ойын сауық отауы
Қаздар
06.06.2016 1 820 0 Дауыл

Қаздар

Өлеңдер
Ахмет Байтұрсынов

Бір ұзын алып қолға мықты шыбық,
Қаздарын қалаға айдап шықты мұжық.
Қуалап байғұстарды келеді ұрып,
Асығып базар күнге жаны шығып.
Тексерген мұжық ісін байқап, ойлап,
Оған да дұрыс емес кінә қоймақ.
Асықты базар күнге, пайда көп деп,
Қаздарды ұрды ма ол босқа ойнап?
Десеңдер олсыз базар тарамайды...
Дер едім мұжық ісі жарамайды.
Пайдасы, базар өтіп, кетер жерде,
Қаз түгіл, адамға да қарамайды.
Біздерше қаздар бірақ сынамады,
Оларға мұжық ісі ұнамды.
Жолыққан жолаушыға бәрі шулап,
Мұжықтың ісін айтып, кінәлады:
«Бар ма екен бізден, сірә, соры қалың!
Қожасып қуалайды мұжық жарым.
Қорлайды ұрып - соғып, ойламайды
Мойнында қандай міндет, қарыз барын.
Ойласа, қайдан біздің асылымыз?
Руымды құтқарған қаз нәсіліміз!
Айт істеп атамыздың құрметіне,
Өтпейді һәман онда жыл мейрамсыз!
Таяқ жеп жай қаздарша, жүргеніміз
Наданға душар болып бір білімсіз!»
Қаздарға жолаушы айтты:
«Тоқтаңдаршы,
Ауысқан ақыны айтып, жоқтаңдаршы.
Сендерді қадірлеуге не үшін міндет?
Мұжықты айыпты қылып, боқтаңдаршы!»
«Істеген атамыздың ісі қайда?
Румды құтқарғаны азғантай ма?»
«Қоя тұр, - жолаушы айтты, - көрдегіңді!
Өздерің келтірдіңдер қанша пайда?»
«Айттық қой атамыздың еткен ісін!
Әлде өзің сөзімізге сенбеймісің?»
«Сенемін һәм білемін атаң жайын,
Сендерді қадірлеуге деймін не үшін?
Өткізді өз бастарың қандай еңбек?
Атаңда көрде жатқан жоқ жұмысым».
«Біздің бе?... жоқ өткізген еңбегіміз!»
«Әсте жөн, сыйламаса, көнбегіңіз.
Мені де, атам жақсы, қадірле деп,
Таласып қиын болар жеңбегіңіз.
Жақсы - ақ боп аталарың өткен шығар,
Ісіне қарай құрмет еткен шығар.
Қалдырмай асылынан арттағыға,
Өзімен жақсылығы кеткен шығар.
Көрдегі көмек болмас бабаларың,
Кем болса өздеріңнің бағаларың.
Көніңдер ұрса, соқса, сойса дағы,
Болған соң қуырдақтық шамаларың».
Кетермін, баяндасам, алысқа бек,
Лайық һәр нәрсеге керек қой еп.
Жайынан жат қаздардың сөйлеген сөз
Көбіне жақын қаздың тиетін доп.
Бетіне көрдегінің көнін ұстап,
Деп жүрген «көріктімін» қазақтар көп.
Қысқартып, сөз аяғын тоқтатамын,
Солардың өкпесіне қалармын деп.
Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері, өмірбаяны

Ақша туралы мақал - мәтелдер Ақша туралы мақал - мәтелдер
Ақша туралы мақал - мәтелдер. Ақша кетуге тырысады, Есеп ұстауға тырысады.
Қара базар. Бек Ноғайбайұлы. Қара базар. Бек Ноғайбайұлы.
Қара базар Қара базар адам толы қайнаған, Бірі таныс, бірі бөтен айналаң. Бәз біреудің істеріне қуанып, Бәз біреудің жүрісінен қайғы алам.
Түлкі мен қарашекпен Түлкі мен қарашекпен
Түлкіге тамақ іздеп сапар шеккен Жолығып, айтты бір күн Қарашекпен: «Күнің аз тауық жемей жай жүретін, Ұрлыққа құмар жансың мұнша неткен?
Жас ағаш Жас ағаш
Орманға балтасымен келді Мұжық, Аралап ағаш таңдап жүрді кезіп. «Апырмай, аман қалсақ жарар ед», - деп, Жанынан көрген Ағаш тұрды безіп.
Сорлы болған мұжық Сорлы болған мұжық
Болған соң кәсібі ұрлық, ұры залым Ұрлауға ұят дей ме жұрттың малын? Ойы арам, қаны қара, ол нағылсын, Біреуді зар жылатпақ, зор обалын!
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×