ойын сауық отауы
Салт - дәстүр сөйлейді: Ынтымақты бұзды
22.10.2021 736 0 Admin

Салт - дәстүр сөйлейді: Ынтымақты бұзды

Салт-дәстүр
Салт - дәстүр сөйлейді: Ынтымақты бұзды
Ертеде Нығмет пен Үсен деген ағайынды жетімдер Шаһимардан деген байдың малын бағыпты. Екеуі кисе киімге, ішсе тамаққа жарымайды. Жиырма жыл жалшылықта жүреді. Бай олардың жайын ойламапты. Бір күні екеуі бөлек шығып, байдан ақысын сұрамақ болады. Сараң бай арық ат пен бұзаулы сиыр берді. Берген ақыға разы болмаса да, қанағат тұтудан басқа жолдары жоқ еді. Ат пен сиырды жетелеп, басы ауған жаққа жүре береді.
Қас қарая бір өзеннің жағасына келіп демалады. Кешке сиырды сауып, сүтін пісіріп отырғанда аттың дүбірін естиді.
– Әй, кім бар? Сөйлес! Құдайы қонақпын! – дейді дауыстап.
– Кімсің? – дейді екеуі.
– Атым – Қызыр. Қырғауылдай қорғалап, бөденедей жорғалап келемін, – дейді.
– Қызыр болсаң, қонатын жерге қон. Бізде қазір саған орын жоқ, – дейді. Қызыр кетіп қалады.
Сәлден соң тағы ат дүбірі естіледі.
– Әй, кім бар? Сөйлес! Құдайы қонақпын! – деп дауыстайды.
– Кімсің? Қайдан келесің?
– Атым – Бақ. Қырдан, ойдан келемін, – дейді.
– Бақ болсаң, орныңды тап. Саған орын жоқ, – дейді. Бақ та кетіп қалды. Үшінші дүбірлеген атты даусы естіледі.
– Әй, кім бар? Сөйлес! Құдайы қонақпын! – дейді жолаушы. Бұлар:
– Кімсің? Қайдан келесің? – деп сұрайды.
– Атым – Дәулет, – дейді.
– Ендеше дәулетті жерге бар. Іздегенің біз емес, – дейді екеуі. Дәулет те кетіп қалады.
Сүт пісті деген кезде ат дүбірі тағы естіледі.
– Әй, кім бар? Құдайы қонақпын! – дейді аттылы.
– Кімсің? Қайдан келесің?
– Атым – Ынтымақ, – дейді. Сол кезде екеуі жүгіріп шығып, аттың шылбырына оратыла кетіп:
– Ынтымақ болсаң, қонақ бол. Біздің іздегеніміз – сенсің, – дейді екеуі.
Соятын атты көлденең тартып, «Әумин!» деп бата сұрайды. Ынтымақ:
– Жан баққан жалғыз атты маған сойсаңдар, қалай күнелтесіңдер? – дейді.
– Үйде ынтымақ болса, жоқшылық кірмес. Қайғы - мұң баспас. Мал тағы да бітер, бақ қайта қонар. Батаңды бер, – дейді жігіттер. Ынтымақ екеуіне риза болып, екі алақанын жайып жіберіп:
– Құдай оңдасын, Қызыр қолдасын! Бақ қосылып, Дәулет дарысын. Аллаһу акбар! – деп бата береді. Нығмет пен Үсен атты сойып, етін қазанға салады.
Ет пісті деген кезде сырттан көп аттың дүбірін естиді. Қараса, Қызыр, Бақ, Дәулет – үшеуі қайта келіп тұр екен. Екі жігіт жүгіріп шығып, қарсы алады. Оларды әлгінде қондырмағаны үшін кешірім сұрайды. Қызыр:
– Балаларым, оған қысылмаңдар, Ынтымақ болмаса, Қызыр қонбайды, Бақ қарамайды, Дәулет дарымайды. Біз Ынтымақтың бастауымен келдік. Көсегелерің көгеріп, өркендерің өссін! – дейді.
Ертесіне төрт қонақ батасын беріп, аттанады. Содан бастап Нығмет пен Үсеннің үйіне береке дариды.
Бай болып, бақуатты жанға айналғанда да, екі жігіт ынтымағын жоғалтпапты. Ұрпақтарына «Ынтымақтан биік, ынтымақтан күшті ештеңе жоқ» деп өсиет қалдырған екен.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Салт - дәстүр сөйлейді: Өсек айтпа Салт - дәстүр сөйлейді: Өсек айтпа
Бірде Мұхамбет пайғамбар (с. а. с.) сахабаларына: – Өсек айту – ғайбат, зинадан да ауыр күнә, – дейді. Сахабалар таңғалып: – Уа, Алланың елшісі! Өсек
Үлкеннің жолын кеспе Үлкеннің жолын кеспе
Бірде Әзірет Әлі жолда келе жатқан бір шалдың алдынан менсінбей кесіп өтеді. Мұны байқап қалған Мұхамбет пайғамбар: – Әлижан, қарттың жолын неге
Жас баланың аузына түкірту Жас баланың аузына түкірту
Қызыр ата бірде Әзірет Сұлтанға қонаққа келеді. Яссауи бабамыз шәкірттерін отынға жұмсайды. Жолда жаңбыр жауып, әкелген отынның бәрі су болады.
Аяқты айқастырма Аяқты айқастырма
Алла тағала озалда Әбілет пен Тәбілет деген екі мақұлыққа жер бетінен үй салып беріп: «Осы жерде тіршілік етіңдер», – дейді.
Кедейдің байды үнсіз жеңуі Кедейдің байды үнсіз жеңуі
Бір күні кедей жоқ қарап, қыр басына шығады. Түс әлеті болғанда атын байлап, түстенуге отырады. Дәл сол кезде оның қасына ауылдың байы жетіп келеді.
Бақыттың тұрағы Бақыттың тұрағы
Бір күні Қызыр ата жолаушылап келе жатып Бақытты кездестіріп: – Әй, Бақыт, мен ел ішін аралаймын, пенденің тілегін Құдайға жеткіземін.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×