ойын сауық отауы
Жаңа қазақтар немесе рухани байлықсыз да мемлекет құруға болады деп ойлайтын жас бизнесменге хат
10.04.2016 2 965 0 Дауыл

Жаңа қазақтар немесе рухани байлықсыз да мемлекет құруға болады деп ойлайтын

Өлеңдер
Мұхтар Шаханов

Жаңа қазақтар немесе рухани байлықсыз да мемлекет құруға болады деп ойлайтын жас бизнесменге хат

Жаңа қазақ, шала қазақ — жас інім,
Алшысынан тұрды бүгін асығың.
Саған қарап ойландым да, жасыдым.
Айырмаған азғыны мен асылын
Мына ғасыр, бәлкім, сенің ғасырың.
Мына ғасыр безбүйректеу өр ғасыр,
Жүрегінде сезім емес, қорғасын,
Шетке қақты тұлпары мен жорғасын.
Қақпай қайтсін, бәрін сатып алуға
һәм сатуға мүмкіндігі болғасын.
Сенде қазір думан дәурен, масат күн,
Өзіңді - өзің бар жауаптан босаттың,
Рухани байлыққа да тас аттың.
Аудандағы жалғыз кітап дүкенін
Сатып алып, сырахана жасаттың.
Тез ашылып саудагерлік дарының,
Таудан, тастан қайтпастай өр арының,
Саудаладың Алматының жарымын.
Ұлағатты ұлы қазақ елінде
Сатылмайтын байлықтар да бар, інім.
Жалғыз саған борыштыдай бар халық,
Топ ішінде ісіп-кеуіп, нарланып,
Кейкиесің қол беруге арланып.
Дегенмен біз сені туған ұлттың
Сатылмайтын қасиеттерін қорғадық.
Көз көп қазір сыртымыздан сын айтар,
Бәйтеректі мазақтаса құмай тал,
Ерден бұрын ел сенімін мұңайтар.
Бірақ бізге өз ұлтыңды өзгеден
Кем сүйесің деп, қанекей, кім айтар?
Асау даусы әр қиырдан естілген
Ағаң бізбіз, ерте есейіп, кеш күлген.
Аман қалған талай қарлы көшкіннен.
Уақыт артқан абырой мен беделі
Сұрап, сатып алынбаған ешкімнен.
Желтоқсанда құрық түсіп арманға,
Жас буынның өзегін өрт шалғанда,
Үнсіздігі айналып зор қорғанға,
Дәл бүгінгі батырлардың көбісі
Столына жасырынып қалғанда,
Найзағайлар жарқ-жұрқ ойнап аспанда,
Ұлтымызға ызғарлы үрей шашқанда,
Қыздарымыз қайсар мінез ашқанда,
Кей еркектер, құдай қара басқанда,
Ұқсағанда піштірілген қошқарға,
Қонаевтың жақсылығын көргендер
Қонаевты жалғыз тастап қашқанда...
Сахаровқа іні болып табысып,
Горбачевпен, Крючковпен қағысып,
Талай залым алпауытпен алысып,
Біз тіккенбіз басымызды бәйгеге
Бар қазақтың ар - намысын ап ұшып.
Ұлтымыздың әр мұңының басында,
Салт пен сана, тіл мен дәстүр қасында,
Арал зары шапқан кезде насырға,
Қорғаушы боп тағы да біз жүргенбіз
Мейірім қосып мейірімсіздеу ғасырға.
Тамырсыз жан жұрт мұңына саңырау
Деген пікір рас па еді, тәңір - ау?
Неге болдық рухсызға қоңырау?
Қандай қорлық, ағыл - тегіл дәулеттен
Дәулеттінің жан байлығын танымау.
Дәстүріміз тұрса екен деп күшінде,
Егемен ел болуды аңсап түсінде,
Ұлы арманы запыран боп ішінде,
Сан ғасырлық ұлтымыздың шайқасы
Сендейлерді тайраңдату үшін бе?
Мұндай бақты көрдің бе екен түсінде,
Бүгін жұртты менсінбеген пішінде
Шыға келдің айналып тас мүсінге.
Біздің қилы күресіміз кешегі
Сені атқа отырғызу үшін бе?
Біздің дәуір нарықтан кеп табылды,
Бірақ, нарық жүрмей жатып жаңылды.
Нақ сол тұста сынап қалдың бағыңды:
Қоғам мүлкін заңдастыра жымқырып,
Іс бастап ең, байлық сел боп ағылды.
Рухынан артық қойған қарынды
Шын безбүйрек болып шықтың алымды.
Нәтижеде жұрт қалтасы қағылды.
Ал, әйтпесе мына үйлер, зауыттар
Қайдан тапқан дәулетіне алынды?
"Бөлінсе де сана төртке, ми үшке,
Нарық заңы солай, жөнсіз тиіспе!" –
Дейді біреу шығып алып мүйіске.
Сонда қалай, кедейленіп бар халық,
Жүз - ақ адам бай болуға тиіс пе?
Жүз бай шырқап, миллион кедей аһ ұрған,
Пайда тым аз жүз бай еккен дақылдан.
Кім бар жұртты тең баюға шақырған?
Қайыршысы жоқ ел,"- депті ақылман.
Сорласа жұрт рухсыздан сорлайды.
Қырандардан биік қойсақ торғайды,
Отанды кім торғайлардан қорғайды?
Рухсыздың, қайырсыздың баюы,
Бәлкім, ертең ұлтымызға зор қайғы.
Жинасаң да әлемнің бар алтынын,
Адамдығын көрсетпесе жарқылын,
Қоршар сені салқын шаттық, салқын үн.
Ешкім рух байлығынан бөлініп,
Шын бақытқа жеткен емес, жарқыным!

Ғашығым Ғашығым
Көп жұмбақтар жатыр мөлдір көзіңде, Мас болдым ғой саған деген сезімге. Сені ойлайтын болдым жаным тынбастан, Оңашада жалғыз қалған кезімде.
Қазақ елі монументі - Шөмішбай Сариев Қазақ елі монументі - Шөмішбай Сариев
Абылайхан: “Бұл қай ел?” – деп сұрар еді, Таңғалып Қабанбайлар тұрар еді, Тіріліп Абай келсе Астанаға, Ақын ғой, қуаныштан жылар еді!
Ақжайық арнаға түс арындама Ақжайық арнаға түс арындама
Ақ жайық, арнаға түс арындама Ару Жайық, ерке өзен, сыбырлағын, Бұл көктемде сен неге арындадың? Құм мен тастан өрілген жарқабаққа Ғажап болды - ау
Әже туралы ән Әже туралы ән
Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған, Сағынышым - сары ормандай самсаған. Әке болып жүргенімді ұмытып, Әлі күнге еркелеймін мен саған.
Қазақтың бас бұлшық еті Қазақтың бас бұлшық еті
Тұлпар далаң, іңкәр далаң айтып жатыр алғысын, Қабіріне бас игендей тәкаппар тау, қарлы шың. Күллі қазақ әйелдері толғатса да қанша рет, Туа алмастан
Менің ғасырым Менің ғасырым
Кірпікке кір жуытпай, құндақтаған. Мына өмір, мына дәуір қымбат маған. Бұл ғасыр, сірә, менің жүрегім - ау, Тынысын қыбыр етпей тыңдап бағам.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×