Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Оқушыларды өнерге баулудың негізі ретінде қосымша білім берудің тиімді жолдары

24 қаңтар 2017, Сейсенбі
Категориясы: Әдістемелік көмек
Оқушыларды өнерге баулудың негізі ретінде қосымша білім берудің тиімді жолдары

Қазақтың халықтық музыка өнері саласында шалқар сахара даладай мол көсіліп кең тараған бір жанр бар. Ол - ән жанры.
Ән табиғатынан халық тарихымен бірге туып - өскен қырын, сол өнердің ел өмірімен еншілестігін, үндестігін көреміз. Адам қуаныш сезімін де, қайғысын да, басқаға айтқысы келмесе де, айтуға болмайтын жағдайы болса да ән арқылы сыртқа шығарады.

Ұрпақтан - ұрпаққа мирас болып келген халықтық қазынаны, оның таңдаулы үлгілерін жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу құралына айналдыру, нақтырақ айтқанда, олардың көркемдік, музыкалық, эстетикалық талғамы мен мәдени деңгейін жоғарылату – басты міндет. Абайдың түсінігінше, баланы жастайынан көркемдікке баулуда үлкендер неғұрлым ертерек ойластыруы қажет, өйткені бесіктегі нәрестенің өзі ананың әлдиі, құлағына жеткен ән - күйдің әуезді үні арқылы сұлулық пен көркемдіктен хабардар болып жатады.

Кіші жастан белсенді шығармашылық процеске әдеттеніп, өз ойын өнердің әр қыры мен түрі арқылы қызығушылығымен танытса ғана бала белсенді шығармашылыққа қалыптаса бастайды. Ерте жастан баланың өнерге қызығушылығы өздігінен туылмайды, оған көптеген факторлар әсер етеді. Олар - қоршаған орта, отбасы, бала - бақша, мектеп. Адамгершілік тәрбие бүгінгі қоғамда болып жатқан әлеуметтік - экономикалық және саяси өзгерістер барысында ең басты көкейкесті проблемаға айналып отыр. Музыкалық шығармаларда өмір құбылыстарының сан қырлы бейнеленуі, поэзия мен музыканың өзара байланыста болып, бірін - бірі толықтыра келуі бала жанына жағымды ықпал етеді. Рухани қазынаның мөлдір бастау - бұлағынан жас кезінен нәр ала білген бала адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өседі.

Музыкамен шұғылдану барысында еңбек тәрбиесі міндеттері жүзеге асырылып отырады. Бір жағынан, тыңдалатын музыкалық шығармаларды қабылдау, есте сақтау қабілеттері дамытылса, екінші жағынан, ән салған кездегі дауыс аппараттарының іс - қимылы немесе музыкалық - ырғақтық қозғалыстар жасау сияқты еңбек процестері жүріп жатады. Бұндай іс - әрекеттер өз кезегінде оқушылардың ынта - ықыласымен еңбектенуін, тәртіптілігін, іске деген жауапкершілікті қарым - қатынасын талап етеді, әрі тиянақтылықпен еңбек ету іскерліктерін қалыптастырады.

Ән салу, музыкалық шығармаларды түрлі аспаптарда орындау физиологиялық процесс болғандықтан, балалардың дене тәрбиесіне, денсаулығына жағымды ықпал тигізеді. Осындай іс - әрекетпен жүйелі түрде шұғылдану өкпедегі оттегі алмасуын белсендіріп, дауыс аппаратының, дем алу органдарының шымыр да икемді жетілуіне, жалпы денсаулығының жақсы болуын қамтамасыз етеді. Ән салу, музыка тыңдау адамның тонусын, яғни жүйке жүйесімен бұлшық еттерінің физиологиялық жағдайдағы күш - қуатын арттырады. Музыкалық есту қабілеттерін дамытуға бағытталған жүйелі түрде жүргізілетін жаттығулардың да мәні зор. Ондай жаттығулар жасау барысында оқушылар тек дыбыстардың биіктігі мен ұзақтығын, тембрін, күшін бір мезгілде немесе бірізділікпен сабақтаса естілетін дыбыстар кешендерін ажырату қабілеттерін иеленеді.

Оқушыларды өнерге баулу дүниетанымын кеңейтеді, ақыл - ой қабілеттерін жетілдіреді. Қиялдың, фантазияның дамуы – тәлім - тәрбиенің маңызды жақтарының бірі. Осы ретте бала қиялын шарықтатып, арман - мақсатының өресін биіктетуде шығармашылыққа жетелеуде музыканың маңызы зор.

Жасөспірімнің дамуы туралы ғалымдардың көзқарасы бойынша, өсіп келе жатқан әрбір бала бірнәрсеге икемді, дарынды болып келеді, сол қасиетін дер кезінде байқап, балаға жөн сілтеп әрі қарай дамытатын - мұғалім. Негізі орта мектеппен бірге оқушылардың дарынын тәрбиелеп қалыптастыру мақсатында қосымша білім беру мекемелері де өз үлесін қосады. Сондай мекеменің бірі - Қазалы аудандық Оқушылар Үйі.

«Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, үйірме жетекшісінің ұстанымы да өнерді сүйген өрімтал жастардың ептілігін қалыпқа салып, шығармашылығын дамыту болып келеді. Осыған орай, «Жеке Ән» үйірмесіне қатысушы оқушыларды таңдау кезінде, мәнерлі дауыс, әншілік қабілет, есту және есте сақтау қабілетінің жоғарғы болуы, музыкаға деген белсенді эмоциялық сезім, жақсы дикция, еңбекқорлық, сахналық сырт бейне, жақсы дауыс болу керектігін ескеремін. Осы қабілеттің барлығы бірдей бір баланың бойынан табыла бермейді, біреуі болса, біреуі болмауы мүмкін. Үнемі жаттығудың нәтижесінде олар бір - бірін толықтырып жатады. «Дауыстың сапалық негізі не» дегенге, мен тембр, диапазон, таза дауыс және дауыстың қаттылығы дер едім. Ән айту үшін ең әуелі қалай тыныс алу керектігін үйреніп, дыбыс шығару үшін оны қалай пайдалануға болатындығын біліп алған жөн. Ән таңдауға ерекше мән берілуі тиіс. Дұрыс таңдалмаған репертуар әншінің дауысына кері әсерін тигізіп бұзады. Репертуардың тиімді таңдалуы өз дауысын бағындыруға септігін тигізеді. Алғаш сахнаға шыққан әншіде қобалжу басым болады. Одан құтылудың жолдары: алдын ала қалай болады екен деген артық ойдан құтылу, концертке шығу алдында ұзақ қыдырмау, кітап оқымау, репертуардың қиындығын ойлап өзін тежемеу, шығарда 2 - 4 рет баяу және терең тыныс алған жөн. Өзін бос еркін ұстап, репертуарға тыңғылықты дайындалса ғана қобалжуды жеңе алады. Әр вокалдық жанрда іс - қимылда әр түрлі болады. Қимыл орындайтын шығармаға сай болғаны жөн және мимика тыңдаушыларды қосымша ойлауға әкеліп, дыбысқа мінездемелік сипат қосады.

Әншілік өнерде дауысты дұрыс күте білу аса маңызды. Дауысты зиянды әдеттерден сақтауда: дауысқа сай келмейтін қиын репертуарларды таңдау, айқайлап ән айту, айқайлап сөйлеу, шылым шегу, шаң - тозаңда жүру, өте ыстық және салқын тағамдар ішу, шемішке шағу т. б әдеттерден аулақ болған жөн.
Үйірмеге қатысатын балалардың шығармашылық жағынан көрінуі оның жеке болмысы, мұғалім мәдениеті әр баланың шығармашылық қабілетінің дамуына ықпал етеді. Өнерге қызығушылығы басым балалардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында сабақтар жетілдіріліп, түрлі әдістер қолдану арқылы өткізіледі. Мысалы: зерттеу сабағы оқушылардың жан - жақты ізденуі, шығармашылық сабақ оқушылардың шығармашылығын, қабілеттілігін жан - жақты дамыту арқылы өткізіледі. Осы орайда «Жеке Ән» үйірмесіндегі оқу - тәрбие процесіндегі іс - тәжірибеммен бөліскім келеді. Үйірменің жылдық жоспары екі оқу жылына есептелген. Iоқу жылы - 144 сағат, II оқу жылы – 216 сағатты қамтиды.

Үйірмеге қатысатын оқушылардың жасы әртүрлі, жылдық оқыту бағдарламасын атақты және жергілікті сазгерлердің өмірі мен шығармашылығына байланыстырып, атаулы мерекелерге сәйкестендіре отырып өзгерістер енгізіп отырамын. Үйірмеге қатысушы үйірме мүшелерімен жүргізілген ізденістерім де бүгінгі күні оң нәтижесін беруде оқушыларым аудандық, облыстық, Республикалық, Халықаралық (Әнші балапан, Бозторғай, Ғұмырдария, Асыл мұра, Рауан, Ақкөгершін, Менің туған өлкем, Звонкие голоса Байконура) ән байқауларына қатысып жүлделі орындарды иеленуде. Үйірмеге қатысқан көптеген шәкірттерім кәсіби бағытында осы өнер жолынан таңдады. Ән үйірмесіне қатысып, қазіргі таңда Республикамыздың музыкалық колледждері мен академияларына оқуға түсіп өз білімдерін жетілдіріп кәсібін алып жатқан шәкірттеріміз де бар.

Міне, осындай өнерге жаны жақын дарынды, талантты жастарды үйірмеден кәсіби бағыт алып өміріне сүйікті мамандығы етіп өнерді таңдауы ұстаздық еңбегімнің жанғаны деп білемін. Қазіргі таңда шәкірт жанын түсінетін зерттей білетін ұстаздың білім деңгейі, терең сөйлеу шеберлігі, мәдени деңгейі, шығармашыл ізденісі жоғары ұстаз ғана егеменді еліміздің болашағы балаларды өрге сүйрей алады. «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені ол мектептің жүрегі»,- дегендей ұстаздықтың ұлы жолында шығармашылықпен, ізденумен үлкен нәтижеге қол жеткізе берелік.

Қарымсақова Нағима Көптілеуқызы
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,
Әйтеке би кенті, аудандық Оқушылар Үйінің
«Жеке ән» үйірмесінің жетекшісі
4 190
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Балаларды әсемдікке баулу
Балаларды әсемдікке баулу
Балаларға әдемілік пен әдептілік нышандарын бойларына сіңіре отырып және оларды ұлттық бұйымдар арқылы әсемдікке баулу. Балаларға ұлтымыздың салт - дәстүрін, өнерін бойларына сіңіріп, ұлттық сана-сезімдерін дамытып, балаларды әдептілік пен
Қазақтың ұлттық қолөнері
Қазақтың ұлттық қолөнері
ШҚО, Үржар ауданы, Қаратал орта мектебінде технология, бейнелеу өнері, сызу пәндерінің мұғалімі Жунусов Марат Садырбайұлы
Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында халықтық педагогиканы кеңінен қолдану
Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында халықтық педагогиканы кеңінен қолдану
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Халбаева Дариха Мүсәліқызы
Халықтың мұрасы - физика сабағында
Халықтың мұрасы - физика сабағында
Жамбыл облысы Қордай ауданы Қордай ауылы Балжан Бөлтірікова атындағы № 4 орта мектептің физика пәні мұғалімі: Керімбаева Ләзат Амангелдіқызы
Жаңашыл әдіс - тәсілдер арқылы оқушылардың өнерге деген талғамын және қызығушылығын арттыру
Жаңашыл әдіс - тәсілдер арқылы оқушылардың өнерге деген талғамын және қызығушылығын арттыру
Шымкент қаласы №42 Хамза атындағы жалпы орта мектеп музыка пәні мұғалімі Мараимова Ақбота
Арнау күйімен жұмыс
Арнау күйімен жұмыс
Қазанғап атындағы Саз мектебінің мұғалімі Кемалова Зина Баймырзақызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×