Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Өзге емес өзім айтам өз жайында!

27 сәуір 2016, Сәрсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Өзге емес өзім айтам өз жайында!

Мақсаты:
1. Қасым Аманжоловтың өмірімен таныстыру, шығармашылығынан жан - жақты мәліметтер бере отырып танымдық көзқарасын қалыптастыру, шығармашылыққа баулу.
2. Поэзиялық шығармаларды оқытуға ынта - жігерін арттыру, Қасым Аманжолов өлеңдері арқылы қазақ әдебиетіндегі жалынды поэзиялық туындылардың тақырыбы мен ой тереңдігін сараптай білуге үйрете отырып олардың мәнерлеп оқу қабілеті мен рухани танымдарын кеңейту.
3. Қасым жырларын қамти отырып ақындыққа баулу, Отанын, елін, ұлтын сүюге тәрбиелеу, адамның жан дүниесіне поэзияның әсерін таныту.

Көрнекіліктер: Қ. Аманжолов портреті, слайд, кітап көрмесі, ақын туралы дәйексөздер
Мұғалім: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі әдеби кешіміз қазақ өлеңінің аспанында ерекше нұрланып, жарқырап өткен Қасым Аманжоловқа арналады. Өмірге іңкәр, өмірді жырлап өткен сыршыл ақын жайлы сыр шертіп, Қасым ақын әлеміне, өлең атты құдіретті мұхитқа сапар шексек, оның өлеңдерінен өрілген сазына тербелсек деп отырмыз.

1 - жүргізуші.
Сөз бен сезім, ой мен парасат - «Әдебиет» атты үлкен өнердің ұлы туындысы.
Қазақ даласы - осы ұлы өнерге ежелден бай дала. V – VІ ғасырларда тасқа қашап жазылған Тоныкөк, Білге қаған жырлары. ХV - ХVІІІ ғасырлардағы қазақ жыраулары, Абай жырлары - қазақ әдебиеті үшін бай асыл мұра. Сол қазынадан нәр алып, Шығыс поэзиясынан сусындаған қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжолов еді.
Бұлбұлым, сайра кеудемде,
Бұлбұлым - менің жүрегім.
Көңілдің күйі келгенде
Ағыл да тегіл жыр едім.
Ағыттым ойдан ел үшін
Өлеңнің ерке өзенін - деп ақынның өзі айтқандай, уақыттың сынынан сынбай, сүрінбей өткен, сымбаты бөлек, сырлы әлемнің сәулетшісі болып қала беретін, алаштың ақиық ақындарының бірі ғана емес, бірегейі - Қасым Аманжолов.

2 - жүргізуші.
Жырларында заманының табы бар,
Ұлтымыздың рухы бар, жаны бар.
Тентек ақын, текті Қасым ортаңда,
Жаңа ғасыр, ұлы ақынды танып ал!

1 - жүргізуші.
Біздің бүгінгі әдеби кешіміз Қасым Аманжоловқа арналады.
Нығырақ басамын мен аяғымды,
Алға ұстап жүрегімді, аянымды.
Өз жүрген жолдарыма келем жазып,
Сырымды, барлық өмірбаянымды.
(Ақын өмірі жайлы бейнебаянды тамашалаймыз)

2 - жүргізуші.
Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын.
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтасың?

1 - жүргізуші. «Өзім туралы» өлеңі оқылады.

2 - жүргізуші.
Нар, тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға,
Бұл сапарда сүрініп те қалармын
Сонда, досым, мені айыпқа бұйырма!
Жығылсам да жүгірумен өтемін,
Аяңшылдың ақылын мен не етермін?
Жығылармын, алқынармын, шаршармын,
Барар жерге бұрынырақ жетермін.

1 - жүргізуші.
Қасым - әлсізге шірене қарап, мықтыға шыбындай бас иетін іш пыстырар қорқақтардан мезі болып жығылса да, барар жеріне өзгелерден бір дәуірдей бұрын жеткен Қасым. Сол жүйрік екпінімен, киіп - жарған дауылдай адуын қимылмен қазақ поэзиясына мәдениет әкелген Қасымды да тежеген дүлей күш, сұрапыл болғанды. Ол соғыс еді.
«Қоштасу» өлеңі
«Қанқұйлы жау» өлеңі

2 - жүргізуші.
«Өмір деген бір өзен ғой! Адам сол өмір өзенінде домалап бара жатқан тас секілді. Толқын қақпақылынан жағаға жеткенше күндер өтіп барады. Сұрапыл соғыс жазатын жылдарымды алып кетті. енді бір сілкініп алмаса болмас!» деп заман қырсығына өкініп отырады екен.
«Үстімде сұр шинелім» өлеңі

1 - жүргізуші.
Ақынның жан түкпірінен жаңғырып, жанартау боп атылғанына майдан даласында жазылған «Қоштасу», «Сарыарқа», «Орал», «Елге хат», «Ғалиға хат» өлеңдері, «Абдолла» поэмалары куә.
Көрініс: Ортаға киіз басуға жиналған аналар шығады. Бір - біріне Салимаштың үйіне киіз басуға баратындарын айтып, Салимаштың үйіне келеді. Аналар ән айтып, әңгімелесіп отырып киіз басады. Осы кезде соғыстың басталғаны туралы радиодан дауыс естіледі.
Радиодағы дауыс:
«Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Соғыс, соғыс басталды, Неміс басқыншылары тұтқиылдан шабуыл жасады.» Аналар жаман хабарды естіп, залдан шуласып шығып кетеді. (таспадан шулаған, жылаған әйелдер мен балалардың дыбыстары естіліп тұрады)
Соғысқа аттануға дайындалған солдаттар музыка әуенімен сап түзеп, залға кіреді: Командирі солдаттарды дайындық жаттығулар жасауға тұрғызады.
1. Саппен жүру.
2. Бірінші әскери топ алға шығып еңбектеу.
3. Екінші әскери топ жүрелеп жүру.
4. Қаруларын ұстау тәсілдерін үйрену.
5. Ұранмен соғысқа аттану.

Ұран: Отанды біз қорғаймыз
Жаудың алдын ораймыз.
Командир: Отан үшін алға!
Солдаттар: Ура, ура, ура!
Солдаттар залдан саппен жүріп шығып кетеді.
Слайдтан кино фильмнен үзінді көрсетіледі.

Ортада тылдағы әйелдер диірмен тартқан, келі түйген, тоқыма тоқып отырған аналар көрінісі көрсетіледі.
Ана сөзі: Е, бұл соғыс бірімізді де есеңгіретіп жіберді - ау. Осы кезде таспадан почташы қыздың келе жатқаны хабарланады. Почташы қыз жүгіріп келеді. Почташы қыз: Сүйіші, сүйінші хат келді. Аналар дабырласып хаттың кімге келгенін білуге асығады. Почташы қыз Күләйша апаның баласына келген хатты беріп, басқада ауылға хат апарып беретінін айтып қоштасып кетеді.
Ана баласынан келген хатты ашып оқиды. Майданнан келген хат таспадан тыңдалып, аналар қуанып, қауқылдасып тұрады. Ақын өлімі туралы өлеңі оқылады. Сол қайғылы хабар артынан радиодан соғыстың біткені хабарланады. Радиодағы дыбыс: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! 1945 жыл 8 май Совет армиясы неміс басқыншыларын кері шегіндірді. Жауынгерлеріміз елге оралады, залға соғыстан келген солдаттар кіреді. Алдарынан гүл шоқтарын ұстаған қыздар шығады. Аналар өз балаларын құшақтап, музыка әуенімен барлығы билеп залдан шығып кетеді.

«Сен фашиссің...» өлеңі

2 - жүргізуші.
Қасым - реалист және лирик ақын. Өмір мен өлім арпалысы. Көңіл мұңы қайсар ақынды елжіретпей қойсын ба?
Нәзік ақ сағымы арудың ақ жүзін аймалаған, ашық аспанды соғыс сұрапылы әп - сәтте алай - дүлей етіп, ақ сәулені де, аруды да жігіт көзінен ғайып етті. Көргеніне көз тоқтатып үлгермеген алау жанды ақын жігіт соғысқа аттанып кете барды.
Сонау майдан даласында жүрсе де сол бір қызға деген нәзік сезімі, асыл арманы шабыттың асау тұлпарына мінуіне мәжбүр етеді. Сол сағыныш лебін, жүрек сырын ақын былай жеткізеді.

Өңімде ме еді, түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір армандай қызды...
Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс соқты да бұзды.
Сапырды дауыл, тебіренді теңіз,
Тулады толқын, шайқалды шың - құз...
Қып - қызыл өрттің ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?

Оқ тиді келіп, қайратым кеміп,
Барамын сөніп, келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз жаныма келіп,
Талпына берді қайран жас көңілім!
Барамын сөніп, барамын сөніп.
Жұтар ма мені мына сұм соғыс?
Арманым бар ма, өлсем бір көріп,
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?

1 - жүргізуші.
Ақын – ой перзенті. Ол адам, қоғам өміріндегі өзін толғантқан нендей жайларды, ішкі жан дүниесін, көңіл - күйін, сырлы сезім толқынын ақтармай қала алмайды. Сөйтіп, оның қуанышы да, мұң - шері де, жетпеген ой - арманы, өзек тілген өкініші де поэзиясына түсіп отырады.
Қасым өлеңдерінде шынайы достықты, адамгершілікті ту етеді. Ол барша адам баласын зұлымдықтан бойын аулақ ұстап, жаманнан жиреніп, жақсыны үйренуге шақырады.
«Мен табиғат бөбегі» өлеңі

2 - жүргізуші.
Бір күні от өмірім қалса өшіп,
Қайран ел туған жерден кетпес көшіп.
Торқадай жамылып ап топырағын,
Жатармын өз жерімде бір төмпешік.
«Айша бибі» өлеңі

1 - жүргізуші.
Өмір!... Адамға екі өмір, екі ғұмыр берілмеген. Адам – пенде, бұл жалғанның қонағы. Бұл жалғанда мәңгілік ешнәрсе жоқ. Бәрі де топырақтан жаралып өседі, өнеді, қайтадан топыраққа сіңеді. Тек қана мәңгі өлмейтін, ұрпақтан - ұрпаққа жалғасатын - ол поэзия. Қасым поэзиясында мәңгілік өлмейтін ғұмырдың лебі есіп тұр.
«Хантәңірі» өлеңі

2 - жүргізуші.
ХХ ғасырда Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерден кейінгі қазақ поэзиясының кезеңі - Қасым кезеңі. Қасым - асау да ағынды жырдың тоғанын ағытқан көш бастаушы. Ол өлең өлкесінде тәкәппар дүниеге, қазақ халқының тағдыр - тақсіретін еркін суреттеп, батыл жеткізе алды. Бұл өжеттілік пен қайсарлық Қасымға ғана тән қасиет.
«Бетпақдала» өлеңі

1 - жүргізуші:
Қасым - ақын ғана емес, аудармашы Қасым ретінде де бізге жақсы таныс. Ол Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Шевченконың өлеңдерін тәржімалаған. Сондай - ақ дүние жүзіндегі әдебиет пен мәдениеттегі ұлы тұлғаларды өлеңіне арқау ете білген көркем тілді поэзия шебері.
«Жаз көңіл» өлеңі

2 - жүргізуші:
Қасымның өмірі - қасиетті де қасіретті өмір! Ол соғыстан оралғаннан кейін қазақ өнерін дамытып, поэзия отын жағуға Алматыға келеді. Ол баспана таба алмай, баспалардан қолдау таба алмай көңілі азып, қағажу көп көрген.

Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды.
Өлеңнің отын жағып жылытармын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды.

1 - жүргізуші:
Күнделікті күйбең тірлік ақынды қанша мұңайтса да, ол бар сүйенішін өлеңнен, өнерден іздеді.
Амал не, қайран ақын, есіл ер ауыр тұрмыстың тауқыметінен айықпас ауруға ұшырады, өкпесі тесіліп, өзегі талып көз жұмды.

2 - жүргізуші:
Бұл 1955 жылдың 18 қаңтары еді. Қаңтардың қақаған қара түнінде қазақ поэзиясындағы жарық жұлдыз ағып түсті. Қазақ поэзиясындағы босағадағы басын төрге шығарған ақын фәниден бақиға аттанды. Өмірге еңбекпен келіп, шалқақтап өткен ақын мәңгілікке жүрек соғысын тоқтатты.
Бірақ Қасым мәңгі халық жүрегінде, ақынды өнерлі ұрпағы ұмытқан емес!

1 - жүргізуші.
Қасыммын, сол баяғы бір Қасыммын,
Бақытын ойламаймын құр басымның.
Тымырсық түнек болсаң дұшпаныңмын,
Ақ көңіл адал болсаң сырласыңмын.
Қасым – жалғыздықтан жалығып, адал дос іздеген ақын.

2 - жүргізуші.
Қасымды ақын досы Сырбай Мәуленов былай есіне алады: «Қасым бала мінезді еді. Кейде ол ашық күн секілді, кейде ол көкірегінде оты бар секілді еді.
Қасым өзі айтқандай табиғаттың өзі өлеңіне құя салған жан еді. оның өлеңдерінен табиғаттың өзіндей балалықтың, табиғаттың өзіндей даналықтың лебі есетін.
Қасым – өзі өмірде де, өлеңде де шыншыл ақын. Ол екі сөзінің бірінде мен өмірдің, табиғаттың баласымын деуші еді»

Мынау аспан, ай жұлдыздар тұрғанда,
Қасым оты еш уақытта сөнбейді.
Жалынын ол бөліп беріп жылдарға,
Тек Қасымша алға құлаш сермейді.

1 - жүргізуші.
Ұлы Мұхтар Әуезов «Жыл келгендей жаңалық» деп бағалаған ұлттық жырдың уытты да тегеурінді толқыны Қасым поэзиясынан нәр алып, қазақ жырын қайтадан түлетті. Осы толқыннан туған толқын, бүгінгі ұлттық жырымыздың, бір заманның бет пердесін ашып отырған ұлы Мұқағали да Қасымнан үлгі алға.
«Ертіс» өлеңі

2 - жүргізуші.
Қазақ даласы – Алтайдан Атырауға, Арқадан, Жетісуға дейін созылып жатқан кең жазиралы, өнерлі өлке. Осы өлкелерде қаншама қасиет бар десеңізші!
Сарыарқа жері - Біржан сал, Ақан сері, Абай, Сәкен, Мағжан, Мәди, Қасымдар сынды асылдар дүние есігін ашқан өлке.
«Сарыарқа» өлеңі

1 - жүргізуші.
Қасым - көркем өнердің телегей теңізі. Ол өзінің өртке тиген дауылдай өлеңдерімен бүкіл қазақ халқының асқақ рухын аспанға көтерді. Тумасынан ұлтының ұлағатынан нәр алып, барлық болмыс - бітімімен қазақ болып жаралған ақын. Еркіндікке ғашық, бостандыққа құштар, азаттықты аңсаған ақын.
«Туған жер» өлеңі

2 - жүргізуші.
Қасымның аңсаған арманы орындалды. Ақынның көзі тірісінде жетпеген арманына ұрпағы, елі жетті. Қазақстан егеменді ел атанды. Қазақ елі өзге елдермен керегесі кең, терезесі тең ел болды. Көк байрақты желбіретіп, көгінде қыран құсын самғатты.
Ақын Қасым әруағы елінің мерейіне сүйсініп жатқан да шығар. Кім білсін?...

1 - жүргізуші.
Жанымды күйдірсем де жалынға сап,
Қасқыр боп таласа да мені азап.
Туған жер топырағында тік - тік өскен,
Қара емен қасарысқан мен бір қазақ.

2 - жүргізуші.
Немене айтып - айтпай көрген азап,
Қалмадым қирап, қуса тек жалғыз - ақ.
Мың есе білдірдің ғой қадіріңді,
Атыңнан айналайын, ата қазақ!
Қасымды туған халқы, ұрпағы ұмытпайды, мәңгі жүрегінде сақтайды.

Мұғалім:
Біздің әдеби кешіміз аяқталып келеді. кешімізге уақытын бөліп келіп отырған қонақтарға ризашылығымызды білдіреміз.
Дауылпаз ақынның мұрасын қастерлеп, кейінгі ұрпақ ұмытпай жадында тұтуға тиіс. Қасым ақын ғасырдан - ғасырға көшіп, Алаштың рухын асқақтатып бара жатыр.
6 733
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Қасым Аманжолов «Дүниеге жар»
Қасым Аманжолов «Дүниеге жар»
Қасым Аманжоловтың поэзиясының ерекшелігін, «Дүниеге жар» өлеңінің идеясын таныту, мән - мағынасын ашу. Дамытушылық: Дүниетанымын кеңейту, өзіндік зерттеу арқылы ой қорытуға дағдыландыру.
Қасым Аманжолов «Өзім туралы» өлеңі
Қасым Аманжолов «Өзім туралы» өлеңі
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Сарыбұлақ ауылы №78 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Пшанова Аманкул Абубакировна
Қасым – жыр, Қасым – ән.
Қасым – жыр, Қасым – ән.
Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, «Ю. А. Гагарин атындағы №1 Күршім орта мектебі» КММ, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Кутпаева Раушан Рамазановна
Қасым Аманжолов «Көктем»
Қасым Аманжолов «Көктем»
Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, №132 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Альмусина Жанар Сайлауовна
Сөнбес жұлдыздар
Сөнбес жұлдыздар
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, «Бейнеу гимназиясы»ММ ағылшын тілі пәні мұғалімі Муханмедиева Шынар Муханмедиевна
Өзге емес, өзім айтам өз жайымды
Өзге емес, өзім айтам өз жайымды
Қарағанды облысы, Осакаров ауданы, №1 орта мектебі» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Тусупбекова Жанар Куанышевна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×