Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қызыл кітап (ауызша журнал)

11 мам 2013, Сенбі
Категориясы: Биология
Кіріктірлген сабақ
7 - 9 класс
Қызыл кітап (ауызша журнал)

Сабақтың мақсаты:
Білімділігі: ҚР Қызыл кітабы, оның ерекшелігі, маңызы, Қ. Мырза Әлінің табиғат жырлары мен оқушыны таныстыра отырып, «Қызыл кітап» өлеңдер жинағының мәнін ұғындыру.
Дамытушылық: Оқушының табиғат туралы түсінігін кеңейту.
Тәрбиелік: Табиғатты қорғауға, туған жерін сүюге тәрбиелеу.
Сабақтың типі: Аралас
Сабақтың түрі: Ауызша журнал
Сабақтың көрнекілігі: слайдтар, оқулықтар, Қ. Мырза Әлінің туындылары
Сабақтың әдісі: баяндау, зерттеу, іздену
Пәнаралық байланыс: Биология, әдебиет, тарих, география

Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру

ІІ Негізгі бөлім
Қайырлы күн оқушылар, ұстаздар, ата - аналар. Табиғатты қорғау күніне арналған «Қызыл кітап» атты журналды ашық деп жариялаймыз.

1 - бет ҚЫЗЫЛ КІТАП. Жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің алғашқы тізімін 1963 жылы Халықаралық табиғат және табиғат ресурстарын қорғау одағының арнайы комиссиясы құрастырды. Бұл комиссияға әлемдегі әр түрлі елдердің ғалымдары енді. Тізім жарияланып, «Деректердің Қызыл кітабы» («Red Date book») деген атау алды. Қазіргі кезде көптеген елдерде Қызыл кітап жарық көрді. Қазақстанда Қызыл кітап жасауға құлшынушылардың бірі белгілі ғалым - зоолог А. А. Слуцкий болды. Оның еңбектері Қазақстан жануарлар әлемін қорғауға арналды.

Қандай да бір түрдің Қызыл кітапқа тіркелуі – қауіп туғызатын дабыл. Ол тап сол түрді қорғау және сақтауға арналған мемлекеттік, сондай - ақ жергілікті шараларды қабылдауға түрткі болады. Қызыл кітап (1 - бөлім. Омыртқалы жануарлар) Қазақстанда ең алғаш 1978 жылы басылып шықты. Оған жануарлардың 87 түрі енді. 1981 жылы Қазақстан Қызыл кітабының екінші бөлімі жарық көрді, онда өсімдіктердің 307 түрі аталды. Үшінші басылымы қауіпті таксондар жануарларына арналды, 1996 жылы баспадан жарық көрді. Оған омыртқалылардың 125 түрі мен түршелері: балықтар, құстар, жорғалаушылар, сүтқоректілер қамтылды. Қызыл кітапқа тіркелген әрбір түрдің жіктеу нөмірі бар, мәртебесі 5 санатқа бөлінген:

І санат – жойылып бара жатқандар;
ІІ санат – саны кемігендер;
ІІІ санат – сирек кездесетіндер;
ІV санат – анықталмағандар;
V санат – қалпына келтірілгендер;

Қызыл кітап – маңызы өте зор құжат. Оны тек мемлекеттік экологиялық мекемелер ғана емес, көптеген қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер басшылыққа алады. Сондай - ақ зерделі, табиғатты сүйетін Қазақстан Республикасының азаматтары да басшылыққа алуы керек.

2 - бет Қадыр Мырза Әли «Қызыл кітап».
«Қадыр, негізінен, ұлттық ақын. Ұлттық ақын болғанда, қазақ халқының ақыны. Оның туған халқының арғы - бергі өмірі, тіршілігі туралы жазған өлеңдері өте көп. Сол өлеңдерінің барлығын жинақтап айтсақ, қазақ халқы өмірің көркемдік шежіресі, әдебиеттегі образды тарихы деуге болады».

Әбділхамит Нарымбетов
Өмірбаяны
Ақын 1935 жылы 5 қазанда Орал облысының Жымпиты кентінде туған. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968 - 1973 жылдары «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, «Балауса» баспасының редакторы, кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған. 1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді.

1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ол Қазақстанның халық жазушысы. 2001 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды. Ақынның поэмаларында да соны идеялық кең серпін жаңа көркемдік бояулар молынан ұшырайды. Ақын «Заман - ай» поэмасында (1997) Қазақстанның Кеңес өкіметі жылдарындағы тарихына бүгінгі биіктен жаңаша көзқараспен қарап, шамырқана толғанады. 70 жыл ішінде қазақ халқы бастан кешкен адам небір қиындықтарды нақты көркемдік ойлармен жинақтап, әсерлі бейнелеген. Қадыр Мырза Әли поэмасында 1917 - 1991 жылдар арасындағы Кеңес Одағындағы халық қасіретінің әрі нақты, әрі жинақталған көркем бейнесі бар. «Заман - ай», «Бес жыл өткен соң» поэмалары - қазақ халқының ХХ ғасырдағы көркемдік тарихын оқырман санасына толық жеткізетін көрнекті эпикалық туындылар.

Қазақ поэзиясының дамуына көп еңбек сіңіріп, зор көркемдік үлес қосқан Қадыр Мырза Әлидің ұзақ жылдарға созылған шығармашылығы әдебиет ғылымы мен сынының әрдайым назарында болып, жоғары бағаланып келеді. Ақынның шығармаларының лайықты бағасын берген академик Зейнолла Қабдолов: «Қадыр Мырзалиев - сөздің сәйгүлігі, ойдың озарманы. Ол жеке бастың дара мұңынан бастап, қым - қиғаш халықаралық қайшылықтарға шейін қысылмай, қымтырылмай еркін жырлай алады... «Демек қазіргі қазақ поэзиясының көп дауысты, қуатты оркестр десек, мұның құрамындағы Қадыр музасының қайталанбас өз үні, машығы мен мәнері, айшығы мен өрнегі бар; Қадыр ақынның лирикасының сыңғыры бөлек, сыры терең», - десе, академик Серік Қирабаев: «Қадыр Мырза Әли ұлт тарихын, мінез - құлқын, ойлы көзбен өлшеп суреттейді. Оңда, терең идеялық мағына бар», - деп ақынның өзіндік бет - бейнесін, шығармашылық келбетін дәл айқындап берді. Ол - өзінің көркемдік дәрежесі биік, тілі нәрлі, ғибраты мол, идеялық мазмұны терең шығармаларымен қазақ сөз өнеріне зор үлес қосқан ірі суреткер, көркем сөздің шебері. Ақын қазақ әдебиетінің көркемдік арсеналын толықтыра, молықтыра отырып, оның мәртебесінің биіктеп, абыройы асқақтай түсуіне қыруар еңбек сіңірді. Сондықтан да, Қадыр Мырза Әли жан - жақты өсіп өркендеген. Кемелденген қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі болып саналады.

3 - бет «Қызыл кітап» (1983) поэмасы - ой толғамы ауқымды, Бүкіл адамзатты ойландырар пікір - тұжырымға бай философиялық туынды.
Қ. Мырза Әлі «Қызыл кітап»
Мылтық көрсем төрлерден іліп қойған,
Менің мазам кетеді күдікті ойдан.
Жұртпен бірге мәз болып,
Ду - ду етіп
Қайта алмаймын одан соң күліп тойдан.
Аяймын мен анасыз,
Атасызды.
Аяймын мен құлынсыз,
Ботасызды.
Хайуанатқа жасаған қиянатың –
Бауырыңа жасаған опасыздық!
Біздің сайда болатын мия қалың.
Ауылдастар ойлайтын ұя қамын.
Мия сиреп,
Ұядан құстар безіп,
Біреу үшін мен енді ұяламын.
Ұяламын қарауға қарлығашқа.
Шиқылдайсың, балапан, қарның аш па?!
Жалтаңдайсың әр Болат,
Әр Қайратқа,
Жаутаңдайсың әр Баян,
Әр Күлашқа.
Тәрбиең де жақсы еді,
Тәлімің де...
Аян бірақ өмірдің мәні кімге?!
Торғай аттың бір кезде,
Соның үшін
Ұяламын, бауырым, әлі күнге.
Ұяламын қарауға қоңыр қазға.
Толып - ақ тұр бүгінде өмір назға.
Балапаны шұбыртқан қасқалдақтың
Оқтан көрген қорлығы,
Зәбірі аз ба?!
Ұяламын қарауға шүрегейге.
Құстың бірі туған да,
Бірі өгей ме?!
Бүгін кептер атқандар
Ертең ердің
Кеудесіне тапанша тіремей ме?!
Мына қыры қазақтың,
Ана қыры
Қызыл қырман бүгінде,
Қала бірі.
Қайда кетті,
Кім маған айтады енді
Атыраудың құланы –
Онагры?!
Жер айтады осылай,
Күн айтады,
Күн айтады,
Көңілді мұңайтады.
Ақтөбеде бір кезде піл болғанын
Кім біледі бүгінде?
Бүгінде кім айтады?!
Айла көп - ті адамда,
Айла көп - ті.
Айласына талайды айғақ етті.
Қылыш тісті жолбарыс –
Жерлес біздің
Айтыңдаршы, ағайын,
Қайда кетті?!
Іздеймін мен әр бұта,
Әр талымды.
Момынымды,
Тентегім,
Арқалымды.
Кім қайырып береді кваганы?
Кім қайырып береді тарпаңымды?!
Жарқырап - ақ тұрғанда көктем нұры,
Қасірет пен қайғының жеткен бірі.
Хайуанаттар ғана ма зәбір көрген,
Хайуанаттар ғана ма кеткен құрып?!
Одан көріп,
Ақыры бұдан көріп,
Таласқаннан не таппақ құлан, керік?!
Жоғалтқанды жоқтаған жөн болғанмен,
Жоғалтпаған жақсырақ одан гөрі

4 - бет. Ақтөбе облысының сирек кездесетін аңдары
Қарақұйрық Қарақал Қара күзен
(джейран) (каракал) (европейская норка)
Қабылан Сабаншы Шұбар күзен
(гепард) (манул) (перевязка)

5 - бет Ойыл өңірінің Қызыл кітапқа енген құстары
Қытай қазы Ақбас тырна Безгелдек
Дуадақ Мәрмәр шүрегей Тарғақ

6 - бет Викториналық сұрақтар
ҚР Қызыл кітабының неше басылымы бар?
ҚР Қызыл кітабы қашан басылған?
ҚР Қызыл кітабын шығаруға үлес қосқан ғалым - зоолог кім?
Ойыл ауданының құмында кездесетін кеміруші?
Қ. Мырза Әлінің «Қызыл кітап» өлеңдер жинағы қай жылы шықты?
Халықаралық Қызыл кітап қашан ұйымдастырылды?
Қ. Мырза Әлінің «Қызыл кітабы» қандай парақтардан тұрады?
«Қызыл кітаптағы» бір кездерде Ақтөбе даласында өмір сүрген жануар?
Салмағы 10 - 15 кг болатын ҚР Қызыл кітабына енген құс?
«Қызыл кітап» өлеңдер жинағында қызыл мандат неге берілген?

ІІІ Қорытынды
7 - бет. Шығармашылық жұмыс Егер мен эколог болсам...
(оқушылар сабақ соңында алған әсерлерін 5 - 10 минут көлемінде қағаз бетіне түсіріп, шығармашылықпен жұмыс жасайды).
Журналдың соңы.
81 576
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Қызыл кітап. Қ. Мырза Әли
Қызыл кітап. Қ. Мырза Әли
Оқушыларға жер бетінде жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар әлемі, «Қызыл кітаптың» маңызы туралы жан - жақты түсінік беру. Адам мен жан - жануар табиғаттың бөлінбес бөлшегі ұғымын кеңейту.
Қызыл кітап
Қызыл кітап
Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аралқұм елді мекені, №61 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Есетов Марат
Қоршаған ортаны қорғау
Қоршаған ортаны қорғау
Ақтөбе қаласы, № 3 орта мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі Құлжанова Ш. М.
Қызыл кітап құпиясы
Қызыл кітап құпиясы
№7 Қалалық балабақшаның тәрбиешісі Халматова Райхан Нуртазаевна
Жануарлар дүниесін қорғау
Жануарлар дүниесін қорғау
Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы, №32 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Елшібекова Сәуле Орынбасарқызы
Өсімдіктер мен жануарлардың «Қызыл кітабы»
Өсімдіктер мен жануарлардың «Қызыл кітабы»
Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы №6 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Дарибаева Ақгүл Абилкасимовна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×