ойын сауық отауы
Құдайтану баяны: Нирвана өзгермейді, мәңгі, жоғалмайды, қозғалмайды
23.03.2022 620 0 Admin

Құдайтану баяны: Нирвана өзгермейді, мәңгі, жоғалмайды, қозғалмайды

Дін
Құдайтану баяны
Әуелгіде (жалғасы бар)
Карма адамдарды қайта туулардың тұйық шеңберіне, қайталанбалы өмірлердің азапты айналымына қуып тықты. Егер адам өзінің қарақан басының қамын күйттеген әдеттерінен арылса, оның тағдыры да өзгереді. Будда қайта туулар шеңберін шамның отымен салыстырған; ол жаңа шырағдандарды жалыны өшкенше тұтатады. Егер өлім аузындағы адамның жанында әлі де қате түсініктердің қоламтасы бықсып жататын болса, ажал ізінше келесі шамды жағып береді. Егер от сөнсе, онда азап шеңбері ұзынынан жазылып, адам нирванаға жетеді. «Нирвананың» сөзбе - сөз аудармасы – «өшу», «сөну». Бірақ бұл тек азаптан құтылу ғана емес, буддизмде нирвана басқа діндердегі секілді, құдайды білдіреді. Осы Жоғары Ақиқат туралы айтқанда, буддистер Құдайға сенім дәстүріне тән мынадай сөздер мен символдарға жүгінеді:
«Нирвана өзгермейді, мәңгі, жоғалмайды, қозғалмайды, жас мөлшері белгісіз және ажалсыз; ешқашан да пайда болмаған және жойылмайды. Бұл қуат, ләззат және бақыт, сенімді баспана және алынбас қамал. Бұл Ақиқаттың нақ өзі және жоғары Болмыс. Бұл берекет, ұлы мақсат, өміріміздің жалқы да жалғыз ақыры мәңгі, қастерлі және танылмайтын Тыныштық».
Кейбір буддистер мұндай теңеулерге қарсы дау айтады: олардың пікірінше, «құдай» идеясы арғы әлемдік Ақиқаттың айқындамасына тарлық етеді. Әдепкі діндерде «құдай» адамнан көп айырмашылығы жоқ болмысты білдіреді, ал Будда болса, упанишадтардың данышпан авторлары сияқты, нирвананы ақылмен өлшенетін категориялар арқылы анықтаудың не бағалаудың мүмкін емесін айтады, өйткені оның бербетілік адам өмірімен ортақ ештеңесі жоқ. Нирванаға жету әдетте христиандардың ойлайтыны секілді, «жаннатқа кіру» емес. Будда әркез нирван және басқа да негізгі ұғымдар туралы сұрақтарға жауап беруден бас тартып отырған, себебі осы орайда кез келген сауал «орынсыз» және «дұрыс емес». Нирванаға анықтама беру мүмкін емес, өйткені біздің тіліміз бен ойымыз сезімдер мен үздіксіз өзгерістер әлеміне байланған. Өз басынан кешіру – жалғыз сенімді «дәлел» осы. Будда шәкірттері нирвананың барына күмән келтірмеген, себебі олар дұрыс өмір салты арқасында, оны анда - санда бастан кешіру мүмкіндігіне ие болған.
«Әй, монахтар, Ол туылмаған, өлмейді, жаралмаған, құралмаған бар. Егер, әй, монахтар, сондай бір туылмаған, өлмейтін, жаралмаған, құралмаған болмаған болса, туылған, өлетін, жаралған, құралғаннан құтылу да жоқ еді. Бірақ туылмаған, өлмейтін, жаралмаған, құралмаған бар болғандықтан, туылғаннан, өлетіннен, жаралғаннан, құралғаннан да құтылу бар».
Монахтарға нирвананың болмысы туралы дауласудың керегі жоқ еді. Будданың жәрдемі жалғыз нәрсемен шектелді: «қарсы жағаа» өтуге оларға қайық берді. «Нирванаға жеткен адам өлімнен кейін өмір сүруін жалғастыра ма?» - деп сұрағанда, Будда: «Бұл – «қате» сұрақ. Өшкен соң жалынның қайда кеткені бәрібір емес пе?» - деп жауап берген. «Будда мүлде болмаған» деген сияқты, «Будда нирвананың ішінде бар» деу де қателік: «бар болу» сөздерінің біз тани алатын бірде - бір халге қатысы жоқ. Бір қызығы, талай ғасыр өткен соң, яһудилер, христандар мен мұсылмандар Құдайдың «бар болуына» қатысты сұраққа дәл осылай жауап берген. Будда біздің ақылымыздың тани алу қабілеті шегінен тысқары ақиқатты тіліміз сипаттай алмайды дегенді ұғындыруға тырысқан. Әрине, ол ақылды жоққа шығармады, керісінше, айқын да нақты ой мен нысанаға дөп тиетін сөздерді ұнатты. Түптің түбінде, Будда жеке құдайтанымның немесе өзі ұстанған ғұрыптар тәрізді наным - сенімдердің еш мәні жоғын байыптады. Олар ақыл - есіңізді үйіріп әкетуі мүмкін, бірақ маңыздысы бұл емес, дұрыс өмір сүру ғана: осы жолға түссеңіз, Дхарманың шындық екеніне көзіңіз жетеді, тек бір «әттең - айы» бұл ақиқатты логикалық ұғымдармен түсіндіріп бере алмайсыз.
Ал көне гректер болса, дәл осы логика мен ой машығына ерекше ынта қойған. Платон (шамамен б. д. д. 428 - 348) өмір бойы эпистемология мәселелері дәне даналық табиғатымен шұғылданған. Оның ертеде жазған еңбектері қитұрқы сауалдарымен халықтың ойын қозғап, тілін ұштаған Сократты (б. д. д. 399 ж. Сократ әдепсіздік жасаған және жастарды дұрыс жолдан тайдырған деген жаламен өлім жазасына кесілген болатын) қорғауға арналды. Платон көбінесе үнді халқының тарихына ұқсас жолмен жүрді: өзі мәнсіз және зиянды деп тапқан көне мейрамдар мен діни мифтерге қарсы шықты. Сонымен бірге Платонның көзқарастарына б. д. д. VI ғасырда өмір сүрген, Грекияға Парсы мен Мысыр арқылы енген үнді дүниетанымымен таныс болуы әбден мүмкін философ Пифагордың еңбектері де ықпал етті. Пифагордың ойынша, жан – күнәға батып кірленген құдай, оған – табытқа салынғандай – тәнге қамалып, үзіліссіз қайта туулар айналымында қалу бұйырған. Ол әрдайым бүйірімізді жылыта бермейтін мына әлемге деген күллі адам баласының жатсыну сезімін алғаш рет аңғартып өтеді. Пифагор: «жанды ғұрыптық тазалау арқылы азат етіп, оны әлем заңдарымен үйлесімділікке жеткізуге болады» деп үйреткен. Платон да көзге көрінетін әлемнен тысқары бұлжымайтын құдайлық шындық барына, ал жан соның бір бөлшегі күнәға батқандықтан, өз тұрағынан айырылып, тән зынданына тасталған құдай екеніне сенген. Дегенмен ақылды жетілдіру арқылы жан өзіне құдайлық қалпын қайтара алады. Өзінің үңгір туралы танымал тәмсілінде Платон надандықтың жетегіне шырмалып, мәңгі ақиқаттың тас қабырғаларға түскен көлеңкелерін ғана көре алатын, сөйтіп, жер бетіндегі өмірін босқа өткізген адамды суреттеген. Бірақ бірте - бірте ақылына құдайлық нұрды сіңіріп, әр адамның үңгір қапасынан шығып, саналылық пен еркіндікке қол жеткізуіне болады. (жалғасы бар)

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Құдайтану баяны: Әуелгіде (жалғасы бар) Құдайтану баяны: Әуелгіде (жалғасы бар)
Үндістанда өз даралығынан жоғарылаудың үлгісін йогалар көрсетті. Болмыстың басқа бір қабатына көшіп кеткендей болып, таным жолында олар отбасы өмірін
Құдайтану баяны: Әуелгіде (жалғасы бар) Құдайтану баяны: Әуелгіде (жалғасы бар)
Б. д. д. VIII ғасырда Таяу Шығыста J мен E өздерінің жылнамаларын құрастырып жатқан кезде Үнді түбегінің қоғамдық және экономикалық жағдайларының
Құдайтану баяны: Йога философиясы Құдайтану баяны: Йога философиясы
Егер Брахман әрбір жанның ішінде болып, жанымен тұтасып кетпегенде, бұл сияқты құдайлық күш адамға мүлде бейтаныс болып қала берер еді.
Құдайтану баяны: Әуелгіде (жалғасы) Құдайтану баяны: Әуелгіде (жалғасы)
Жақып Вефилден кетпес бұрын, көзбен көрген Құдайын өзінің элохимі етуге шешім қабылдайды; бұл ұғым өз бойына адамдардың құдайлардан қаншалықты мән
Әуелгіде Әуелгіде
Әуелгі бейберекетсіздік көрінісі ретінде, халық алдында патшаның намысы қорланып, оның тағына маскарадтық киімдегі сайқымазақ отырғызылатын, содан
Бәрі ертең өзгереді Бәрі ертең өзгереді
Бәрі ертең өзгереді. Ертең, деген ешқашан болмайды. Күнде таңертең ұйқыңнан оянсаң бүгінгі күн туады. Бәрі ертеңгі күннен өзгеріс күтеді, шындығында
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×