Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Құстар - біздің досымыз

17 қаңтар 2013, Бейсенбі
Категориясы: Бастауыш сынып
Тақырыбы: Құстар - біздің досымыз
Мақсаты: Оқушыларға жалпы құстардың пайдасы туралы, олар жөнінде мағлұмат беру. Негізінен оларға қамқор болуға, құстарды аялауға бейімдеу. Әсем құстармен таныстыру. Міне мынау көңілді көктемде құстардың оралуын, олардың азайып кеткенін хабардар ету. Оқушылардың құстар туралы ой өрістерін, түсініктерін дамыту. Отанын, жерін, орманын, көлін, табиғатын сүюге баулу.

Көрнекіліктер: Альбом, суреттер, плакаттар.
Сабақтың барысы
1. Ұйымдастыру
2. Келген қонақтармен танысу
3. Тәрбие сағатын ашу
4. Қорытындылау
Мұғалім: Құрметті ұстаздар, оқушылар және қонақтар!
Сіздерді көктем мерекесімен құттықтаймыз. Міне, көктем жыршысы құстар келе бастады.
Біздің халқымыз кең далада, табиғат құстары бай далада өскен. Бүгінгі «Құстар - біздің досымыз» атты тәрбие сағатын бастауға рұқсат етіңіздер.
(2 - оқушы қысқаша баяндама оқиды)

1 - оқушы: 1927 жылының көктемінде жас натуралистердің Қ. А. Тимирязев атындағы орталық биостанциясында бүлдіршіндердің құстарға арналған тұңғыш мерекесі - құстар күні өткізілді. Бұл мерекеге алдын - ала әзірленіп, құстарға ұя жасайды, плакат, ұран жазады, қабырға газеттерін шығарады, құс маскаларын дайындайды. Табиғатта да адам өмірінде де құстардың мәні өте зор. Құстар әуезді әсем сайрағыштығымен, сымбатты да сұлу, алуан түрлі сыртқы көрінісімен ормандарды, саябақтарды, шалғындарды және табиғаттың сәнін келтіру арқылы адамдарды эстетикалық ләззатқа бөлейді.

2 - оқушы: Адам құстарды спортқа және әр түрлі мақсатта қолға үйретіп, баптайды. Құстар атаулының бәрі пайдалы. Құстардың – қайсысын болса да қорғау керек. Құстардың саябаққа, бау бақшаға, егістіктер мен бақтарға үйірілуіне мүмкіндік жасап, ұсақ құстарға қыста жем шашар, жазда ұялағыш үйшіктер дайындау арқылы қамқорлық жасау - табиғатты көркейтіп, құстарды аялай білудің негізгі шарты, Құстардың ұясын бұзып жұмыртқасын жарудан аулақ болыңдар.
Мұғалім: Құстардың адам өміріндегі маңызы туралы қазақ халқының тамаша мақал – мәтелдері қаншама десеңші! Мақал - мәтелдер халықтық педагогиканың үлкен бір арнасы. Сол мақал - мәтелдерге зер салайық:
1 - оқушы:
Ақсұңқар - құстың баласы
алдына қоймай жем жемес.
2 - оқушы:
Аққу құссыз - көл жетім,
айтылмаған сөз жетім.
3 - оқушы:
Өлеңге енсе - сөз сұлу,
аққу жүзсе - көл сұлу.
4 - оқушы:
Қарға баптанып, сұңқар болмас,
Есек мақтанып, тұлпар болмас.
5 - оқушы:
Бұлбұлға бау жақсы,
Кекілікке тау жақсы.
Ер жігітке бәрінен,
Туып - өскен ел жақсы.
6 - оқушы:
Аққу құсқа оқ тисе, қанатын суға тидірмес.
Ер жігітке оқ тисе, қиналғанын білдірмес.
Мұғалім: Құстар адам өміріне сән – салтанат беріп, әсем сазды үнімен жанды рақатқа бөлейді. Сондықтан, атадан балаға мұра болып келе жатқан халық шығармашылығында адам бойындағы ең сұлу ерекшеліктерді құстарға теңеп, «аққу мойын», «қасы қарлығаштың қанатындай», «бүркіт тұмсық», «қаз дауысты»т. б. деп сипаттаса, «Қарлығаш», «Сандуғаш», «Бүркітбай» деп балаларына ат берген.
Оқушылар хормен:
Құстар – біздің досымыз,
Шырқап әнге қосамыз.
Құстар - біздің досымыз,
Көктем сайын тосамыз.

Нұр: Жыл құстары келді деп,
Балдырғандар мәз болды.
Қос қанаты желпілдеп,
Көлге үйрек - қаз қонды

Ақниет: Құстар тойын құттықтап,
Қуанамыз қолдаймыз.
Ұя жасап құттықтап,
Біз оларды қорғаймыз.

Аңсар: Жылы шуағымен гүл өсірген,
Жыл құстарын ілестірген,
Көрікті көктем келді.
(осы кезде Көктем келеді).

Аделина: Сағынышпен жеткен,
Қуана бер көктем.
Жайнап нұрлы гүлің,
Басқар құстар күнін.

Көктем: Сәлем достар аман ба?
Мынау бейбіт заманда.
Шат шадымен көктеммін,
Шаттық болсын әманда.

Ән құстарым үніммен,
Сән құстарым гүліммен.
Қуантамын бәріңді,
Құт - береке күніммен.

(Ортаға құстың ұясын оқушылар алып шығады). Көктемге сәлем береді.

Бағлан: Сәлем елдің көктемі,
Әлем енді көктеді
Құрметпенен бас идік.
Құстарына көктемгі.

Көктем: Рахмет, балалар,
Сендерде ой - сана бар.
Бау - бақшаның дұшпанын,
Бастырмады құстарым.

Кербез құстар әнімен,
Келді міне сәнімен.
Балапандар биіне,
Қол соғайық сүйсіне.

Ортаға балапандар билеп шығады.
Мұғалім: Ал балалар қандай жыл құстарын білесіңдер? (Барқылдақ, торғай, суық торғай, бозторғай, қарлығаш, шымшық, көкек, қара торғай т. б. )

- Оларды не үшін жыл құстары дейміз?(Олар алысқа ұша алады. Суық түсісімен алыс жақтарға ұшып кетеді де көктемде біздің жаққа тіршілік етуге қайтып оралып, ұя салады, балапан шығарады)
- Қыстап қалатын құстарды білесіңдер ме?(ұзақ қарға, тоқылдақ, сауысқан, сары шымшық, көгершін)

- Дұрыс. Олар ешқайда кетпейді. Жыл бойы біздің жақта тіршілік етеді. Бұл құстар суыққа төзімді келеді. Қандай аяз болса да өз қоректерін тауып жейді екен
Мұғалім: Енді балалар, құстар жөнінде викторина сұрақтарына жауап берейік.
1. Адам қай құсты аң аулауға пайдаланады?(Бүркіт)
2. Қандай құс хат тасушы атанған?(Көгершін)
3. Қандай құста мүлде ұя болмайды? (Көкек)
Мұғалім: Құстарға арналған көптеген жұмбақтар да бар. Енді осындай біраз жұмбақ шешіп көрелік.
Ауылда, қалада мекені,
Жолаушы жүрсек шығарып салады.
Алдыңнан шығады
Жаныңды еркелетеді. (Қарлығаш)
Көктемде құстар қайтқанда,
Ең алдымен келетін.
Өзіміз күтіп алатын,
Ұя жасап беретін,
Бұл қандай құс, балалар? (Қараторғай)

Маң - маң басқан жүрісі,
Барлық құстың ірісі.
Қашанда құстай ұшпайды,
Қуғанын бірақ ұстайды. (Түйеқұс)

Өзі сақ, өзі ұсақ,
Шықылдақтап тұрмайды.
Құйрығы ұзын, өзі ала,
Бұл қандай құс? (Сауысқан)

Көңілдің көркі сән екен,
Ұшқанда сазды ән екен.
Айқындар оны байқаған,
Адамдар оны сақтаған.
Бұл қандай құс? (Аққу)

Ақ сарайын талқандап,
Шықты біреу талтаңдап. (Балапан)
Ән: “Ақ көгершін “
1. Ақ көгершін, көгершін,
Қолғанат құс сен едің.
Бар кезіп қайт ел үшін,
Кең дүниенің көлемін...
Әділеттің құсы деп,
Көз алмастан жалықпай.
Бақыт болып қоншы деп,
Ұшырамын қолымнан.

Қ - сы
Ел тілегін алып ұш,
Адам заттың бағына.
Бұлт қанатын жарып ұш,
Мұхиттың арғы жағына

2. Сеннен көзін алмайды,
Ақ қанатың талмайды.
Әділетінен жаралған,
Тыныш бейбіт өмірдің.

Белгісі боп қанат қақ,
Әлемге ортақ көңілдің,
Қайт шыңына қонақтап.

Мұғалім: Міне, құрметті қонақтар осымен құстарға арналған “ Құстар – біздің досымыз“атты тәрбие сағатымыз аяқталды.
52 030
0
  • 100
1 дауыс


Жаңалықтар
Құстар – біздің досымыз!
Құстар – біздің досымыз!
Балалар, міне, көктем жаршысы құстар келе бастады. Біздің халқымыз кең далада, табиғат құстары бай далада өскен. Бүгінгі «Құстар - біздің досымыз» атты ашық сабағымызды бастаймыз1 - сәуір десе «Күлкі күні» ойымызға түсуі анық. Сонымен бірге бұл күні
Құстар біздің досымыз
Құстар біздің досымыз
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, №11 «Балапан» балабақшасының тәрбиешісі Өтеген Жарқын
Құстар біздің досымыз
Құстар біздің досымыз
Ақтөбе облысы, Ембі қаласы, №2 орта мектебінің бастауыш класс мұғалімі Шакибаева Алия Сагидуллақызы
Құстар - біздің досымыз
Құстар - біздің досымыз
Астана қаласы, №14 мектеп – гимназиясының география пәні мұғалімі Ергалиева Нагима Уткелбаевна
Құстар - біздің досымыз
Құстар - біздің досымыз
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Абай ауылы, Абай атындағы № 90 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жақсылық Айгул Шындалықызы
Құс мерекесі
Құс мерекесі
Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы, «Сымбат» жеке мектебі Ісанатты мұғалім Макуова Нуршат Аманкосовна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×