ойын сауық отауы
Ажырасудың негізгі себептері
19.11.2017 2 324 0 Дауыл

Ажырасудың негізгі себептері

Бұл қызықты
Ажырасудың негізгі себептері

Үйлену оңай, үй болу қиын. Бүгінде отбасы болу от басқанмен бірдей. Жыл сайын үйленудің көрсеткіші аз да, ал ажырасудың үлесі көбейіп келеді. Жалпы, ажырасудың қоғамда қалыптасқан негізгі себептері бар. Бұл тақырыппен таныс адам ажырасудың алдын алуы мүмкін. Ендеше, отбасының ыдырауының негізгі себептері неде екен?

"Мінезіміз жараспай қалды..."
Әрбір адам өзінің мінезімен ерекшеленеді. Мінез өзгермейтін зат емес, оның өзгеруімен адам да өзгереді. Абайдың мінезді өзгертуге болмайды дегеннің тілін кесетінін білесіз. Адамның мінезі - ажырасудың негізгі себептерінің бірі. Мінезі жараспай, ажырасудың амалын жасайтын ерлі - зайыптыларды үш топқа бөлуге болады.
Мінезі жараспай, ажырасудың ауылына бірінші аттанатын топ - жастар. Біріншіден, жастардың өмірлік тәжірибесі аз. Екіншіден, олар бір - бірінің артықшылықтары мен кемшіліктерін толыққанды бағалауға дайын емес.
Әдетте жастарға уақытты бірге өткізген, біргі қыдырған, достардың ортасында бірге тойлаған ұнайды. Осының әсерімен олар бір - бірі үшін жаратылдық деп есептейді. Ал отбасылық өмірдің талаптары қалай болатынын мүлдем сезінбейді. Шаңырақ көтерген соң әйелінің тамақты дұрыс пісіре алмайтыны, ал күйеуінің балғамен шегені қаға алмайтыны белгілі болады. Уақыт өткен сайын бір - бірінің кемшіліктерімен қоса ұрыс - керіс те көбейе түседі. Ал соңында ажырасудың көрініс табуы мүмкін.
Дегенмен, жас отбасы болған соң араға уақыт салып, қайта қосылып жатады. Негізі, мұндай жағдайда ажырасудың әдісіне көшпей, уақытша бір - екі апта бөлек тұрған дұрыс. Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң.
Ажырасудың әдетіне басатын екінші топқа да жастарды жатқызуға болады. Бұл топтағы жастар бір - бірінің кемшіліктерін анық білсе де, үйлену тойынан соң бәрі де өзгереді деп ойлайды.
Адамның кемшілігін көркем түрде түзеткен жөн. Бірақ бұл топтағы жастар адамға күш қолданып, бірден өзгертуге тырысады. Нәтижесінде ұрыс - жанжал туады. Мұндайда мәселені тек келісім арқылы шешуге болады. Ал адамды болмысымен қабылдамау, оны күштеп өзгерту - ажырасудың кепілі.
Сондықтан адамды өз болмысымен қабылдау керек. Кемшіліксіз пенде болмайды. Әлбетте, отбасылық өмірге кедергі келтіретін кемшіліктерді бірге жеңген дұрыс. Алайда кемшіліктерге мүлде көз жұма қарау да жақсылыққа жеткізбейді.
Мінезі жараспай, ажырасудың амалын жасайтын ерлі - зайыптылардың үшінші тобы алдыңғы екеуіне ұқсамайды. Бұл топтың адамдары көп жыл бірге тұрады, әрі бір - бірін өте жақсы біледі. Біраз жыл бірге өмір сүрген соң тұтаспыз деп ойлайды. Бір - біріне дұрыс көңіл бөлмейді, қарым - қатынасқа немқұрайлы қарайды. Ерлі - зайыптының арасы алшақтай берген соң бір күні бір - біріне бөтен екенін бетке айтады. Мұндайда көбінесе уақыттың жоғалғаны әңгіме болады. Ал кемшіліктің орнын толтыру, қарым - қатынасты өзгерту маңызды болмай қалады.

Қарым - қатынасқа көңіл бөлу керек пе?
Отау құрған отбасының көбісінде күнделікті күйбең тіршіліктің әңгімесі қозғалады. Тіпті, өзара сырласуға, диалог құруға көңіл бөлмейді. Қарым - қатынастың отбасылық өмірде де маңызды екенін мойындай бермейді. Әсіресе, ер адам армандағы аруға қолым жетті деп немқұрайлылық танытады. Ал қарым - қатынас ашық әңгімені, өзара келісімді қажет етеді.
Мәселен, күйеуі шұлығын үйдің кез келген бұрышына тастай салады. Бұл әдеті әйеліне еш ұнамаса да, ұсақ - түйек деп мәселеге мән бермейді. Бір күні ашу үстінде бұл әңгіме де сыртқа шығады. Ал күйеуіне мұндай сөздің ауыр тиетіні анық. Дегенмен, күйеуі де қарап қалмай, әйелінің кемшіліктерін сол сәтте - ақ саусағымен санап береді.

Отбасылық өмірде ұсақ - түйек деген нәрсе болмайды. Кез келген мәселені уақытында пісіру керек. Әйтпесе, адамның ашу - ызасы алқымына тіреле берсе, ажырасудың да мәселесінен бір - ақ шығуы ғажап емес. Сондықтан жанұя болған соң әрбір ұсақ - түйекке көңіл бөлген жөн. Үлкен от майда шырпылардан шығады.

Қолжетімсіз баспана
Ажырасудың жағдайын жасайтын тағы бір фактор - баспананың болмауы. Бүгінде пәтерден - пәтерге көшіп жүрген отбасының саны аз емес. Жас отбасылар алғашқыда баспананың жайсыздығын сезінбеуі мүмкін. Көптен күткен арманына қол жеткізген қос жүректің іңкәр сезімдері өзгеше әлемде өмір сүреді. Отбасылық мәселелер бой көтере бастаған кезде қос жұптың көктен жерге түсуіне тура келеді.
Ауыл баққан ата - енеден, көрші - қолаңның әңгімесінен, жалпы, ауыл тіршілігінен жалыққан соң қалаға көшіп барады. Мұнда пәтер жалдап сығанның күйін кешуден әбден шаршайды. Ал бала пайда болған соң жағдай тіптен қиындап кетеді. Сабыр түбі - сары алтын. Дегенмен, ажырасудың ауылы алыс емес.

Әлеуметтік теңсіздік
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әйелдер қауымы тең құқықтық өмірге нық қадам басты. Осы қыңырай қадамның нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Әйелі әлеуметтік ортада өз орнын тапқанымен күйеуі өзін жоғалтуы мүмкін. Ал қаражатты көбірек табатын болса, күйеуінің "қаражатаққа" айналуы ғажап емес.
Намысы тапталған еркекке әйелі көңіл бөлмейтін болған соң, оны алкоголизм аялай бастайды. Ал араққа деген құмарлық адамды ертеңгі күні - ақ мүсәпірге айналдырып жіберуі мүмкін. Алкоголизм ажырасудың анықтамасы іспетті. Отбасыдан ажырау - өз алдына бөлек мәселе.
Арақ кейде адамдарды өмірден де ажыратып жатады.
Әйелдердің көбісі араққа ауыз салатын болған соң еркектің арақ ішуін жаман әдеті деп есептейді. Мұндай нашар әдет орнын білмей қайталана беретін болса, отау тіккен күннен жиырма жыл өтсе де ажырасудың алдын алып қала алмайды.
Менің бір ағам алкоголизмді қимаған соң отбасымен қоштасуына тура келді. Үлкен ұлы жиырма екі жасында әке атанды. Ал ағам немере сүю бақытынан да қол үзгенін енді түсінді. Әттең, өткен күн оралмайды. Арақ та құлазыған көңілге ем болмас.

"Мен сені сүймеймін..."
Отбасылық өмірде сезімнің жоғалуы көп ұзамай ажырасудың амалын іске асыруы мүмкін. Сезімі жоғалған адам оны өзгеден табуға тырысады. Көбінесе ер адамдар сезімін жоғалтқан соң әйелінің көзіне шөп сала бастайды.
Мұндай жағдайда ұрыс - керістер, сенімсіздік әрекеті көбейе түседі. Еркек те әйелінің айқайынан жалыға бастайды. Жалпы, әйел адамның қабақ көрсете беруі ер адамға ұнай бермейді. Алайда некелік өмірдің баянды болуы үшін еркектің әйел адамды түсінгені, қолдау білдіргені өте маңызды. Бірақ әйелінің жаман мінезінен жалыққан еркек көп уақытын сыртта өткізетін болады.
Сезімді жоғалтпас үшін қарым - қатынасқа көңіл бөлген жөн. Өмірлік қағидаларды, қоғамдық көзқарастарды жақсы жаққа өзгерткен дұрыс. Адамның да мінезі түзелсе, Құдайдың да көзі тура болар.

Ағайынның аласы - ажырасудың басы
Ажырасудың тағы бір негізгі себебі - әке - шешенің, туған - туыстың екі жастың жеке өміріне араласуы. Бұл негізінен күрделі себеп. Мәселен, үйлену тойының алдында жасалатын дайындықтан бастап ұсақ - түйек нәрсенің бәрі үлкен әңгімеге айнала береді. Ағайынның аузындағы сөз, жұрттың әңгімесі - бәрі де екі жастың қосылуына деген қарсылық секілді. Қазақ өсекшіл, қызғаншақ келген соң мұндай жағдайдың көбісі жанжалмен жалғасып жатады.
Жалпы, ажырасудың бұл түрін ең ежелгісі деп айтса да болады. Отбасылық өмірде ағайынды жеке өмірге араластырмаған жөн. Әсіресе, ұрыс - керіс кезінде оларды ортаға салған дұрыс емес. Көбінесе туған - туыс ерлі - зайыптыны сабырлыққа шақырып, қайта қосудың орнына ажырасуына ықпал етеді.
Ажырасудың амалын іске асырмас бұрын балалардың болашағын ойлау қажет. Сонымен қатар екі жас шаңырақ көтерген соң оның берекелі болуы үшін ештеңеден аянбауы керек. Отбасының шағын мемлекет екенін ескерсек, оның ыдырағанынан гөрі көркейіп дамығаны жақсы.

Жансанов Медет

Дереккөзі: islam. kz

Тазалық бар жерде жақсылық бар Тазалық бар жерде жақсылық бар
Ниеті бұзық пенде онысын айналасынан жасырғанмен Аллаһтан жасыра алмайды, ал несібе таратушы оның ниетіне сай етіп ырзық пен қайғы, қуаныш береді.
Адамның уақытының берекесін қашыратын негізгі жеті фактор: сенімсіздік Адамның уақытының берекесін қашыратын негізгі
7. Сенімсіздік Уақытты ұрлаушы факторлардың санатындағы ең соңғысы – сенімсіздік және соған байланысты туындаған жұмысты кейінге қалдыру әдеті.
Өнегелі отбасы қандай болу керек? Өнегелі отбасы қандай болу керек?
Бақытты отбасы бір - бірімен көп сөйлеседі.
Сарапшылар адамның депрессиялық жағдайының негізгі үш белгілерін атады. Сарапшылар адамның депрессиялық жағдайының
Жердің әрбір бесінші тұрғыны бұл кеселмен зардап шегеді немесе депрессиямен келешекте зардап шегуі мүмкін. Адамдар депрессиямен өз күштерімен
Жұптардың қарым-қатынасын құртатын 5 нәрсе Жұптардың қарым-қатынасын құртатын 5 нәрсе
Көптеген адамдар үйлесімді және бақытты өмір сүру үшін өзара жағымды қарым - қатынас орнатудың кейбір тәртібін ұстанбайды.
Екеуіңе Екеуіңе
Қиын да емес, оңай да емес үй болу, Ой бөлу үйге, қамқорлық жасап үйрену, Көңілін табу, қабағын бағу жарыңның, Екеу боп өмір сүрудің жолын игеру.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×