Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қош келдің - Наурыз!

09 наурыз 2023, Бейсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Тақырыбы: Қош келдің - Наурыз!
Мақсаты: Наурыз - жыл басы, яғни дін мейрамы емес, ұлт мейрамы екендігін тарихи маңызын түсіндіру. Ата бабамыздың жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиесі туралы түсінік беру. Өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру.
Барысы:
Ұйымдастыру.
1 - жүргізуші: Құрметті қонақтар, ата - аналар, ұстаздар, оқушылар!
Осы бүгінгі көктем мезгіліндегі қазақтың ұлт мейрамы Наурыз - яғни Жаңа жыл! Жалпы мұсылман жұртына ортақ ораза, құрбан айтты есептемегенде, біздің қазақтың жалғыз - ақ мейрамы ол - Наурыз.
Наурыз айының 22 - інде күн мен түн теңеледі. Адамдар бір - бірін мерекемен құттықтайды. Үлкен кісілер ақ тілек айтып, бата береді.
Армысыздар ағайын!
Наурыз тойын жұп жазбай
Қошеметпен қарсы алайық!
Досқа құшақ ашайық,
Өлең жырға басайық
Қазақтың бір салты деп тойға шашу шашайық
Наурыз келсе,
Құт келгені халайық!
Есік ашып, шашу шашып,
Ел боп қарсы алайық
(шашу шашылады)
- Наурыз - шығыс халықтарының жаңа жыл мейрамы. Наурыз - дүниенің ғарыштық сипатын, адам мен ғарыштың ортақ тегін білдіретін мейрам. Олай болса, бүгінгі мерекеге байланысты отбасылық сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер!

- Ортаға отбасыларды шақырамыз!

Әділдікпен баға берер отбасыларға
Әділдікпен қара қылды жаруға.
Әділқазы алқаларын сайлайық,
Жүзден жүйрік отбасыны
Таңдап бүгін алайық.
- Ал, енді, отбасыларымызға әділ баға беретін әділ - қазыларымен таныс болыңыздар:
2 - жүргізуші:
Той деп бүгін көңіл тасиды,
Той деп бүгін халқым шашу шашады.
Арамызда, бүгін солар сайыстың
Сөзден жүйрік, жыршы бетін ашады.
• енді отбасыларымызды сайыстың өтілу барысымен таныстырып өтейік:
1 - сайыс: «Жеті атасын білген ер, Жеті жұрттың қамын жер»- өзін - өзі таныстыру.
2 - сайыс: «Ата мұраң - асыл қазынаң» - тапсырмалар мен сұрақ - жауап.
3 - сайыс: «Ата көрген оқ жонар,
Ана көрген тон пішер», қол өнер

4 - сайыс: «Ас - адамның арқауы»
5 - сайыс: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің»- отбасы балаларына тапсырма
6 - сайыс: «Өн бойынан, өнер тамған». Әрбір сайыскер өз өнерлерін ортаға салады.

1 - жүргізуші: Наурыз күні салт - санаға байланысты жеті саны шартты: ақсақалдар алдына жеті дәмнің жеті түрінен жасалған «Наурызкөже» жеті ыдыспен таратылады.
Наурыз тойы тамаша,
Наурыз тойы жаңаша.
Табиғатта тамаша,
Тамылжып тұр тамаша.
Тамылжып тұр жараса,
Наурыз тойы салтанат,
Наурыз тойы мархабат.
Әр жүректен ән тарап,
Шаттанады шартарап.- дей келе бүгінгі жарысымыздың бірінші кезеңін бастайық.
1 - кезең: «Жеті атасын білген ер,
Жеті жұрттың қамын жер»- өзін - өзі таныстыру.
(әр отбасы өзін - өзі таныстырады. Осы кезеңді не өлеңмен, не қара сөзбен таныстырады)
- жүргізуші: Бірінші сайыс бойынша әділқазылардың бағасы
Оқушылар:
Жаңғырар дәстүр – салтымның
Көзелсін бұлақ жалғасы
Қастерлі менің халқымның
Мереке Наурыз - жыл басы.
Ал, халайық тұрмайық
Әндетейік шырқайық
Ортамызды ашайық
Думандатып би билеп
Ән мен күйді төгілдіріп
Інжу – маржан шашайық
Жиналған жұрт таң қалсын
Өнерден күмбез жасайық

2 - кезең: «Ата мұраң - асыл қазынаң» - тапсырмалар мен сұрақ - жауап.
Ұлттық киімдегі екі қыз бала табақшамен сандық және конвертті алып шығады. Әр отбасынан балалар ортаға шақырылады. Сандық ішіндегі нөмірленген асықтарды алу арқылы тапсырмаларын анықтайды. Тапсырмадағы сұрақтарға, отбасы ақылдасып, бірігіп жауап береді.
«Байғазы»- балалардың, жастардың жаңа киімі үшін берілетін ақшалай, заттай сыйлық, ақша.
«Көрімдік»- жаңа туған балаға, жас келінге, құдасына, күйеуге береді.
«Бастаңғы»- үйдің үлкендері жол жүріп кеткенде ауыл жастары сол үйге жиналып, жолаушылардың жолда басы ауырмасын «Бастаңғы» жаса дейді. Бастаңғының мәнісі - жастардың сол үйде ойын - сауық жасап, бас қосуында.
«Жасау»- ұзатылған қызға берілетін дүние - мүлік. Халық қыздың жасауына жақсы бұйым, кілем, текемет, ыдыс - аяқ, төсек - орын, киім - кешек, әсем әшекейлі заттар берген. Жасауды қыздың еншісі десе де болады.
«Қырқынан шығару»- әдетте баланың туғанына қырық күн толған соң, баланы ыдысқа, 41 қасық су құйып шомылдырады. Бұған үлкен әжелер, әйелдер қатысады, кәде беріледі, дастарқан жайылады.
«Ерулік»- ауыл ортасына жаңа үй көшіп келсе, қоныстанса, сол ауылдың бұрынғы адамдары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіріп, табақ тартады. Бұл - жаңа адамдарды бөтенсіретпей, өз ортасына тартудың, сыйласудың үлгісі.

- жүргізуші: екінші сайыс бойынша әділқазылардың бағасы
Оқушылар:
Нұр Наурыз шырай беріп тірлігіме,
Айналдың бар қызықтың тірлігіне.
Сен келсең талым көктеп, тұма тұнып,
Тазарып жүре берер бұл дүние.

Наурыз төбе тыңдар, шың тыңдар,
Ай да тыңдар, аспандағы Күн де тыңдар.
Бір де тыңдар жалғыз қалып оңаша,
Мәз – мейрам боп тойлап жүрген мың тыңдар.

3 - кезең: «Ата көрген оқ жонар,
Ана көрген тон пішер», қол өнер

- жүргізуші: үшінші сайыс бойынша әділқазылардың бағасы
Оқушылар:
Күттіріп келген жыл басы
Бізбен бірге жырлашы.
Дастарқанға елімнің
Береке, ырыс сыйлашы.

Ой, халайық, халайық,
Әсем әнге салайық.
Наурыз тойын көңілді
Бірге қарсы алайық.

Түйе сеніп бойына,
Қалған ұмыт жылдардан.
Жатпа қарап, мойыма,
Талма, именіп ділмардан

4 - сайыс: «Ас - адамның арқауы»
- жүргізуші: төртінші сайыс бойынша әділқазылардың бағасы
Оқушылар:
Жыл басы – Наурыз, мереке!
Ақ нұрға әлем боянды.
Наурыз тойы береке,
Тіршілік жаңа оянды.

Наурыз тойы – береке,
Наурыз тойы – мереке.
Наурыз тойы – жыр – аңыз,
Қызық думан құрамыз.

5 - кезең: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің»- отбасы балаларына тапсырма
Әр отбасының балалары ортаға шақырылып, асықтар алыптапсырмаларды анықтайды.

• Бес қаруды атаңыз. (мылтық, садақ, найза, қылыш, айбалта)
• Жеті жетім:
Тыңдаусыз қалған сөз жетім
Қиюсыз қалған бөз жетім
Иесіз қалған жер жетім
Басшысы жоқ ел жетім
Аққу, қазсыз көл жетім
Елінен айырылған ер жетім
Замандасы қалмаса, бәрінен де сол жетім
• Жеті атаны айт.
• Үш арсыз(ұйқы арсыз, тамақ арсыз, күлкі арсыз)
• Жеті қазынаны білесің ата.
Ер жігіт
Сұлу әйел
Ақыл, білім
Жүйрік ат
Қыран бүркіт
Берен мылтық
Құмай тазы
• Үш тәтті
Жан тәтті
Мал тәтті
Жар тәтті
- жүргізуші: Бесінші сайыс бойынша әділқазылардың бағасы
Оқушыларға:
Жаса Наурыз, жаса көктем,
Жаса достық, күн, тіршілік.
Болсын ұмыт, мұңдар өткен
Мейірімділік күлсін шығып!

Наурызда жаңа жыл басталады,
Естіледі көктемнің асқақ әні.
Ақ көңілмен, ақ сүтпен қарсы алайық,
Мына келген тәй-тәйлап жас баланы.

Наурызда жаңа жыл басталады.
Жаңа жыл жақсылыққа бастар әні.
Жер ана да бусанып қозғалуда,
Ақ көрпесін сыпырып тастағалы.

6 - сайыс: «Өн бойынан, өнер тамған».
Әрбір сайыскер өз өнерлерін ортаға салады.

- жүргізуші: алтыншы сайыс бойынша әділқазылардың бағасы

- Мұсылман ұғымы бойынша 21 - наурыз күні түнгі сағат үште аспаннан Қыдыр ата түседі екен. Бабаларымыз осы түнді кірпік ілмей күткен, Қыдыр бабаны қарсы алған. Осы түні әр адам қандай ой – арман ойласа, ол жаңа жылда қабыл болады деп ырым еткен.(Қыдыр ата келеді)
Хормен: Қош келдің Қыдыр ата!
Қыдыр ата бата береді.
Ұрпақтардың бағы болсын,
Арайланған таңы болсын,
Ақ батамен қол жайғанның,
Тілегінің бәрі болсын,
Елдің іргесі берік болсын,
Жасқа құрмет, кәріге құрмет болсын.
Мына Ұлыстың Ұлы күні әрбір отбасына қуаныш, бақыт әкелсін! Ұлыс оң болсын! Аумин
1 - жүргізуші: Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады демекші, бүгінгі сайысымыз да аяқталып келеді. Сіздер бүгінгі отбасыларымыздың өнерлі екенін байқадыңыздар.
Ұлтымыздың әр сөзі,
Асып жатыр кәдеге.
Отбасылардың жарысы,
Келіп жетті мәреге
- дей келе әділқазылар сөз кезегі сіздерде.
Жүргізуші: осымен наурыз мейрамына арналған отбасылық жарысымыз аяқталды. Мына Ұлыстың Ұлы күні әрбір отбасына қуаныш, бақыт әкелсін! Ұлыс оң болсын! Қош сау балыңыздар!

Қарағанды облысы,Сәтбаев қаласы,
Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі
Маденова Эльмира Кайратовна
93 640
0
  • 60
2 дауыс


Жаңалықтар
Қош келдің, Наурыз!
Қош келдің, Наурыз!
Балаларға ұлыстың ұлы күні туралы мағлұмат беру; Балаларды елін, Отанын сүюге, ұлттық салт - дәстүрін дәріптеуге тәрбиелеу;
Қош келдің – әз Наурыз!
Қош келдің – әз Наурыз!
Наурыз – «жаңа күн» деген сөз. Бұл күн – біздің ата – бабаларымыз, арғы тегіміз мыңдаған жылдардан бері тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі. Наурыз тойымыз құтты болсын! Ұлыстың ұлы күні деп аталған Наурызда денсаулықтарыңыз мықты болсын,
Әз, Наурыз
Әз, Наурыз
«Наурыз» мейрамы туралы түсінік беру арқылы қазақ халқының салт - дәстүрін көрсету және оны құрметтей білуге тәрбиелеу. Балаларға наурыз мерекесі туралы түсінік беру. Наурыз мерекесін ұлттық салт - дәстүрімізбен, әдет-ғұрпымызбен байланыстыра
Қош келдің Наурыз!
Қош келдің Наурыз!
Жамбыл облысы, Қордай ауданы. Бастауыш сынып ұстазы Серкебаева Макпал
Армысың, Әз Наурыз!
Армысың, Әз Наурыз!
Мақсаты: Оқушыларға қазақ халқының ұлы мерекесі - Наурыз мейрамы жөнінде түсінік бере отырып, халқымыздың салт - дәстүрін бойларына дарыту арқылы, шынайылыққа, адамгершілікке ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×