Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Биология сабағында халықтық педагогика элементтерін пайдалану

16 ақпан 2015, Дүйсенбі
Категориясы: Биология
Биология сабағында халықтық педагогика элементтерін пайдалану
Жас жеткіншектерді ұлтын, елін шексіз сүюге тәрбиелейтін бірден бір құрал, оқу - тәрбие ісіне қазақ халқының этнопедагогикасын сәтті ендіру болып табылады. Қазақ халқының мәдени мұралары адамзат баласының қол жеткізген дана пікірлері мен асыл ойларына, тәжірибелік тұжырымына өте бай. Қазақ халқының табиғат қорғау дәстүрін, ұлттық ойындарын, мақал - мәтелдерін, аңыз - әңгімелерін, ұлттық ұғымдарын, киелі сандарын, ырым - тыйымдарын сабақ барысында сәйкестендіріп пайдалану оқушылардың халқына деген сүйіспеншілігін арттырады.

Мысалы «Жасуша құрамындағы бейорганикалық заттар» тақырыбын өткен кезде тұздардың ағза үшін маңызы зор екендігін айта келіп, қазақ халқы «Тұз - астың атасы»деп, нанмен қатар қастерлеген. Тұзға байланысты көптеген ырымдар бар. «Шыр» етіп дүние есігін ашқан сәбиді тұзға түсіреді. Тұз денені ширатып, өскенде жара шықпауына көмектеседі. Малдың көптеген індеттерін тұзбен, тұз ерітіндісімен емдеген. «Еңбегі - еш, тұзы - сор», «Қызды сөкпе, тұзды төкпе», «Татар дәм - тұзымыз таусылмасын», мақалдарының мағынасы өте зор. «Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма» мақалының шығуы жайлы айтуға болады. Сонымен бірге осы тақырыпта су туралы «Су ішкен құдығыңа түкірме», «Су - ырыстың көзі, еңбек - кірістің көзі». «Сұмның ырымы жаман, судың шірігі жаман». тәрбиелік мәні бар, суды үнемдеу жайлы мақалдарды айтуға болады.

Көшпелі елдің барлық тіршілік болмысы табиғатта және табиғатпен бітене қайнасып отырады. Ұлы далада көшпелі өмір сүруге бейімделген олар өзі мекен еткен кеңістіктің барша қадір қасиетін танып, біліп сол кеңістіктегі құрбыластарды уақыты мен зерделеуге, теңдестіруге, пайымдауға машықтанған. Сабақ мазмұнымен байланыстырып, ата - бабамыздың тарихи дамуы барысындағы айналадағы құбылыстар жөніндегі дүние таныммен оқушыларды таныстырып отырған жөн. Ертедегі қазақ халқы қоршаған ортаның бір - бірімен оқшау тұрған заттар мен құрбыластардың ретсіз жиынтығы емес, тұтастай байланысты бірліктегі дүние деп танығандығы жөнінде «Тіршіліктің жер бетінде пайда болуы туралы алғашқы көзқарастар» тақырыбында айтуға болады.

Адамзат баласының даму эволюциясына байланысты дүниетаным деңгейі де өсіп күрделене түседі. Өйткені адамның дүниені тануы табиғат туралы білімдердің жиынтығының сол кездегі өмір сүрген қоғам арасындағы байланысты негізінде өрбиді. Адамның ой - өрісі өзін қоршаған табиғат, ондағы құбылыстар туралы білімдерді неғұрлым толыққан сайын, дүниетанымы да соғұрлым байып тұрақтанғандығын «Эволюциялық идеялардың даму тарихы» тақырыбы кезінде айтуға болады. Тарихи зерттеулер тас дәуірден бері өмір сүріп келе жатқан қазақ халқының арғы ұрпақтарының малмен, егіншілікпен айналысып, жартылай көшпелі өмір сүргенін тұқым қуалау заңдылықтарының негізін білмей тұрып оны өз өмірінде пайдаланғандығын, қолдарындағы малдарының сүттісін, еттісін алып қалып сұрыптау жүргізгендігін «Селекция» тақырыптарында айтуға болады.

Ертедегі ата - бабаларымыз табиғатпен біте қайнаса тіршілік етіп, табиғатта жүретін құбылыстарды сезінді, әлі келгенінше пайдаланды. «Ертедегі және осы заманғы алғашқы адамдар» тақырыбында отты ерекше қадірлегендігін, отты қорлауға болмайды деп әртүрлі тыйымдар салғандығын мысалы: «отқа түкіруге болмайды», «оттан аттауға», «отты кесуге» болмайды деп отты қадірлеген, жас нәрестені бесікке саларда бесікті отпен аластау, жас келін үйге алғаш енгенде табалдырықтан отқа табындыру сияқты ырымдар бар екендігін айта кеткен жөн.

«Тұқымқуалаушылық пен өзгергіштік заңдылықтарын» оқыған кезде ата - бабаларымыз жеті ата, жеті атаға жетпей қазақта қыз алып, қыз беруге тиым салғандығын оның негізі дүниеге дені сау ұрпақ келуін қадағалағандығын айтуға болады. Осындай халықтық педагогика элементтерін сабақ барысында пайдаланудың тиімділігі жоғары ол халқымыздың тыныс - тіршілігінің барлық жақтарын қамти отырып, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелейді. Осы үлгідегі оқытудың әдіс - тәсілдері оқушылардың есте сақтау қабілетін арттырып, оларды жинақылыққа, дәлдікке, шығармашылыққа баулуға көмектеседі деп ойлаймын.
4 286
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Алюминий және оның қосылыстары
Алюминий және оның қосылыстары
Оқушылардың жеке элемент туралы көзқарасын дамыту, алюминий элементі туралы тарихи деректерге тоқталып, халықтық педагогика элементтерін сабақта пайдалану.
Қазақтың ұлттық қолөнері
Қазақтың ұлттық қолөнері
ШҚО, Үржар ауданы, Қаратал орта мектебінде технология, бейнелеу өнері, сызу пәндерінің мұғалімі Жунусов Марат Садырбайұлы
Халықтың мұрасы - физика сабағында
Халықтың мұрасы - физика сабағында
Жамбыл облысы Қордай ауданы Қордай ауылы Балжан Бөлтірікова атындағы № 4 орта мектептің физика пәні мұғалімі: Керімбаева Ләзат Амангелдіқызы
Физика пәнін оқытуды мақал - мәтелдерді пайдалану
Физика пәнін оқытуды мақал - мәтелдерді пайдалану
Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жаланаш селосы, Жамал Ермегияев атындағы мектептің физика пәні мұғалімі Смаков Қанағат
Халықтық педагогика – ұрпақ тәрбиесінің құралы
Халықтық педагогика – ұрпақ тәрбиесінің құралы
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, №13 орта мектеп гимназиясы ММ Дуйсенбекова Сулушаш Талпаққызы
Халықтық педагогика элементтерін математика сабағында пайдалану
Халықтық педагогика элементтерін математика сабағында пайдалану
Керекбаева Жұмагүл математика пәнінің мұғалімі Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы Сенек ауылы, Қашаған Күржіманұлы атындағы орта мектеп
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×