ойын сауық отауы
Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері №2
08.02.2022 18 222 0 Admin

Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері №2

Өлеңдер
Мына қасқа...
Қор болған жылдарым-ай, күндерім-ай!
Асауға ауыздықсыз мінгенім-ай!
Мына қасқа бәрін де біле тұрып,
Мына қасқа бірін де білмеуін-ай!
Шынымен түсінбей ме мына қасқа,
Мына - көз, мына - жүрек, мына - басқа
Мына қасқа шынымен түсінбей ме,
Бұлбұлдың қонбайтынын қу ағашқа?!
Мына - жүрек, мына - көз, мына баста,
Ненің барын біледі мына қасқаң...
Сезгіштігін білдіріп алам ба деп,
Тас жүрегін жасырар қына басқан.
Аламын деп қасқаның тас қамалын,
Тас жүрекпен қашанғы тас боламын.
Тас жүрекке табынтып, тастамағын,
Жүрегін бер, тәңірім, жас баланың!
Сағындым сені, сәби кездерім-ай,
Сандалтып, мені тастап безгенің-ай.
..Мына қасқа бәрін де сезіп тұрып,
Мына қасқа бірін де сезбеуін-ай!

Несіне асығады?!
Күн қайда асығады?!
Нендей күш күннің нұрын жасырады?!
Қызарып соңғы сәуле шашырады.
Күн түйе алмай барады шашын әлі.
Несіне асығады?!
Көкжиекке ымырт кеп асылады,
Түн келіп, дүниені басынады.
Күн неге асығады, асығады?!
О, жарық дүнием-ай!
Қуатым-ай!
Несіне асығасың, тұра тұрмай.
Өмірді басқа арнаға бұратындай.
Түннен қорқам...
Мәңгілік тұратындай.
Тоқташы!
Тоқтай тұршы, қуатым-ай!
Білмеймін асығатын Жер ме, Күн бе?!
Белгісіз, не күш мені тербетуде?!
Қара жер қашан өткен күнді айналып?!
Қозғалмай-ақ тұрмын ғой жер бетінде.
Жетпедім ұшығына күнде ойланып,
Жер қайда асығады, күнді айналып?!
Тірлікте қара түннің керегі не,
Кетпей ме онан-дағы күнге айналып.

Алматының аспаны
Тал түсте,
Бозғыл деңгейде,
Шуағын жерге төккен Күн.
Жылымық қыста кей-кейде,
Иісі келер көктемнің.
Ұмыттырар ақпанды,
Боз аспан, онан боз дала.
Осынау ғажап шақтарды,
Қозғама, тәңір, қозғама!
Оралады өткен күз,
Қыс келеді.
Төсі қар.
Ұзатылған көктем-қыз
Қайта оралса, несі бар?!
Ішке сыйған баламыз,
Сыртымызға сыяды.
Кең ғой біздің даламыз!
Зиялы да ұялы.
Қайдан келсін бірақ та,
Мезгіл жетпей қыз-көктем.
Қарашы анау қыратқа,
Арқасына мұз шөккен.
Алматының аспаны,
Бізді әзірге тұр алдап.
Қайың, терек бастары,
Барады әне, қыраулап...

Жалғыз көкек
Жетімсіреп, жем іздеп балапанға,
Жалғыз көкек жүретін жаға талда.
Әлдекімді жоқтайтын күн батарда,
Әлдекімді жоқтайтын таң атарда.
Иесіз қалған, бұзылған тамға барып,
Қонушы еді, қонағын қамдап алып.
Жоқтаушы еді оңаша отырып ап,
Оқшау шетте ұясы, талда қалып.
Сұңқыл үнді сұрша құс, жан - Отанын
Ойландырып тастайтын жаға талын.
Оңашада отырып жоқтаймын деп,
Оятатын ұядан балапанын.
Сұқ саусақтай балапан ес білер ме,
Сұрша құстың сұм даусы есті желде.
Ұясында құттай құс қобалжиды,
Таныс үнді шалғайдан естігенде.
Қайдан білсін, әкесі жем бергенін,
Жем бергенін... Қаршыға өңгергенін...
Қайдан білсін, шешесі шер бергенін?..
Түйір дәндей жүрегі тулап жатыр,
Ұядағы титімдей шерменденің.
Жетімсіреп жем іздеп балапанға,
Жалғыз көкек жүретін жаға талда.
Әлдекімді жоқтайтын күн батарда,
Әлдекімді жоқтайтын таң атарда.

Отан
Отан!!
Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен кетер ем.
Құс ұясыз,
Жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.
Тірі адамға - сол қайғы!
Күн көреді,
Әкесіз де, анасыз,
Өмір сүрер.
Әйелсіз де, баласыз,
Ал Отансыз -
Нағыз сорлы панасыз?
Білесің бе,
Отанның сен не екенін?
(Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.)
Екі Отан жоқ.
Жалғыз Отан - мекенің!

Нені аңсаймын
Нені аңсаймын?..
Туған өлке, туған жұрт, сені аңсаймын,
Heгe аңсаймын, білмеймін, неге аңсаймын
Ұл де, мейлің, адасқан құл де, мейлің,
Сені аңсаймын, туған ел, онан сайын!
Қуат берген дәмің мен тұзың маған,
Қаймағыңды аңсаймын бұзылмаған.
Гүлін сүйем, шалғынның бүрін сүйем,
Үнін сүйем масаңның ызыңдаған.
Сені аңсаймын, қайнаған ақ бастаулар,
Ақ бас таулар - самайын ақ басқандар.
Сені аңсаймын, қазіргі ақ бас шалдар,
Бұрынғы өреден құрт ап қашқандар,
Су кешіп, жалаң аяқ от басқандар!

Сен менің Сен менің
Сен мына - жанарымның ішіндесің, Жанардың білесің ғой кішірмесін. Ішіне жанарыңның сақта меңі, Біреулер көлеңкесін түсірмесін!
Несіне асығады?! Несіне асығады?!
Күн қайда асығады?! Нендей күш күннің нұрын жасырады?! Қызарып соңғы сәуле шашырады. Күн түйе алмай барады шашын әлі.
Мына қасқа... Мына қасқа...
Қор болған жылдарым - ай, күндерім - ай! Асауға ауыздықсыз мінгенім - ай! Мына қасқа бәрін де біле тұрып, Мына қасқа бірін де білмеуін - ай!
Менің ғасырым Менің ғасырым
Кірпікке кір жуытпай, құндақтаған. Мына өмір, мына дәуір қымбат маған. Бұл ғасыр, сірә, менің жүрегім - ау, Тынысын қыбыр етпей тыңдап бағам.
Барлығы да менікі Барлығы да менікі
Барлығы да менікі: Мына дәуір, мына өмір, Мынау аспан, мына күн. Мына мұхит, мына жер - Мына менің тұрағым.
Кереметі - ай, мына жарық сәуленің Кереметі - ай, мына жарық сәуленің
Кереметі - ай, мына жарық сәуленің! Езу тартып барады, әне, әлдекім, Алатау да жатыр, әне, сәнденіп, Ал мен болсам, бір жаныммен әуремін.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×