ойын сауық отауы
Туған жер - Отан туралы мақал-мәтелдер
12.03.2017 7 632 0 Дауыл

Туған жер - Отан туралы мақал-мәтелдер

Мақал-мәтелдер
Қазақ және әлем халықтарының таңдамалы мақал - мәтелдері
Құрастырған Өтебай Тұрманжанов


Туған жер - Отан

Отан - елдің анасы,
Ел – ердің анасы.

Отанды сүю –
От басынан басталады.

Отанын сүйген отқа жанбайды,
Суға батпайды.

Отан үшін күрес –
Ерге тиген үлес.

Отансыз адам –
Ормансыз бұлбұл.

Бақа көлін сүйеді,
Бұлдырық шөлін сүйеді,
Ер жігіт елін сүйеді.

Туған жердің торғайы
Тұрымтайдай көрінер.
Құлыны тайдай көрінер,
Қыздары айдай көрінер.

Ұлтарақтай болса да
Ата қоныс жер қымбат.
Ат төбеліндей болса да
Туып - өскен ел қымбат.

Бақыр қазан қайнаса –
Бәріміздің бағымыз.
Туған жердің әр тасы
Біздің алтын тағымыз.

Іргесі берік елді
Жау ала алмас.
Ауызы бір елді
Дау ала алмас.

Жат жерде жаның қиналса
Ел қадірін білерсің.
Жұтым суға зар болсаң
Көл қадірін білерсің.

Ат үйірін сағынса,
Артқы аяғын қағынар.
Ер үйірін сағынса,
Ер - тұрманын тағынар.

Туған жердің
Түйе жейтін жапырағы да дәрі.
Түйе аунайтын
Топырағы да дәрі.

Құлан қағын қорғайды,
Киік лағын қорғайды.

Кісі елінде күркірегенше
Өз еліңде дүркіре.

Кісі елінде сұлтан болғанша
Өз еліңде ұлтан бол.

Өз елім – өлең төсегім.

Мал қонысын іздейді,
Ер жігіт туысын іздейді.

Есі бүтін елден шықпайды.
Елінің қырын жықпайды.

Аққу көлін аңсайды,
Адам туған жерін аңсайды.

Ер жігіт елінің ұлы,
Намысының құлы.

Ел - елдің бәрі жақсы,
Өз елің бәрінен жақсы.

Сұңқар қиясын сағынады.
Торғай ұясын сағынады.

Туған үйдің түтіні жылы,
Туған ананың күтімі жылы.

Жат елдің жақсысы болғанша,
Өз еліңнің сақшысы бол.

Ата қоныс – алтын мекен.

Туған жердің жуасы да тәтті.

Ер жігіт. «Өскен елім, - дейді, -
Кіндік кескен жерім», - дейді.

Есі бар жігіт елін табар,
Есі жоқ жігіт жаттың отын жағар.

Жат жердің қаршығасын
Өз жеріңнің қарғасы артық.

Тұлпар тегін табар,
Ер жігіт елін табар.
Адам елінде
Қоға көлінде көгерер.

Өз інінде көртышқан да батыр.

Мал екеш мал да
От жеп, су ішкен жеріне тартады.

Адам отанын іздейді,
Қой қотанын іздейді.

Әркімнің өз жері – ұжмақ.

Ата мекен – анаң екен,
Қысылғанда панаң екен.

Егілмеген жер – жетім,
Елінен айрылған ер – жетім.

Туған жер – тұғырың,
Туған ел – қыдырың.

Елінен безіп, елсізде өлгеннің
Екі көзін қарға шұқиды.

Атамекен туған жер –
Кір - қоңыңды жуған жер.
Кіндігіңді кескен жер,
Кісі болып өскен жер.

Ит – тойған жеріне,
Ер – туған жеріне.

Алтын ұяң — Отан қымбат,
Құт - берекең — атаң қымбат,
Аймалайтын — анаң қымбат,
Асқар тауың — әкең қымбат (Қазыбек би).

Бұлбұл гүлзарын сүйеді,
Адал адам Отанын сүйеді.

Отан, ел, туған жер, қоғам туралы мақал-мәтелдер Отан, ел, туған жер, қоғам туралы мақал-мәтелдер
Қара жерді жамандама, қайтып сонда барарсың, қауым елді жамандама, қарғысына қаларсың.
Отан туралы мақал - мәтелдер жинағы Отан туралы мақал - мәтелдер жинағы
Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас.
Туған жер туралы мақал - мәтелдер Туған жер туралы мақал - мәтелдер
Туған жер туралы мақал - мәтелдер Аққу көлін аңсайды, Адам туған жерін аңсайды. Ата қоныс — алтын мекен.
Кім нені сүйеді? Кім нені сүйеді?
Кесіртке құмын сүйеді, Тасбақа тыңын сүйеді, Сұңқар шыңын сүйеді, Тұлпар қырын сүйеді,
Тікен - гүлін қорғайды Тікен - гүлін қорғайды
Терек - бүрін қорғайды, Тікен - гүлін қорғайды, Ара - балын қорғайды, Құлан - қағын қорғайды,
Туған жер – отан туралы мақал-мәтелдер Туған жер – отан туралы мақал-мәтелдер
Туған жерге туың тік. Ит тойған жеріне, Ер туған жеріне.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×