ойын сауық отауы
Қыран тағдыры
12.04.2016 3 308 0 Дауыл

Қыран тағдыры

Өлеңдер
Мұхтар Шаханов

Қыран тағдыры
Баяғыда,
Бабамыздың бабасының бабасы
Жүрген кезде сүйенбей таяғына
Көңіліне пәктіктен өсірген гүл,
Жомарт әрі мейірбан жесір кемпір
Ұстап апты ауласына келіп қонған бүркітті.
(Одан мұндай батылдықты кім күтті?)
Ал Бүркіттің көріп имек тұмсығын
Кемпір қатты үркіпті.
Оны өзінше "майысқан" деп ойлапты
Сөзге келмей пышағын тез қайрапты.
Имек жерін кесіп, жонып, тегістеп
Сорлы құсқа бір жақсылық жасауға бел байлапты.
Гүжім аспан әлеміне айбатты,
Қайратына тамсандырған аймақты,
Қайсар қыран тағдыры
Ақылсыздау, бірақ адал кемпірдің,
Пышағында ойнапты.
Кемпір байғұс сыртқа жайып шын сырын,
"Басы қайтты, - деп қуанды, - қауіптің".
Жона - жона имек бүркіт тұмсығын
Тұмсығына ұқсатыпты ол тауықтың.
Енді бірде бүркіттің
Өткір, ұзын тырнақтарын аңғарып,
Басын шайқап тұрып қапты таңданып:
- Мүшкіл екен,
Мүшкіл екен бұл халің,
Сорлы құсым, егер де мен жолықпасам бағыңа,
Жетіпсің - ау жүдеп өлер шағыңа, -
Деп отап ап тастады бар тырнағын.
Патша жұртқа жар салды:
- Талмас қанат,
Алмас қылыш иықты,
Маған ылғи аңсататын биікті,
Тіпті жалғыз інім өлген кезде де
Ұмыттырған кеудемдегі күйікті
Бүркітімді жоғалттым ең сүйікті.
Қыран еді ол бастан бағы ұшпаған,
Менмін деген арланды
Менмін деген киікті,
Тырнағы мен тұмсығында ұстаған.
Қайырымдылық ерлікке тән әманда,
Бүркітімді тауып берген адамға
Ат басындай алтын сыйлау
Түк қиындық туғызбайды маған да.
Ойға, қырға шабармандар ағылды,
Жұрттың бәрі бүркітті іздеп сабылды.
Үміт оты сан тараптан жағылды
Бірақ бүркіт қиындықсыз табылды.
Мазасыздық бұлты сондай серпілді
Алас - күлес шаттық күйі шертілді.
Шадыман жұрт хан көтере мадақтап,
Патша алдына алып келді кемпірді.
Патша лезде құсын танып, түнеріп
Үнсіз қалды зілман ойға тіреліп.
Көңліндегі апас - қапас тасқынды
Айғақкерлеп жанарына жас тұнды.
Енді бір сәт оймен шолып қиырды,
Қабағын тас жиырды.
Нөкерін тез шақырды да бүркітті
Өлтіруге бұйырды.
- Тағдырыңды қасіретке байланған
Ап шыға алман, бұл тұйықтан, қайраннан.
Хош бол, құсым, - деді патша қыранға, -
Өлген жақсы қасиетін жойғаннан.
Сонан кейін:
- Иә, кемпірім, аман ба?!
Деп жадырап шыға келді ол табанда, -
Сендей жомарт адамдар,
Ауадан да қажет біздің қоғамға.
Үстем содан мерейің де, бағаң да.
Шапағатың тиді, міне, маған да.
Әттең, әттең... осы дарқан пейліңе
Ақылыңның сай келмеуі жаман да.
Тұғырыңда тұра алмайсың тағап қып,
Сөйтіп тағы жасайсың - ау ағаттық.
Нәрестенің қолындағы қанжардай -
Ақылсыздың қолындағы жомарттық.
Жаның адал.
Адал содан асың да.
Ат басындай алтыныңды ал,
Тосылма!
Бірақ мына алтын алған қолыңды,
Амал қанша, қалдырасың осында.
Тек өзіңді санай көрме ғарыпқа,
Қатал жаза қолданды деп қамықпа.
Өйткені сен қарсы шапқан жаудан да
Қауіптісің халыққа.
Қалың қауым сенен оңғақ күй көрсе,
Саған қарап жомарттықтан жиренсе,
Не болмақшы?
Ал мына алтын өзіңді
Асырасын арқаң жерге тигенше!
Қатал патша дегенінен қайтқан ба?!
Сөйтіп қолын кескен екен кемпірдің...
Анам маған осы аңызды айтқанда
Көз алдымда сен тұрдың.
Дарының да, даңқың да бар жаңғырғын,
Ақ тілектер арай шашса гүлдейсің.
Бірақ ертең не күтеді алдыңнан,
Білмейсің - ау,
Оны мүлдем білмейсің.
Тұтастырып бақ пен сордың арасын
Сиқырлайды атар таңның назды үні.
Бүгін кіммен, ертең кіммен боласың?
Тым күрделі бұл сұрақтың мазмұны.
Заман егер аямаса бар нұрын
Мансап сені құлата алмас торына.
Жатсам - тұрсам тілемеймін тек
Тағдырың,
Түспесін деп әумесердің қолына.
Егін жұртқа бағалы тек дәнімен,
Дән саларлық ойларыңды сұрыпта.
Дос көңілін ұсынғанның бәрінен
Достық шыға бермейтінін ұмытпа...

Кәрі қыран Кәрі қыран
Қанатынан қаңтардың қары бүркіп, Қашатұғын көргенде бәрі де үркіп. Қырағы көз бұл күнде қарауытып, Қалғып отыр қияда кәрі бүркіт.
Еркектер жыры Еркектер жыры
Біздің тауда қанатына қаңғырған бір оқ тиіп, Ата қыран ұясында тартып жатты көп күйік. Кей кездері ызадан жарылардай Дөңбекшіді ол қорлыққа бағына
Қарға мен бүркіт Қарға мен бүркіт
Қой жайылып жаздыгүн Шыққан екен қияға. Аспаннан бүркіт құйқылжып, Сорғалап келіп ыраға, Бір қозы іліп ап кетті Құздағы қиын ұяға.
Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап? Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап?
Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап? Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап, Қыран шықса қияға, жібереді Олар да екі құсын екі жақтап.
Хал мүшкіл, қалқам Хал мүшкіл, қалқам
Керемет кезде тусақ та, Керемет шақта тұрсақ та, Білдірмей іштен тынсақ та, Біздің хал мүшкіл бұл шақта.
Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері №1 Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері №1
Адасқан шағала Жаным-ау, қайдан жүрсің, ақ шағала, Келсең кел, бұл өлкені жат-санама. От-суы мол осынау байтақ алқап, Сая болған батырға, патшаға да.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×