Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47

Ыбырай Алтынсарин – шағын әңгіме шебері

28 сәуір 2016, Бейсенбі
10 - сынып
Тақырыбы: Ыбырай Алтынсарин – шағын әңгіме шебері
Мақсаты: Оқушылардың Ыбырай өмірі мен шығармашылығын қалай меңгергендігін пысықтау, әңгімелерінің тақырыбын ашу, оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту.
Міндеттері:
1. Ыбырай Алтынсарин әңгімелерінің тақырыбын талдап, түсіндіру.
2. Оқушылардың шығармашылық қабілеттері шыңдау, ойын ашық айта білуге және шығарманы тілдік ерекшелігіне талдау.
3. Өз пікірін қорғайды, өзгенің пікіріне құрметпен қарайды. Оқушылар адалдыққа, еңбексүйгіштікке, жақсы жолдас бола білуге тәрбиелеу.
Сабақтың типі: Жаңа тақырыпты меңгерту
Түрі: «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясы
Әдіс - тәсілдер: «Топтық жұмыс», «Рөлдегі оқушылар»
Сабақтың барысы:
Сабақтың мақсатын айту.
- ХІХ ғасырдың 2 - жартысы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген әдебиет өкілі Ы. Алтынсариннің шығармалары бойынша алған білімдеріңді сарапқа салу мақсатында өткізіліп отырған сабағымызда әңгімелеріне талдау жасағанда өз ойларыңды ашық айта біліңдер, қойылған сұрақтарға толық жауап беріп, сабақта еркін отырыңдар.

І. Қызығушылықты ояту
Ыбырай шығармашылығы туралы видео көрсету

Үйге берілген тапсырма Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына шолу, өлеңдері
« Өнегелі өмір»слайд арқылы көрсету
Ыбырай – ақын, жазушы, аудармашы, ұстаз, фольклоршы, тұңғыш оқулық авторы, этнограф. Ыбырайдың сан қырлы шығармашылығы туралы сұрау.

«Даталар сөйлейді» тапсырмасы. (Слайдтағы сандар арқылы Ыбырайдың өмірбаяны мен шығармашылығын айтып беріңдер)
1841, 1850, 1857, 1859, 1860, 1864, 1876, 1876, 1879, 1881, 1879 – 1883, 1883, 1887, 1889

«Өлең – cөздің патшасы» кезеңінің тапсырмасы
Ыбырайдың қай өлеңінен алынған үзінді?
1. Кім сендерді, балалар, сүйетұғын,
Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйетұғын. (Ананың сүюі)
2. Сәуірде көтерілер рақмет туы,
Көрінер көк жүзіне қаз бен қуы. ( Жаз)
3. Ата – анаңды өнер білсең асырарсың,
Надан боп, білмей қалсаң аһ ұрарсың(Балғожа бидің баласына жазған хаты)
4. Ай, тақсыр, бұл дүние өтер – кетер,
Мал иесі де артыңнан қуып жетер. (Залым төреге)
Ыбырай өлеңдерінің тақырыптары: табиғат, оқу - білім, әлеуметтік теңсіздік

Сергіту сәті

Топқа бөлу
Ыбырайдың үш өлеңі бойынша топқа бөлу.
1. Кел, балалар, оқылық!
2. Өнер - білім бар жұрттар
3. Өзен

1. Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей - ақ табылар.
2. Өнер - білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып - жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай

3. Таулардан өзен ағар сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта
Аралап тау мен тасты арқыраған.
Көңілің суын ішсең ашылады,
Денеңде бар дертіңді қашырады.
Өксіген оттай жанып жануарлар,

ІІІ. Жаңа сабақ
- Бүгін Ыбырайды шағын әңгіме шебері ретінде яғни прозалық шығармаларына тоқталамыз. Ыбырай құрастырған тұңғыш оқулық «Қазақ хрестоматиясының» бір бөлімі өзі жазған шағын әңгімелерден тұрады.
- Алдымен, әңгіме дегеніміз не?
Әңгіме - қара сөзбен жазылған, шағын көркем шығарма.
З. Қабдолов: «Әңгіме – шағын көлемді эпикалық түрдің айрықша белгісі» - десе,
Гёте: «Новелла – бұрын-соңды құлақ естімеген тамаша оқиға туралы шындыққа сиымды әңгіме» - деді.
А. С. Пушкин: «Ең парасатты проза - дәл және қысқа жазылған проза» - деді. Ыбырайды біз «қазақ балалар әдебиетінің атасы, әңгіме шебері» деп сондықтан атаймыз

Ыбырай - қазақ әдебиетіндегі көркем проза саласының негізін салушы, Европалық үлгідегі шағын көркем шығарманы қазақ оқырманына тұңғыш әкелуші. Төменгі сыныптарда біз Ыбырайдың біраз әңгімелерімен танысқанбыз.

Топтық жұмыс. «Рөлдегі оқушылар» стратегиясы
1. Әр топ берілген мәтін бойынша рөлге бөлініп, қойылым көрсетеді.(басқа топ мүшелері бағалап, қай әңгіме екенін табады, тақырыбын, идеясын ашады)

Бақша ағаштары
Жаздың әдемі бір күнінде, таңертең бір төре өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштары мен гүл жапырақтарын көріп жүрді. - Мынау ағаш неліктен тіп - тік, ана біреуі неге қисық біткен? - деп сұрады баласы. - Оның себебі, балам, анау ағашты бағу - қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса өсіп. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен,- деді атасы. - Олай болса, бағу - қағуда көп мағына бар екен ғой,- деді баласы. - Бағу - қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым; мұнан сен де өзіңе әбірет алсаң болады; сен жас ағашсың саған да күтім керек; мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің, бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің,- деді.

Сараңдық пен жинақтылық
Бірнеше тәуір кісілер бір жетім - жесір қалған үй үшін жылу жиямыз деп, әр үйге қыдырып барып жүріп бір байдың үйіне келсе, бай жұмыскеріне бір кішкентай жіпті жаңбырда ұмытып, далада қалдырыпсың деп, қатты ұрысып тұр екен. Ұрысып тұрып айтады: - Сен білмейсің ол кішкентай ғана жіп те болса, малға сатып алынған нәрсе, малдың табылуы оңай емес,- деп. Мұны есітіп, көріп, әлгі жолаушылар өзді - өзі сөйлесті: «Бір жаман жіпті далада ұмытып қалдырдың деп сонша кейіп тұрған адам бізге ешнәрсе бере қоймас, аузымызды ауыртпай, келген ізімізбен қайталық». Ішінде біреуі айтты: - Неміз кетіп барады, келген соң бұған да айтып кетелік. Бұл сөзбен байға келіп, сәлем берді. Бай бұларды әдеппен үйіне кіргізді. Сонан соң келгендердің жұмысын есітіп, сол жердің өзінде бөтендерге қарағанда екі өсе ақша шығарып берді және мұнан басқа төрт - бес қап астық беремін деп уәде етті. Мұнысын керіп жолаушылар таңданып отырды да, өздерінің далада байды сараңға қойғандарын айтысты. Сонда бай айтты: - Аз нәрсені азсынбай, қадірін біліп жинағаннан осындай кем - кетікке жәрдем беруге қолым жетісті; жинақтылық - сараңдыққа қосылмайды,- деді дейді

Мейірімді бала
Сейіт орам үстінде жүгіріп бара жатқанда, бір арбалы келіп, аңдаусыз соғып кетіп, аяғын сындырыпты. Ойбайлап жылап жатқан баланы көріп шошынғаннан шешесі есінен танып қалыпты. Мұны көрген соң, Сейіт жыламақ түгіл, сынған аяғын орнына салып танып жатқанда да дыбысын шығармай, қабағын да шытпай жатты. Сонда сынықшы кісі: - Аяғың ауырмай ма, қабағыңды да шытпайсың? - деп сұрады. Сейіт, шешесі шығып кеткен соң, демін алып, сынықшыға сыбырлап айтты дейді: - Ауырмақ түгіл жаным көзіме көрініп тұр, бірақ менің жанымның қиналғанын көрсе, әжем де қиналып, жүдемесін деп, шыдап жатырмын,- деді.

Сергіту сәті
« Шешсең жұмбақ, сергисің бір уақ».
1. Шешесі мәсісін кигенше, қызы Мәскеуге барып қалды.
2. Әкесі ұлын көтереді, ұлы бөрігін көтереді.
3. Ақ қойым тұрып кетті,
қара қойым жатып қалды.
4. Құдайдың құдіреті көп тұрар, бір кесенің ішінде екі түрлі сүт тұрар.
5. Екі тері,
екеуі де тең тері.
6. Жол үстінде – июлі қайыс.
7. Кішкене ғана безер дүниені кезер

Жауаптары:
1 – түтін
2 – үй керегесі, уық, шаңырақ
3 – қар мен жер
4 – жұмыртқа
5 – аспан, жер
6 – жылан
7 – ақша

Топтық жұмыс
« Баланың айласы» әңгімесі 3 топқа да беріледі
Бір әлім адам жапанда келе жатып, аяғы астында бір үлкен тасқа сүрініп жығылып, ойлады: бұл тас адамға зиян келтіретін тас екен, жолдан алып тастайын деп. Сол оймен тасты көтеріп еді, астынан бір сандық шықты, сандықты ашып еді, ішінен бір жылан шығып, шағамын деп әлімге ұмтылды, әлім айтты:
- Мен сені қараңғы, тар жерден, тұтқыннан шығардым, жақсылыққа жамандық бар ма?
Жылан айтты: - Бар.
Әлім айтты:
- Олай болса біреуге жүгінелік, төре саған тисе шағарсың,- деп.
Жылан да бұл сөзге тоқтап, екеуі келе жатып, түйеге жолықты. Түйеге бұлар істерінің мәнісін айтып еді, түйе айтты:
- Жақсылыққа жамандық бар; не үшін десеңіз: мен адамның қанша ауыр жүгін, мүлкін тасып, өмірімше қызмет істесем де, адам қай уақытта шамамнан тысқары жүк артады да, жүре алмасам ұрып - соғып ренжітеді. Жылан мұны есітіп, әлімнің мойнына бір оралды. Мұнан шығып жеміс ағаштарына келіп жүгінді. Бұл ағаш та айтты:
- Жақсылыққа жамандық бар; не үшін десеңіз: менің жемісіммен қанша адам күн көріп пайдаланып тұрса да, жемісімді жан ауыртпай қолымен алмай, түбімнен қатты орып, жемісімді жерге түсіріп алып жейді,- деді. Жылан әлімнің мойнына тағы бір оралды. Онан кетіп бір итке жолығысты. Ит те айтты:
- Жақсылыққа жамандық бар, мен иеме қанша түн - күн ұйықтамай мүлкін, малын, өзін бағып қызмет қылып едім, ақырында мен қартайып аурулы болған соң, таяқтап ұрып мені қуып жіберді,- деді.
Жылан және бір оралып, енді шағамын деді.
Әлім айтты: - Енді тағы біреуге - ақ жүгінейік, төрелік тағы саған тисе, шаға бер. Сонан шығып бір топ ойнап жүрген балаларға келді. Ішінде бір бала әлімге сәлем берді. Әлім сәлемін алып, сол балаға істерінің мәнісін айтты. Бала есітіп болып:
- Әй, ата, бекер сөйлейсің осы қолыңдағы кіп - кішкентай қобдиға мойныңа үш оралған әйдік жылан сыюшы ма еді? – деді. Сонда жылан да айтты: - Бұл сөз рас,- деп.
Бала тіпті нанбады, «бұл сөзге көзбен көрмей кісі нанып болмас» деп. Сонда жылан баланы нандыру үшін иіріліп барды да, манағы қобдиға кіріп жатты. Бала сонда тарс еткізіп сандықты жауып бекітті де, Әлімнің қолына берді, «апарып алған орнына қойыңыз» депті.
(Әлім сөзі дін ілімінің маманына қатысты қолданылады).

1 - топ. Баяндаушы - әңгімеге мазмұндық жоспар құрады, мазмұнын қысқаша баяндайды.
2 - топ. Зерттеуші - кейіпкерлер әлемі және әңгіменің тақырыбы мен идеясына тоқталады.
3 - топ. Дәнекер - бүгінгі өмірмен байланыстырады.

- Сонымен, біз бүгінгі сабағымыздан не түйдік?
Ыбырай әңгімелерінің тақырыбы

Адамгершілік тақырыбы
Еңбек пен өнерге баулу

Әңгімелерінің ерекшеліктері:
- Оқып түсінуге жеңіл;
- Көлемі шағын;
- Сюжеті тартымды;
- Тәрбиелік мәні зор.
Бекіту. Постер қорғау
1 – топ « Ыбырай – ұстаз»
2 – топ « Ыбырай – ақын»
3 – топ « Ыбырай – шағын әңгіме шебері»

Үйге тапсырма: «Ыбырай әңгімелеріндегі адамгершілік мәселесі» тақырыбында шығарма жазу

Бағалау парақшасы
Оқушының аты:
Сыныбы:
Егер сұраққа «иә» деп жауап берсеңіз( + ) белгісін, « жоқ» деп жауап берсеңіз ( - ) белгісін қойыңыз.
Сұрақтар --------------------------------------------------------------------------------------- жауап
1. Ыбырай шығармашылығы туралы кең мағлұмат алдыңыз ба?
2. Ыбырай өміріне қатысты даталарды білдіңіз бе?
3. Ыбырай өлеңдерін жатқа білесіз бе?
4. Бүгінгі сабақта қойылымға қатыстыңыз ба?
5. Қойылымға байланысты өз идеяңызды қоса алдыңыз ба?
6. Ыбырай әңгімелерін бүгінгі өмірмен байланыстыра аласыз ба?
7. Берілген әңгімелердің мазмұнын түсініп,
тақырыбы мен идеясын аша алдыңыз ба?
8. Бүгінгі сабақ ұнады ма?
9. Сіз сабақта белсенді бола алдыңыз ба?

Атырау облысы, Атырау қаласы,
№8 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Бисекенова Бибігул

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.
5 052
1
9 дауыс
Оқи отырыңыз
Мекен үстеуі
Мекен үстеуі
Мекен үстеулері негізінен етістікпен тіркеседі. Ілгері, кейін, әрі, бері, әрмен, мұнда, осында, жоғары, төмен, сонда, жолшыбай, тысқары, алға, алда, артта, жол - жөнекей, тұс - тұстан, алды - арты, арттан.
«Сабырсыз, арсыз, еріншек» Абай Құнанбаев
«Сабырсыз, арсыз, еріншек» Абай Құнанбаев
Ұлы ақын А. Құнанбаевтың шығармашылығымен таныстыра отырып, өлеңнің негізгі идеясын ашуға үйрету. Адам бойындағы жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ ұстауға баулу.
Қасым Аманжолов өмірі мен қызметі. «Өзім туралы» өлеңі
Қасым Аманжолов өмірі мен қызметі. «Өзім туралы» өлеңі
Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы жайында түсінік беру, ақын тілінің ерекшелігін танытып, өлеңнің тақырыбы мен идеясын анықтау.
Буын және оның түрлері. Ойлы болсаң, озып көр!
Буын және оның түрлері. Ойлы болсаң, озып көр!
Буын дегеніміз – сөз құрамындағы бір немесе бірнеше дыбыстардың тобынан жасалған фонетикалық бөлім.
Ыбырай Алтынсарин «Өзен»
Ыбырай Алтынсарин «Өзен»
Оқушыларды қазақтың педагог – ағартушысы Ы. Алтынсариннің өмірі және шығармашылығымен таныстыру, өзеннің адам өміріндегі маңызы жайлы түсінік беру, оқу дағдыларын жетілдіру, мәнерлеп оқуға үйрету.
Пікірлер (1)
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
gulsharatji
gulsharatji Қонақ 7 мам 2016 00:38
0
Сабағыңыз өте ұнады. Әсіресе топтық жұмыс бөлімінің тапсырмалары оқушыларды шығармашылыққа жетелеуде көмегі тиер деп ойлаймын. Рахмет сабағыңызға. Осындай құрылымдағы сабақтар көптеп болса, өте тамаша болар еді.