ойын сауық отауы
Көктемгі жүктілік. Болашақ аналарға
23.03.2017 2 412 0 Дауыл

Көктемгі жүктілік. Болашақ аналарға

Денсаулық
Көктемгі жүктілік. Болашақ аналарға.
Көктем – жыл мезгілінің ерекше уақыты. Көгілдір аспан, нұрын шашқан күн, сайраған құстардың дауысы.... Әрбір адам өзін қайта жаңарғандай сезінеді. Өмір қайта басталып келе жатқандай көрінеді. Сонда да көктем мезгілінде көпшіліктің денсаулығы сыр беріп жатады. Маусымдық ауысым әсіресе аяғы ауыр әйелдердің денсаулығы үшін қолайсыз болуы мүмкін. Көктем мезгілінде болашақ ананың иммунитеті төмен болатынын дәрігерлер де растайды. Сондықтан аяғы ауыр келіншектер көктем мезгілінде өмір сүру салтын бақылауда ұстауы қажет. Ең бастысы неге назар аудару қажет?

Киім-кешекті дұрыс таңдаудан бастайық.

Неге киім - кешек дейсіз бе? Өйткені, күн сәл жылына бастаса, қалың қыстық киімді дереу шешіп тастағанша асығамыз. Аяғы ауыр әйелдер үшін ол тіпті артық жүк секілді сезіледі. Жүкті әйелдерде дененің жылу бөлу регуляциясы өзгеру әсерінен, аздап күн жылына бастаса ыстықтап жатқандай жалған сезіну әсер пайда болады. Күннің әлсіз жылуына алданып, көктемнің салқын желінен суық тигізіп алуыңыз әбден мүмкін. Денсаулығыңызға абай болыңыз! Себебі сіздің ішіңізде толықтай сіздің көңіл-күйіңізге бағынышты кіп-кішкентай шарана өмір сүруде. Сонымен қоса, биік өкшелі аяқ-киімнен де бас тартыңыз.

Авитаминоз

Жазғытұрым, көптеген адамдар дәрумен жетіспеушілігін сезіне бастайды. Бұл адамда әлсіздік, тез шаршау арқылы көрініс береді. Тері құрғап, шаш, тырнақ сынғыш бола бастайды. Ал, жүкті әйелдер дәруменді екі есе көп қажет етеді. Әрине, дәрігердің қабылдауында болған күннен бастап дәрумендердің тізімі жазылып беріледі алайда, тамақ рационында да көкөністер көп болуы қажет.
Күннің көзі көріне бастасымен бет терісінде пайда болатын дақтар туралы айтпай кетуге болмас. Күннің әсерінен D дәрумені түзіледі, онсыз кальций сіңірілмейді, сондықтан тіршілік үшін күн радиациясы өте қажет. Дәрумендерге бай тағамдар тұтыну бет терісіндегі дақтарды азайтуға көмектеседі. Көктемде өсетін барлық көкөністерді жеуге болады. Ерте көктемде құрамында химиясы жоқ көкөніс өнімдерін таңдаған дұрыс. Өз бақшаңызда өсетін көкөністер болса тіпті тамаша. (көк пияз, шавель, ақжелкен т. б.). Сәл кейінірек, шалғам (редиска), шие (черешня).... Мұндай дәмді тағамдарды сізбен бірге ішіңіздегі бала да сүйсіне жейді. Сіз қандай тәтті - дәмділер жесеңіз – сіздің ішіңіздегі шаранаға да барады – мұны үнемі есте ұстаңыз.
Егерде бет терісінде дақ тіпті көбейіп кеткен жағдайда дәрігерге барыңыз. Дерматолог маманмен ақылдасып жүктілік кезінде рұқсат етілген бет терісін қорғайтын иісмай (крем) қолдануыңызға болады.

Аллергия

Аллергия ана мен қоса іштегі баланы да тітіркендіреді: 24 апталық шарананың ағзасында аллергендерге қарсы антиденелер пайда бола бастайды. Ана бойына сәуір, мамыр айында біткен балалардың 10% - ның кейбір өнімдерге аллергиясы болады екен. Сондықтан мұқият болған жөн! Мұрын ағу, түшкіру, теріде қызыл дақтар, терінің қышуы болған жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралуы керек. Жүкті әйелдің ағзасы бұрын тітіркенбеген кейбір қоздырғаштарға тітіркене бастауы мүмкін. Мысалы: тамақ өнімі, гүлдің иісі, шаң, үй жануарларының жүні т.б. Оның ары - қарай созылмалы күйге ұласып кетпеуі үшін мұндай аллергия туғызатын қоздырғыштардан аулақ болуы қажет.

Созылмалы аурулар

Жазғытұрым ағзаның әлсіреуінен бұрын толық емделмеген аурулар бас көтеруі мүмкін. Көктем мезгілінде көбіне асқазан - ішек жолдары мен несеп жолдарының аурулары қоза бастайды. Егер қыстың күні осы жағына көңіл бөлмеген болсаңыз, енді көңіл аударуыңызға тура келеді. Егер мазалаған бір жай болса дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмаңыз. Сәуір, мамыр айындағы маусымдық өзгеріс метеотәуелділік болуы да мүмкін. Дәрігермен ақылдасыңыз!
Керекті анализдерді тапсырып нәтижесіне көз жеткізіңіз.
Сіздің тұтынатын азық-түліктеріңіз ауруыңызға шипасы болуымен қатар, ұстанатын диетаңыз жеңіл болуы керек. Біз жоғары бөлімде айтқандай: жылы киініңіз, (әсіресе беліңізді жылы ұстаңыз).

Көктемгі депрессия

Күзгі, қысқы депрессиямен қатар көктем мезгілінде де депрессия болады. Аяғы ауыр әйелдер үшін бұл әбден мүмкін. Гормондық өзгерістер, ағзаның маусымдық қайта қалыптасу, іштің өсуінен салмақтың артуы, магниттік дауыл – аталғандардың бәрі болашақ анаға әсер етпей қоймайды. Тіпті дені сау ананың өзі бұрынғы сәнді киімдері мен ап-арық әдемі қалпын аңсаудан да көңіл-күйі түсіп кетуі ғажап емес.
Көңіл-күйді үнемі түсірген не нәрсе екенін анықтап алып, оның орнын көңілді көтеретін және сергітетіндей етіп алмастыру керек.
Біріншіден, мұндай жағдай сізде орын алған жағдайда, өзіңізді аяңыз. Сіздің жақындарыңыз сізді жұбатуы тиіс (құпия болсын, тіпті сізде ешқандай қиындық орын алмаса да, жақындарыңыздың қолдап, қошеметтеуін шынымен қажет етесіз). Егер көңілсіз жағдайда болсаңыз оны күйеуіңізге айтыңыз, мүмкіндігінше сізге қамқорлық көрсетсін. Өйткен мұндай кезде көп келіншектердің көңілі жаралы келеді, жақындарымен күйеуінің қолдап, қошеметтеуінен жүрегіне тыныштық орнап, бойына күш алады. Түрлі тәжірибелер мен теорияларға сүйенетін болсақ, ананың көңіл - күйі іштегі шаранаға тікелей әсер етеді. Ана мұңайып, күйзеліске түскен сайын іштегі бала да оны сезінеді.
Екіншіден, өзіңізді қолға алыңыз, уақытты дұрыс өткізуді ойластырыңыз. Мысалы, әр күнге график жасаңыз, оның бұлжытпай орындауға тырысыңыз. Қатаң күн тәртібін ұстана отырып, сіз өз ойыңызды басқара білесіз және уайым - қайғыға беріле бермейсіз.
Үшіншіден, шамаңыз көтеретін дене жаттығуымен айналысыңыз. Дене шынықтырудың пайдасы туралы қайталап айта беру қажет емес деп ойлаймын, оның пайдалы екенін бәрі біледі. Сонымен қоса, көп оқыңыз, сурет салыңыз, кесте тігу, тоқыма тоқыңыз, әдемі әуен тыңдаңыз, жағымды картиналар немесе суреттер қараңыз, таза ауада көбірек серуендеңіз. Мұны «салауатты өмір салтын ұстана отырып өмір сүру» деп атауға болады.
Төртінші, ұйқыңыз қанық болсын. Ұйқының өзін бір бөлімге бөлудің өзінен түсініп отырған боларсыз. Ұйқының адамдар үшін әсіресе аяғы ауыр келіншектер үшін маңызы зор. Күніне 8 - 9 саған қалыпты ұйқы болуы қажет, қалап жатса одан да көп.
Десе де, жүкті әйелдер үшін көктем – тамаша уақыт!
Табиғат ана оянып, айналаңыз күннен-күнге әдемілене түсуде: көктемгі күн жерді қыздырып, табиғаттағы бар тіршілік иелері оянып, қызғалдақтар жер - анадан күш алып, жапырақтарын жайып, күлтешелерін көтеріп, күнге қарай қол созады. Себелеп өткен жылы жаңбыр гүлдің жапырақтарын аймалап жуып, шаңын кетіреді. Гүлдер жерді көріктендіреді, адамға жақсы көңіл - күй сыйлайды
Сіз адам айтқысыз, ерекше қуанышты сезінесіз, көп ұзамай бөпеңіз осынау жарық дүние есігін ашады. Бұл қуанышты сіз ғана емес сіздің жақындарыңыз да асыға күтуде. Біз де оны күтудеміз, сіздің ұлыңыз немесе қызыңызсыз мына әлем толық емес тіпті бос секілді көрінеді.

Дайындаған: Асыл

Үйді жайлы етіп безендіру. Үйді жайлы етіп безендіру.
Үйдегі жайлы атмосфера өте маңызды. Жайлы тұрғын үйде демалу, жұмыс жасау қолайлы, өзіңді еркін сезіну мен қатар жаныңа жылылық береді. Үйдің жайлы
Д дәрумені және Күн көзі. Д дәрумені және Күн көзі.
Д дәрумені және Күн көзі. Мектеп кезінен бастап есімізде, күн сәулесінің әсерінен адам ағзасында Д дәрумені түзіледі. Біздің ағзамыз үшін бұл
Ең сұлу әйел – жүкті әйел Ең сұлу әйел – жүкті әйел
Ең сұлу әйел – жүкті әйел деп жатамыз. Иә, дүниеге ұрпақ әкелу - Алланың әйел затына берген ең керемет нығметтерінің бірі. Жауапкершілікті талап
Көктем Көктем
Күн жылына бастады, көктем келді, Ұнатамын бетімен өпкен желді. Шартылдайды найзағай көк аспанда, Салып жатыр қып - қызыл отпен белгі.
Көктем де келер Көктем де келер
Көп кешікпей көктем де келер енді, Көгеретін тіршілік көгереді. Қу бұтағы арса - арса кәрі еменге, Келер көктем, білмеймін, не береді?
Бәйшешек - көктем жаршысы Бәйшешек - көктем жаршысы
Бәйшешек – өте әдемі көктемгі гүл, бәйшешекті «көктем жаршысы» деп те атайды.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×