Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қасиетті құс - үкі

27 қараша 2013, Сәрсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Қасиетті құс - үкі»

Мақсаты: Оқушыларға құстар туралы толық мәлімет беру. Табиғат елшісі құстарды қорғауға шақыру. Қасиетті құс - үкінің пайдасы туралы, ұлттық қолөнердегі орны туралы мағлұмат беру, маңызын жеткізу.

Көрнекіліктері: слайд, құстар энциклопедиясы, үкі қауырсынының түрлері, қазақтың ұлттық бас киімдері, домбыра, бесік т. б.

Жүрісі: (Слайдта тәрбие сағатының жоспары көрсетіледі.)
І бөлім «Құстар – табиғат байлығы»
І жүргізуші: - Табиғатты құрайтын бөліктердің бірі – құстар. Халық ежелден – ақ құстарға әуес, оларға деген сүйіспеншілігін шексіз дәріптеп, ең жақсы көретін адамды құсқа теңеу арқылы ол ықыласын көпке аян етеді. Халық өз ортасынан шыққан саңылақ ұлдарын сұңқарға теңесе, төгілте ән шырқайтын әншісін бұлбұлға, ел үшін, Отан үшін жанын қиятын батырларын – қыранға, елден асқан сұлуды – аққуға теңейді. Құс – табиғат байлығы. Байлықтың көзі – құстарды әркез қорғай білу керек. Олар табиғат байлығын ағаштарды, өсімдіктерді зиянды жәндіктерден тазартады. Сонда ағаштар жайқалап өседі. Құстар ұшып - қонып бір жерден екінші жерге барып, келіп жүреді. Жер бетінде 8600 - ге жуық құстардың түрі бар. Біздің Республикамызда 489 құстың түрі бар.

ІІ жүргізуші: - Құстар (лат. Aves ) омыртқалы жануарлар тип тармағының бір класы. Құстардың эволюциялық даму сатысы 4 кезеңге бөлінеді: алғашқы құстар археоптерикс, тісті құстар, қырсыз жалпақ төстілер – түйеқұстар, киви, пингвиндер, қырлы төсті құстар. Құстар 2 класс тармағына: бір ғана отряды бар кесірткеқұйрықтылар (жойылып кеткен) және 34 отрядқа бірігетін 9 мыңдай түрі (оның 28 отряды осы кезде де кездеседі) желпуіш құйрықтылар немесе нағыз құстар деп бөлінеді.

Құстар
Арктикадан Антарктика жағалауларына дейінгі барлық табиғи белдемдерде таралған. Қазақстанда құстардың 18 отрядқа жататын 489 түрі бар. Оларды мекен ететін орындарына қарай орман, ашық дала, батпақты - шалшықты және су құстары деп бөледі. Алғашқы құстардың дене тұрқы 1, 8 м - ге дейін жеткен, тістері жақсы жетілген, ұша алмаған. Тіссіз, жақсы ұшатын ихтиорнистер қазіргі құстарға өте жақын болған. Құстардың басқа омыртқалы жануарлардан айырмашылығы – олардың ауада ұша алатындығы.

І жүргізуші: - Құстардың жүйке жүйесі жақсы дамыған, миы үлкен, ми сыңарлары, көру орталығы, мишығы жақсы жетілген. Құстардың сезім органдарының дамуы әр түрлі. Тез ұшатын үкі, жапалақ, басқа да жыртқыш құстардың көзі жақсы жетілген. Иіс сезу көп құстарда жетілмеген, ал дыбыс есту қабілеттілігі жақсы дамыған. Құстардың көру және есту органдарының жақсы дамуы, олардың алыс және жақын кеңістіктерді игеруіне, мезгілімен қоныс аударып, түрішілік және түраралық қатынас жасауына әсер етіп, құс тіршілігінде маңызды рөл атқарады. Құстар 1 - ден 20 – 25 - ке дейін жұмыртқа салады. Оны 12 күннен 80 күнге дейін басады. Құстар өсімдіктерді тозаңдандырып, олардың тұқымдарын таратады, зиянды жәндіктер мен кемірушілерді құртып, олардың табиғаттағы санын реттеуге қатысады. Кейбір түрлері бау - бақшаға, егістікке зиянын тигізіп, әр түрлі жұқпалы, паразиттік аурулардың қоздырғыштарын таратады. Құстарды дене құрылысына, тіршілік әрекетіне байланысты 3 топқа бөледі. Олар: қыртөссіздер (жүгіретін құстар); жүзетін құстар (пингвиндер); қыртөстілер (ұшатын құстар).

ІІ жүргізуші: - Құстарды топқа бөлудің әр түрлі жолдары бар. Дене құрылымы, тіршілік әрекетіне байланысты қыртөссіздер, жүзгіш құстар, қыртөстілер деп бөлінеді. Ал тіршілік орта жағдайларын байланысты экологиялық топқа да топтастырылады. Экологиялық мынадай топтар бар: сулы, батпақты жерлердің құстары, орман құстары, ашық далалы алқаптардағы құстар, жыл құстары, көшпелі құстар, қыстап шығатын құстар. Қыстап шығатын құстар жыл бойы бір аймақта өмір сүріп, ешқайда орын ауыстырмайды, яғни жылыстамайды. Қазіргі заманда тіршілік ететін құстар түрі 35 - 40 отрядқа топтастырылған. Зоолог ғалымдардың пайымдауы бойынша құстар бұдан 180 млн жыл бұрын пайда болды деп есептеледі.
І жүргізуші: - Ал, енді жапалақтәріздес құстар туралы сыр шертейік.

Нұржігіт: Жапалақтар сыртқы белгілеріне қарағанда, күндізгі жыртқыш кұстарға ұқсас болғанымен, систематикалық жөнінен олардан анағүрлым алыстау тұрады. Олардың арасындағы кейбір ұқсастықтар тіршілік жағдайларының ұқсас болуының нәтижесінен келіп шыққан. Жапалақтың қауырсындары қалың және жұмсақ, қопсып тұрады. Сондықтан да ұшқанда дыбыс шығармайды. Қорегін есту органының көмегімен іздеп табады. Құлағының қалқаны біршама жақсы жетілген. Құлақ қуысының алдыңғы жағында, дыбыс толқындарын күшейтетін тері қатпары орналасқан. Бұлардың көзі үлкен, сондықтан жапалақтар түнде де жақсы көреді. Басын өте тез қозғап, 270 градусқа бұра алады. Қорегін ұзын саусақты табанымен қармап ұстайды. Күндізгі жыртқыш құстардан айырмашылығы, жапалақтың жемсауы болмайды. Бұлар көп жерге тараған құс, 200 - ге жуық, түрлері бар. Ал бізде соның 20 - дай түрі кездеседі. Балапандары әлсіз, көп уақытқа дейін ұяларында болады. Ақ жапалақ (Nусtеа sсаndіаса) ірілігімен және ақ түсімен ажыратылады. Тундрада ұялайды. Қыста оңтүстікке ұшып келеді. Ақ жапалақ күндіз қорегін жақсы аулай алады.

Ораз: Үкі (ВиЬо ЬиЬо) жапалақтардың ішіндегі ең ірісі. Ол бізде тундрадан басқа жердің барлығында да кездеседі. Ұяларын жерге, жартастарға, кейде ағаштарға салады. Ұяларында 2 - 3 жұмыртқа болады. Жемін түнде аулайды. Жер жағдайына және жыл маусымына қарай, қоректерінің түрлері өзгеріп тұрады. Орта Азияда қыста негізінен құстармен қоректенеді (үйректер, қасқалдақтар т. б.). Оңтүстікте жаз кезінде қояндармен, қосаяқтармен және кірпілермен қоректенеді. Құлақты жапалақ (Аsіо оtus) аса ірі болмайтын, жақсы дамыған “құлағы” бар құс. Ресейдің оңтүстігінде және қоңыржай өңірде кеңінен тараған. Бұлар көбінесе аралда және орманның ашық жерлерінде болады. Ұяларын ағаштардың қуысына, басқа құстардың ескі ұяларына немесе жерге салады. Ұясында 3 — 7 жұмыртқа болады. Қорегін түнде аулайды. Негізгі қорегі тышқан тәрізді кемірушілер, кұстар, кейде насекомдар болып есептеледі. Байғыз (Аthеnе, GІаисidium)— ұсақ жапалақтар. Басы үлкен, “құлағы” болмайды. Сұр неясыть (Sігіх аlисо) — кәдімгі біздің жапалақтардың бірі. Үлкендігі қарғадай, құлақ айналасындағы қауырсындары болмайды. Олар Европаның, Сібірдің, Кавказдың және Орта Азияның орманды жерлеріне тараған. Отырықшы, баяу қозғалатын құс. Олар ұяларын ағаштарға, ағаш қуыстарына салады. Жемін түнде аулайды. Тышқан сияқты кемірушілер, насекомдар, құстармен қоректенеді. Жапалақтардың тағы бір пайдасы, басқа жыртқыш құстар түнде ұйқыда болған кезде жемін аулайды. Жапалақтәріздестерден тек үкі ғана Қызыл кітапқа тіркелген. Халқымызда үкі – ерекше құрметке бөленген құс. Қолда ұстап, қауырсынын қадірлеп, бас киімге, домбыраға, бесікке, үйге іліп қою дәстүрі бар.
ІІ жүргізуші: - Мың бұралған бишілерді құстар биімен сахнаға шақырайық.
«Құстар биі»

ІІ бөлім. «Пайдасы көп, зияны жоқ»
І жүргізуші: - Тәрбие сағатымыздың 2 – бөлімі үкі туралы жан – жақты мәліметтерге толы болмақ.

Жаннұр: - ҮКІ — негізінен орманды мекендеп, жемін көбіне түнде аулайтын жыртқыш құс. Басы үлкен, көздері бақырайған, қауырсындары жұмсақ. Ұшқанда дыбыссыз қанат қағады. Ұясын жасыруға болатын жерге салады. Жұптарын өмір бойы сақтайды. Дене мөлшеріне қарай 2 - 12 - ге дейін жұмыртқа басады. Қоян, тышқан секілді кемірушілерді аулап пайда келтіреді. Саны кеміп келе жатқан, сирек кездесетін түр. Еуразияда, сондай - ақ Қазақстанда кең тараған. Шөлді, далалы, таулы орманды жерлерді мекендейді. Санының қанша екені белгісіз, бірақ, көпшілік жерлерде сирек. Санын шектеуші себептер: электр сымдарында және уланған жемді жеп өлгенінен басқа, қауырсынынан ұлттық әшекейлер мен бой тұмарлар жасау үшін ұядағы балапандарын алудың да кері әсері үлкен. Сондықтан оны қорғаудың тағы бір жолы - оның қауырсынын пайдалану үшін қолдан өсіру керек. Үкіні қазақ халқы қасиетті құс санайды. Оның қауырсынындағы бедер, құранның құпияланып жазылған нұсқасы деп баланың бесігіне, бас киіміне таққан. Сонымен қатар бақыт, табыс әкеледі деген сеніммен ақын, әншілер бас киімдерін, домбыраларын үкілеген.

Ақмарал: - Үкі – ежелгі грек құдайларының бірі Афинаның атрибуты болумен қатар, даналықтың да нышаны. Қара түнді қақ жаратын өткір жанарының арқасында ол бір орнында тапжылмай отырып та, көзге түртсе көргісіз қою қараңғылық құшағында жүйткіген аңнан жорғалаған тышқанға дейін қалт жібермейтін қырағы. Дыбыс шығармай ұшатынына, жанып тұратын көздеріне, кенеттен пайда болатынына қарап, осы бір құсты ажалмен байланыстыратын да көзқарас бар. Мәселен, ежелгі Египетте, Үндістанда, Қытай мен Жапонияда үкі «өлім құсы» саналған. Үнділердің сенімі бойынша, үкі – түн патшасы, әрі қайтыс болғандардың жанын о дүниенің табалдырығына дейін шығарып салушы. Одан ертеректе ол қараңғылықтан, қара күштерден қорықпай, көпшілік үшін құпия саналатын сырлардың кілті саналған. Ал үкінің бүгінгідей даналық, тереңдік, кітапқұмарлық символы саналуы Афина аңыз - әпсаналарынан бастау алады. Қазақта үкінің қауырсыны пәле - жаладан сақтайды деген сенім бар.

Мәдина: - Үкінің жүні қазақтың ескі салты бойынша әсемдіктің белгісі деп саналған. Сонымен бірге үкіні қасиетті деп те білген. Мысалы, ерте кезде бақсы, молдалар, хан тұқымдары, атақты батыр, ақын, салдар үкі тағып жүрген. Ұзатылар қызға, қайнына баратын күйеуге, алғаш отау болғанда шымылдыққа үкі қадау ғұрпының бір жоралғысы осыдан қалса керек. Осыдан келіп жүнделетін бір үкі бір аттың құнымен бағаланған. Үкіні ұлпа және қара қасқа үкі деп екі түрге ажыратады. Үкінің балақ жүнін — ұлпа, ал бауыр жүнін — қара қасқа үкі деген. Қара қасқа үкіні көбінесе ерлер қадаған. Сәукеле, тақия, бөрік сияқты қыз - келіншектер дүниесіне көбінесе ұлпа (балақ жүн) үкісі қадалған. Ақ үкінің жүнін түрлі түсті етіп бояп та пайдаланған. Мұндайда бояуға қазының майын қосқан. Үкіні аулап ұстап, балақ жүні мен бауыр төсінің жүнін алып, өзін жемге тойғызып қоя беретін. Мұны «үкі жүндеу» деп атайды. Үкі жүндеген ауылдан олжа алу салты да болған.

ІІІ бөлім «Ырым – тыйымдар, мақал – мәтелдер, болжамдар, жұмбақтар, ертегілер – бәрі де құстар туралы...»

ІІ жүргізуші: Үкі едім түнде ұшып қалықтаған,
Құртудан зиянкесті жалықпаған.
Үкімді үлпілдеген киелі деп,
Бұрыннан – ақ адамдар тағып алған.
Мәди: Тыйым сөздер
1. Құстың ұясын бұзба, Жұмыртқасын жарма.
2. Жұмыртқасы мен балапаны бар ұяны бұзба.
3. Аққуды атпа.
Нұрасыл: Мақал - мәтелдер
1. Бұлбұл үнді, жылан тілді.
2. Құсқа аяз қатер емес, аштық қатер.
3. Қыста құсқа жақсылық жасасаң, жазда жақсылығыңды өтеп береді.
Гүлмира: 4. Құстар көп болса, зиянкес жәндіктер аз болады.
5. Шабан бүйрек бұрын ұшар.
6. Сасқан үйрек артымен сүңгір.
Эльмира: 7. Бөдененің үйі жоқ, Қайда барса батпылдақ.
8. Қара құс басып жейді, Сұңқар шашып жейді.
9. Ақ сұңқардың баласы, Алдына қоймай ас жемес.
Бекарыс: Болжамдар
1. Бесіктің бас жағына пышақ, қайрақ, қамшы қояды немесе үкінің тұяғын, кірпінің терісін, жыланның бас сүйегін тағады. Мұндайда шайтан, жылан, жәндік, тышқан келмейді деп жорыған.
2. Құс жүнін үрпитсе, жаңбыр жауады, ауа райы өзгереді.
3. Сары шымшық ысқырса, шынымен күз болғаны.
4. Шымшық ұя салса, қыс қатты болады.
Ғани: 5. Қарғалар топтаса қарқылдаса, аяз болады.
6. Қарғалар аспанда ұшып жүріп қарқылдаса, қар жауады.
7. Қарғалар қанатының астына тұмсығын тықса, суық болады.
8. Қаз немесе тауық бір аяғынан тұрса, аяз болады.

І жүргізуші: - Ал, енді мен жұмбақтар жасырайын.

1) Қызығып әр адам,
Ұстап ап даладан.
Жүнімді жұлып ап,
Бесікке қадаған. Бұл қандай құс? Жауабы: Үкі
2) Бір құс бар, үлпілдеген жүні жұмсақ,
Тұяғы бейне болат алмас пышақ.
Тұмсығы имек, көрмейді күндіз көзі,
Шарықтап көкті кезіп, түнде ұшат. Жауабы: Үкі
3) Шұнтиып қос құлағы,
Түнде көрер қырағы. Жауабы: Үкі
4) Күндiз сөнген шырағы,
Түнде көрер қырағы.
Тiкiрейiп айдары,
Егiн жауын қырады. Жауабы: Үкі

ІІ жүргізуші: Әншілеріміздің орындауында «Құстар әні»
І жүргізуші: - Оқушылар, біз әдебиет пәнінен үкі туралы ертегімен танысқан едік. Есімізге түсірейікші. Дұрыс – ақ, «Сатқын жапалақ» ертегісі. Олай болса, ертегіден үзінді тамашалайық.
Көрініс: «Үкі, Жапалақ, Байғыз»
ІІІ бөлім «Киелі құс азайып бара жатыр»

Қорытынды бөлімді сынып мұғалімі жүргізеді.
Хор: Н. Тілендиев «Құстар қайтып барады»

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.
31 175
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Құстар
Құстар
Топтағы тәрбиеленушілердің сөздік қорын дамыту, дыбыстарды айта білуге үйрету. Құстар туралы түсінік беру, оларға деген қамқорлық, сүйіспеншілік сезімдерін ояту.
Құстар – біздің досымыз
Құстар – біздің досымыз
Құстардың пайдасы туралы мағлұматтар беру. Құстарға қамқор болуға, құстарды аялауға, бейімдеу. Оқушылардың құстар туралы ой – өрісін, түсініктерін дамыту.
Құстар - біздің досымыз
Құстар - біздің досымыз
Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Төлеңгүт негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Тюлекова Раушан Андрейқызы
Құстар – біздің досымыз
Құстар – біздің досымыз
Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Науалы ауылы «Балбөбек балабақшасы» КММ - нің тәрбиешісі Байтикова Динара Сейтжанқызы
Құстар - біздің досымыз
Құстар - біздің досымыз
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Абай ауылы, Абай атындағы № 90 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жақсылық Айгул Шындалықызы
Құстар ауа райын болжай ала ма?
Құстар ауа райын болжай ала ма?
Ақтөбе қаласы, «Сымбат» жеке мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Кайдакова Жанат Бекболатовна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×