ойын сауық отауы
Шымкентте өмір сүрудің 10 артықшылығы
15.08.2017 1 767 0 Дауыл

Шымкентте өмір сүрудің 10 артықшылығы

Бұл қызықты
Шымкентте өмір сүрудің 10 артықшылығы

«Адамға өмір бір-ақ рет беріледі және оны Шымкентте сүру керек». Бұл елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шырайлы шаһар туралы айтқан сөзі. Бір ғана сөйлеммен қаланың мәртебесін асқақтатып, еліміздің күнгейінде орналасқан алып шаһарға жоғары баға берудің өзіндік себептері де жоқ емес. Шымкентте өмір сүрудің 10 артықшылығын NUR. KZ тізбектеп шықты.

1. Қолайлы ауа райы
Расымен де еліміздің кейбір аймақтарында күн борап, тұрғындар жылы киімдерін әлі тастай қоймаған уақытта күн Шымкент жадырап, гүлге оранады. Әсіресе ерте көктемде жасыл желекке оранған қала көз жанарын алады. Жаздың аптап ыстығында да жайқалған гүлдер өз сұлулығын жоғалтпайды. Ал қыс мезгілі мұнда көзді ашып - жұмғанша әп - сәтте өте шығады. Егер еліміздің солтүстік аймағынан келген болсаңыз, ызғарлы қаһарлы суықты аңсайтыныңыз анық.

2. Қолжетімді баға
Иә - иә, Шымкент өмір сүруге қолайлы қала екенін күллі қазақстандық әлдеқашан мойындап қойған. Мұнда күнделікті ас - ауқаттан бастап, қажеттіліктің барлығы қолжетімді бағада. Мәселен, қарапайым кәуапты алып қарайық, 250 - 300 теңге. Әрі тойымды, ал самса 70 - 150 теңге тұрады. Шымкентке келген қонақ осы бір ас түрінен дәм ауыз тимей кетпейтін - палау бағасы да тіптен «күлкілі» деуге болады. Орта есеппен алғанда бір порциясы небары 500 - ақ теңге. Айтпақшы, тәуліктің кез келген уақытында үйде жасалған секілді тамақтан дәм тату үшін өзге қаладағылар секілді шаһарды шарлаудың қажеті жоқ. Аттап бассаң, дәмхана, мейрамхана. Есіктері қашан да айқара ашық.

3. Тәтті тағам
Тіл үйірерліктей асты аңсадыңыз ба? Онда Шымкентке жол тартыңыз. Мұндағылар жоқтан бар жасап, бар тәттісін алдыңызға үйіп төгеді. Тіпті тағам бизнесі дамып кеткені соншалық, бір - бірімен кәдімгідей бәсеке. Көбірек клиент тартудың қамына кіріскен олар түрлі ас - ауқатты ойлап тапқан. Мәселен шах палауы (автор: нанның ішіне пісірілген палау түрі), сүйексіз қуырдақ (автор: сүйегін де жеуге болатын), тағысын тағы... Айтпақшы, Шымкенттің атақты кәуабын аңсамайтын қазақстандық жоқ шығар. Қысқасы, мұндағы аспаздар да «Шымкент жаңалыққа құмар» деген сөзді дәлелдеп келеді.

4. Қалада қатынау ыңғайлы
Қоғамдық көлікпен жүруді құп көрсеңіз, талай қызыққа куә болатыныңыз анық. Шымкенттік автобус жүргізушілері мен кондукторлары кез келген нәрсеге "креативті" көзқараста. Әрине, мұнда да қоғамдық көлік бойынша проблемалар жоқ емес. Дегенмен ондай проблема тек Шымкентте емес екенін ешкім жоққа шығара алмайды... Ал егер такси қызметін пайдаланғыңыз келсе, мархабат. Арзан әрі тез! Бұл шымкенттік таксишілердің басты ұранына айналып кеткен. Бастысы, саудаласа білсеңіз болғаны.

5. Жалғыздықты сезінсеңіз...
Жаныңыз жалғыздықтан шаршады ма? Шымкентке келіңіз. Мұнда күнде думан, күнде той. Қарапайым ғана саябақтарға барсаңыз, түрлі шаралар, ойын - сауық кештері көңіліңізді көтерері сөзсіз. Бір ғана денрдосаябақта (айтпақшы бұл еліміздегі ең үлкен саябақтардың бірі болып табылады) түрлі оқиғаның куәсі боласыз. Жасыл желектің арасында ойыңызды жинақтап, таза ауада тыныс алуыңызға да мүмкіндік бар. Егер бойдақ болсаңыз, өмірлік серігіңіз сізді дәл осы қалада күтіп жүрген шығар...

6. Аптаның жеті күнінде той
Шымкенттің тойын бір рет көруді аңсамайтын адам жоқ - ау, сірә. Өйткені таза шымкентше тойлар сіздің есіңізге сақталып қалары сөзсіз. Айтпақшы, ерекше той жасағыңыз келсе, бас қатырып әуре болмайсыз. Ұйымдастырушылар барлығын сіз қалағандай етіп жасап береді. Тағы бір айта кетерлігі, шымкенттіктер той өткізу үшін аптаның демалыс күнін күтіп жүрмейді. Кейде аптаның барлық күнінде тойханалар бос емес. Тойхана демекші, салтанат сарайлары дизайны жағынан еліміз бойынша көш бастап тұр.

7. Бизнес жасауға қолайлы қала
Қандай бизнесті бастағыңыз келсе де, мейлі ол мейрамхана немесе сауықтыру орталығы, тіпті ауыл шаруашылық саласы болсын, ісіңіз өрге домалайтыны сөзсіз. Ал егер қалада бұрын - соңды болмаған бизнесті қолға алсаңыз, табыстың астында қалатыныңызға сене беріңіз. Шымкенттіктердің жаңалыққа жаны құмар. Жаңа дүние пайда болды ма, барып көруге асығып тұрады.

8. Мейірімділікті сезінгіңіз келсе...
Шымкенттіктердің басым көпшілігі болмысынан ақкөңіл. Егер өзге қаладан қонақ келсе, тіптен асты - үстіне түсіп, барлық жағдайын жасап беруге дайын тұрады. Қарапайым ғана мысал, көшеде кетіп бара жатып жол көрсетіп жіберуін өтінсеңіз, қанша асығып тұрса да бүге - шүгесіне дейін түсіндіріп береді. Ал кейде қолы бос адамға кезіксеңіз, сұраған жеріңізге дейін жеткізіп салады. Әрине, бес саусақ бірдей есем екенін ұмытпаңыз...

9. Қазақ тілін үйрене алмай жүрсіз бе?
Ел арасында «шымкенттіктер мылқауды да қазақша сөйлетіп жібереді» деген әзіл бар. Әр әзілдің астарында бір шындық жатыр деген бар емес пе? Расымен де қазақ тілін үйренерде қиналып жүрсеңіз, қазақтың қаймағы бұзылмаған қазақи орта Шымкентке келіңіз. Осы ретте мына бір жайт еске түсіп отыр, кезінде облысты басқарған Нұрғали Әшімов әкімдік қызметке келгенде қазақшасы шорқақтау болатын. Ал қызметтен кетерде Абайдың туындыларын жатқа айтып, елмен қимай қоштасқаны бар. Шымкенттің бүгінгі әкімі Ғабидолла Әбдрахымовты да мысалға келтіруге болады. Осыдан екі жыл бұрын билік тізгінін ұстаған ол бүгінде әжептеуір төселіп қалды.

10. Қонақжайлылық
Және қонақжайлылық туралы айтпау кетуге болмас. Бұл шымкенттік жамағатты өзгелерден ерек етіп тұратын қасиет. Қонақжайлылық туралы ұзын - сонар жазудың қажеті де жоқ. «Нағыз қазақ міне осы танып қой» деген танымал әннің «Қазақ осы ашық - жарқын қабағы, қонақ келсе шабылып бір қалады» деген шумақтары нағыз шымкенттіктердің болмысына арналған десек қателеспейтін шығармыз.

Қорыта айтқанда, шаһардың ерекше жылулығын сезінгіңіз келсе, «шымкенттік» болып көру керектігін ұмытпаңыз!

Дереккөзі:

Шұғылалы шартарап: Уиттиер қаласы Шұғылалы шартарап: Уиттиер қаласы
Аляскада таңқаларлық әдемі жерде кішкентай қала бар, бірақ ерекше тарихы және қиын тағдыры бар. Қазіргі жағдайда оның бүкіл халқы 220 адамнан тұрады,
Шұғылалы шартарап: Розуэл қаласы Шұғылалы шартарап: Розуэл қаласы
Розуэл – АҚШ-тың оңтүстік-батысындағы қала, Нью-Мексико штатының Чавез округінің әкімшілік орталығы.
Астана күніне құттықтаулар Астана күніне құттықтаулар
Тамаша мереке – Астана күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Біз Астананың қалыптасуының куәгерлері және осы ауқымды зор жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін
Шымкентте даладан табылған нәрестеге дәрігерлер ат қойды Шымкентте даладан табылған нәрестеге дәрігерлер
Шымкентте даладан табылған нәрестеге дәрігерлер ат қойды. Облыстық №2 перинаталдық орталықтың қызметкерлері шақалақты Жұлдыз Сақтаған деп атады.
Екеуіңе Екеуіңе
Қиын да емес, оңай да емес үй болу, Ой бөлу үйге, қамқорлық жасап үйрену, Көңілін табу, қабағын бағу жарыңның, Екеу боп өмір сүрудің жолын игеру.
Өмір туралы Өмір туралы
Өмірге наразылық танытқанша, мәнді өмір сүруге ұмтылыңыз.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×