ойын сауық отауы
Супер бала тәрбиелеудің құпиясы
30.08.2017 1 940 0 Дауыл

Супер бала тәрбиелеудің құпиясы

Бұл қызықты
Супер бала тәрбиелеудің құпиясы

(Брайан Трейсидің The Secrets of Raising Super Kids (Супер бала тәрбиелеудің құпиялары) кітабынан)

Дүниеге сәби әкелу — өміріміздегі ең маңызды оқиғалардың бірі, ал оны жақсы азамат етіп тәрбиелеу — ең жоғарғы жетістіктердің бірі. Жылдар өте келе, балаңызға көп уақытыңызды бөле алмағаныңыз сіздің өзегіңізді өртеуі мүмкін.

Мен — төрт баланың әкесімін. Оларды тәрбиелеу барысында көптеп таралған проблемалармен бетпе - бет келдім. Сол себепті өз тәжірибеммен бөліссем деймін.
Әңгімені өзімнің балалық шағымнан бастайын деп едім. Бақытты балалық шақты бастан өткіздім деп айта алмаймын, өйткені ата - аналарым өздерінің тараптарынан көптеген қателіктер жіберді. Өтпелі кезеңде қиын балалардың қатарында болдым. 15 жасымда мені мектептен шығарып жіберді. Сыныпта да дәрежем төмен болды, мінезім тұйық. Нәтижесінде менің анам балалар психологының қабылдауына жазылуға мәжбүр болды. Анам өзінің тәрбиелеу әдісін психолог маманға айтқанда, оның мүлдем дұрыс еместігі анықталды. Соған қарамастан, маманның көзқарасы анамның маған деген қарым - қатынасын өзгерте алмады, әлі күнге дейін өзінікін жөн деп есептейді. Ал сол кездері менің істеген кез келген әрекеттерімді қателік деп қабылдайтын.

Қазір мен тек бір нәрсені ғана айта аламын: дөрекілік көрсету, сөз қайтару, ашулану, ренжітуге тырысу, тіпті кейде әке - шешемді өмірден жойып тастағым келетіндей көрінетін, бірақ бұл әрекеттерімнің барлығын жасаудағы себебім, өз көзқарасымызды ата - анаммен теңестіру үшін тырыстым. Ересек адамдармен танысқаным мені теріс жолға түсіп кетуден құтқарды десем де болады. Олар — қарапайым жұмысшылар, механиктер. Олар маған нағыз дос болды, маған көмектесіп, еңбектену керектігін үйретті. Олардың мейірімді, сүйіспеншілікке толы байланыстарының арқасында менің өмірім өзгерді. Дер кезінде айтылған бір ғана жылы сөздің
айналаны құлпыртып жіберетініне сенбейтін де шығарсыз.

Бір кездері менің досым былай деген: «Бақытты балалық шақты бастан өткізу ешқашан да кеш емес». Балалық шағыңыз бақытсыз өтсе де, сіз оны қайтадан есіңізге түсіріп, ойланып, көптеген жағымды сәттері болғанын түсінесіз. Сонда сіз өзіңізге «менің ата – аналарымның маған соншалықты әділетсіз болғаны қандай жақсы болды. Солардың арқасында мен бүгінгі дәрежеге жеттім. Олар менің мінезімді қалыптастырды». Мен ата - анамды жақсы көремін, оларды құрмет тұтамын, оларға айтар алғысым шексіз.

Балаларыма дұрыс тәрбие беруді үйрендім. Алдымен ата - анамның тәрбиелеу әдісін қолданып көруге тырыстым, бірақ кейін олардан бас тарттым. Нәтижесінде, мен олардың әдістеріне қарама - қарсы тәсілдерді қолдана отырып, балаларымды тәрбиелей бастадым. Таң
қаларлығы, бұның балаларыма пайдасы зор болды.

Балаларына тәрбие беруге тырысатын, балаларына бар жақсылықтарды бергісі келетін барлық ата - ана өз алдына белгілі бір мақсат қоя білуі керек, содан соң біртіндеп оларға қол жеткізуі тиіс. Мен сіздерге бұл мақсаттарды егжей - тегжейлі түсіндіріп берейін.

Бірінші мақсат — жақсы ата - ана болу. Жақсы - жаман болмасын, адам өмірге ата - ана болып келмейді, уақыт өте келе, олар ата - ана атанады. Көпшілікті толғандыратын сауалдардың бірі: жақсы ата - ана болу үшін не істеу керек? Жауабы қарапайым: алғаш рет велосипед тебуді үйренгеніңіздей. Яғни сіз әр әрекетіңізді адымдап басып, сол қадамдарыңызбен қоса, өзіңіздің бойыңызда жаңа қабілеттер мен дағдыларды дамытуға әрекеттенуіңіз қажет. Мысалы, келіншегім екеуміз дүниеге бала әкелуді жоспарлағанда дүкенге барып, бала тәрбиелеуге қатысты маңызды кеңестер жинақталған кітаптар мен таспаларды сатып алдық. Көптеген сабақтарға да қатысып, нәтижесінде, өзіміз үшін көптеген таңқаларлық ақпараттармен таныстық.
Ештеңені үйреніп, оқығысы келмейтін, біреудің көмегі қажет болады деп ойламайтын ата - аналар көптеген проблемаларға тап болады. Жақсы ата - ананың негізгі міндетінің бірі — көптеген проблемалардың алдын алу.
Тұңғышымыз дүниеге келгенде, үнемі түні бойы жылап шығатын. Алғашқы кезде мен «оны тыныштандыру — өмір мен өлім мәселесі» деп ойлайтынмын. Оны қолыма алып, ұйықтағанынша тербететінмін. Бірақ төсегіме жата қалсам, ол қайтадан жылай бастайтын.
Орнымнан ұшып тұрып, қайтадан оны тыныштандыруға тырысамын. Осылай жалғаса берді.
Тәжірибесі бар ата - аналардан кеңес алған соң жағдай өзгерді. Олар маған бала әбден жылап болған соң өзі де тынышталатынын түсіндірді. Осылайша баланың бұлшықеттері ширап, қатаяды. Бірақ бұл бала сағат бойы жыласын деген сөз емес.

Екінші мақсат — бақытты және дені сау бала өсіру. Бала күлкісінен тәтті өмірде не бар? Тек дені сау, бақытты бала ғана күледі. Сондықтан сіз балаңыздың киімі бүтін, тамағы тоқ, денінің сау болуы үшін қолыңыздан келгеннің бәрін жасауға тырысуыңыз қажет.

Үшінші мақсат — өз - өзіне сенімді бала өсіру. Балаңызға өзіне деген жоғары сенім ұялату, өзін жақсы көре білуді үйрету — оларға жасаған ең үлкен сыйыңыз. Сонда сіздің қанша қаражатыңыздың бары, қандай мектепке беретініңіз, қандай үйде тұратыныңыз, қайда демалатындарыңыз маңызды емес, — бәрібір сіздің балаларыңыз өзіне сенімді болып өседі.
Олар алдына қойған мақсатқа тайсалмай, кедергілерді жеңе отырып жете алатын болады.

Төртінші мақсат — өзіне нақты не қажет екендігін білетін баланы өсіру. Баласының қолынан бәрі келетінін көрген ата - анадан бақытты ешкім жоқ. Егер балаңыз жақсы жетістікке жетсе, демек өміріңіздің босқа өтпегендігі. Ал ол үшін сіз балаңызды кішкентай кезінен бастап - ақ, одан не қалайтыныңызды, оны жетістіктері үшін мақтан тұтатыныңызды айтып отырыңыз.
Мұны көрсетудің ең қарапайым жолы — үнемі мектепте өтетін шараларға бару. Өкінішке орай, ата - аналардың жұмысбастылығының салдарынан мектеппен байланысы болмай, баласының тәрбиесінен, оқу үлгерімінен сырт қалып жатады. Ата - аналарының залда өзіне күлімдеп, қол соғып, қолпаштап отырғанын көрген баланың өзіне деген сенімі жоғары болады. Сіз тіптен мұны байқамауыңыз да мүмкін, маңызды жұмыстарыңыздың арасынан уақыт тауып келіп, оған көңіл аударғаныңыз оны қуантады. Олар өзінің біреуге керек екендігін сезінеді. Бала өзінің жетістіктерін ата - анасының бақылап отырғандығына сенімді болуы керек. Бұл олар үшін өте маңызды. Сонда ол үмітіңізді ақтауға тырысады.

Бесінші мақсат — айналасындағылармен оңай тіл табыса алатын бала өсіру.
Құрбыларының арасында балаңыздың беделі жоғары екендігіне көзіңіз жетуі керек. Бұл әсіресе ұл мен қыздың бір - бірін ұнатып, қызығушылық таныта бастаған кезде маңызды.
Құрбыларына ұнау үшін сіздің балаңыз бәрінен де әдемі болуы шарт емес. Балаларды бір - біріне сыртқы бейнесі емес, ішкі жан дүниесі жақындастырады.

Есіңізде болсын: балаңыз өзін қаншалықты құрметтеп, жақсы көрсе, басқалармен де қарым - қатынасы жақсы, айналадағылардың балаңыз туралы пікірлері де оң болады. Балаңызды шексіз махаббатыңызға бөлеңіз.
Өзім жайлы айтсам, мектепте мені ешкім елемейтін. Онымен қоса, кедей отбасынан шыққан деп күлетін. Менің келіншегім де осындай болатын. Сондықтан біз балаларымызға қолымыздан келгенді жасауға тырыстық. Кейде балаларымыздың әрқайсысына 3 - 4 досы бірден келетін, арасында қонып та қалатын. Сондықтан демалыс күні үйіміз балаларға толып кетеді. Басқа ата - аналар бұған қызыға да, қызғана да қарайтын.
Бұған қалай қол жеткіздік? Бәрі де оңай. Біз оларға құрметпен ересек адам ретінде қараймыз.
Көптеген зерттеулер бойынша, қыз бала үшін әкесінің өзін жақсы көретіндігін, оған бақыт тілейтіндігін білу өте маңызды. Әкесі көп сөйлемейтін не сөзшең, ұстамды не мейірімді болуы мүмкін, бұл аса маңызды емес. Маңыздысы, әкесі оны жақсы көретіндігіне, шын жүректен оған
тек жақсылық тілейтініне сендіруі керек. Есейе келе ондай қыздар сенімділік пен махаббаттан құрылған өзара байланыс орнатуға талпынады.
Сонымен қоса, ұл бала мен ана арасындағы байланыстың да маңызы өз алдына. Әкесінің анасына деген ілтипатын байқай отырып, ер балалар әйел мен еркек арасындағы
байланыстың қандай болатындығы туралы алғашқы ойларын түйеді. Сондықтан сіз өзіңізді үлгі ете отырып, әйел адаммен байланысты қалай орнату керектігін көрсете аласыз.
Бала ата - анасының арасындағы қарым - қатынасты мұқият бақылап жүреді. Осыдан оның санасында ер мен әйел арасындағы байланыстың өзіндік үлгісі қалыптаса бастайды. Осы себептен де сіздер бір - біріңізге жылы жүзбен, құрметпен қарағандарыңыз жөн. Есейе келе сіздің балаңыз балалық шағында көрген әрекеттерге байланысты айналасындағылармен қарым - қатынас орнатады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп тегін айтпаған.
Отбасылық өмірде балаңыздың бақытты болуы тікелей сізге байланысты.

Алтыншы мақсат — балалардың бойында жақсы әдет - дағдыларды қалыптастыру. Біздің барлық әрекетіміздің 95%- ы өзіміздің әдет - дағдымызға байланысты. Біз оларды өсе келе
Бала тәрбиесі бойымызда қалыптастыра бастаймыз, көбіміз басқаларға еліктейміз немесе біреуге ұқсағымыз келеді.
Маған баланы әдеп мен жақсы әдеттерге үйрету үшін қанша уақыт қажет деген сұрақты жиі қояды. Көптеген ата - аналар сол үшін балаларымен турасын айтқанда, ұзақ уақыт бойына алысуға дейін барады. Ерте кезден бастап оларға үстелде отырғанда шанышқы мен пышақты дұрыс ұстауды, ауызды тамаққа толтырып алып сөйлемеуді, майлықты (салфетка) тізеге қоюды, т. б. үйретеміз. Бірақ олар барлығын да өздерінше жасағысы келеді. Сіз «мен оған ештеңені үйрете алмайтын болдым» деп уайымдай бастайсыз.
Қапаланбаңыз. Әдеп ережелерін айқайламай, әңгімелескендей болып қайта – қайта қайталауыңызды жалғастыра беріңіз. Уақыт өте келе, сіздің балаңыз кеңестеріңізге құлақ сала бастайды. Әдетте бұл балаңыз 15 - ке келгенде байқалады. Балаларымды жақсы әдеттерге дағдыландыруға тура осындай уақыт өтті.
Балалар ата - анасының айтқанын тыңдамай, мұны үйренудің маңызды еместігін айтып, сөз таластырып жатады. Соған қарамастан, оларды біреу қонаққа шақырғанда, өздерін сіз үйреткеніңіздей ұстайды. Сіз тек шыдамдылық танытып, сабырлы болуға тырысыңыз. Жақсы әдеттердің қаншалықты маңызды екендігін өздері де біртіндеп түсінеді.
Ең жақсы, пайдалы әдеттердің бірі деп тамақты мөлшермен жеуді, мүмкіндігінше денсаулыққа пайдалы өнімдерді қолдануды айтар едім.
Бәріміздің есімізде, кішкентай кезімізде ыдыстағы тамақты аяғына дейін түк қалдырмай жеу керектігін үйрететін. Өзіміздің балаларымызға да осыны үйретеміз. Бірақ бұл дұрыс емес.
Себебі сізге ұнтағын да қалдырмай жеп қою керектігін айтатындықтан, ыдысыңызда тамақ қалып қойса, өзіңізді кінәлі адамдай сезінесіз. Ал кейде үстелде тамақ тым көп, балаңызды да көп тамақ жеуге мәжбүрлейсіз. Тамақты мөлшерден артық жеудің сізге де, балаңызға да пайдасы жоқ. Сондықтан сіз асқазандағы аштықты басу үшін балаңызға қажетті мөлшерді ғана жеуді дағдыландыруыңыз қажет.
Сіз баланың ыдыстағы тамақты қаламаса да тауысып жеуге міндетті емес екенін түсініңіз.
Соңғы, жетінші мақсат — баланы мықты, толыққанды тұлға етіп тәрбиелеу. Егер сіз балаңыздың өмірде бір нәрсеге қол жеткізгенін қаласаңыз, онда оның көшбасшылық қабілеттерін дамытуыңыз қажет.

Аударған: Нұрбану Омарова

Дереккөзі: anamenbala. kz

Баланы дұрыс тәрбиелеу ата-анаға парыз Баланы дұрыс тәрбиелеу ата-анаға парыз
Баланы дүниеге әкеліп тәрбиелеу, азамат ету — анаға да, әкеге де парыз. Десек те, ең бірінші әйел адамның бойында перзент тоғыз ай, тоғыз күн жататын
Балаңызға этикет ережелерін үйреткен абзал Балаңызға этикет ережелерін үйреткен абзал
Қазіргі күні баламызға гаджетті, жаңа техниканы үйретудің қажеті жоқ, өздері біліп туады деп мақтанамыз. Этикетті ше? Біле ме? Сенімдісіз бе?
Мейірімділік - асыл қасиет Мейірімділік - асыл қасиет
Бала бақыт, бала қуаныш, бала жүрегіңіздің жартысы мен жан жүрегіңіз. Балаға мейірімді болудың ешқандай да зияны жоқ қайта балаңыз өскенде, өз
Періште мен сәби Періште мен сәби
— Сәлем, балақай! Жағдайың қалай? Жаңа өмірге аяқ басуға дайынсың ба? — Дайынмын, бірақ қорқамын.
Баланың бақытына жауапты кім? Баланың бақытына жауапты кім?
Мейірімді жүрек баланың жүрегіне жол табады. Әр баланың өз несібесі мен ырыздығы болады. Баланы жақсы көру мейіріммен тәрбиелеу әр ананың қолынан
Бала бақытының құпиясы Бала бақытының құпиясы
Ата-аналардың көпшілігі балаларының жағдайын жасауға барынша күш салады, балада бәрі болуы керек: ойыншықтар, тәлім-тәрбие, білім. Дегенмен де,
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×