ойын сауық отауы
Жазғытұры
03.04.2016 19 268 0 Дауыл

Жазғытұры

Өлеңдер
Абай Құнанбаев

Жазғытұры
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан - жануар, адамзат анталаса,
Ата - анадай елжірер күннің көзі.

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

Түйе боздап, қой қоздап - қора да шу,
Көбелек пен құстар да сайда ду - ду.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су.

Көл жағалай мамырлап қу менен қаз,
Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз.
Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,
Жарқ - жұрқ етіп ілінер көк дауылпаз.
Құс қатарлап байлаған қанжығаға
Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз.

Жазға жақсы киінер қыз - келіншек,
Жер жүзіне өң берер гүл - бәйшешек.
Қырда торғай сайраса, сайда - бұлбұл,
Тастағы үнін қосар байғыз, көкек.

Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер,
Диханшылар жер жыртып, егін егер.
Шаруаның бір малы екеу болып,
Жаңа төлмен көбейіп, дәулет өнер.

Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер,
Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.
Анамыздай жер иіп емізгенде,
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.

Жаз жіберіп, жан берген қара жерге
Рахметіне алланың көңіл сенер.
Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,
Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер.

Қара тастан басқаның бәрі жадырап,
Бір сараңнан басқаның пейілі енер.
Тамашалап қарасаң тәңірі ісіне,
Бойың балқып, ериді іште жігер.

Кемпір - шал шуақ іздеп, бала шулар,
Мал мазатсып, қуанып, аунап - қунар.
Жыршы құстар әуеде өлең айтып,
Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар.

Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай,
Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай,
Таң атқан соң шығарын күннің біліп,
Өңі қашып, бола алмас бұрынғыдай.

Күн - күйеу, жер - қалыңдық сағынышты,
Құмары екеуінің сондай күшті.
Түн қырындап жүргенде көп қожаңдап,
Күйеу келді, ай, жұлдыз к... қысты.

Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп,
Жан - жануар қуанар тойға елеріп.
Азалы ақ көрпесін сілке тастап,
Жер күлімдер, өзіне шырай беріп.

Күн - күйеуін жер көксеп ала қыстай,
Біреуіне біреуі қосылыспай,
Көңілі күн лебіне тойғаннан соң
Жер толықсып, түрленер тоты құстай.

Адам тіктеп көре алмас күннің көзін,
Сүйіп, жылып тұрады жан лебізін.
Қызыл арай сары алтын шатырына,
Күннің кешке кіргенін көрді көзім.
Абай Құнанбайұлының басқа өлеңдерін қарау

Жазғы шілде Жазғы шілде
Ой, балалар, балалар! Шілдем - шілдем, шілде айым. Шырлап торғай күн сайын. Шұбар ала шешектер,
Біздің жазда Біздің жазда
Бозторғай шырлап, жаз құсын жырлап, Үйрек сытырлап, қаз пырлап, Түйе боздап, қой қоздап, Жылқы азынап, жел маздап,
Жаз Жаз
Сәуірде көтерілер рахмет туы, Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы. Көктен жаңбыр, таулардан сулар жүріп, Жайылар жер жүзіне қардың суы...
Шаттану Шаттану
Сай - саладан шаттық пен күлкі ағылып, сыңғыр қағып бұлақтар, қырқа жібіп, "Қыстың сызы қалмаған жазғытұрым" келді міне бізге де гүл тағынып.
Күз Күз
Бұрқырап қара дауыл соғып тұрған, Көкорай түсі қашып солып тұрған. Шыдамай қатты ызғарлы жел өтіне, Бүрісіп ағаш, шөптер тоңып тұрған.
Жазғытұры Жазғытұры
Су ақты, жетті апрель, қырдан ойға, Секіріп арық-тұрақ кетті тойға. Жас бала: «Жазғытұры туды»,- десіп, Жабағы, көтерем тай, ақсақ қой да,
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×