ойын сауық отауы
Шың басындағы оқиға
09.04.2016 5 996 0 Дауыл

Шың басындағы оқиға

Өлеңдер
Мұхтар Шаханов

Шың басындағы оқиға
(Жасарал Ілиясовқа)

Бір - бірінен көз айырмай үздігіп
Құзар шыңның басында тұр қыз, жігіт.
Қыранымсың күллі Кавказ мақтаған,
Қанатыңа алғаныңа шаттанам.
Тағдырымды бердім, жаным, қолыңа,
Енді өзің біл,
Сенсіз өмір жоқ маған! –
Деді сұлу жасаурап от жанары.
Жігіт те оған ырзалықпен,
Ерге біткен мырзалықпен
Жүрегінен жалын шаша қарады.
"Қандай бақыт түсініскен, сеніскен".
Біраздан соң, қиқу шықты еңістен –
Бұл, әрине, қуғыншының хабары.
- Нар тәуекел,
Келсе, келсін! –
Батыр жігіт томсарды,
Томсарды да, қанжарына қол салды.
- Жо - жоқ, күнім,
Қайсарланба бекерге,
Жалынамын,
Әкеме қол көтерме.
Жазмыш солай болған шығар,
Көнеміз.
Әттең, ерте қайырылады - ау кемеміз.
Енді бізге бір жүру жоқ,
Сондықтан, екеуміз де құздан ұшып өлеміз.
Тіршілікте жетпесек те мұратқа,
Ақыретке бір барамыз бірақ та.
Ант еткенмін алған серттен танбасқа,
Жасымасқа,
Жүнжімеске,
Талмасқа.
Өміріме шуақ құйған өзің, ең,
Өлімге де алдыменен сен баста!-
Деді ерні дір - дір етіп ақ маңдай,
Ақ маңдайы алауланып ақ таңдай.
Жігіт үнсіз бас изеді күлімдеп,
Тұңғиықтан шығар бір жол тапқандай.
Ақтық рет қызды құшып сүйді де,
Өлімге емес,
Тойға бара жатқандай
Шыңнан төмен қарғып кетті тоқталмай.
Қыз жылады құзға шағып зар - мұңын,
Қарғап, сілеп дүниенің тарлығын.
Секіруге сүйгенінің соңынан
Бірақ күші жетпей қалды сорлының.
Өзі берген сертін өзі сата ма,
Сатқандық па?
Атай көрме,
Атама!
Секіруге оқталғанда қайтадан
Өмір тәтті боп көрінді, О, тоба!
Ат терлете
Көктеп өтіп шатқалды
Біраздан соң қуғыншылар кеп қалды.
Қыз бейшара тұманданып көз алды,
Бір қызарды,
Бір сұрланды,
Бозарды.
Әбден қанып ұғынған соң мән - жайға
Қияқ мұртты қыз ағасы сөз алды:
- Әке, қызың күйе жақты данқыңа,
Күйе жақты ата - баба салтына.
Сатқындықтан жиренішті не болмақ
Таудың қайсар ұлағатты халқына.
Неткен азап қорлық жеңіп арыған
Қызыңды енді бөгеме, әке, жолынан,
Батаңды бер,
Сертін жықпай аттансын
Сүйгенінің соңынан.
Бұдан төте өткел бар деп іздеме,
Осы жеңіл өзіне де, бізге де. –
Сосын қызға бұрылып:
- Кәне, қалқам, неге тұрсың үдеріп?
- Әмин,- деді әкесі де түнеріп.
Кәрі көзін күдік қатқан
Ту еңісте жігіт жатқан
Құзар шыңның қойнауына жіберіп.
Қыз жылады:
- Арым да қан,
Жолым қан.
Қинамаңдар,
Солай болды сорымнан.
Өз еркіңмен өлу ерлік екен ғой,
Ондай ерлік келер емес қолымнан.
Перзентіңді ете көрме келеке,
Ая мені,
Ая мені, жан әке!
Ағасы айтты:
- Олай болса мін атқа,
Тағдыр сені салды дүлей сынаққа.
Сексендегі мәужіреген шалды ертіп,
Көзіңді құрт туған жерден жыраққа.
Көктем қоныс тепкендей - ақ іргемде
Шаттанушы ем, сен қасымда жүргенде.
Әкем сені шалға берем дегенде
Осы опасыз мінезіңді білген бе?
Тіршілікте ез адамға көп өлім,
Неге ғана, қуғыншы боп кеп едім.
Жігітіңді сүйгендігін шын болса,
Әкеме ара түсейінші деп едім.
Қайран жігіт жүрегіне нұр тұна
Өліп кетті сені тастап жұртына.
Кебек толы құмыраның келісті
Ішін көрмей,
Ғашық болып сыртына.
Тек ол өлім - өнегелі өр өлім,
Өр өлімнен шын ғашықтың құдіретін көремін.
Неге бізде еркін, ұзақ ғұмыр сүрген нар жоқ?
Нар жоқтығы –
Нарды жығар сен секілді жар көп.
Қалың жұртты мен екіге бөлемін:
Сүйе алатындар деп,
Сүйе алмайтындар деп,
Сүйе алмайтынына
Ұялмайтындар деп.
Сәтсіз бітті пенделікпен күресің,
Сен, әрине, соңғы топқа кіресің.
Сүйе алмаудың зор қасірет екенін
Пенделердің есіне сап жүресің.
Қарлы Кавказ артып саған ұлы айып
Аянышпен қарап тұрар мұңайып.
Шын сүюге қабілеті жетпеген
Әрбір адам мүсіркеуге лайық!

Әй, қарындас! Әй, қарындас!
Айтшы қане, Қандай жігіт ұнайды?
Сен менің жанарыма жас тұндырып Сен менің жанарыма жас тұндырып
Сен менің жанарыма жас тұндырып, өзгеге көңіл кілтін аштың күлігі. Ошаққа отырғызып кетті мені әне бір ұзын бойлы ақсұр жігіт.
Табылмай бір керім жігіт Табылмай бір керім жігіт
Табылмай бір керім жігіт "Сізге ғана құштармын", - деп, көп жігіттер ғашық болды. Бір "керімін" ұстармын деп, қыз көңілі тасып толды.
Бай мен кедей Бай мен кедей
Бай болдың, батыр болдың, шешен болдың, Ел билеп, топ бастаған көсем болдың. Сен қылмаған өнер жоқ бола қойсын, Бір адам қандай болсын десең, болдың.
Бақыт геометриясы Бақыт геометриясы
"БАҚЫТ деген немене бұл, немене екен, немене, Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?" Бәлкім Бақыт байлық па екен сараңдықтан бас алған,
Жолдасқа Жолдасқа
Әй, әй, жолдас, жас жігіт Қиқу салған, лепірген, Кетті ме әлде жын соғып, Аузын, мұнша көпірген!
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×