ойын сауық отауы
Өмір – дәптер, адам – қарындаш
13.05.2018 2 192 0 Дауыл

Өмір – дәптер, адам – қарындаш

Бұл қызықты
ӨМІР – ДӘПТЕР, АДАМ – ҚАРЫНДАШ
Адам болған соң ізгілікті
көңілмен, ғибратты өмірмен
артыңда із қалдыра біл, балам.
Ата өсиетінен
«ӨМІР – ДӘПТЕР, АДАМ – ҚАРЫНДАШ, Қызмет - көрініс, Уақыт - жылпос және жойқын, бірде ол алдап кетеді, бірде ол жоқ етеді», - деген екен Козьма Прутков! Шындығында, өмір – дәптер екені рас қой. Күнделікті парағына қажетті сөздер жазылып жатады. Өздігінен емес, көңілге түйген, мән - мағынасын солай түсінген Адам ғана жазбақ оны. Әр күнің жақсылыққа, жақсы сөзге толып жатса бекерге өтпегені. Ол көкіректегі көзге, зейін мен зердеге, ақыл мен білімге байланысты. Мәселен, дұрыс сөйлем құру үшін қатесіз сөз бен көркемдік қажет. Ал дұрыс өмір сүру үшін де қатесіз шешім мен мағыналы, мәнді мақсат керек.
Суығына тоңып, ыстығына күйгенге, оттан да ыстық өмірді сүйгенге не жетсін, шіркін!!!
Әрине, жақсыларды жағалай, асыл уақытты бағалай білгенің - ұтқаның.
Терең түсіне білген жанға өмір қысқа емес!
Әттең, бар мәселе сол түсінікте ғой. Мәселен, бір ғана көріністен әркім өзінше әсер алып, өзінше түйсік түйеді. Иә, біреуге ақ түспен көрінген нәрсе біреуге қара боп көрінуі мүмкін. Бүгін сары дегенің - ертең қызылға айналып жатса оған таң қалуға болмайды. Бірақ, өмірде жалған түйсіктен өткен залалды нәрсе жоқ екен. Сондықтан шығар, санаңның жарық сәулесін өшірмей, адамдық жан дүниеңді байыта түсуің керек. Ол үшін тек жазуың ғана емес, өмірге деген өзіндік ойлы көзқарас қалыптастыра білгенің ләзім.
Дүниеде нені арман етсең де, іздемейінше, өзінен - өзі келіп қолыңа түспейді. Диқан өнім алу үшін жер жыртып, тыңайтқыш сеуіп, суғарып жатады. Жер екеш жердің өзі жаңбыр жауса бусанып, дала түрленіп кетеді. Адам да сондай, жалықпай іздене білсе, санасы көркейе түседі.
Тоғышарлықтан, қараңғылықтан қашқан адам ғана сұлулыққа бет алады. «Адамтану сұлулық танудан басталмақ. Ой сәулесі қуатты кісіні ешнәрсе қорқыта алмақ емес», - деген сөз бар. Парасатты жан ойының өрелігімен, танымының тереңдігімен танылмай тұра алмайды.
Қара түнекте жарық қандай қадірлі болса, адам да парасаттылыққа сондай зәру.
Ертедегі қытайлықтар: «Мейірімді жан өзіндегі жақсылықты басқаға көрсетуге, ал жаманшылықты жасыруға тырысады. Бейшара адам керісінше істейді», - дейді екен.
Парасатсызда пайым болмайды. Пайымсызда ерік - жігер болмайды. Ондай жанда қадір де, қасиет те жоқ. Ал қадір - қасиет, жақсылық, адамдық жоқ жерде өмір де жоқ! Өзіңе талапшыл болу, өз жан дүниеңе үңіле алу, іздену адамдықтың басты мақсаты.
Адам мың жасаса да, бұл өмірден біле алмай, ұға алмай кеткен жәйттері аз болмайды. Өмір миллион немесе триллион механизмдерден, түсінікті, түсініксіз, ішкі дүниедегі жүректің нәзік пернесін дірілдеткізетін белгілі, беймәлім сырлы құбылыстардан тұрады. Бір сырды ұққан сайын тағы да белгісіз дүние көбейеді.
«Өмірде бәрін біліп кеттім» дегенді естіген емеспіз. Білетіндеріміз көп емес, ал білмейтіндеріміз қаншама десеңші?!
Өмір - әрдайым құпия. Өмір - әрдайым жұмбақ. Адам өмір бойы өзгелерден үлгі - өнеге алады. Жаманға қарап ойланады, жақсыға қарап өзін салыстырады. Тек үйрену арқылы ғана өз биіктігіңе жете аласың.
Үйрену, ұғына білу, зейінділік адамды зерделілікке жетелейді. Зерде адам санасын шуақтандырады, көрікті ойлар туғызады. Қателікке жол бергізбейді. Нақтылыққа тәрбиелейді.
«Адам өзі қаншалықты ақылды да қайырымды болған сайын басқалардың бойындағы ізгіліктерді де көбірек сезетін болады»
(Б. Паскаль)
* * *
Иә, өмір - дәптер, адам - қарындаш. Сол дәптер шимай - шатпаққа емес, мағына мен мәнге, талап пен нәрге толса ғана Адаммын деп сезінесің өзіңді. Сонда ғана өмірдегі ізің, адамдық тұлғаң жарқырай көріне түспек.

ӨМІР САБАҒЫНАН ҚАШЫП ҚҰТЫЛА АЛМАЙСЫҢ
Өмір бір - ақ рет беріледі, жарқ етіп өте шығады. Сондықтан да әр күніңді ардақта, әр мезетіңнің құнын біл.
Ыбырай Жақаев (әйгілі диқан)

ӨМІРДІҢ ӨЗІ – ОҚУ! Тек өткен сабақтарын ой елегінен өткізіп, санаңды жұмыс істетіп, қорытынды жасап отыруың қажет. Өмір ұстаздың «үйге берер тапсырмасы» осы. Дәл сол сәт немесе күрделі жағдай кезіксе, өмір – дәптеріңді парақтап, қалаған тақырыбыңды оқи аласың. Сондықтан да, ескіні ұмытпай, өткен - кеткенді ардақтап, жаңаны жатырқамай жүрегімен қабылдаған жан ұтылмайды. Айналадағы адами құбылыстарды жан - жүрегіңмен ұғына білсең, өмір емтиханынан сүрінбесің хақ.
Ең үлкен күнә - оқымау емес, оқығаныңды, білгеніңді, көргеніңді көңілге тоқымау!
Онсыз да мынау өмірде көп нәрсені жоғалтудамыз. Сәт сайын мұң арқалаған минуттар, сағынышқа айналған сағаттар, келмеске кетіп жатқан күндер... Осының өзі аз емес. Осының өзі біле - білген адамға қаншама ойларды, мезгілді, жылдарды... ұрлап алып кетіп жатыр. Ойланайықшы, ағайын, біз тек күнді немесе айды ғана жоғалтудамыз ба? Жоқ! Жарқырап өтер сәттерің – ол өмірің. Өмір болса, онда – ғұмырың. Білесің бе, көктегі Күннің құдіретін? Күміс күлкіге бөленген, риясыз сезімге нұрланған шапағатын, адамдарға «өмір сүріңдер» деп жарық пен жылу сыйлаған махаббатын, бүкіл тіршілік иесіне танытқан шуағын, сарқылмас сыйлық қуатын... сезінбей келеміз - ау?!
Мектепте бір сабақтан кетіп қалуыңа болады. Өмір сабағынан қашып құтыла алмайсың. Өйткені, өмір - ұстазға сен ғұмыр бойы шәкіртсің. Ал шәкірттің «екі» алуға қақысы жоқ. «Екі» алған оқушы орнында қалады. Ал өмірде «екі» алған жан – бар нәрседен құр қалған жан.
Адамның бойындағы бар байлық – білім. Ол бір іштегі жатқан ұшқын секілді. Егер ұштасаң - жалынға, жалыннан - жарыққа айналады. Ұштамасаң, өзіңдегі бар нәрсе бықсып, түтіндеп сөнеді де, қараңғылыққа бастайды. Оның сөнгені – бар байлығыңның жоғалғаны де. Қараңғылық, ол – адасушылық. Ал егер жалынға жетсең, олардың ұшқындауына (тұтануына) әсеріңді тигізгенде ғана шамшырақ бола түсесің.
Жарыққа ұмтылған жан жасық болмайды. Қараңғыда қалған қайырымдылықтың қадірін сезбейді. Көкіректегі сәуле адамды алға сүйрейді, игілікті іс тындыруға талпындырады. Ол ақылмен, біліммен іске асады. Ақымақта білім болмайды. Білім де ақылдыға, талаптыға қонады.
Біліктілік, білімділік жетістікке, жеңіске жеткізеді. Қараңғылықтың өзіне жарық орнататын – білімділік. Өзін білуге тырыспау, өзгелерді білгісі келмеу, ізденбеу, алға ұмтылмау – нағыз надандық! Ал надандықтың жолы қашанда қасіретке бастайды.
Мақсат көп білуде емес, дөп білуде!
Ойнап жүрсең де, ойлап жүргін. Қайда болсаң да өзіңде жауапкершіліктің жүгі, адамдықтың парызы мен қарызы бар екенін ұмытпа!
Қандай адам болмасын, шығармашыл кейіптегі жан. Себебі, қандай дәрежедегі ой болса да ішкі тебіреністен, толғаныстан тұрады. Қуатты ой ғана адамды қуатты етеді.
Менің айтатыным, күнделікті қарын тойғызудың қарекетіндегі қарадүрсін ой емес, жан - дүниеңді қанағаттандыратын, санаңа сәуле шашатын ой ғана биіктетпек!
Білмеген нәрсенің бәрі – жұмбақ, беймәлім, түсініксіз. Адамның мақсаты – сол жұмбақты шешу, беймәлімді ұғу, түсініксіздің түсінікті болғанын сезіну. Бұдан шығатын қорытынды – бастан өткерген жәйттан ой түйіп, шешім шығара білуде.
Қарап отырсақ, күнделікті тыныс - тіршіліктегі қарапайым нәрселердің өзі – сабақ. Барлық атқарған істің өзіндік мәні, астары бар. Ой дамымай, адам дамымайды.
«Сен ешбір жаңа нәрсе меңгермеген және өзіңнің біліміңе
ештеңе қоспаған осынау күнді немесе сағатты бақытсыз сана».
(Я. Коменский)
Сейсенбі, 20 қыркүйек 1994 жыл

Әкім Ысқақтың Жүректегі жазулар Күнделік эссесінен

Толық нұсқасын қарау

Бақытты адам болғың келсе... Бақытты адам болғың келсе...
Бақытты адам болғың келсе, өткенді қопара берме. Сүйегі жоқ балық болмайтыны сияқты, кемшілігі жоқ адам болмайды. Әрдайым күлімдеп жүрсеңіз, өмір де
Өмір туралы қанатты сөздер Өмір туралы қанатты сөздер
Өзен ағысымен өлі балық қана жүзеді.
Өмір Өмір
Өмір деген кейде шаттық, кейде мұң, Сан сұрақтар мазалайды кейде мың Тек сынақтан тұратындай көрінеді, Қатал болып кетеді де кейде тым
Ар - ождан – сенімнің өлшемі Ар - ождан – сенімнің өлшемі
Ар - ождан – сенімнің өлшемі. Адамзат баласы бойындағы ең қажетті сезім – ар - ожданы.
Өмір - арпалыс, күрес. Өмір - арпалыс, күрес.
Өмір — арпалыс, күрес. Өмір — бұл үлкен жол. Өмір адамға бір-ақ рет берілген үлкен сый.
Өмір туралы Өмір туралы
Өмірге наразылық танытқанша, мәнді өмір сүруге ұмтылыңыз.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×