ойын сауық отауы
Салт - дәстүр сөйлейді: Азан шақырып ат қою
23.01.2023 680 0 Admin

Салт - дәстүр сөйлейді: Азан шақырып ат қою

Салт-дәстүр
Салт - дәстүр сөйлейді: Азан шақырып ат қою
Құран Кәрімде Тәңірі тағала Адамды топырақтан жаратып, барлық мақұлыққа орынбасарын тамашалауды бұйырды деп жазады. Періштелер жиналып, Адамды айналып қарап көріпті. Сол кезде Ібіліс лып етіп Адамның мұрнынан кіріп, оның бүкіл дене мүшесін, ағзаларын, қан тамырын аралап қайта шығыпты. Сосын періштелерге:
– Бұл мақұлық Ұлық Аллаға орынбасар болуға лайық емес, – дейді.
– Неге? – деп сұрайды періштелер.
– Себебі, бұның тәні ас - ауқатқа, ұйқыға, қызық - рақатқа тәуелді. Тез шаршап, тез қартаяды. Суыққа тоңғақ, ыстыққа қаталағыш. Қарны ашып, ұйқы қысқанда жыртқышқа айналады. Одан бөлек, көңілі атақ - даңқ, мансап - билікке тез мас болады екен. Жылтыраққа көрсеқызар, дүние - мүлікке тойымсыз. Әйелге шыдамсыз. Құмарлығын қандыру үшін күнә жасап, қылмысқа тез ұрынады. Шектен шыққанда қан төгіп, соғыс ашады. Мұның бізден артық жерін байқамадым. Тек түсініксіз бір нәрсе бар, – дейді Ібіліс. Періштелер:
– Ол не? – деп сұрайды. Ібіліс:
– Кеудесінің сол жақ тұсында жұдырықтай жүрегі бар. Сол жүрекке кіре алмадым. Ішінде не бары белгісіз. Құпиясын бір Құдай өзі біледі, – дейді. Періштелер:
– Адамның құлағы, көзі, мұрны бар екен. Осы сезім мүшелері арқылы Алланың хикметтерін танып білсе керек, – дейді.
Ібіліс алақанымен Адамның құлағын сипайды да:
– Мұның құлағын хаққа керең қылдым. Енді құлағымен дүниенің ғана сөзін еститін болады. Өсек - аяң, бос сөзге құлағы түрік жүреді. Жын - пері, періштенің сөздерін ести алмайды, – дейді. Сосын алақанымен екі көзін бір сипап өтеді де:
– Енді екі көзі ақиқатқа соқыр болды. Көзімен дүние тіршілігін ғана барлай алады. Алланың сырға толы хикметтерін бас - көзімен көруге дәрменсіз еттім. Ақиқатты бас - көзімен іздейтін болса, міндетті түрде адасады. Күнәға белшеден батады, – дейді. Сосын алақанымен аузын бір сипап:
– Аузы Аллаға жақпайтын сөздер айтуға бейім болады. Мағынасыз бос сөзге құмар болады. «Біссіміллә» демесе, жеген асы арам болар. Мен мұның бес сезім мүшесін Алланың хикметтерін танудан аулақ еттім, – деп мақтанады. Сосын сол жақ кеудесін жұдырығымен соғып:
– Мына жүректегі көңіл көзін біржола бітеп тастауға айлам жетпеді. Адам баласы түптің түбінде ақиқатты осы жүрек көзімен тауып кетуі мүмкін. Көңіліне надандық пердесін жауып, ақылдан бойын қашық етсем, мал - дүниеге малданып, біраз алдануы мүмкін. Тіпті жүрегінде көзі бар екенін ұмытып та қалады. Бірақ Құдайдың оған оң назары түсіп, мейірім - шапағат етер болса, надандықтан бет бұрып, хақтың жолына түсері сөзсіз, – депті.
Содан бастап Адам ұрпағының құлағы Алланың хикметіне керең, көзі соқыр, аузы бейпіл сөзге үйір болыпты. Бір құлақтан кірген сөз екінші құлақтан шығып кетеді екен. Мұны қазақта «ақпа құлақ» деп атайды.
Ібілістің қастық әрекетінен соң Тәңірісі Жебірейілге бұйырып:
– Адамның оң құлағына азан шақыр! Азан арқылы жансарайына мағыналы тіршілік дарысын! Мәнді сөздер сол құлағынан шығып кетпеу үшін оны тәкбір айтып біте! Менің ұлық есімдеріммен сайтан салған әсерді жой! – дейді.
Осыдан бастап дүниеге келген балаға ат қойып, азан шақыру мұсылман әлеміне сүндет болып қалыпты. Қазақ арасында да осы дәстүр кеңінен таралған. Төменде азан шақырған кезде айтылатын тілек жыр берілген:
Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар,
Алла Тағалам бәрін сақтар.
Тәңірім дәулет берді,
Ғаламға әулет келді.
Дүниеге адам келді,
Қарыштар қадам келді.
Азан айтып атын қоям,
Алла берген затын қоям.
Ұл екен, ұл екен,
Бір Аллаға құл екен.
Ел қамын жер ер болсын,
Талабы теңіз сел болсын.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Салт - дәстүр сөйлейді: Әжетханада сөйлеме Салт - дәстүр сөйлейді: Әжетханада сөйлеме
Пайғамбар заманында бір жігіттің әжетханада отырғанда сырттағы кісімен сөйлесе беретін жаман әдеті бар екен. Мұны байқаған әкесі: – Ұлым, дәретте
Салт - дәстүр сөйлейді: Кісіге қарап есінеме Салт - дәстүр сөйлейді: Кісіге қарап есінеме
Ертеде Мұхамбет пайғамбар сахабаларымен сұхбаттасып отырыпты. Жүрек көзімен қараса, жандарында Ібіліс те жүр екен. Пайғамбар одан: – Әй, малғұн,
Салт - дәстүр сөйлейді: Өсек айтпа Салт - дәстүр сөйлейді: Өсек айтпа
Бірде Мұхамбет пайғамбар (с. а. с.) сахабаларына: – Өсек айту – ғайбат, зинадан да ауыр күнә, – дейді. Сахабалар таңғалып: – Уа, Алланың елшісі! Өсек
Ібілістің балалары Ібілістің балалары
Тәңірі тағала Адамды топырақтан жаратып, барлық мақұлыққа орынбасарын тамашалауды бұйырды. Періштелер жиналып, Адамды айналып қарап көрді.
Әруақтарға құран бағыштау Әруақтарға құран бағыштау
Әруаққа Құран бағыштаудың сауабы туралы Рабғузидің «Қисса сүл - әнбиясында» мынадай аңыздар бар. Ұлық Алла ешқашан, ештеңеден жаралмаған, әуелден бар
Салт - дәстүр сөйлейді: Әжетханаға жалаңбас кірме Салт - дәстүр сөйлейді: Әжетханаға жалаңбас кірме
Бірде төрт шадиярдың бірі – Әубәкір дәретханаға кірсе, бұрышта қолында құрығы бар Ібіліс отыр екен. Әубәкір: – Ей, малғұн, мұнда неғып отырсың? – деп
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×