ойын сауық отауы
Менің кішкентай тамшым
14.05.2018 1 165 0 Дауыл

Менің кішкентай тамшым

Бұл қызықты
МЕНІҢ КІШКЕНТАЙ ТАМШЫМ
Бала – бауыр етің.
Қазақ мәтелі
Расында, бала болмаса, адам мен адамның табиғи байланысының болуы да мүмкін емес.
(Цицерон, ежелгі Рим мемлекет қайраткері)
- ЖАНЫМ, ЖАРЫҒЫМ МЕНІҢ!
- Салмақты сүйкімдім!
Бәрін де түсінесің, білесің. Өмірге мұның керек екенін ұғасың. Әйтсе де, бастан өткерерің азап, ауыр қиналыс... Ауыртпалықты өткенде көрдің. Тамыздың «он бесіндегі» саған жасалған операция жарты жанымызды алып кеткендей еді. Әбден шағылдым. Жанды жеріңнен етіңді кесіп тастап, қайта тігу... Есіңді келтірмей төрт сағаттан астам «наркозда жату» кімге оңай?! Ал, бұл бар - жоғы жеті жастағы сәби болса ше? Ол бауыр етіңнен жаралған өз балаңның басынан өтіп жатса ше? Ата - ананың жаны шүберекке түйіліп кетпейді ме?
Көз алдыңда мейірбикелер бөлмесінде жан - жағына алақ - жалақ қарап, жәудіреген үш бала... Операция үстеліне кезекке тұрғаны. Сонда ғой, қайта - қайта сабырсыздықпен қасыңа келіп қаламын. «Бара берсей» деп кері қайтарасың...
Енді, міне, амал жоқ екінші рет... Мұндайға баланы тағы да көндіру оңай соққан жоқ. Ақыр соңында біздің айтқанымызға түсінікпен мойын бұрады:
- Мақұл, көке, жасат десеңіз жасатайын.
... Аурухана дәлізінде томпаңдап жүргеніңе, ойлылықпен айналаңа көз тастағаныңа қарап, жүрегім шымырлай түседі. Кәдімгідей үлкен кісілерше күрсініп қоясың... Мен қарай қалсам қабағың жазылып, еріксіз езу тартқан боласың. Баланың бойынан өтіп жатқан осынау құбылыстар әкелік жанымды тығырыққа тірейді. Бар үмітің, уайымың осы шаққа байланып қалғандай...
Орналасқан палатаң 33 болды, жаным. Ойға ала бергеніңнен бе, әлде өткендегі «наркоздың әсері ме, салмағы» бар жоғы 10 кило болып қалыпты...
Ақылдым, «сабағымды оқимын» деп, «Қазақ тілі», «Ана тілі», «Тарих» және «Математикасын» тастамай осында алып келіпті. Кереуетке жайғасқан соң, сөмкесін ашып, оқулықтарын реттеп қойды. «Бүгін мына тақырыпты өтіп жатқан шығар», - деп «Ана тілін» дауыстап оқи бастады... Өз ойыммен әуре боп, дегбірім қашып тұрған маған бір кезде басын әнтек көтеріп:
- Көке, мынаған қол қойып жіберіңізші, - деді.
- Не? Не - ге...
Айналайыным, өзі сабаққа қатыса алмайтын күндерін толтырып, «күнделігін» ұсынып тұр екен. «Ата - анасы» деген жерге қол қойып бердім. «Күнделіктің» алдыңғы беттерін парақтаймын. Кілең «бестік»...
Шыдай алар емеспін. Сыртқа беттедім. Қайтадан ақ халат жамыла 33 палатаға қалай кіріп барғанымды білмей қаламын. Мұхтарым, сабақ дайындап жатыр. Жатыр емес, кереует үстінде ойланып отыр. Сырт... сырт... Қай жердің сағаты десем, тығылып соққан өз жүрегімнің лүпілі екен. Әрбір секунд ауыр... Мазасыз минуттар - ай! Мені көрген сайын көңілі босап қала ма деп сыртқа шығамын. Қайта кіремін. Қатты әбіржіп жүргенімді сезді ме, маған тура қарап:
- Сурет салатын дәптерім жоқ екен, - дегені.
Нені тап десең де әзір тұрған әкелік жүрек далаға қарай алып ұшты. Орталық көшеге інім Қасым екеуміз асығыс бұрылдық. «Білім» дүкенінен тауып, кеудеге қысқан күйі ауруханаға қарай... Аяғымыз жерге тиер емес. Келсек, сені операция үстеліне алып кетіпті. Мейірбикелер әкетуге келгенде анаңның құлағына: «Мама, бүгін емес, ертең жасасыншы?!» деп жәй сыбырлапсың.
Палатаның ішінде күрсіне отыра кеттім. Бөлмедегі су жүретін құбырдан тамшы тамып тұр. Тура миыма тамып жатқандай. Жүрегім аузыма тығылып, қазір түсіп қалатындай. Әлде жүрегімнің дүрсілі мен тамшы тырсылы бірдей естілуде ме?
Тура сағат 13 - тен 31 минөт өткенде (30. 09. 94ж.) сені алып келді. Көзімнен жас ытқып кетті... Ес - түссіз жатырсың... Мұндайда не дейсің? Бәрі ішіңде. Ішкі дүниең аласапыран... Уһ, жаным! Екінші рет қиналдың - ау. Бәлкім пешенеңнен көрерің осы шығар. Әке - шешең үшін де бұл үлкен сын болды - ау, балам.
... Далада алай - дүлей сезімімді баса алмай біраз жүрдім. Кешкі сағат «бестерде» айналсоқтап ауруханаға қайта соқтым. Жаңа ғана көзіңді ашыпсың. Ояна сала: «Не тағы да «наркоз» салған ба, маған?» деп сұрапсың. Басың айналып, көзің қарауытқан соң жаураған жандай ернің дірілдеуде... Жарайсың ұлым! Жарадың, жарығым!
Бүгін көзіңді аштың. Бетіңнен сүйдім. Екеуміз әңгімелестік. «Көке, қорыққан жоқпын» – дейсің. «Еш жерім ауырмайды» дейсің артынша мені уайымдамасын деп. Қасыңда отырған анаңнан білдім. Түнімен көз ілмей шығыпсың. Ернің кезеріп, көзің шүңірейіп кеткен. Әлсіз күрсінесің. Жүзіңе қарай қалсам, жымиуға тырысасың.
Мұхтарым, сен менің өмірімсің! Менің кішкентай тамшымсың.
Қуанышым да, қайғым да сенімен бірге екенін білесің ғой... Бәлкім, бар ата - ананың ойы осылай шығар?!
Бейсенбі, 13 қазан 1994 жыл
* * *
... Мұхтар ауылдағы Тынтай әжесіне, Әбдіқайым атасына, Ләйла апасына, Бақыт әпкесіне, Айжан қарындасына және өзі жақсы көретін Қасымның баласы Нұрсұлтан бауырына... әрқайсысына сыйлықтар алып келіпті. « Мынау саған» деп үйлестіріп жатыр. Мұны қайдан алған? Сөйтсек, өзі жесін, ойнасын деп әкеліп берген түрлі шоколадтарды, сыйлықтарды, ойыншықтарды мұртын бұзбай жастығының астына жинап, жақындарына сақтаған екен ғой. Ақылдым менің!
Бүгін күн бейсенбі болғандықтан құдайы беріп жатырмыз. Ата - баба рухы қолдап жүрсін деп ниет жасап, құран оқыттық...
Әкім Ысқақтың Жүректегі жазулар Күнделік эссесінен
Толық нұсқасын қарау

Қарт ананың төрт ауыз сөзі Қарт ананың төрт ауыз сөзі
Балам, мен қартайғанда мені қараусыз қалдырма, ол кезде мен бейне сенің кішкентай кезіңдегідей асырауға мұқтаж боламын.
Анаң – сенің пейшің Анаң – сенің пейшің
"Балам, мен қартайғанда мені қараусыз қалдыра көрме, ол кезде мен бейне сенің кішкентай кезіңдегідей асырауға мұқтаж боламын.
Әділет айнасы. Қасым Аманжолов өлеңі Әділет айнасы. Қасым Аманжолов өлеңі
Юрист емен, ақынмын, сонда - дағы Көз алдымда, қолымда елім заңы. Ескі таныс сөздермен сырласамын, Жырдай қонып көңілге әр тармағы.
Періште мен сәби Періште мен сәби
— Сәлем, балақай! Жағдайың қалай? Жаңа өмірге аяқ басуға дайынсың ба? — Дайынмын, бірақ қорқамын.
Сүйген қызыңа немесе жан жарыңа арналған хаттар. Сүйген қызыңа немесе жан жарыңа арналған хаттар.
Сәлем, қымбаттым! Сен бұл хатты, мүмкін, ешқашан оқымайтын шығарсың...
Құстар қайтып барады Құстар қайтып барады
Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып, Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып. Зымырайды менің бала кезімдей, Бір жалт етіп өте шыққан сезімдей.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×