Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47

Елінің ардақтаған Ақаны еді...

01 сәуір 2016, Жұма
Елінің ардақтаған Ақаны еді...
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Сал – серілердің падишасы Ақан сері Қорамсаұлының ертегіге бергісіз жұмбақ өмірінен алған білімдерін тексеру, тереңдету, талдау.
Дамытушылық: Оқулық және қосымша материалдарды (электронды оқулық, интернет, ғылыми – зерттеу еңбектері ) деректерін тиімді пайдалануға, өз ойларын еркін жеткізуге, салыстыра білуге, ой ұшқырлығына баулу және шығармашылық белсенділіктерін шыңдау.
Тәрбиелік: Өнер адамына деген құрмет сезімге, кейіпкер тағдырына ортақтаса білуге, өз ойын тұжырымдауға, басқалардың көзқарасын сыйлауға тәрбиелеу.
Сабақ түрі: дамыта оқыту
Сабақ типі: Бекіту сабағы
Сабақ әдісі: Сұрақ – жауап, ассоцация, сын тұрғысынан ойлау технологиясы
Көрнекілігі: Компьютердегі слаид – кестелер, бүктеме, көркем шығармалар, үлестірмелі қағаздар.
Пәнаралық байланыс: ән

Сабақ барысы
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Ой шақыру. Ән – жұмбақ. Ақанның «Балқадиша» әні орындалады. – Балалар, бұл кімнің әні? Қандай ән?
Мұғалімнің кіріспе сөзі.
- Бүгінгі сабағымыз – «тау – тасты шабыт қылып» қазақ даласын ән мен күйге бөлеген ақиық ақын, сал – серілердің падишасы, елінің ардақтаған аяулы ұлы Ақан Қорамсаұлының ғажайып сырға толы өмірі, әсем де сазды әндері жайлы болмақ..
Сабағымыздың беташарын Күләш Ахметованың мына бір өлең жолдарымен ашуды лайық көріп тұрмын.
Сол Ақан, жүрген жері сайран Ақан,
Жүрегін махаббатқа жайған Ақан.
Өзі жылап өтсе де, қалың елін,
Әнімен әлдилеген қайран Ақан!

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау.
- Ең алдымен, Ақанды кім деп танисыңдар?
Ақан → сері, айтыскер ақын, шешен, әнші, лирик ақын, саятшы, құсбегі, психолог, сазгер

Поэзия минуты. Ақанның қандай өлеңдерін жатқа білесіңдер? (Ақанның өлеңдерін оқушылар мәнерлеп жатқа оқиды)
Суреттер сыр шертеді. – Мына суреттерді көргенде көз алдарыңа не елестейді, Ақан өмірінен не айта аласыңдар? ( Көкшетау. Сал – серілер. Қаршыға. Қыран құс. Тазы ит. Жүйрік ат. Ерейментау. Ару қыздар.
І. Жансүгіров, М. Жұмабаев, Ғ. Мүсірепов, С. Жүнісов портреті. Осы суреттер экранда көрсетіліп тұрады)

Сурет – жұмбақ. - Балалар, мына сурет ( Ғ. Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоқты»пьесасы. 1942 жыл) жайлы не айта аласыңдар? Бұл пьесада Ақан мен Ақтоқты рөлін кімдер ойнайды? (Пьесаның тұсау кесерінде қос ғашықтың бейнесін Шәкен Айманов пен Шолпан Жандарбекова сомдаған )
- Ақан Ақтоқтыдай аруға арнап қандай өлеңдер жазған? - Ақан сүйікті Ақтоқтысына неліктен қосыла алмайды?
- Сонымен, Ақанның сүйікті тақырыбы – дала арулары, сұлу қыздар екенін аңғардық..

ІҮ. Мағынаны тану
1. Өзіндік жұмыс.
Өлеңді топта талдау және төмендегі кестені толтыру:
▪ Тақырыбы
▪ Маңызы, мәні
▪ Лирикалық кейіпкерге сипаттама
▪ Ерекшелігі
▪ Ақын ұстанымы

2. Деңгейлік тапсырмалар
І деңгей
1. Неліктен Ақанның шын аты өзгеріп кетті? (Көп қыз баланың ішіндегі жалғыз ер бала болғандықтан, анасы еркелетіп «Ақан» атап кеткен.)
2. Ақан тума дарын ба, серілік құру дәстүр ме? Дәлелдеңіз. (Ақын тума дарын, өлең - жырға ерте әуестеніп, замандас - құрдастарына арнап өлең де шығаратын болған. Серілік құру дәстүрі бірте - бірте ұмтылып, халық жадында тек Ақан сері, Сегіз сері секілді өнерпаздарға байланысты ғана сақталып отыр.)
3. «Құлагер» өлеңінің оқиға желісін айтып беріңіздер.

II деңгей
1. Ақанға қарсы қоятын тұлға туралы айтыңыздар. Оны әшкерелеу. (Шығармада Ақанға қарсы қоятын тұлға ретінде Ақмола елінің Қуандық руынан шыққан бай, Жүсіп мырзаны айтуға болады. Бәйгеден озбаған атының ашуын Ақаннан алмақ боп оған қарадай соқтығады. Сағынайдың асында Жүсіптің жігіттері Құлагерді мерт қылады. Көзсіз қызғаныш пен көреалмаушылық қашанда қылмысқа итермелейді.)
2. Құлагердің Ақан өміріндегі алатын орны туралы не ойлайсыздар? (Ел болып Құлагердің құнын ұсынғанда, Ақан сері: «Маған байлық, мал - дүние қажет емес, Құлагермен бірге жаным да өлді», - дейді. Ойын мазалаған сан сұрақтың жауабын таппайды. Ақыры тау мен тасты мекен етіп, елден жырақ кетеді.)
3. «Құлагер» өлеңіндегі тарихи жағдайды суреттеңіз. (Шығармадағы Паң Нұрмағамбет – болыс болған адам. Үлкен болысты басқарған. Паң Нұрмағамбеттің әкесі Сағынай. Сағынайдың асы 1876 жылы өтіпті.)

IІІ деңгей
1.«Құлагер» өлеңіндегі қай кездегі өмір шындығы көрсетілген? (Шығармада ХІХ ғасырдың ІІ жартысындаға қазақ еліндегі саяси - әлеуметтік жағдайлар көрсетілген)
2. Зарланған жалғыз Ақан ба? Құлагер басындағы қайғылы жағдайға өз көзқарасың қандай? (Әрине, жалғыз Ақан емес. Сол замандағы әлеуметтік теңсіздік мәселелері қаншама халықтың жанын жаралады. Құлагер өлімі Ақанға ауыр соққы болып тиді, бұл оның басындағы ең ауыр қайғылы оқиға еді. Бұған дейін де Ақан басынан қайғы бұлты арылмап еді.)
3. Ақан өнері бүгінде жалғасты ма? (Халық Ақанның әндерін сүйіп тыңдайды. Әрі оның әндерін еліміздің танымал әншілері орындауда. Жалпы, Ақан өнері де, мұрасы да сақталып, жалғасын табуда деп ойлаймын.)

3. Топтық жұмыс
І топ «Әншілер» тобы Ақанның әндерін орындаушыларды, әндерінің тарихын айту. Ақанның бір әнін орындау керек.
ІІ топ «Ақындар» тобы ақынның өлеңдерінің негізгі идеясын ашып, Ақанға арнап 1 шумақ өлең шығарады.
ІІІ топ «Құлагер» тобы құсбегілік, саятшылық, атбегілік туралы айтады. Ақанның «Құлагер» өлеңі мен Абайдың «Аттың сыны» өлеңін салыстыру

- Міне, балалар! Диірменнің тасындай ойнап тұрған отыз жасында аққудың көгілдіріндей үлбіреген, ару мүсінді Ақтоқтысынан көз жазып қалу Ақанға оңай тимеді. Опасыз жалған өмір тағы қандай сұмдықтарды Ақанның басына үйіп төгеді?

Ақан трагедиясы

- Құлагер
- Тазысы Базаралы
- Қараторғай
- Мылқау баласы Ыбан
- Қаршығасы Көкжендет
- Сүйіктісі Ақтоқты
- Жары Ұрқия
- Салт - сана құрбандары Балқадиша мен Жамал

Басына түскен қайғы – қасіреттің күйігінен шаршаған, жалғыздықтан жабыққан Ақан тау – тасты мекен етіп, оңаша өмір кешеді. Табиғатпен сырласып, күңірене ән салады. Өзімен - өзі ыңылдап, тау – тасты кезіп жүрген серіні елі «пері» атандырады. «Тұсында сері болсын, пері болсын, Ұнайды өмірімен Ақан маған» деп жырлаған қазақ поэзиясының жүйрігі, Ілияс Жансүгіров Ақанның аянышты тағдырын өзінің қандай шығармасына арқау етеді?

4. Үлестірмелі қағаздағы тапсырмалар.
1. І. Жансүгіров поэманы неге Ақан сері емес, Құлагер деп атады деп ойлайсыңдар?
2. Ақанның осындай аянышты тағдырына кім кінәлі деп ойлайсыңдар?
3. Ақан – Ілияс – Кұлагер тағдырларынан қандай ұқсастық байқадыңдар?

Ү. Ойтолғаныс
«Ақан аты - ән қанаты» атты ойтолғау жазу.

ҮІ. Қорытындылау
Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді,- дегендей, Ақан сері бабамыздың асқар тұлғасы мәңгі – бақи кербез Көкшетаудай биік болып, Ақан әндері Сарыарқаның ерке самалындай жанымызды жадырата бергей деген сөздермен сабағымызды аяқтаймыз.

ҮІІ. Бағалау.
ҮІІІ. Үйге тапсырма:
1. Ақан өмірінен алған әсерлерін хат түрінде жазу.
2. Ақан өлеңдерін көркемдік ерекшелігіне қарай талдау.
3. Ақан өлеңдерінен ақыл – нақыл, қанатты сөздерді теру.

Қызылорда облысы, Шиелі кенті,
№219 Ы. Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Бимұратова Нұрсәуле Қалдыбекқызы

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.
2 134
0
0 дауыс
Оқи отырыңыз
Ерліктің арқауы, Елдіктің бастауы – қазақ хандығы
Ерліктің арқауы, Елдіктің бастауы – қазақ хандығы
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Аудандық Оқушылар Үйі «Өлкетану» үйірмесінің жетекшісі Алишева Жанаркуль Журсиналиевна
Тұйық етістік
Тұйық етістік
Тұйық етістік туралы кең көлемде мағлұмат беріп, кейбір ерекшеліктерін түсіндіру; Әр түрлі халықтардың ұлттық ойындары арқылы оқушылардың бойына құрмет, туған жерге деген құрмет, ізеттілік қасиеттерін дарыту;
Тасымал, Сен бақытты ұлансың. М. Қуанышбеков
Тасымал, Сен бақытты ұлансың. М. Қуанышбеков
Оқушыларды сөздерді буынға бөлу арқылы тасымалдауға үйрету. Тасымал жолдарымен таныстыру.
Сан аралықтары
Сан аралықтары
теңсіздіктер шешімін сан аралығы арқылы жаза білуге, сан аралықтарының атын білуге және координаталық түзуде сан аралықтарын кескіндей білуге үйрету.
Математика сабағында қиындығы жоғары есептерді шығарудың тиімді жолдары
Математика сабағында қиындығы жоғары есептерді шығарудың тиімді жолдары
Математика сабағында қиындығы жоғары есептерді шығарудың тиімді жолдары
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.