ойын сауық отауы
Танакөз
11.04.2016 10 363 0 Дауыл

Танакөз

Өлеңдер
Мұхтар Шаханов

Танакөз
(поэма)
Ізгілікпен ізеттің байлауында,
Мама қаздар самғайтын қойнауыңда,
Достық атты қазына аралы бар
Сонау Мақсат тауының жайлауында.

Жұрттың бәрі баруға құштар оған,
Құштар бол деп тіпті ешкім қыстамаған,
Өзін мәңгі бақытты санайды екен
Сол аралдан от алып ұшқан адам.

Шаттығы сай болса да тал бойына,
Бұлбұл қонып жатса да таңдайына,
Ол аралды көруді көп адамның
Қатал тағдыр жазбапты маңдайына.

Бірін - бірі күндеумен жылан, қарға.
Үні шықпай жатады бір аңғарда.
Онда жалғыз деген сөз атымен жоқ,
Жеке - дара ұшпайды қырандарда.

Нар талабын салса да қандай жолға,
Тілектес дос пейілдер самғайды алға.
Жүрмейді онда сатқындар, саудагерлер,
Опасыздар, отсыздар болмайды онда.

Асау жылдар толқынын кешкің, мейлі,
Сенім заңы оларда ескірмейді.
Соқпайды онда самалы пенделіктің,
Тиындардың сыңғыры естілмейді.

Алда теңіз, арқада дала барда,
Талабымыз табанды бола ала ма?
Биік ұстап бірліктің ақжелкенін,
Біз де жүзіп барамыз сол аралға.

Намысыңның көйлегін сиялатсаң,
Сияға атар оғыңды ұяға атсаң,
Екеуміз де қираймыз, жүрегіңе
Егер титтей жалғандық ұялатсаң.

Ізгілік пен ізеттің байлауында,
Мама қаздар самғайтын қойнауында,
Достық атты қазына аралы бар
Сонау Мақсат тауының жайлауында.

Алаулаймыз шығысты қақтанындай,
Көзіміз жоқ жататын ақтарылмай.
Сол аралға, арман не, жетіп өлсек,
Тек жете алмай қайтудан сақта, құдай!

Бірінші бөлім
I
Мұрат!
Тағдырына өкпе айтып мұңаймаған,
Құрбы қыздың көзінде нұр ойнаған
Екеумізге ортақ бір бақыт бар деп
Кім ойлаған, ол кезде кім ойлаған?!.

Сен ер жеткен таулы өлкеде мен де ер жеттім, жан досым,
Мен тербеткен бір арманды сен тербеттің, жан досым.
Мен гүл терген тау бөктерін сен де кездің талмастан,
Қарлы шыңдар қол бұлғайтын бізге бөркін алмастан.

Ет асса ағам, көңіл шіркін жоғалтқандай жалқысын,
Саған сақтап қоятынмын бір жіліктің жартысын.
Екеуміз де екі ананың еркесі едік тел өскен,
Ерте есейіп, бақыт күткен арман атты белестен.

Біздің қатал тағдырымыз қалай шебер тоғысқан,
Екеуміздің әкеміз де оралмады соғыстан.
Бір - бірінен жан аяспас дос болыпты олар да.
Дос болыпты. Біздің достық содан өнген болар ма?

Менің әкем жау шебінде жаралы боп қалғанда,
Жан досымды қалай қиып қалдырам деп арманда,
Көкірегін қарша жауған оқ пен отқа қалқалап,
Сенің әкең үш күн бойы алып жүрген арқалап.

Айналасы қалың өлік, қалың орман өрт толған,
Сол орманда екеуі де жау оғынан мерт болған.
Не жетеді келер күнге деген кәусар сенімге,
Екі досты ажырата алмапты ғой өлім де.

Екеуі де көз жұмыпты құшақтасқан қалпында,
Екі өмірдің жалғасы боп біз қалыппыз артында.
Ал анамыз бізді, сірә, көрген емес бөлектеп,
Ауыр күндер өтіп жатты, соғып жатты жел өкпек.

Тірі адамның тіршілігі бітпейді ғой, әрине,
Тұрып жаттық әкемізден қаған мына тар үйде.
Күндер жылжып аға берді, біз білімге бас қойдық,
Он екіден асқан кезде жұртқа еліктеп шаш қойдық.

Міне, солай жігіт болып шыға келдік кекілді,
Бір бақшада жарыса өскен қос бәйтерек секілді.
Күнде - күнде гүл іздеп біз жайсаң, жасыл алаптан,
Қосылып ән айтатынбыз, қайтатынбыз сабақтан.

Кім біледі, бізбен жүрген соры ма, әлде бағы ма,
Ортамызда орта бойлы қыз болатын тағы да.
Көзіне оның көз жетпейтін бұл ауылда тең келер,
Сондықтан да Танакөз деп атайтұғын жеңгелер.

Қуансақ та, қайғырсақ та қасымызда — Танакөз,
Танакөзбен көңілді еді біздің ерке бала кез.
Жол қысқарсын дейміз - дағы жоқтан барды құрай кеп,
Біз екеуміз Танакөзді мазақтаушы ек былай деп:

"Жанарыңнан жас кетпейтін жасық болсаң бағаң не,
Тағы қиын өжет болсаң нарт - қызба.
Сайран байдың танасына көзің тартты амал не?
Енді бірақ ақылыңды тартқызба!"

Толық нұсқасын жүктеу

Жанарымда жас қаулап. Танакөз Толқынқызының өлеңдері. Жанарымда жас қаулап. Танакөз Толқынқызының
Жанарымда жас қаулап, Жалғыз қалдым көшеде. Бәрі осылай аспандап, Бәрі осылай өше ме?
Арна Арна
Күз, саладан, сайлардан ұмтылып алға өзендер жатыр бұрқанып, өр екпінімен жолсыз жақтарға бұлтарып. Кедергілерді келеке еткендей айбынмен
Махаббаттың жазылмаған заңы Махаббаттың жазылмаған заңы
Жол бұралаң, сезім тура, oй тура, Жол түскен соң болмас кейін қайтуға. Сүйген адам сезімі үшін бақытты, Болмайды оны бақытсыз деп айтуға.
Дара талғам қасіреті Дара талғам қасіреті
Зор рухи бұла күшке кім тосқауыл бола алар?! Нағыз ақын мәңгі жастық шуағына оранар. Үш мың жасқа тартқан Гомер одан әрі жол алар, Үш ғасырды жеңген
Құлпытас кепиеті немесе кері тебу заңы Құлпытас кепиеті немесе кері тебу заңы
"Досым Федор, Мына хат - соңғы хатым. Соңғы тыныс, Соңғы дем қалды жақын. Жайшылықта айырмас ақ, қараны Сыпсың сөздер бір сәтке тоқталады.
Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы
Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы, Теңіздің түбіндей - ақ қарап бақшы. Сол жүректен жылылық, достық пенен Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×