ойын сауық отауы
Ғасырлар тоғысындағы Аналар
19.11.2016 1 657 0 Admin

Ғасырлар тоғысындағы Аналар

Өлеңдер
Ғасырлар тоғысындағы Аналар

XX ғасырдың анасы өткен ғасыр Аналарына қарата сөйлейді:

Уа, Ана!

Сендер өз ұлттарыңның мақтанышына айнала алған ұл - қыздарды дүниеге әкелдіңдер. Оларды бесік әлдиімен өсірдіңдер. Түн ұйқыларыңды солар үшін төрт бөлдіңдер.

Қазақ ұлты өткен ғасырында аласапыран шайқастарды басынан өткерді. Сонда сендер дүниеге әкелген ұлдар өз ұлтының Азаттығы мен Тәуелсіздігі үшін жан аямай күресті. Сендер үшін көздің қарашығындай болып көрінетін ұлдарыңның денесіне жаудың өткір жебесі келіп қадалды, улы найзасы түйрелді. Бірақ сендер ел қорғар оғлан ұлдарды өсірген едіңдер. Оларға үнемі бесігінен батырлық пен ерлік туралы жырларды айттыңдар. Олардың жаны мен жүрегі ана әлдиімен бесігінде - ақ шыңдалған еді. Сонан соң оларға әкелері қылыш ұстауды үйретті. Осы себептен де сендер өсірген ұлдардың рухы әманда үстем тұрды. Олардың ерліктері жау әскерінің құтын қашырды, мысын басты. Сендердің өсірген ұлдарың өз халқының Азаттығын сан мәрте қорғап қалды. Сондықтан да ұлттың рухы кейінгіге сақталып жетсе, осы жолда сендер өсірген батыр ұлдармен бірге, олардың Аналары - сендердің де үлестерің басым, Ана!

Тарих сөйлейді:
Бәрі де рас, Аналары батыр болар ұл тапты,
"Беріл", - деді жау әскері, менменсумен үн қатты.
Ана өсірген оғландар сонда мынау Далаға
Өшпейтұғын ерлігімен өлмес әнді шырқатты.

Асқақ әннен Даланың да жанарында шық тұрды,
Батыр ұлдар сонда оларға кім екенін ұқтырды.
Пұшайман боп жау батыры сонда мысы құрыған,
Аудара алмай тұлпарынан тақымдары мықты ұлды.

Мен тарихпын, соның бәрін көкірегіммен ұғамын,
Азаттығын жаулаймын деп салғанда жау лаңын,
Батыр ұлдар қорғап қалған денесімен қалқан боп,
Сол істердің, сол ерліктің бәріне де куәмін.

XX ғасырдың анасы сөзін жалғайды:

Уа, өткен ғасырдың Аналары!

Сендер Азаттық үшін болған шайқастарда ұлдарыңды жоғалттыңдар. Бірақ сендер үнемі асқақ тұрдыңдар. Өйткені сендердің ұлдарың батырлық пен ерліктің үлгісін көрсетіп, елі үшін құрбан болды. Сендер осындай ұл өсіргендеріңді мақтаныш еттіңдер. Бұл сендер үшін жарасымды мақтаныш еді, Ана!

Сендердің бойларыңдағы қасиетті біз, XX ғасырдың Аналары, өзімізге қабылдап алдық. Біз де анамыз. Сендер қалдырған қасиеттерге лайықты өмір сүре алдық. Кешегі Желтоқсандағы алаңда тұрған ұл - қыздарды өмірге біз алып келіп едік, Ана! Біз де олардың қасиетті Азаттыққа жол салушы ұл - қыздар болғандығына олардың анасы ретінде мақтанамыз.

Тарих сөйлейді:

Бәрі де рас, өз санаңда бағамда,
Ерлік туды мұз құрсанған алаңда.
Сонда олардың ұлдары мен қыздары
Ұқсағысы келді баба оғланға.

Міне, аналар тағы батыр ұл тапты,
Елеместен олар суық, бұрқақты,
Сол алаңда тұрып сонда ұл мен қыз
Тағы да асқақ ерлік жырын шырқатты.

XX ғасырдың анасы сөзін жалғайды:

XXI ғасырдың Аналары! Сөзімді енді сендерге арнаймын.

Біз өз әлемімізге лайықты өмір сүре алдық. Біздің ұл - қыздарымыз да өз заманына лайықты өмір сүре алды. Ерліктің де, батырлықтың да, білімнің де, ақылдың да үзілмес алтын арқауын сақтап қалу - енді сендерге аманат!

XXI ғасырдың анасы сөз алады:

Уа, XX ғасырдың Аналары!

Сіздер алдыңғы толқын Аналардың ұлтымызға тән айрықша қасиеттерін бойға сақтап қала алған Анасыздар! Соған лайықты өмір сүре алдыңыздар. Сіздердің өздеріңіз де кешегі 1941 - 45 - жылдардың арасындағы соғыста ұлдарыңызды жоғалттыңыздар. Бұл соғыста Сіздердің қыздарыңыз да болды. Олар өз ұлтына тән жауынгерлерше шайқасты. Сол ұл - қыздар Сіздердің құрсақтарыңызды жарып шыққан перзенттеріңіз еді. Біз Сіздерге бас иеміз, Ана!

Сіздер өмірге екі ғасырдың тоғысына әкеліп қасиетті Азаттықты ұштастырған ұл - қыздарды алып келдіңіздер. Біз сіздермен мақтанамыз!

XXI ғасыр қазақ Аналарына бұрынғыдан да жауапты, бұрынғыдан да сергек, бұрынғыдан да батылдау болуды жүктеп отыр. Себебі біз өсіріп жатырған перзенттер ақпарат майданының ортасында өмір сүруде. Бұл майданның жебесі тәнге емес, санаға бағытталады. Осы жолда біздер, қазақ аналары, өзіміздің ұл - қыздарымызды ұлтына лайықты перзент етіп тәрбиелеу жолындағы бағытта үнемі Сіздер қалдырған бай тәжірибені бойымызға серік етіп келеміз. Оларды заманына сай ғылым - біліммен қаруландыра отырып, олардың бойларында ұлттық құндылықтардың сақталуына олардың анасы ретінде сіздер қалдырған қасиеттердің биігінен мән бермекпіз.

Біздің Отанымыз - әлем таныған Тәуелсіз Қазақстан. Біздің перзенттеріміз оны үнемі мақтаныш етеді. Олар өзінің қасиетті көк Туын асқақтата береді. Олар Азаттықты тұғырлы ету жолындағы күреске өз білімімен үлесін қоса алады. Осы жолдағы білім жарыстарының "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлары" - біздің өсірген ұл - қыздарымыз. Біз олардың ұстаздарымен бірге анасы ретінде мұны да мақтаныш етеміз.

Қазақ Арулары қашанда өз ұлтына лайықты өмір сүре алған. Бүгінгі Арулар - ертеңгі Ана. Олар да асыл аналар салған алтын ізді жалғастыра береді.

Болашақ сөйлейді:

Келешегі келеді өсіп күнбе - күн,
Іргелі іспен артқа тастады күндерін.
Дәл осындай Аналары бар кезде,
Мен де үнемі осы жұртпен біргемін.
Тек осындай Арулары бар сәтте,
Осы елмен бірге өтпекші күндерім!

Авторы:
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы

Аяқты аспанға көтерме Аяқты аспанға көтерме
Әбілет пен Тәбілеттің аяқтарын көкке көтеріп жататын жаман әдеті болыпты. Осы әдеттерінен тыйыла алмапты. Кейін күнәлі болып, Тәңірі алдына барғанда
Жас түлектерге ата - аналары айтатын тілектер Жас түлектерге ата - аналары айтатын тілектер
Осы тілектердің жүректеріңізге жетіп, көңілдеріңізге қонғанын және орындалуын шын жүректен тілейміз.
Бір ханда екі ұл бопты бір туысқан Бір ханда екі ұл бопты бір туысқан
Бір ханда екі ұл бопты бір туысқан, Күндесіп, араздасып, бұзылысқан. Билеген елін екі бөліп алып, Соғыс ашып, болыпты қатты дұспан.
Қазақ дастарқаны Қазақ дастарқаны
Сендерменен бір бастым шыңға қадам, Сендер барда келген жоқ мұң да маған. Далаң анау талдырған құс қанатын, Бабаң анау кеңдігін бұлдамаған.
Ғасырлар съезі Ғасырлар съезі
Қырқыншы ма, Елуінші ме ғасырда Ғасырлар жиналып, ғасырлар съезін ашуда Адыра қалып алтының мен ураның, Парасат, ақыл арнаға сыймай тасуда.
Аруларға тілек Аруларға тілек
Сендер жайлы тек ән салсын уақыт-күн, Жүздеріңде нұры ойнасын бақыттың. Бақыт деген - қыздың қамсыз күлкісі, Алмастыра алмас оны жақұт мың. Отау етіп
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×