ойын сауық отауы
Ақбөбек жырлары
02.06.2016 2 165 0 Дауыл

Ақбөбек жырлары

Өлеңдер
Фариза Оңғарсынова өлеңі

Ақбөбек жырлары
Ақбөбек пен Қайыптың мұңды махаббаты туралы аңыз Маңғыстауда кең тараған. Өнерпаз кедей жігіт Қайыпты сүйген бай қызы бір түнде онымен қашып кетеді де, тауда үш күн паналайды. Қайып аң аулап кеткенде, қуғыншылар Ақбөбекті қолға түсіріп, Форт - Александриядағы (Форт - Шевченко) түрмеге қамайды. Қайып жиһан кезіп кетеді.

ДАЛАМЕН СЫРЛАСУ
Дала, менің жеңешемдей
Кетіпсің ғой құлпырып тым!
Маған пәлен демесең де,
Жанарыңда нұр тұнып тұр.
Көктеменің күн шуағын
Сағыныпсың, ұғып тұрмын.
Үйде мен де тыншымадым –
Құлпырдың да, қызықтырдың.
Тыным көрмей жыршы құс - ақ
Саған арнап жаңаша әнін,
түріне тым тұрсың ұсап
әжем терген алашаның.
Тіршіліктің бәрі бүгін,
бәрі бүгін бір түледі.
Таулар ғана кәрілігін
сезінгендей күрсінеді.
Сілкінбеді, шөге берді,
қажыған ба өмір соғып?
Асқақ кейпі келе ме енді,
Ойлағанмен көңіл солып...
Кәрі таудың құшағына
тұрақтамай бұлақ - қыздар
қарт жүрегін құса қылып
кетіп жатыр құлап құздан.
Қатпар шыңның мүжік басын
келемеш қып, қарашы әні,
жеткізбей жүр күліп қашып
жалаң аяқ бала сағым.
... Мен түнімен көз ілмедім,
көңілім де тыншымайды.
Бір бейтаныс сезім менің
жүрегімді шымшылайды...

ЖЕҢЕШЕ
Жеңешетай, тоқташы,
Құшақтайын сені бір!
Тасташы сол от басын,
Отырмашы емініп.
Жақын келші жаныма,
Жанарыма үңілші!
Шаттық көрсең жадыра,
Отырма тек түк үнсіз.
Сен қуансаң, ақылдым,
Қуанамын деуші едің.
Ағадан да жақындау
Көремін ғой мен сені.
Жаным бүгін шашты гүл,
Әлем бақыт сыйлап тұр!
Махаббаттың мастығы
Қуыршақты жинатты.
Көзінде оның сағым - нұр
Тұнып тұрған секілді.
Жүрегімді, жанымды
Ұғып тұрған секілді.
Сол жанарда - қонысым,
Қуанышым не түрлі.
Менің жаным онысыз
Күнсіз аспан секілді.
Айтшы маған жыр етіп,
Есіңе алшы бүгін бір.
Алғаш жүрек дір етіп,
Ғашық болған күніңді…

ТҮҢІЛУ
Адайлар мені маңдайға біткен күнім деп,
қастерлеп аса мақтайтын –
аймаққа кетсе атағым менің дүбірлеп,
бетімнен бірі қақпайтын.
Сүйікті болса, еркелеу болып кететін
әдеті шығар пенденің:
бір басқа менің еркелігім де жететін,
ел еді сонда сенгенім.
“Бөбекте де арман бар ма екен” дейтін қыз
біткен,
жігіттер жүрді жыр арнап.
Оңымнан туар бақытым - Айым біз күткен
сағым боп өтті бұлаңдап.
Жұлдызы болдым елдегі думан - қызықтың,
алдыма шығар кім бар - ды.
Енді мен бүгін “күнәкар болып батасын елдің
бұзыппын”
сүйгенім үшін бір жанды.
Ата - ана қайда бетіме жел боп келмеген,
беремін дейтін тілегін?..
Әлпештеп жүріп безеді неге ел менен,
жасыды - ау әбден жігерім...
Құса боп өтсе қыздары елдің сәні ме,
халқым - ау, қалай төзгенің?
Алдамшы екен ғой мынау жалғанда бәрі де,
махаббатымнан өзгенің.

СӨНБЕЙТІН СЕЗІМ
“Атыңнан айналайын Бөбек деген”.
Қайыптың әні.
Дауысың келді - ау құлаққа, сағынышым,
құсалықтан Бөбегің арыды шын.
Кеше мені азаптап көп сұрады:
“Қай бетке ұшып кетті,— деп, - тағы құсың?”
Сенің әнің сайрап тұр көкіректе,
ойламашы азаптан өкінед деп.
Менің бойым өрт тұрған.
Қосылмайтын
жүректердің, жаным - ау, оты көп пе?
Қайда жүрсің қамығып, сұңқар құсым,
бізден бақыт қиялдай бұлтарды шын.
Бөбек сендік жанары жұмылғанша,
арнаса да дүйім ел мың қарғысын.
Төксін теріс батасын, жала, кегін –
өзгермейді өзіңдік жан екенім,
ұқсын, мынау ұға алса, көр кеуделер,
сөнбейтұғын сезімдер бар екенін.

АШЫНУ
Түрмедегі Ақбөбекті патша офицері корламақ болады.

Селтиген сары!
Жетіспей тұрғаным сен едің,
келдің бе тағы көлгірсіп зымиян күлкіңмен!
Ұстай алмассың Бөбектің шәйі желегін,
әзер болса, дозағым болар бұл түрмең.
Ит өлген жерден келді екен сені кім айдап,
қаңғыбастарға мекен болған ба бұл аймақ?!
Тірілей мені тәлкек қып қойған мұндайға
соқыр екен ғой Құдай да!
Күні кеше сен “жабайылар” деп шікірейіп
тұрдың емес пе,
сары жез мұртың тікірейіп тұрды емес пе!
Жабайыны жөнге саламын десең, алдымен
мәдениеттілігіңді елестет!
Жолама маған,
қолаңса - сасық, күлімсі исіңнен жерінем,
қорқытам деме - талай қорқудан батыр боп
алдым тегі мен,
сенсіз - ақ көрген азабым бастан асып тұр
мынау даланың шонжарлары мен бегінен.
Тірілей сенің құшағыңа енбен, жүн ерін,
аю мойныңа асыла алмайды Қайыпты ораған
білегім!
Асқақтығым асып, ашуың қысса, жарып же
жабайы қыздың жүрегін!

ӨМІРГЕ ТҰРАР ҮШ КҮНІМ
Туған жер, елдің ішінен
жанашыр болды түн ғана:
дегендей бәрін түсінем
жасыра қойды жылғаға.
Тауға да жеттік ентігіп,
бұлақ - қыз күлді сылқылдап.
Жұлдыздар жиі. Жел тымық.
Қос жүрек қана тұр тулап.
Жастанып жүпар жусанды,
Көрпеміз - түннің шәлісі.
От сезімдерден бусанды
қаңырап қалған тау іші...
Жүректер жалын. Мекен - құз.
Жанарға бақыт - нұр қонып.
Тілеумен жаттық екеуміз
тұрғай деп мәңгі түн болып.
Таңдағы түстей тәтті еді
өмірге тұрар үш күнім.
Таптады қыршын сәтте бір
тырнағы заман - күштінің.
Азапқа салсын. Жүдеп мен
кінәлі жандай жасыман:
Айнымас асау жүрекпен
ақ сезіміме бас ұрам!

АРМАН
Елестейді жанбаған бағым әлі,
Сорлы жүрек сол күнді сағынады...
... Ақбөбек пен Қайыптың қызығы деп
тойлы ауылға кәрі - жас ағылады.
Балалар мәз. Думанға күлкі ұласып,
жаңа жерді жатсынып, жылқы қашып...
Көк шалғынға көміліп жас құлындар
жатса - ау, шіркін, желіде шұрқырасып!
Қыз жүрегін жігіттер байқап ашып,
отырады өзара тайталасып.
Қатар - қатар тігілген ақ жұмыртқа
отаулардың түндігін айқара ашып.
“Кетеді - ау, - деп, - жат - жұртқа ұя салып”...
Кейде келген құдадан сый аталып,
отырады кемпірлер “өріс қой” деп,
жаулық ұшын көз жаққа жиі апарып.
Сонда бұл маң түп - түгел жатпайды анық,
жолаушы да тыңдайды тоқтай қалып.
Жас күйеуді ортаға ап жеңге біткен
сабылумен жүреді нарттай жанып.
Таңданады сол тойға халық тұрып
(қызық думан көрген бе жалықтырып!),
жарқылдасып жүреді ағаларым
жиған - терген дүниені сарып қылып!
Ән - күйіңді сен бүгін бұлдама деп,
достар тұрса даланы жырға бөлеп.
Сонда біздер бақыттың толқынында
қос қайың боп, дүние - ай, ырғалар ек!
Қол жетпеске талпынар көңіл деген,
аңсауменен бұл күнді өмірде мен
өтемін ғой, құдай - ай, құсалықтан
жалғыз тамшы жас қалмай төгілмеген...
Бақыт аңсап балалық күн кешіп ем,
болмағаны - ау бармақтай бір несібем...
Бұл қапырық қуыстан құтылармын,
қалай шығам заманның түрмесінен…

Фариза Оңғарсынованың басқа өлеңдерін қарау

Оғыланды Оғыланды
Адасып келем, дала асып келем елсізде түн менен ойға қамалып, Жусан иісінен нәр алып.
Көңілің ауасындай тымық қырдың, бәрін де ұғып тұрдым Көңілің ауасындай тымық қырдың, бәрін де ұғып
бәрін де ұғып тұрдым. Жанарымнан от - ұшқын шашылғанмен, жанымда тұнып тұр мұң - сен мені ұмыт, құрбым.
Жұрт мені қатал дейді Жұрт мені қатал дейді
Жұрт мені қатал дейді найзағайдай мінезі шатырлаған, біреулері айтады ақыл маған: өркөкірек, тәкаппар, менменсіген...
Өз - өзімнен өртеніп барам жанып Өз - өзімнен өртеніп барам жанып
Өз - өзімнен өртеніп барам жанып, жүректен жас ағады тарамданып. Менде жай жоқ бұл күнде тым болмаса ақтарылар алдыңда саған барып.
Келе жатам әрі мұңды, әрі асқақ - сезсең мені Келе жатам әрі мұңды, әрі асқақ - сезсең мені
Келе жатам әрі мұңды, әрі асқақ - сезсең мені, елемей еш пендені, көлгірсіген шуылдақ жұрттың бәрін қойдай көріп жайылған тепсеңдегі.
Бір сезім жанарыңда елжіреген Бір сезім жанарыңда елжіреген
Бір сезім жанарыңда елжіреген жанымды тұңғыш рет дір еткізді. Басармын сол дірілді енді немен бір арман кернегендей жүректі ізгі.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×