Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Шартты өлшеуіштің көмегімен ұзындықты өлшеу

25 қаңтар 2013, Жұма
Категориясы: Бала-бақша
Ақтөбе қаласы
№20 Дидар балабақшасының 1 санатты тәрбиешісі
Мукатова Жанылсын Беспайқызы

Білім саласы: Таным
Ұйымдастырылған оқу - іс - әрекеті: Математика ( қ. м. ұ. қ )
Тақырыбы: « Шартты өлшеуіштің көмегімен ұзындықты өлшеу»
Мақсаты: Шартты өлшеуіштердің көмегімен ұзындықты өлшеу туралы балалардың түсініктерін қалыптастыру; көктемнің алғашқы айымен таныстыру; ойлау қабілеттерін дамыту.

Көрнекі құралдар:
1) Айсұлу мен Ілияс бейнеленген сурет;
2) Жіп немесе лента 4 тал ( ұзындықтары – 2м, 180см, 110см, 110см);
3) Ойыншықтар. машина және қуыршақ;
4) 2 қағаз ұшақ;
5) текше, цилиндр;
6) үлкен және кіші гүлдер бейнеленген суреттер;
7) екі жағы да тор көздерге бөлінген жалаушалар ( 5 үлкен, 10 кішкентай);
8) үлкен, кіші дөңгелектер.

Сабақтың барысы
1. Балалар кілем үстінде жарты шеңбер болып отырады. Ортадағы кеңістіктегі цилиндрдің жан – жағына ұзын ленталар қойылады. Бір лента машинаның алдынан, екіншісі қуыршақтың артынан өтеді. Әр лентаның ұшында ұзындығы 20см ұшақ қойылған.
- Ілияс пен Айсұлу ұшақтарын ұшырды. Олар кімнің ұшағы алысқа ұшатынын білгісі келді. Олар бағананың (столбик) алдында тұрды, оның пішімі неге ұқсайды? (цилиндрге). Балалар ұшақтарын әр жаққа жіберді.
- Балалардың қайсысы ұшағын қай бағытқа жіберді? Ол қалай ұшты?
( Сол жаққа – оң жаққа; алдында – артында.
- Кімнің ұшағы алысқа ұшқанын қалай білеміз?
Балалар өз ойларын айтады. Олар айтқан тәсілдердің бірі таңдалып, ұшақтың қашықтығы өлшенеді.
Бірінші тәсіл: адым арқылы өлшеу.
Тәрбиеші әр аттаған сайын бір дөңгелек қояды. Содан кейін дөңгелектерді санау арқылы, қайсысының алысқа ұшқанын анықтайды.
Екінші тәсіл: ара қашықтықты ұшақпен өлшеу.
Өлшеуді бастамас бұрын тәрбиеші ұшақтардың ұзындығын өлшеп, олардың ұзындықтарының бірдей екеніне балалардың көзін жеткізеді. Содан соң ұшақты лентаның үстіне қойып, бірінші және екінші ұзындыққа ұшақтың неше рет сиятынын өлшейді.
Екі тәсілмен де өлшеп біткеннен кейін балалар бірінші, екінші жағдайда да Ілиястың ұшағының қашықтығы Айсұлудың ұшағының қашықтығынан артық болғанын айтады.
Тәрбиеші балаларды « шартты өлшеуіш» деген түсінікпен таныстырады.
- Біз қай ұшақтың алысқа ұшқанын анықтау үшін қандай шартты өлшеуіштерді қолдандық? ( адым, ұшақтар).

2. Тәрбиеші белгілі бір ара қашықтықта цилиндрмен текшені қояды. Балалардың бірінен цилиндрден текшеге дейін ара қашықтықты адыммен өлшеуді сұрайды.
Бала әр адым аттаған сайын еденге кішкентай дөңгелекті қойып отыру арқылы өлшейді. Содан соң тәрбиеші осы ара қашықтықты өзінің адымымен өлшеп, үлкен дөңгелекті қойып отырады. Балалар дөңгелектерді санап салыстырады.
- Екі жағдайда да бірдей шартты өлшеуші – адымдауды қолдандық. Неге
баланың адымының саны көп, ал менің адымымның саны аз болды?
Балалар ересектердің адымы үлкен, балалардың адымы кіші екендігін аңғарады. Тәрбиеші шартты өлшеуіштің мөлшері бірдей болу керектігіне балалардың назарын аударады. Тәрбиеші өзінің дөңгелектерін алып тастайды да, тағы бір балаға осы ара қашықтықты адымдап, әр адымына дөңгелекті қойып отыруын сұрайды. Ол баланың адымы алдынғы баланың адымымен бірдей болуы керек. Содан кейін нәтижелер салыстырылады.

3. Көктем туралы өлең оқытылады немесе жұмбақ жасырылады.
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Сендер қалай білдіңдер?
- Көктемнің бірінші айы қалай аталады?
- Наурыз айында балалар қандай мерекелерге дайындалады?
- Ілияс пен Айсұлу да 8 Наурыз аналар мерекесіне дайындалмақ болды. Олар бөлмені гүлдермен безендірді.
Гүлдер бейнеленген 2 суретті көрсету. Бір суретте 9 үлкен гүл, ал екіншісінде 10 кіші гүл бейнеленген.
- Үлкен гүлдерді Ілияс, кіші гүлдерді Айсұлу дайындады. Кім көп гүл
жасады?
Әдетте балалар қай суретте үлкен гүлдер бейнеленсе, сонда артық, кіші гүлдер бейнеленген суретті кем деп санайды. Кейбір балалар санай бастайды. Тәрбиеші балалардың жауаптарын тыңдайды.
- Кімнің жауабы дұрыс екенін қалай білуге болады?
Тәрбиеші тақтаға кезекпен екі баланы шақырады. Әрқайсысының өзінің қолындағы суреттегі гүлдерді санап, қорытынды санды атайды. Санап болғаннан кейін балалар дұрыс жауапты айтады.
- Қай сан артық: 9 немесе 10?
Тәрбиеші заттың санының оның көлеміне байланысты емес екендігіне көздерін жеткізеді.

4. Сергіту сәті.
Балалар екі топқа бөлініп, бір – біріне қарама - қарсы тұрады. Ұл балалар – бір топта, қыз балалар – екінші топта.
- Қай топта балалар артық?
- Топтағы балалардың саны олардың бойына қатысты ма?

5. – Айсұлу мен Ілияс бізге топ бөлмесін безендіру үшін жалаушалар сыйламақшы.
Тәрбиеші қысқа жіп пен үлкен жалаушаларды алады. Екі бала жіпті ұстайды да, ал үшіншісі үлкен жалаушаларды іледі. Балалар жіпке неше үлкен жалауша сыйғанын санайды(5). Содан соң алдыңғы жіппен бірдей ұзындықтағы жіпке кіші жалаушалар ілінеді (10).
- Неге ұзындығы бірдей жіпке ілген жалаушалар саны әр түрлі болды?
Тәрбиеші шартты өлшеуіш кіші болса, ұзындыққа артық сыятынын, шартты өлшеуіш үлкен болса, ұзындыққа аз сыятынына балалардың назарын аударады.

6. Сабақтың қорытындысы.
- Шартты өлшеуіштердің көмегімен не істеуге болады?
- Санның шартты өлшеуіштің мөлшеріне байланысы бар ма? Осы байланысты ата.
- Санның заттың көлеміне байланысы бар ма? Оны біз қандай мысалдар арқылы тексердік?
- Көктемнің бірінші айын ата.
20 627
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Ұзындықты өлшеу
Ұзындықты өлшеу
Стандартты емес өлшеуіштермен өлшеудің тәжірибелік дағдыларын қалыптастыру; оқушыларды ұзындықтың өлшем бірліктері арқылы бақылау, салыстыру жолдарымен таныстыру.
Ұзындықты өлшеу. Миллиметр. Ұзындық бірліктерінің арақатынасы
Ұзындықты өлшеу. Миллиметр. Ұзындық бірліктерінің арақатынасы
ұзындық өлшем бірлігі - миллиметр (мм) бірлігін енгізу және оны басқа өлшем бірлігіне айналдыруды үйрету;
Ұзындықты өлшеу. Миллиметр. Ұзындық бірліктерінің арақатынасы
Ұзындықты өлшеу. Миллиметр. Ұзындық бірліктерінің арақатынасы
ұзындық өлшем бірлігі - миллиметр (мм) бірлігін енгізу және оны басқа өлшем бірлігіне айналдыруды үйрету; шығармашылық қиялын, жүйелі ойлау қабілетін дамыту.
Ұзындықты өлшеу. Метр
Ұзындықты өлшеу. Метр
Ақтөбе облысы, Алға қаласы, В. И. Пацаев атындағы № 2 Алға ОМ – ң бастауыш сынып мұғалімі А. А. Лукманова
Шартты өлшеуіштің көмегімен сұйық және сусымалы заттарды өлшеу
Шартты өлшеуіштің көмегімен сұйық және сусымалы заттарды өлшеу
Ақтөбе қаласы №20 Дидар балабақшасының 1 санатты тәрбиешісі Мукатова Жанылсын Беспайқызы
Шартты өлшеуіштің көмегімен ұзындықты өлшеу
Шартты өлшеуіштің көмегімен ұзындықты өлшеу
Ақтөбе қаласы №20 Дидар балабақшасының 1 санатты тәрбиешісі Мукатова Жанылсын Беспайқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×