ойын сауық отауы
Еркектерге көзқарас немесе әйелге сирек жолығатын бақ
09.04.2016 5 392 0 Дауыл

Еркектерге көзқарас немесе әйелге сирек жолығатын бақ

Өлеңдер
Мұхтар Шаханов

Еркектерге көзқарас немесе әйелге сирек жолығатын бақ

Отырарда бір қадірлі қарияның қанатты
Тұлпар тектес аты бопты сүйсінткен бар алапты.
Мінезі сәл жайсыз екен шодыр бала іспетті, -
Шаршап - талып шөлдесе де арықтан су ішпепті.
Жек көргені жақын келсе, тарпып, теуіп тістепті,
Содан аяқ шідерленіп, бастан жүген түспепті.
Бозбалалар сымбатына көз тастайтын табына,
Қарияның ай дидарлы қызы бопты тағы да.
Сол жас ару, әкесіне былай депті бір күні:
- Әке, сенің дарқандығың шақырады күлкіні,
Қиқар, тентек мына атыңды мәпелеуді қоймайсың,
Айырбастап, сатып, сойып, неге көзін жоймайсың?
- Рас, қызым, сөзіңнің жоқ қатесі,
Аттың қиқар мінезі бар, - деп күрсінді әкесі, -
Тек бұл бейбақ - ат біткеннің зерегі,
Түскен кезде бәйгелерге, жарысқа,
Жаралғандай шабу үшін алысқа
Арын салып, күшін, терін төгеді,
Бірақ сөзсіз бірінші боп келеді.
Әйгілеген елге күшін,
Сол ғаламат еңбегі үшін,
Қиқарлығын кешіруге болмай ма?!
Кешірмесек, бетте таңба қалмай ма?!
Аз ба елде тұлпарды асқан бағы бар,
Жуас, көнбіс, моп - момақан жабылар?!
Қасиетін сезбесе де, тәлім алар, табынар,
Жуасты әркез мақтайтын жұрт табылар.
Бәлкім, тұлпар сол үшін де ызалы,
Ызалыны бағалауға шабандаумыз біз әлі.
Нағыз еркек тұлпарға ұқсас, айнам - ау,
Саған қылмыс ол жайында ойламау.
Толғағы кем талғамыңа бар таңым,
Басыңа бақ қонбай ма деп қорқамын...
Дұрыс шығып әкесінің есебі,
Қыздың жолы болмай қапты деседі.
Ойлан, жуас жан іздеген, жар іздеген, жас талап,
Өмір сенің күткеніңнен әлдеқайда басқарақ,
Еркек сұлу көрінбей ме еркімен,
Еркіндіктің нұры ойнаған көркімен.
Жалғандыққа күрес ашқан ісімен,
Сүйгеніне берген қайсар сертімен
Және соны қорғай білген күшімен.
Ойлы әлемнің әйелдерсіз күні бар ма көктеген,
Әйтсе де мен әйелге ұқсас еркектерді жек көрем!

Еркектерге еліктеген әйелдің де аз табары,
Иә, әр жыныс өз мінезін сақтауымен бағалы.
Жігіт жігіт санала ма бұғып жүрсе тасаңда,
Өз пікірі жоқ еркектен қорқу керек қашанда!
Қанаттыны кері тартып, табандап,
Ұшар кезде ұша алмайтын шабандап,
Өз пікірі жоқ еркектер ел басқарса, не болмақ?!
Тоқтамайды еркектер мен телпектердің жарысы,
Ойлан, қалқам, еркекті еркек етіп келген - намысы.
Мықты кім бар намыс атты батырдан,
Бір сөз үшін қаншама еркек тіршіліктен жан кешті.
Бір сөз үшін жекпе - жекке шақырған
Қайсар Пушкин Дантесті.
Ар - намыстың құрбандығы
Аз болмапты, қайраулы әлі әділеттің балтасы.
Жердің аман тұрғандығы -
Сол намысқой еркектердің арқасы.
Әркез нұрлы үміт сеуіп алдымызда таң жатсын,
Қайғы келсе жеңілмейтін,
Бақыт келсе семірмейтін,
Ер мінезін қадірлейтін
Әйелдердің даңқы артсын!
Ал, жас ару, тұрмайды ешкім жолыңда,
Өз тағдырың дәл қазір өз қолыңда.
Талғамыңды әйгілей ме талабың,
Көкейіңді сезіп тұрмын, қарағым.
Айтқаныңнан шықпайтын,
Меселіңді жықпайтын,
Саған момын, жұп - жуас еркек керек,
Жо - жоқ, еркек емес - ау, телпек керек.
Егер бүгін қайта туса ұлы Абай,
Ол да саған қалар еді ұнамай.
Бақаның да әніне сай бағы бар,
Іздегенің жабы болса, табылар.
Нағыз бақыт тұяғымен тұлпардың,
Қиялымен сұңқардың
Өлшенетін мына ұшқыр заманда
Бірте-бірте құнсызданар бағаң да.
Мен сенемін, шын еркектің алдында
Қызаратын күн туады саған да...
Тек ол күннің кеш келгені жаман да!

Кедейдің байды үнсіз жеңуі Кедейдің байды үнсіз жеңуі
Бір күні кедей жоқ қарап, қыр басына шығады. Түс әлеті болғанда атын байлап, түстенуге отырады. Дәл сол кезде оның қасына ауылдың байы жетіп келеді.
Бағалай білсең бәрі бақ Бағалай білсең бәрі бақ
Баяғыда біреудің 2 қызы болыпты. Бір қызы көркем мінезді, шебер екен, ал екіншісі мінезі сондай дөрекі, әдепсіздеу екен. Бір күні көрші ауылдан
Қожа - Сәбит Дөнентаев Қожа - Сәбит Дөнентаев
Бір ақмақ қожа дейтін бопты бұрын, Қараңыз бұл қожаның ақмақтығын, Жер қазды ай - далада бір күн қожа, Аямай барлық күшін, көрмей шығын.
Ерекше естен кетпес қызық қайда Ерекше естен кетпес қызық қайда
Ерекше естен кетпес қызық қайда? Жолығатын қыз қайда терең сайда? Сұлулығын қояйын, мінезі артық, Ақылды, асыл жүрек, сөзі майда.
Қаныш бай қиссасы Қаныш бай қиссасы
Ұнар, ұнамасын қайдам, Қисса айтайын Қаныш байдан - Дорба сақал, тырбық тапал,
Қысқа әзілдер Қысқа әзілдер
Қызым, неге тұрмысқа шыққың келмейді?
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×