ойын сауық отауы
Кісі мен арыстан
06.06.2016 3 667 0 Дауыл

Кісі мен арыстан

Өлеңдер
Ахмет Байтұрсынов

Бір аңшы ұстайды екен аңды қырып,
Ішіне қалың ағаш торын құрып.
Бір күні Арыстанға кез болыпты,
Сыртынан құрған торын бағып тұрып.
Арыстан ақырды оған аузын ашып:
«Көрейін, қимылдашы қарсыласып!
Шекірейіп: «Жан біткенге патшамын!» - деп,
Мақтанып жүруші едің судай тасып.
Қайратың мақтанатын қандай екен,
Кел бері, байқасалық күш сынасып.
Адамым, рас бізге патша болсаң,
Жүріп көр аяғыңды қадам басып!»
«Арыстан! Сенен артық емес күшім,
Сөзімді ілтипатпен тыңдап, түсін.
Ететін мені артық хайуандардан
Күш емес, өнерім мен еткен ісім.
Ол рас, сендей онша батыр емен,
Мақтаншақ, өтірікке жақын емен.
Қаншама күш жетпейтін қиын істі
Орнына келтіремін ақылыммен.
Бұл саған айтып тұрған нағыз шыным,
Шындығын көрсетейін қазір мұның.
Егер де сөзім жалған болып шықса,
Жейсің ғой сонан соң да, жарықтығым!
Сен қара: қылдай өрмек анау тұрған,
Мен едім азаптанып соны құрған.
Кішкене желге де өзі селкілдейді,
Көресің, темір емес я тас қорған.
Жүрсем де қайратыңа сырттан қанып,
Көзіммен көргенім жоқ әлі анық.
Әуелі мен өтейін ар жағына,
Өтерсің, мықты болсаң, бұзып - жарып».
«Тұрсың ғой күш сынарға қылдай тормен,
Ол түгіл, байқасқанмын онан зормен.
Сен барып, ар жағында даяр боп тұр,
Жетермін мен де қазір тура жолмен».
Жөнелді көп сөйлемей адам пақыр,
Қуанып жылдам жүріп бара жатыр.
Датынан тор - торлардың өтіп алып,
Тұрды енді: «Келсең, кел, - деп, - біздің батыр!».
Арыстан шапты торға атқан оқтай,
Қомсынып, бейне алдында нәрсе жоқтай.
Өте алмай торды бұзып, шырматылып,
Сол жерде қолға түсті ұрмай - соқпай.
Оралып жатты торға Арыстаным,
Ақылдан білді күштің қалысқанын.
Терісін Арыстанның сойып алып,
Олжалы қайтты аңшы данышпаным.

* * *
Бұл жазған бозбалаға бір өсиет,
Өнерсіз қара күште жоқ қасиет.
Ойламай, күшке сеніп еткен істің
Кірары әр уақытта басқа тиед.
Демеймін күш керексіз адамзатқа,
Өнер, ой онан да артық мал мен баққа.
Өнердің жоқтығынан азып жүрміз,
Нағыз бұл Арыстандай болмасақ та.
Бұл күнде күштен ойды бұрын жұмса,
Қара күш бәйге алмай жүр осы шақта.
Амал ет заманыңның ыңғайына,
Бәйгесіз құр лағып босқа шаппа.
Ақылдан күшіңді артық көріп жүрсең,
Жадыңа бұл кеңесті оқып сақта!
Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері, өмірбаяны

Арыстан мен тышқан - Спандияр Көбеев Арыстан мен тышқан - Спандияр Көбеев
Көзі ұйқыда, көңілі ояу жатты арыстан Аң аулап, дымы құрып кеп алыстан Байқамай ойнап жүріп аңдаусызда, Үстімен кетті жүріп сорлы тышқан.
Арыстан менен кісі - Спандияр Көбеев Арыстан менен кісі - Спандияр Көбеев
Мықты болсаң күшіңе серік болсын ақыл, Бес күндік дүниеге еріп болма ғафыл, Кейінгі балалардың пайдасы үшін, Көрсетіп тәржімамен айттым нақыл, Құр
Арыстан мен сары масалар - Спандияр Көбеев Арыстан мен сары масалар - Спандияр Көбеев
Батырды тұс-тұсынан алды қамап, Аяқ-қол, көзі-басын бірдей шағып, Не қыласын күшпен жеңер дұшпан емес, Жалғыз-ақ құйрығымен жатыр қағып. Ыза боп
Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері
Ердің туы – намыс. *** Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашады. *** Жаныңнан күдер үзе соғыспасаң, Жауды күйрете алмайсың
Емен мен қамыс Емен мен қамыс
Бір көлдің Емен айтты Қамысына, Сыбайлас көптен бергі танысына: «Жаратқан мені Құдай сонша артық, Мықты деп, жер жарылад дабысыма.
Арыстан, киік һәм түлкі Арыстан, киік һәм түлкі
Бар еді бір зеңгір тау асқан биік, Әр түрлі мекен еткен аңдар сүйіп. Жол шеккен тамақ іздеп аш Арыстан Сол таудың арасынан қуды Киік.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×