ойын сауық отауы
Мақал - мәтелдер (табиғат құбылыстары жайында)
26.03.2017 35 716 0 Дауыл

Мақал - мәтелдер (табиғат құбылыстары жайында)

Мақал-мәтелдер
Қазақ мақал-мәтелдері
Табиғат құбылыстары жайында мақал - мәтелдер


Ай қораланса, арбаңды сайла,
Күн қораланса, күрегіңді сайла.

Ескі тонның жылуы жоқ,
Қайтқан күннің қызуы жоқ.

Алпыс күн аспанға қарағанша,
Алты көш те айдынға құла.

Су сүреңін табады.

От пен су тілсіз жау.

Сәуірдегі жауын –
Ағып тұрған сауын.

Сәуір болмай –
Тәуір болмас.

Су аққан жерімен ағар,
Шөп шыққан жеріне шығар.

Алпыс күн тасыған су –
Алты күнде қайтар.

Ай шалқасынан туса,
Ай бойы аяз.

Айда да дақ бар.

Бірде дауыл кезек,
Бірде жауын кезек.

Дария суы аққан сайын тазарады.

Дегелек келді,
Кемпір шешем қыз болды.

Жазда жалаңаш жатпа,
Қыста өзің білесің.

Жаздың кілемі кең.

Күн күркіресе –
Көк дүркірер.

Жаңбыр жауды дегенше,
Нан жауды десеңші.

Қаңтар ауса, қар тұрмас.

Қыс – қатал сын.

Қылышын сүйретіп қыс келер.

Оттың ісі – қуырмақ,
Желдің ісі – суырмақ.

Өткен бұлттан жаңбыр дәметпе.

Сүмбіле туса – су суиды.

Терең судың ағысы білінбес.

Үркерлі айдың бәрі қыс.

Дегелек келді –
Жаз келді.

Саратан сенен не қорқыныш.

Су басынан бұзылар.

Ағаш – жапырағымен,
Жер топырағымен жарасты.

Қар жауды деп қуанба,
Артынан аязы бар.

Жазғытұры жел
Жардай атанды жығар.

Жаздың бір күні –
Қыстың мың күні.

Күркіреген бұлттың жауыны аз.

Жаңбыр бір жауса,
Терек екі жауады.

Таулы жер бұлақсыз болмас,
Сулы жер құрақсыз болмас.

Қаз келсе – жаз келер,
Қарға келсе – қатқақ келер.

Шаға келмей жаз болмас.

Жаз сайға қонба,
Қыс қырға қонба.

От – арық,
Су – семіз.

Тоқты тоймас,
Шөміш кеппес.

Таң атпайын десе де,
Күн қоймайды.

Көп отырса, көл азады,
Көп сабылса, жер азады.

Кешкі күн құлақтанса,
Қатының ұл тапқандай сүйін.

Боранды күні боқ қыштар.

Боранды күні бала құтырар.
Желді күні ит құтырар.

Қарға қаңқылдаса, қысқы шақырады,
Қаз қаңқылдаса, жазды шақырады.

Қатты жауған күн тез ашылады,
Қатты ашуланған кісі тез басылады.

Күздің беталысы көктемде белгілі.

Су ағады,
Тас – қалады

Мың бір пәле бар:
Соның бірі – қырда,
Мыңы – Сырда

Теңіз қанша терең болса да,
Түбі бар.
Тау қанша биік болса да,
Төбесі бар.

Күзден қорық,
Соңынан қыс келеді.
Қыстан қорықпа,
Соңынан көктем келеді.

Жаз шығып, жағалтай шақырған соң.

Қайырсыз жаздан –
Қайырлы болған қыс артық.
Парақор биден –
Қарғы таққан ит артық.

Қара бұлтты жел ашар,
Хан есігін пәре ашар.

Тау мен тасты сел бұзар,
Адамзатты сөз бұзар.

Көшерімді жел біледі,
Қонарымды сай біледі.

Тышқан көп жылы – тоқшылық
Қоян көп жылы – жоқшылық.

Көліне қарай – қазы,
Қысына қарай – жазы.

Сәуір болмай жауын болмас,
Жауын болмай тәуір болмас.

Кірді сумен жуады,
Суды немен жуады?

Бұлаққа бұлақ қосылса – егіз,
Көлге көл қосылса – теңіз.

Көлдің құты кетсе,
Көкқұтан бір жыл бұрын кетеді.

Тау бұлағымен көрікті,
Көл құрағымен көрікті.

Су анасы - бұлақ,
Сөз анасы – құлақ.

Өзен – көлге,
Көл елге құяды.

Көктем – гүлмен көркем.

Теңіз дәмі – тамшыдан.

Терең құдықтың суы тәтті.

Саяз су сарқырап ағады.

Сусыз жердің шөбі аясыз,
Ұлсыз елдің малы аясыз.

Төмен қонсаң, сел алар,
Биік қонсаң, жел алар.

Сулы жер – нулы жер.

Қыс көзі – қырау.

Үркер жерге түспей,
Күн қызбайды.

Биік ағаш бұрын құлар.

Еменге иір бұтақ біткенше,
Қарағайға қарсы бұтақ бітсейші.

От суымайды, сөнеді.

Ағаш бір жерде тұрып, көгереді.

Орнынан қозғалған тас орнықпайды.

Күнді қолыңмен көлегейлей алмайсың.

Ай – ортақ,
Күн – ортақ,
Жақсы – ортақ.

Көкте – тіреу,
Жерде белдеу жоқ.

Ай жарығы – әлемге,
Шым жарығы – түбіне.

Табиғат – тал бесігің.

Жердің бағы тайса,
Су сайға құлайды.

Жер отты болса,
Мал сүтті.

Қара жер қарыз арқаламас.

Мезгіл жетсе, мұз да ерір.

Еділ басынан былғанады,
Сағасынан тұнады.

Бір қарлығаш келгенмен жаз болмайды,
Бір сауысқан келгенмен қыс болмайды.

Көрінген таудың алыстығы жоқ.

Қыстағы қар жерге ырыс,
Жердегі ылғал елге ырыс.

Жеріне қарай – жыланы,
Даласына қарай – құланы,
Орманына қарай – бұланы,
Туына қарай – қыраны.

Қара жерге қар жауап,
Қарды көрген бір мұрат,
Қара жерден қар кетсе,
Жерді көрген бір мұрат.

Асқар тау алыстан көрінеді.

Сусыз жердің шөбі сұйық,
Суайт адамның сөзі сұйық.

Өзен - талымен
Өріс – малымен көрікті.

Өзен - суға жарасқан
Қамысы мен қоғасы.
Қарияға жарасқан
Аузындағы тобасы.

Орманды жерде отын көп,
Шеңгелді жерде қотыр көп.

Тұзды жерде түйе жүрер.

Қалың ағаштың қисығы болмайды.

Гүл жайнамай –
Бұлбұл сайрамайды.

Судың терең, саязын
Ағысынан білерсің.
Аттың жақсы, жаманын
Шабысынан білерсің.

Әр гүлдің исі басқа,
Әр жердің жынысы басқа.

Көше – қаланың көркі,
Көкорай – даланың көркі.

Жаман көлдің суы ащы,
Жаман адамның тілі ащы.

Найзағайдың көптігін қайтейін,
Жаңбырдың жоқтығын қайтейін.

Дария басы – бұлақ.

Гүл қайда болса –
Көбелек сонда.

Жалғыз еменге жай түскіш.

Кімнің жерін жерлесең –
Соның суын ішерсің.

Еділ суы бал болса,
Елке жетер.

Ағын су бал татыр,
Ақ шабағы май татыр.

Таза болсаң судай бол,
Бәрін жуып кетірген.
Жақсы болсаң
Жердей бол,
Бәрімізді өсірген.

Шөп те басынан қурайды.

Әке туралы мақал - мәтелдер Әке туралы мақал - мәтелдер
Алты аға бірігіп әке болмас, Жеті жеңге бірігіп ана болмас.
Жау, дұшпан туралы мақал - мәтелдер Жау, дұшпан туралы мақал - мәтелдер
Жау, дұшпан туралы мақал - мәтелдер Дұшпан дос арасынан шығады. Алға да бас, кейін де шегін — айламен үз жаудың белін. Алдыңдағы ауды көрмесең де
Жол туралы мақал - мәтелдер Жол туралы мақал - мәтелдер
Жол туралы мақал - мәтелдер Жолға шыққан жолдан табылар Айналыс та болса жол жақсы, Ақсақ та болса қыз жақсы.
Кәсіп туралы мақал - мәтелдер Кәсіп туралы мақал - мәтелдер
Кәсіп туралы мақал - мәтелдер Кәсіп болмай нәсіп болмас Арбасының дөңгелегін майламаса, арбакештің майы қайнамайды. Арқалап отын тасыған, арқасы
Су туралы мақал - мәтелдер Су туралы мақал - мәтелдер
Су туралы мақал - мәтелдер Судың да сұрауы бар Ағынмен су зораяр. Ағын су арнасын табады.
Сәуір айы Сәуір айы
Сабылып келді міне, сәуір айы, Сәуір айы - қазақтың тәуір айы. Жылайды да тұрады жылаңқы бұлт, Бара жатыр не болып ауа райы?!
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×