Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қыз өссе - елдің көркі

11 қазан 2021, Дүйсенбі
Категориясы: Бастауыш сынып
Тақырыбы: Қыз өссе - елдің көркі
Мақсаты: Қыз балаларды ұлттық тұрғыда халқымыздың әдет - ғұрпын, салт - дәстүрін қадірлеу, ұлтжанды, отансүйгіштік сезімдерге баулу, тәрбиелеу.
Типі: Жарыс
Көрнекілігі: ұлағатты сөздер, мақал - мәтелдер, интерактивті тақта, шарлар, гүлдер
Жүрісі:
I. Ұйымдастыру бөлімі
II. Негізгі бөлім
III. Қорытынды

I. Ұйымдастыру бөлімі
Мұғалім: Бүгін біздің ауылда дүбірлі той,
Ден қойып тыңдаңыздар, көңілді қой
Жырдан шашу шашылсын, күй күбірлеп
Қош келдіңіздер, халайық, сергісін бой
Құрметті ұстаздар мен ата - аналар бүгінгі ұйымдастырылған сыныбымыздың «Қыз өссе - елдің көркі» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер! II. Негізгі бөлім
Қыз - ата - ананың, ауылдың сүйікті баласы, мақтанышы, сәні, базары, көркі. Қыз - ел, ауыл еркесі, үлпілдеткен үкісі, алақандағы аяулысы, басқа елдің болашақ келіні, анасы. «Қыз - өріс, қыз - қонақ» деп туған - туыстары оларды аялап, мәпелеп өсірген.
- Біздің бүгінгі тәрбие сағатымыз жарыс түрінде өтпекші. Жарысқа сыныбымыздың үш қыз балалары қатысады. Жарыс мына шарттардан тұрады.
Шарттары:
I. Өзін - өзі таныстыру (қара сөзбен, өлеңмен, әнмен)
II. Қолөнер сайысы (үйден дайындалып келген бұйымның жасалу жолын түсіндіреді)
III. Ал, кімнің өнері бар қаншалықты...(өз өнерлері)
IV. Сұлудың сыры (қазақтың ұлттық киім үлгісін көрсету)
- Жарыс болғасын жерде өз төреліктерін көрсететін әділқазылар алқасы болады. Ендеше таныс болайық! Бастауыш сыныптар бойынша оқу ісінің меңгерушісі Иманғалиева Гүлжамиға апай, Есениязова Айымгүл және Сапарова Гауһар апайларға қошеметімізді көрсетейік.

Мұғалім: Қыздарымыз жарысқа әбден дайын болғанша біздер кезекті әдеби монтажға берейік.
1 - оқушы: Қыз сұлу көрінеді қылығымен,
Жарыса төгілген қос бұрымымен
Бұл күнде сұлулықтың үлкені осы
Қыз сұлу көрінеді білімімен

2 - оқушы: Қыз сұлу көрінеді өрмегімен
Тізіліп сөз маржанын тергенімен
Майыса бұратылып, майда басып
Жаныңа наз қылықпен келгенімен

3 - оқушы: Дарытқан бар асылды өз елінен,
Қыз сұлу көрінеді өнерімен
Құлпырды сыныбымның арулары
Өткендей сұлулықтың елегінен

4 - оқушы: Қыздар - қызыл киігі жанұяның
Қайықтары жақсылық дарияның
Ескектерін ерліктің жоғалтпаған
Сіңлілері - ай Мәншүк пен Әлияның

5 - оқушы: Қыздар - ай - қызыл жалау түзге ұстаған
Қорғап тұрған шырылдап қызғыш далам
Сендер гүлге керемет ұқсағанмен,
Гүлдер бірақ көбірек қызға ұқсаған

6 - оқушы: Қыздар, қыздар, көңілдің көк гүлдері!
Көк көлдердің көзге ыстық кептерлері
Азаймаңдар, арулар - жауқазындар
Азаймасын өмірдің көктемдері!

7 - оқушы: Қыз емес қыздың аты қызыл алтын
Көрінер қызыл айдай жүзі жарқын
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес
Халқының сақтай білген ізгі салтын

8 - оқушы: Пір тұтқан адамдықты, адалдықты,
Көркімен таң қалдырған тәмам жұртты
Қыздардың қылығымен өмір қызық
Қыздардың ғұмырымен заман құтты
Мақал - мәтелдер:

9 - оқушы: Анасын көріп қызын ал,
Аяғын көріп, асын іш

10 - оқушы: Қызы бардың назы бар
Қысы бардың жазы бар

11 - оқушы: Бір жақсы қыз
Екі жаман ұлға татиды

12 - оқушы: Қыздың аңқауынан сақта
Ұлдың жалқауынан сақта

13 - оқушы: Астын дәмін тұз келтірер
Ауылдың сәнін қыз келтірер

14 - оқушы: Кімдер жүйрік, өнерпаз, білейікші
Сыныбымыздың аруы деп жүрейікші
Әділқазы алқасына тек әділдікті
Ал аруларға сәттілік тілейікші

Мұғалім: Оқушыларға рахмет!

Қыз сыны, қыз өнері, қыз әдебі
Тал бойына жарасқан күлкі әдемі
Бір көргенге болмай - ақ сахнада
Өмірде сақталсыншы ұлт әдебі - дей отырып қыздарымызды ортаға шақырайық.
Балбөбек қыз білімді
Меңгерген бар ілімді
Айда қыз елгезек
Алады тез тіліңді
Шаттық қызым мақпалдай
Ағарып таң атқандай
- Қыздарымыз сайысқа түспес бұрын, олар жөнінде қосымша мәлімет беріп кетейін.
Шаттық сыныпта оқу екпіндісі, ол жаз мезгілін жақсы көреді. Себебі жазда суға түсіп, ойнағанды, күнге қыздырынғанды қатты ұнатады.
Айда сыныпта оқу озаты, ол қыс мезгілін ұнатады. Қысқа демалыс басталысымен, ол қалаға кетуге қатты асығады. Себебі, ол қаладағы мұз қалашықтарын аралағанды жаны сүйеді. Айданы мұздан жасалған бейнелердің жасалу жолдары қызықтырады.
Балбөбек қызымыз да сыныпта оқу озаты. Оған көбіне ән айтқан қатты ұнайды. Болашақта әнші болуды армандайды.
(слайд көрсетіледі)

Мұғалім: Өнер қуып арулар өтер деймін
Бір басына өнері жетер деймін
Бәске түскен үш ару кезектесіп
Таныстырып өздерін өтер дейін
Таныстырсын өздерін
Тамылжытып сөздерін - дей келе 1 - ші бөлім бойынша қыздарымыз өз - өздерін таныстырады.
I. Өзін - өзі таныстыру (қара сөзбен, өлеңмен, әнмен)
1. Өтепберген Шаттық
2. Асқарова Айда
3. Асылбекова Балбөбек
Әділқазылардан бағалары сұралады.
Мұғалім: Қызға қатты сөз айтылмауға тиіс. «Кімде - кім үш қыз өсіріп, тәрбиелеп, бой жеткізіп, құтты орнына қондырса, оның сыйлығы - жаннат» деген Мұхамед пайғамбар. Қазақта қыз тәрбиесі мен оны құрметтеудің жолдары өте көп.
Тұз емес пе, астың дәмін кіргізер
Қыз емес пе, үйдің сәнін кіргізер
Қыздың жиған жүгіндей демейміз бе?
Сұлулық пен нәзіктікті білгізер - дей келе 2 - ші бөлімге кезек береміз
II. Қолөнер сайысы (үйден дайындалып келген бұйымның жасалу жолын түсіндіреді)
- Қыздарымызды бір - бірден ортаға шығарамыз.
Әділқазылардан бағалары сұралады.
Мұғалім: Қазақ халқы қызының жазылмас дертке ұшырамауы үшін, жаза қадам баспауы үшін мынадай он түрлі талап қойған:
1. Әдепті 6. Сабырлы - салмақты болу
2. Ар - ожданы пәк болу. 7. Адал, ақ жарқын болу
3. Кеңпейіл кешірімді болу 8. Моральді - мұратты болу
4. Мейір - шапағатты болу 9. Өжет, батыл болу
5. Ақыл - парасатты болу 10. Ұят намысты болу
- Нағыз қазақ - домбыра демекші, кезекті күйге береміз. Ортаға Аружанды шақырамыз.
«Адай» күйі
Мұғалім: Ал, кімнің өнері бар қаншалықты,
Би билеп, ал біреуі ән салыпты
Бүгінгі сайыста бәйге алуға
Қыздарымыз аянбай жан салыпты - деп қыздарымыздың өнерлерін тамашалайық.
III. Ал, кімнің өнері бар қаншалықты...(өз өнерлері)
- Рет бойынша қыздарымыз өз өнерлерін көрсетеді.
Әділқазылардан бағалары сұралады.
Мұғалім: Инабатты қыз өсіру ниетімен тыйым сөздерді де пайдаланған, қызға 40 үйден тыйым болған:
1. Жарыса сөйлеуге 2. Жалғыз қыдыруға
3. Жыртақтап күліп, сыпсыңдап сөйлеуге 4. Орынсыз ұрынуға
5. Басқаларға қол тигізуге 6. Өтірік, өсекке және т. б
Мұғалім: Сымбатына сән киім жарасатын
Аспандағы айменен таласатын
Өнеріне көркі сай келіп тұрған
Аруларға қызығып қарасатын - дей келе 4 - ші бөлімге де кезек берейік.
IV. Сұлудың сыры (қазақтың ұлттық киім үлгісін көрсету)
Қыздарымыз рет - ретімен сән үлгісін көрсетеді.
Әділқазылардан бағалары сұралады.
- Әділқазыларымыз жеңімпаздарды анықтағанша ортаға сыныбымыздың биші жігіттерін шақырамын.
Би: «Қара жорға»
III. Қорытынды
Әділқазылардың қорытынды сөзін тыңдау. Жеңімпаздарды анықтау, марапаттау.
- Жеңістеріңіз құтты болсын! Қыздарымызға бата беру үшін кезекті оқушыларымыздың әжесі Ырысты апаға сөз береміз.
Бата
Талдай бой берсін
Сұңғыла ой берсін
Жаздай жамал берсін
Қардай жанар берсін
Анаға шуақ болсын
Ағаға қуат болсын
Нәзік жаны болсын
Елінің ары болсын
Басына өнерден бағы қонсын!
- Ендеше, біздің тәрбие сағатымыз аяқталды. Уақыт пен көңілдеріңізді бөліп келгендеріңізге көп - көп рахмет айтамыз! Келесі кездескенше сау болыңыздар!

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Боранқұл селосы,
Опорный орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Достлеуова Асем Асановна
41 791
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Қыз өссе елдің көркі атты қыз сыны сайысы
Қыз өссе елдің көркі атты қыз сыны сайысы
Қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру, қазақ халқының қыз тәрбиелеу салт - дәстүріне байланысты әдептілікке, инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелеу.
Мен қазақ қыздарына қайран қалам жарасып жеңгесімен жайраңдаған
Мен қазақ қыздарына қайран қалам жарасып жеңгесімен жайраңдаған
Қыз бала ата - ананың, ауылдың сүйікті баласы, мақтанышы, сәні, базары, көркі. Қыз – ел, ауыл еркесі, үлпілдеткен үкісі, алақандағы аяулысы басқа елдің болашақ келіні анасы. «Қыз – өріс, қыз қонақ» деп туған - туыстары оларды аялап мәпелеп өсірген.
Балдырған арулар мен сал - серілер сайысы
Балдырған арулар мен сал - серілер сайысы
Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Бекі бастауыш мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Бердибекова Акмарал
Жеңгем – сырласым
Жеңгем – сырласым
Жеңгем – сырласым Мақсаты: Халқымыздың бойына ғасырлап сіңген ұлттық мінез, ұлттық тәрбие, жақсы дәстүрімізді жаңғыртып, ұлағатты қасиеттерді сіңіріп, үлгі - өнеге алуға, шыншылдыққа баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелеу және
"Қыз өссе - елдің көркі" ашық тәрбие сағаты
"Қыз өссе - елдің көркі" ашық тәрбие сағаты
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қарауылкелді орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Дусипова Бақыт Рысқұлқызы
Қыз өссе – елдің көркі
Қыз өссе – елдің көркі
Павлодар облысы, Май ауданы, Көктөбе жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Тлеумова Айсулу Жолдыбаевна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×