөйтіп өзінің шапанына орап, үйге алып келді.
Ендеше, балам, сені сол батырға ұзатамыз. Өзіңе айтып едім ғой, мен түс көргенмін деп. Түсімде Қожа Ахмет бабам немереңнің білегінен кім ұстаса, соған бер, балалы-шағалы, бақытты болады деп аян берген болатын. Соның мезгілі жеткен тәрізді. Иә, балам, бағың жансын! – деп Мақтым атасы немересінің маңдайынан сүйеді.
Сол әулие баба аян бергендей, келесі жылы Нұрила Бәйдібек биге үшінші әйел болып тұрмысқа шығады. Ата салтымен үлкен той жасалады. Той бірнеше күнге созылады. Нұрила әуелі Бәйдібек бидің үлкен әйелі Сары бәйбішенің қолына түседі. Өзі адуын, тік мінезді сары бәйбіше алғашқы кезде жас келінді оған –бұған жұмсап, ынтымақ сақтап жүреді де, кейін түрткілеп, күндей бастайды. Бірде Бәйдібек бір жұмыстарымен Ташкентке жол жүріп кетеді. Ол кеткен күннің ертеңіне Сары бәйбіше жас келіншекті отынға жұмсайды. Қарушы Нұрила бір арқа отынды көрші мүсәпір кемпірдің үйіне апарып тастайды да, қайта барып екінші арқа отынды бәйбішенің үйіне әкеле жатса, Сары бәйбіше оны қамшымен сабай бастапты. Сондағысы: «бір арқа отынды неге ана үйге апарасың?» деп кінәлапты. Жас келіннің көйлегі жыртылып, басы жарылып қалады. Керегеден сығалап қарап тұрған Зәріп жүгіріп барып екеуін ажыратады. Нұриланы отауына әкеліп, өз көйлегін кигізеді. Ташкенттен оралған Бәйдібек бұл жанжалды естиді де, ертеңіне Нұриланы жеке отау тігіп, бөлек ауыл етіп отырғызады.
Айлар өтеді. Бәйдібек пен Нұриланың отауы табиғаты көркем жерде, бір мөлдір бұлақтың басында орналасқан екен. Сол құтты қоныста айы-күніне жеткен Нұрила ұл табады. Ұлының атын Тілеуберді деп қояды. Бір күні Бәйдібек би Ақсақ Темірдің шақыртуымен тағы да Ташкентке жол жүріп кетеді. Осындай оңаша кезді пайдаланып, Сары бәйбіше қасына ешкімді ертпей жалғыз өзі Нұриланың үйіне барады. Оның бұл келісі жайдан-жай болмай шықты, күндестік, қастандығын әлі ішіне бүгіп жүр екен.
Бар, сен малыңды жайғап кел, балаға мен қарай тұрайын, - дейді ол. Нұрила ене сөзін екі етпей, сыртқа шығып кетеді. Қойшы, жылқышылармен бірге малды қора-қопсыға жайғастырып үйіне келсе, бесіктегі бала шырқырап жылап жатады. Сары бәйбіше Нұрилаға:
Балаң жылауық екен. Осындай шала-жансар бала туасың ба, найсап! Бұл біздің отағасыдан емес, қойшы-қолаңнан ғой, шамасы! – дейді де, долданып үйін қайтып кетеді. Нұрила нәрестені бесіктен шешіп, емізгелі алдына ала бергенде, еңбегінің ойылып қалғанын көреді. Ол дереу Жантас деген аға жылқышыны шақыртады.
Жантастың тәуіпшілігі бар екен. Ол нәрестені ары-бері қарап:
Баланың бас сүйегі жарақаттанған, жерге құлатып алдың ба, әлде үйде бөтен біреу болып па еді? – деп сұрайды. Нұрила:
Үйде үлкен енем қалып еді, - дейді.
Әй, қақпас, зәлім! – дейді. Жантас. – Мынау соның бармағының ізі ғой. Жас нәрестенің басын бармағымен мыжып жіберіпті. Мен дереу оташы алып келейін.
Жантас шаян мешітінде тұратын оташыны алып келеді.
Оташы:
Нәрестенің бас сүйегі опырылып кетіпті. Әйтеуір, миы аман екен. Дереу құрбақа тауып әкеліңдер, - дейді.
Жылқышылар үш-төрт құрбақа ұстап әкеледі. Шебер оташы нәрестенің опырылып кеткен сүйек жаңқаларын еппен алып тастап, құрбақаның терісін жапсырып, оны жаңа сойған тайдың ішегімен орап, таңып тастайды. Берер айда жас сүйектер бірімен-бірі қабысып, жазылып кетеді. Содан Тілеуберді баланың аты Жарықшақ аталып кетеді. Бұл масқара қастандықтың арты бірақ сөз болып, Бәйдібек би Сары бәйбішені төркініне апарып тастамақ болады. Бәйбіше Нұриладан кешірім сұрап, жалынады. Сонда ақылды, сабырлы, қайырымды Нұрила кек қумай, «бір жолға кештім» депті. Сөйтіп ел арасы тынышталыпты.
Домалақ ана жайлы мына бір аңыз әңгіме ел арасында тараған. Бірде Алатау асып келген қалың жау Қаратау жонын жайлап отырған Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын түре айдап кетеді. Бәйдібек бастаған ел азаматтары ауылда болмаса керек. Содан жау шапты деген хабарды естіп, Бәйдібек елден жасақ жиып, қасын алты ұлын алып, жауға атанғалы жатқанда Нұрила: «Байеке, малдың құты, жылқының иесі құла айғыр қолда қалды. Алла қаласа, алты күннен кейін жылқы жауға қайыру бермей өзі-ақ ауылға келеді. Жауды қума, азаматтар аман болсын, осы тілегімді беріңіз», - дейді. Бірақ жауға кектенген батыр әйелінің тілін алмай, жасағын бастап жүріп кетеді. Алайда жасанып келген жау аттанға ілесіп атқа қонған аз жасаққа теңдік бермейді. Осы соғыста Бәйдібектің алты ұлы қазақ табады. Ал арада алты күн өткенде байлаулы тұрған құла айғыр жер күңіренте кісінейді. Сол күні кеш шамасында шығыстан қалың шаң көтеріліп, ұзамай Бәйдібектің қалың жылқысы көрінеді. Міне, ереуілдеп барып, кері қайтара алмаған жылқыны Домалақ ана осылайша үйде отырып-ақ түгел қайтарып алса керек...
Бір күні Домалақ ана түс көреді. Ұлы Жарықшақты шақыртып, -
Түсімде отағасы қасыма кел деп шақырады. Мені елге көшіріңдер, - дейді. Көшер алдында ұлдарына: - Мен елге жеткен соң, олай-бұлай болып кетсем, аталарың Бәйдібектің қасына қойыңдар. Ал егер жолда өлсем, ары-бері сүйремеңдер. Сол жерге қойып, басыма қоярсыңдар, -дейді.
Ауыл Ташкенттен Қаратауға көшіп бара жатқан жерде Балабөген өзенінің жағасында Домалақ ана намаз оқып отырған жерінде о дүниелік болып, оған сол жазықтықтан кесене тұрғызған.
Бұл – Домалақ ана кесенесі деп аталады. Кесене 1957 жылы қайта жөндеуден өткізіледі. Әулие ананың бейітіне адамдар әрдайым ағылып жатады.

Рәбия Сұлтан бегім. Қазақ тарихындағы әйелдер Рәбия Сұлтан бегім. Қазақ тарихындағы әйелдер
Рәбия Сұлтан бегім шамамен 1430-1495 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол – Ұлықбек хакімнің қызы, Әмір Темірдің немересі. Самарқанд қаласында жан-жақты
Қарашаш ана. Қазақ тарихындағы әйелдер Қарашаш ана. Қазақ тарихындағы әйелдер
Қарашаш ананың шын аты – Айша бибі. Ол шейх Мұсаның қызы, Қожа Ахмет Иассауидің анасы болған. Айша бибі өзінің қарапайымдылығымен, сыпайылығымен
Сыланды ана. Қазақ тарихындағы әйелдер Сыланды ана. Қазақ тарихындағы әйелдер
Сыланды ана – Жұпар ананың сіңлісі. Шын аты – Қарашаш. Үнемі сәнденіп, салтанатпен жүретін кербез жан болғандықтан, ел оны «Сыланды келін» деп атап
Жұпар ана. Қазақ тарихындағы әйелдер Жұпар ана. Қазақ тарихындағы әйелдер
Жұпар ана – Бәйдібек бидің келіні, Қоңырат Қызыл бидің қызы.
Зеріп ана. Қазақ тарихындағы әйелдер Зеріп ана. Қазақ тарихындағы әйелдер
Бәйдібек бидің Сары бәйбіше (Марау), Зеріп, Домалақ ана (Нұрила) атты үш әйелі болған. Шежіре бойынша, Домалақ анадан Албан, Суан, Дулат рулары
Марау ана. Қазақ тарихындағы әйелдер Марау ана. Қазақ тарихындағы әйелдер
Марау ана (Сары бәйбіше) – Бәйдібек бидің бірінші әйелі. Арыстан бидің қызы. Марау анадан туған он ұлдан тек Байтоқты деген жалғыз баласы ғана аман
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×