Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Зергерлік өнер

23 қаңтар 2013, Сәрсенбі
Категориясы: Технология
Астана қаласы,
№53 мектеп-лицей
технология пәні мұғалімі
Канафин Толеш Сапарович

ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕР
“Жігітке жеті өнер де аз”, “Шебердің қолы ортақ” сынды мақал - мәтелдерді кейінгі ұрпақтарына мирас еткен қазақ халқында өнердің түрі де сан алуан. Солардың бірі — қиындығы “инемен құдық қазғандай” әрі ісмерлікпен қоса, асқан табандылықты, ыждағаттылықты қажет ететін зергерлік өнері. Бұл — ауқымы жағынан шағын болып көрінгенімен өте нәзік те күрделі өнер. Халықпен бірге жасасып, біте қайнасып, ұрпақтан ұрпаққа мұра боп келе жатқан көненің көзі — үлкен тәрбие мектебі.

Соған қарамастан, осы өнер түрінің көп жылдар бойы қағажу көріп, шеттеу қалып келгені де баршамызға аян. Әсіресе, кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында зергерлік өнер тоқырап қалды десе де болғандай еді. Мұның өзі - зергерлікке таптық мән беріп, оны ескіліктің қалдығы, тек үстем тап өкілдеріне ғана қызмет етуге арналған деп түсінген сол кездегі “шаш ал десе — бас алар” асыра сілтеуші әпербақандардың кесірі. Десе де, “Ел іші — өнер кеніші” дегендей, мұндай келеңсіздіктер мен тосқауылдар тамырын тереңге жайған халықтық өнерімізді мұқалтып, із - түзсіз өшіре алған жоқ. Ал еліміз егемендігін алған соң республикамыздың әр түпкіріндегі халық шеберлері экономикалық - әлеуметтік қиындықтарға қарамастан ұлттық өнеріміздің осынау әсем түрін кеңінен қолға алып, ілгері дамытып келеді. Сөйтіп, зергерлік өнердің ғасырлар бойы қалыптасқан игі дәстүрлері қайта жаңғырып, жаңарып, одан әрі жалғасын таба түсуде. Бұл — көңіл қуантарлық жай.

Зергерлік — жалпы адамзатты, оның ішінде жас жеткіншектерді сұлулық пен әсемдікке құштарлыққа, талғампаздық пен тазалыққа тәрбиелейтін өнер. Өйткені зергердің қолынан шыққан бұйымдардың бәрі - сәндік, әсемдік заттары. Бұл зергерлік заттарды, әсіресе күміс ер, күміс жүген, өмілдірік, құйысқан, тартпа айылбасы, үзеңгі, торсық, щаңша секілді тұрмыс - салт әбзелдері мен қазақи киім үлгілерінен көптеп кездестіреміз. Мысалы, зер шапан, оқалы камзол, кестелі кимешек, металл шытыралармен безендірілген кісе белбеу. Қыз ұзатып, келін түсіргенде кигізетін бас киімдерге лағыл, жақұт, інжу, маржан, ақық сияқты бағалы асыл тастар, алтын, күміс шытыралар жалатылған сәкәгүлді сәукеле, үкілі, зерлі қасаба, кемер белбеу, қыздар буынатын ширатпалы нәзік белдік т. т.

Ой салып қараған адамға осы киім атауларының өзі - ақ. (зерлі, оқалы, ширатпалы, шытыралы, жезді) зергерлік өнерінен мол хабар беріп тұрғандай. Мәселен, ертеректе сәукеленің орнына ұзатылар қыз киетін бас киім — қасаба көне түркіше “алтын зерлі” деген мағынаны білдіреді екен. Ал жалпы зергерліктің түбірі “зер” парсының “алтын” деген сөзінен шыққан. Яғни, зергер сөзі кең мағынасында “алтынмен жұмыс істейтін шебер” деген ұғымды аңғартады. Ендеше зергердің қолынан шыққан бұйымның анау - мынау емес, нағыз "алтынмен апталып, күміспен күптелген” асыл дүниелер екендігінде дау жоқ.

Жалпы сәндік бұйымдардың ер адамға және әйелге тән сипатта болып келетіндігін зерттеушілеріміздің қаперінде ұстағаны теріс болмас еді. Бұйымдардың басым көпшілігі әйел халқының тұтынуы үшін шығарылатыны тағы белгілі. Алғашқы қауымдық кезеңдердің өзінде - ақ адамзаттар жылтыраққа, көркем затқа еріксіз әуестене бастағаны зерттеулер нәтижесінде жақсы мәлім. Солардың ішінде, әсіресе, әйел затының сәнденуге, әдемі затқа үйір болғанын бүгінгі ғалымдарымыз дәлелдеп отыр.

Олар мойындарына жануарлардың әр түрлі сүйектері мен өсімдік мүшелерін (дәндерін, жаңғақтарын, бұтақтарын және т. б.) іліп, өздерінше сәнденетін болған. Осындай табиғи әсем заттарға еліктеп, қызығудың нышандары тропикалық аймақтағы артта қалған тайпаларда әлі күнге кездеседі. Уақыт өте келе адамдар табиғи өнімдерді өңдеп, жетілдіріп пайдалануды үйрене бастағаны белгілі. Яғни, зергерлік өнердің алғашқы қарапайым қадамдары жасалды. Мысалы, әдемі тастарды, сүйектерді, мүйіздерді, балық, құс, өсімдік мүшелерін нобайға келтіріп, тесіп, өңдеу сияқты әрекеттер бұл өнердің алғашқы қадамдары екені сөзсіз.

Көптеген елдерде адам моншақ, сырға, салпыншақ, білезік тәрізді сәндік бұйымдарды неғұрлым көп тағатын болса, соғұрлым ол бай болып есептеледі. Ал бай саналған әйел әрі сымбатты, әрі сұлу болуы тиіс. Африка, Оңтүстік Азия елдері мен кейбір аралдарда мұндай ұғым осы күнге дейін бар көрінеді. Әйелді білегіне таққан білезіктерінің санына қарай бағалайтын жұрттар да бар.
Сәндік үшін құлақ тесумен ғана тоқталып қалмай, мұрындарын, еріндерін тесетін адамдар джунглилердің арасында әлі күнге дейін кездеседі. Ендеше осы сұраныстардың барлығын қанағаттандыру үшін шеберлердің өнері мен еңбегі қажет. Уақыт өте келе зергерлік жалпы өнер атаулыға қойылатын ортақ талаптар деңгейіне көтеріліп, тұтынушыға шын мәнінде эстетикалық ләззат сыйлай алатын биіктікке көтерілді. Адамдардың қоршаған орта мен көркемдік туралы түсінік - талғамы өскен сайын зергерге қойылатын талап та арта түскен. Кейбір талғампаз тапсырыс берушілердің ортан қол дүниені алмай, зергердің еңбегін зая кетіретін кездері де аз болмаған.

Сонымен бірге кез келген зергерлік бұйымның халықтық қолданбалы өнердің жемісі, халықтық көркем ойдың көрінісі екенін ұмытуға болмайды. Әшекей бұйымдары арқылы әр халықтың өзіндік сыр - сипаты, өнерге деген көзқарасы, ұлттық тағылымы мен қоршаған ортаға деген ұғым - түсінігі білініп тұратынын ескеруіміз керек. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазақ зергерлік өнерінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Бір шүкіршілік ететініміз, салыстырып, талдап қарай келгенде, қазақ зергерлік өнерінің дүниежүзілік деңгейден ешқандай да төмен емес екендігін байқаймыз. Біздің қол шеберлеріміздің жасаған алуан түрлі бұйымдары дүние жүзінің әр түрлі көрмелеріне қатысып, жақсы бағаланып келеді.

Қазақ зергерлері өздерінің қолтаңбаларын сақтай отырып, жалпы адамзатқа ортақ, биік талғамның үрдісінен көрініп келеді деп айтуға әбден негіз бар.
Бұл сөзімізге “Қарғалы қоймасындағы” алтын тәж, Эрмитажда сақталған батыр дулығасы мен Қазақстанның мұражай қорындағы кісе белбеу оқшантайлары, қапсырмалар, бойтұмарлар мен нәзік белдік айшықтары айқын дәлел бола алады. Қазақ халқындағы зергерлік өнердің бастау көзін сонау бағзы замандардан, атап айтқанда, алғашқы тайпалық, бірлестіктер дәуірлерінен іздеген жөн деп ойлаймыз. Өйткені, Қазақстан аумағындағы әр түрлі қазбалардан табылған түрлі қолөнер ескерткіштері осы пікірді дәлелдей түседі.

Басқасын айтпағанда, неолит немесе мыс (б. д. д. 3 - 2 мың жылдықтар), қола (б. д. д. 2 мың жылдық - VIII ғасыр аралығы) замандары мен алғашқы темір кезеңіне (б. д. д. VIII - IX ғғ.) байланысты қазбалардан шеберлердің зергерлік өнермен айналысқанын айғақтайтын жекелеген заттар мен заттардың фрагменттері табылған. Белгілі археолог ғалым Кемел Ақышевтың айтуынша, «Алтын адамды» безендірген әшекей заттардың саны 3000 - дай көрінеді. Ал жалпы осынау мәйіт жатқан қабірдің ішінен табылған алтын заттардың жалпы саны 4000 екен. Ал “алтын зат”, “алтын бұйым” деген ұғыммен бірге “зергерлік” деген түсініктің қоса жүретіні белгілі. Сондықтан да “Алтын адамға” қатысты әңгіменің басым бөлігі қолөнер шеберлігі, оның ішінде зергерлік ұғымымен ұштасып жатыр десек артық айтқандық болмас еді. “Алтын адам” - басынан аяғына дейін тұнып тұрған ісмерлік үлгісі, зергерлік өнерінің жеткен жерін көрсететін биіктік. Бұл арада археологиялық табысқа қысқаша анықтама мен сипаттама беріп кетсек жеткілікті.

Мұнда сырт киімдердің, бас киім мен белбеулердің әшекейлерін былай қойғанда, қару - жарақтардың да көп жерлеріне зергерлік жұмыстар жүргізілген. Тек бір бас киімнің өзі 150 - ге жуық әшекей заттармен безендірілген екен. Қабірден табылған алтын сырға жақұт тастармен әсемделген. Алтын адамның алтын белбеуі, белдемшесі, ұсақ моншақтары шеберлікпен өңделген. Бұл адам өмір сүрген кезден бері 2500 жыл өтті деп есептеген күннің өзінде зергерлік өнердің қандай деңгейде дамығанын айқын аңғаруға болады.
Бұдан басқа киімдердің сыртында құрамалы белбеулер, тоғалар, жапсырмалар, салпыншақтар және т. б. заттардың бәрі де алтыннан жасалған және бұлардың бәрі қалай болса солай, дөрекі жасала салмаған. Бәрі де көркем қолөнердің белгілі бір жүйелеріне бағындырылып, жетілген технологиямен өңделгені көрініп тұр.

Киімдегі жапсырмалардың астарында тікбұрышты келген күміс құлақшаларда бар. Бір ғажабы - олар өте ұқыптылықпен дәнекерленген. Жіліншікке байланған алтын доғалардың жасалуы да, орналасуы да ерекше. Тіпті бұларға бүгінгі күннің зергерлері де баса назар аударса, артық болмас деген ойдамыз.
Алтын адаммен бірге табылған қару - жарақтардың өн бойынан - қанжардан, жебеден, қорамсақтан және т. б. зергерлік өнердің нәзік іздері айқын көрініп түр. Мысалы, қанжардың қынына жануарлар бейнеленген екі алтын пластинка жапсырылған. Осы пластинканың орындалуы өте шебер шыққан. Бұны нағыз өнер туындысы деп бағалағанымыз абзал. Тіпті алтын жебе, қол айналардың жасалуы да жоғары шеберлік деңгейінде екені сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, “Алтын адамның” киімді безендіру барысында ертедегі зергер ұсталар шын мәнінде жоғары деңгейдегі шеберлік таныта білген.

Қазақтың ежелгі зергерлік өнерінің айтулы үлгілері атақты “Отырар төбе” археологиялық ескерткішін қазу барысында да табылған. Ертедегі қала қоймасынан, мысалы, әйелдердің сәндік бұйымы - төрт моншақ та - былған, оның үшеуі әйнектен жасалған. Екеуіне түсі түтін түстес, жасыл көз салынған. Дөңгелек әшекейлер мен білезік те осы қоймадан табылған.
Бір қызығы, Отырар қазбасынан темірден жасалған әшекей заттар да шыққан. Олар - киім қапсырмалары, білезіктер, әр түрлі әшекейлер. Темір болғандықтан да бұлардың көпшілігін тат басып қалған.

Моншақтардың ішінде ақықтан (сердоликтен), тастан және әйнектен жасалғандары да аз емес және бұлардың жасалу технологиясы әжептәуір жетілген десек, шындықтан алыс кете қоймаймыз. Әрине, осылардың барлығы сол жердің өзінде жасалған деуге болмайды. Себебі, Ұлы Жібек жолы арқылы көршілес елдерден әкелінгендері де аз болмауы мүмкін. Алайда, зергерлік өнердің Отырарда жақсы дамығанын дәлелдейтін дәйектемелер әр жерден табылып қалуда. Сондықтан Отырар экспонаттары бұл тұрғыдан алып қарағанда баға жетпес байлық деуге болады.

Әр халықтың зергерлерінің жасаған бұйымдарында ортақ сипаттармен бірге түрлі айырмашылықтардың да болатынын өмір шындығы деп қарау керек. Халықтың өмір сүру ортасына, табиғи өнімдеріне байланысты шеберлердің пайдаланатын материалдары да біркелкі бола бермейді. Ол материалдардың ішіндегі жер жүзіндегі ең кең тарағаны — алтын, күміс, қола, мыс сияқты металдар, әр түрлі асыл тастар, сүйек, мүйіз, былғары түрлері. Ал егер осы зергерлік материалдарды одан әрі таратып, жіктей түсетін болсақ, асыл тастың да, сүйектің де, былғарының да түр - түрі бар екенін байқар едік. Мысалы, экваторлық, тропикалық аймақтарды мекен еткен халықтардың шеберлері алуан түрлі балықтардың сүйектері мен қабыршақтарын, мұхит түбінен алынатын інжу, маржан сияқты асыл тастарды піл, керік т. б. жануарлардың сүйектерін немесе бамбук, темір ағаш, пальма т. б. ағаштардың мүшелерін әсемдік бұйымдарды жасауға пайдаланатынын аңғаруға болады.

Зергерліктің сүйек өңдеумен байланысы. Ал қазақ шеберлерінің бұл материалдарды көбірек кәдеге жаратуының өзіндік себебі бар. Өйткені күн көрісі төрт түлік мал болған қазақтар үшін олардың өнімдері де қадірлі. Оның үстіне табиғаттың басқадай қажетті заттары сирек ұшырасатын далалы жерлерде осы мал өнімдерінен артық материал да табу қиын. Осы жағдайды жақсы сезінген зергерлер дәстүрінде әлгі айтылған мал өнімдерін кәдеге жарату технологиясы ғасырлар бойы қалыптасқан.

Ал сонда қазақ шеберлері сүйекті, мүйізді немесе былғарыны қандай тәсілмен өңдеген? Мұның өзі назар аударып, зерттей білген адамға көптеген тосын жайттарды сездіріп, ұлттық ісмерлердің шеберлігі туралы пайымдауға жетелері сөзсіз. Сүйекпен жұмыс істейтін қазақ зергерлерінің барлығы да кез келген сүйекті пайдалана бермеген. Зергерлік өнер тарихына үңіліп қарайтын болсақ, олардың әсіресе қадірлейтіндері түйе мен жылқының сүйектері екенін аңғарар едік. Неге десеңіз, бұл малдардың сүйектерінің қуысында кемігі аз болады, оның үстіне бұзылмастан ұзақ сақталады. Тіпті сақталған сайын өңі кіріп, көріктене түсетіндері де бар.
Зергер сүйектің түсін өз қалауынша өңдейді. Әшекей бұйымдарын жасауға семіз, жас малдың сүйегі жақсы. Сүйекті ағарту үшін алдымен оны суға қайнатып алады да, жанып кеткен оттың қоламтасына көміп қояды. Ал керісінше сүйектің түсін сарғайту қажет болса, онда оған май жағып, жанған шөптің түтініне ұстау керек екен.

Семіз, жас малдың сүйегі майысқақ, ұрып - соққанға, тескенге шытынай қоймайды. Негізінде мұндай сүйектерді қайнатпай тұрған кезде өңдеп алған, мысалы, өрнектеп, ою салған қолайлы. Жоғарыда айтылған түсін келтіру процесін бұдан кейін де жасай беруге болады.
Сүйекті өңдейтін құралдарға жататындар – қайқы пышақ, ыңғыру, үскі, түрпі, шарық, егеу, пышқы, шапашот және тағы басқалары. Оларға қойылатын басты шарт - қай - қайсысының да өткір немесе үшкір болуы. Өйткені, сүйек - әрі қатты, әрі морт материал. Шама келгенше жұмыс үстінде оны бүлдіріп алмаған абзал. Көпшілік шеберлер сүйекті өңдеу барысыңда оның үстіне аз - аздап ыстық су құйып отырады. Сонда ол шытынамайды екен.

Сүйекпен салыстырып қарағанда жануарлардың мүйіздерін өңдеу жұмыстары әлдеқайда жеңіл екені тәжірибеден белгілі. Оларды жонуға, кесуге, қалыпқа салып деформациялауға (табиғи пішінін өзгертуге), тесуге, шегелеуге болады. Басқа заттарға, мысалы, темірге, ағашқа қиюластырып салу, керісінше, қымбат металдар мен тастарды мүйізге орнату да жеңілге түскен. Сондықтан қазақ зергерлері бұл материалдардың осы айтылған қасиеттерін ұтымды пайдаланып отырған.

Беріктік, иілгіштік қасиеттерінің әр түрлі болғанына қарамастан, сүйек те, мүйіз де түрлі әшекей бұйымдар жасауға немесе үй ішілік - тұрмыстық заттарды әшекейлеуге пайдаланылып отырған. Бұрынғы қазақ тұрмысында бұлар араласпаған сәндік бұйымдар кем де кем десек, артық айтқандық болмас еді. Мысалы, зергерлер бұларды ұтымды қолдана отырып, түрлі әшекей заттарды, атап айтқанда, шолпы, алқа, моншақ, тарақ, қапсырма, білезік, белдік сияқты толып жатқан нәрселерді жасаған. Әсем өңделген сүйек пен мүйіз асадал, кебеже, адалбақан, шақша және т. б. заттар жасауға, ат әбзелдері мен қару - жарақтар жасауға да қолданылған.
ТІПТІ ыдыс - аяқ, құрал - саймандардың ішінде осы екеуінің пайдаланылуы арқылы жасалғандары қаншама. Сүйек пен мүйізді пайдалану арқылы түрлі ою - өрнектер, салпыншақтар, ұсақ-түйек әшекей бұйымдар жасау ДА қазақ шеберлерінің дәстүріне ерте заманнан – ақ енгенін айтуымызға болады.

Ал осыларды жасаған кезде қалай болса солай істеу керек деген принцип болмаған. Әрбір әсем бұйым, әрбір әшекей белгілі бір стильмен тиісті көркемдік шешімге бағындырылып отырған. Бұл - қазақ шеберлерінің ой тереңдігі мен әсемдік принципін үнемі ұштастырып отырғандығының нышаны. Бұған тым ұзаққа бармай-ақ, республикамыздың түрлі мұражайларында тұрған әр түрлі зергерлік экспонаттарға үңіліп, зерттей қарап отырып-ақ көз жеткізуге болар еді.
24 227
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық
Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық
Қазақ халқының мол қолөнер үлгілерімен таныстыра отырып, халық өнерін қастерлеуге, үлгі тұтуға үйрету. Оқушыларды әсемдікті тани білуге баули отырып, эстетикалық ой — өрісін дамыту, адамгершілікке тәрбиелеу.
Қазақ халқының зергерлік өнері
Қазақ халқының зергерлік өнері
Қазақ халқының атадан балаға тарап келе жатқан өнерінің бірі - зергерлік. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап зергерлік өнер қолөнердің негізгі бір саласына айналды. Қазақ халқының кейбір зергерлік бұйымдарына тоқталып өтейік.
Қазақтың әшекей бұйымдары
Қазақтың әшекей бұйымдары
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы Маңғыстау гуманитарлық колледжінің педагогика пәнінің оқытушылары Джанизакова Аккенже Джанизаковна Кожакова Алтын Инаматовна
Қолданбалы қолөнер
Қолданбалы қолөнер
Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласындағы «№3 орта мектебі» КММ бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі: Қасымова Айгуль Идрисовна
Фольгадан әшекейлі бұйымдар жасау
Фольгадан әшекейлі бұйымдар жасау
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Абай ауылы, Абай атындағы №90 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жәлел Ботакөз
Қолөнер және модельдеу
Қолөнер және модельдеу
ШҚО, Аягөз қаласы, «№5 жалпы білім беретін орта мектеп» коммуналдық мемелекеттік мекемесінің технология пәні мұғалімі Cатыбалдинова Күлбан Омарбайқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×