ойын сауық отауы
Мен қазақпын - Жұбан Молдағалиев
10.10.2018 1 308 0 Дауыл

Мен қазақпын - Жұбан Молдағалиев

Өлеңдер
Мен – қазақпын
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген,
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.

Мен – жігітпін, айқасқа, сынға асықпын.
Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.
Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,
Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым.

Мен – қара көз сұлумын, сайтан қызбын
Сайрай қалсам, тілімнен бал тамғыздым.
Сүйер болсам, өмірдей өле сүйдім,
Қас батырмен қайрасқам балтам жүзін.

Осындай боп, білмеймін, кімнен тудым.
Бәлки қайсақ, бәлки бір ғұннан тудым.
Деп шатыпты біреулер «күннен тудым».
Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым.

Руым көп солардың аттарындай,
Мінезім бар таулардың қатпарындай.
Ән - жырым бар бабалар хаттарындай,
Әжімім бар бейнеттің таптарындай.

Қаза тапқан солдаттай ізгі өлімнен,
Қалалар да өтіпті түз белінен.
Қаңқалары табылып жатыр қазір
Соғыстар мен жорықтар іздерінен.

О замандас, соларға бір қараңыз:
Әр кірпіші, әр тасы бір қора аңыз.
Өлгендерді тірілтіп, өмірлі етіп,
Өшкендерді табатын бір ғана біз.

Мирасы ма, мұра ма аз ба со да?
Алынбайды алтындай қазбаса о да.
Тереңім көп, тұңғиық тарихым көп,
Жылдар көші том - томдап жазбаса да.

Жаза алмадым, қайтейін, хат білмедім.
Білдім, бірақ, найза мен аттың белін.
Ат үстінде ұмыттым кедейлікті,
Ат үстінде өлсем мен шатпын дедім.

Жетпеген жоқ ғылымға зеректігім,
Сезбеген де емеспін керектігін.
Қала бердім жарыққа жол таба алмай,
Қараңғыға тас батып ер екпінім.

Кейін білдім жердің де шар екенін,
Өз өлшемі, өз шегі бар екенін.
Көк өгіз деп көтеріп тұрған соны,
Ысырап боп жүріпті «бәрекелдім».

Ұзақ ұйықтап тұмса түз бесігінде,
Естімеппін Архимед есімін де.
Жерді үйіру қиялы былай тұрсын,
Жемісі де тимепті несібеме.

Танытпады надандық Сократты,
Гомерді де көп ғасыр тоқыратты.
Көзім басыр болса да, ойым көргіш
Мен де ақын ем өзіндей сол бір қарттың.

Келсе ғой далама бұрын олар,
Коперниктер, Джордано Брунолар!..
Қапы кетті қаншама ұл - қыздарым,
Бағы жанса, солардың бірі болар.

Арылмады басымнан замана – түн,
Үйіп - төгіп жазмыш жаманатын.
Европадан жетпіс жыл соң оқыдым
«Коммунистік манифест» ғаламатын.

Соң оқыдым, талайдан бұрын ұқтым,
Түннен күнге күрт басып бұрылыппын.
Бір бөлшегі болғаным қандай бақыт
Россиядай, Лениндей ұлылықтың!

Ал бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,
Жаза алатын, ғылымды қаза алатын,
Жаза алатын дүниелік дастандарды,
Жаза алатын тарихқа қазақ атын.

Атымның да кеше ғой танылғаны,
Оған дейін не таңба таңылмады?
Солар жайлы ойлансын ұрпағымыз –
Шолпан қызы, шапақты таң ұлдары,

II

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

– Жоқ, ондай ел болмайды жер бетінде
Мал соңында құл емей желдейтін не?
Мен – Шыңғыс хан, атыңды өшіремін.
Менмін сені тірідей жерлейтін де!..

Екі айтпайды хан тақсыр, бір кеседі,
От көссе де қолымен, бір көседі.
Қылышына ілініп қылша басым,
Әр шапқыншы қолында жүр кесегі.

Шегірткедей қаптаған ат тұяғы
Тозаңдатып талқандап жатты ұямды.
Ит үрікті түтеген түтіндерден,
Шат күлкілі даланы жат күй алды.

Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым.
Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.
Сансыз басты диюдей сан тіріліп,
«Мен – қазақпын» дегенді айта тұрдым.

«Мен – қазақпын» дедім хан Темірге де.
Жез тырнақша қадалды жебір неме.
Шыңғыс қорқау болғанда, мынау бөрі,
Біреуінен бірі кем елірді ме!?

О да құдай саналды, жұртты алдады.
О да мені өлтірді, құрта алмады.
О да кетті жегідей, жерімді отап,
О да салды денеме дыр таңбаны.

Таңба - таңба тәнімнің тыртықтары
Қатпарына қаншама сыр тықпады?
Шежіренің беттерін ашар о да,
Оқи алсаң кітаптай, сүртіп қанын.

Қан да, көздің жасы да сорықпады.
Күреңітті көлдердің борықтары.
Азан - қазан «Ақ табан шұбырынды»,
Ала топан жоңғардың жорықтары...

Мал айрылды дағдылы жайлауынан,
Жер айрылды жарлы елден, байлы ауылдан.
Қыран бүркіт адасты мекенінен,
Қыз жаңылды сертті сөз байлауынан.

Сарыарқада сарнады Асан қайғы,
Домбырадан бақсыдай бас алмады.
«О, қарт баба, еңсеңді көтер! – дедім, –
Көп күрсінсең, көңіл де қасаңдайды.

«Ару – жолда, мал – терде, бала – белде»,
Уайым түбі – теңіз ғой, бара берме.
Жігер керек, жыр керек, жалау керек,
Қайрат күйі боп төгіл қаралы елге.

Жерімізде жау қолы жосығанда,
Тура айтуға тірі тіл шошығанда,
Жалғыз дауыс – домбыра емес пе еді
Қарсы барған қаныпезер Жошы ханға?

Күй емес пе ботасыз нар идірген?
Ән емес пе аққудай жар ілдірген?
Жыр емес пе жүрекке жел бітірген?
Олар барда дей алман тарылды іргем.

Жолдас емес адамға дүние боқ.
Жұмаққа да жүр қазір дін ие боп.
Өлең қалсын ұрпаққа, өнер қалсын,
Ата мирас мәңгілік дүние боп.

Ұлы аманат етейік еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.
Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең
«Қазақ болу – зор бақыт» дер күн тіпті...»

Сондай - сондай заманды кешкен елмін,
Жұт арытып, шөл қысып көшкен елмін.
Өшіп кетіп бір жайда жер бетінен,
Өзге орында балалап өскен елмін.

Дос та іздедім жау тисе болысатын,
Қыс қыстасып, жаз бірге қонысатын.
Еділ, Жайық, Ертісті сағаладым,
Үміт көрдім қаһарлы орыс атын.

О да қолын ұсынды тосқан таңдай.
Тар кезеңде табысқан достар қандай!
Жайып салдым алдына жанымды мен,
Аппағынан жарылған дастарқандай.

III

Жайып салдым сырымды дос алдына,
От басында, өрісте, қос алдында.
– Жан жүрегі көзінен көрінетін
Қазақ, – дедім, – отырған осы алдыңда.

Көшіп - қонып жүргенім мал қамынан,
Өмір іздеп су, шалғын алқабынан.
Одан өзге тіршілік, кәсібім жоқ,
Не тауыппын құранның әлхамынан.

Ұқсатамын оны мен қысыр малға.
Білем, бұл сөз – күпірлік мұсылманға.
Шынымды айтсам, алланың өзін де мен
Еске аламын кейде бір қысылғанда.

Шариғаттың шартынан үрке бердім,
Көргенім жоқ өмірге бір керегін,
Еркек болып сәлдені сыйламадым,
Әйел болып бетімді бүркемедім.

Жоқ, дін емес, мал – жаным, жер – кіндігім.
Жалайды итше жарамды, дертімді күн,
Күн астында гулеген желді сүйем,
Сүйем оның тежеусіз еркіндігін,

Келгенім жоқ дүниеге кемді күн мен.
Күн болмаса алар ем емді кімнен!
Хауанадай көңілшек түзден тудым,
Сүйем оның қиялдай кеңдігін мен.

Жарқын, жалпақ, жайбасар керіктігін
Табиғатым десем де еріктімін.
Сүйем оның самал таң, салқын кешін,
Сырға өзімдей түнінің беріктігін.

Келбетім бар шой қара құздарымда,
Жаралғандай ызадан ызбарлы о да.
Досыма көл, жауға шөл мінезімдей
Аптап шілде, ақ боран мұз - қары да.

Құшақтасам, сүйегім сынды деме,
Сүйе қалсам, тынысым тынды деме.
Жылай қалсам жұбатпа, мұңды деме,
Сақ - сақ күлсем секіріп, жынды деме.

Құс ішінде ұнайды қыран маған.
Күрт құлаймын құласам, бұраңдаман.
Іштей сүйем, сүйсем мен, іспен сүйем,
Көлгірсімен, көзіңше ұрандаман.

Аққу, бұлбұл әнімен сылаң қақтым,
Сұлулыққа, өнерге сұғанақпын.
Сауысқан мен қарғадан жиіркенем,
Бірі сұйқылт, біреуі сырғанақ тым.

Қызық көрем жәндікте құмырсқаны,
Тырмысқаны тынымсыз тұрмысқа әлі.
Белі үзілген бейнетқор қайтер еді
Бітсе менің күшімнің бір мысқалы!?

Қолдан түспей ақ таяқ, шалғы орағым,
Қалт - құлт етіп тірнектеп мал құрадым.
Жұлдызбен тең мен қазған құдық саны,
Сүйем судың, мөлдірін, бал бұлағын.

Сүйем гүлдің қызылын, қызғалдағын,
Қызыл алтын секілді ол қызғанда күн.
Иіскеп тұрып соны мен, бақ аңсаймын,
Болса өзгеде, жоқ және қызғанбағым.

Тамызықпын жолдасқа, білтедеймін,
Жал - құйрығын атының күлтелеймін.
Өз үйімде тимеймін жауыма да,
Жығылғанға жұдырық сілтемеймін.

Құнықпаймын дүние - шолаққа мен,
Асым барда қуанам қонаққа мен.
Жолаушыға сатпаймын көлеңкемді,
Болса болды бірер ән, қонақ кәдең.

Даяшымын, бәйекпін, ең кішімін,
Демесе кім «мен тақсыр, мен күштімін».
Шоқпар боп та шекеме тимеген жоқ
Жомарттығым, аңқылдақ сенгіштігім.

Қазақтың да жоқ емес «жау шаптары»,
Қолымыздың бірдей ме саусақтары.
Есімімнен садақа кетсе олар,
Демес едім «қабырғам қаусап қалды».

IV

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Қашан қазақ атандым мен азандап? –
Әлі күнге білмейсің, ей, адамзат.
Есіміме береді бала жасын
Құлпы тасты шұқыған кей азамат.

Өзі шешер тарих талас үнін,
Әйтеуір мен – адамның баласымын.
Екеу емес, адамзат біреу ғана,
Айырымы жоқ ақ өң мен қарасының.

Адамзатта айырым жоқ, адамда бар –
Адамдықта, әдетте, аранда бар.
Бөлтірігін жейтұғын бөрілер бар,
Бабасын да сатады арамға олар.

Ұл өсірдім, қыз бақтым – ұлан тудым
Жақсы ішінде кейде бір жылан тудым.
Хан - сұлтан боп, бай болып аждаһалар
Салды астына жұртымды лаң тудың,

Абылайды, Жәңгірді, хан Кенені
Қазақ өзі қашаннан аң демеді?!
Қылықтары еріксіз түссе еске,
Қан татыған аузыма дәм келеді.

Солар мені қамаған қараңғыға,
Соларды тек жебеді сараң құдай.
Мен де ұқтым көзімнің ашылмасын,
Озбырлықты отамай, қараң қылмай.

Өшпейтұғын от іздеп құр сандалған
Прометей мен болдым құрсауланған.
Жарқылдадым Исатай найзасы боп,
Махамбет боп тілінен жыр саулаған.

«Өздеріңдей хандардың,
Қарны жуан билердің
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көкке шақыртып,

Басын кессем деп едім.
Еділдің бойы ен тоғай –
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге

Мал толтырсам деп едім.
Еңсесі биік ақ орда,
Еріксіз кірсем деп едім.
Керегесін қиратып,

Отын етсем деп едім.
Туырлығын кескілеп,
Тоқым етсем деп едім.
Тақта отырған хандардың

Төрде отырған ханымын
Қатын етсем деп едім... 1»
Қамшы үйірдім атойлап хан тағына,
Хан - сұлтандай қайрымсыз аң табына.

Жалаңдаған найзама жалт қарады
Қаңтарылған зар заман аңтарыла.
Кезіккендей бір сойқан сең селіне,
Теңселгенде қанды тақ, еңсеріле,

Тұрып қалды жамбастап сүйеніп ап,
Ақ патшаның қап - қара семсеріне.
Тұрып қалды, түндігі желпілдеді,
Төне түстім, дауылым серпілмеді,

Өштескен соң өліспей бітіспеймін –
Не сен! Не мен! – болды тек сертім де енді.

V

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда, күлкімнен түн түрілген.

Мен – қазақпын, Россия адамымын.
Ала бардым Неваға дала мұңын.
Мен де естідім шынжыры шылдырлаған
Петропавл түрмесі – қамалы үнін.

Қайран ұлы ел анадай көп балалы,
Тағдырымның бетіне дөп қарады.
– Шеттен таяқ жемессің мен тұрғанда,
Патшакеңнен болмаса... – деп қалады.

– Жоқ, жоқ, – дедім,– мен оның пендесімін
Сол береді шапағат, ел несібін.
Ағзамына айтамын арызымды,
Танылады ұлындай енді есімім...

Сәби сенім, ақ үміт желіктірді.
Әлде алдамшы бір сайтан еліктірді.
Шағым етіп, дейінші, мен байғұсың
Қол қусырып сарайға келіп тұрды.

– Қазағыңмын, Алдияр, үмметіңмін,
Еділ, Жайық, Ертістің күн бетімін.
Күн астында күн көру қиындады,
Қуғын шектім, күзендей індетілдім...

– Тоқтат! – деді патшамыз, – қазағы кім?
Қазақ деген жоқ болса, азалы кім?
– Қара қырғыз, Алдияр, онысы бір, –
Деп нөкері көбейтті мазақ үнін.

– Мен – қазақпын, қырғыз ол – туысқаным,
Бірге тартқан тарланның құйысқанын.
Анамыз да қара көз бір қыз, бәлки,
Бөліп берген егізге уыс нанын.

Ерке Талас, ер Манас – қырғыз деген.
Төскей, төсек, тілегі бір бізбенен.
Ол болуға, Алдияр, арланбаймын,
Ал қай құдай қазақты білгізбеген?..

– Болған емес, болмайды қазақ деген!–
Патша ашулы, шеккендей азап менен.
Әттең, әттең айтқызса өз алдында,
– Ей, Алдияр, ақылың аз - ақ!– дер ем

Шығысыңда сұр дала сұлап жатқан.
Қазынаң ол, мола емес құлап жатқан;
Бүлкілдеткен ұртыңды бифштекс –
Шопан ата көз жасын бұлап жатқан.

Менен, тақсыр, жерің аз жат сыр алған.
Қызметіңде қалбаңдап қат сыналғам.
Сен білмесең, біледі Наполеон –
Солдатын боп Сенадан ат суарғам.

Сонау орыс мұжығы, қара халық
Көрген емес көршіден дараланып.
Өгіз менен, соқа одан, білік одан,
Ортақ егін саламын, қара барып.

Екі тілде сөйлейді баламыз да,
Екі тілден тояды бал аңызға.
Даламызда жолығып тамыршылап,
Құда түсіп қоямыз қаламызда.

«Мариям Жагор деген орыс қызы,
Он алты – он жетіге келген кезі:
Қазаққа Дудар деген ғашық болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзі:

Дудар - ай дудым,
Бір сен үшін тудым...»
Шіркеулер де, мешіт те былай қалды,
Жерде патша, аспанда құдай қалды.

Бөгеттер мен жасанды шекаралар
Бөле алмады, жалп етіп құлай қалды.
Қазақ атты мал баққан шаруаны
Қастерлейді Пугачев аруағы.

Тағы ерер ек тірілсе, тағы өлер ек
Күл астында тығулы қаруы әлі...
Бір жазықта тым ұқсас тумас еді,
Бір болмаса арманы, тұлға, шебі –

Ер Пугачев – қазақтың Исатайы,
Нар Исатай – орыстың Пугачеві.
Сезем, патшам, тағы бір жақпастығым:
Зәреңді алған жұртыңмен аттастығым.

Мен – қазақпын, ол – қазақ – қазақ, орыс,
Қынапта құр қос қылыш жатпас бүгін.
Дүбірлес ем дауылмен, мен бірлес ем,
Пушкин білді қазақты, сен білмесең.

Даланы да түрмеге айналдырдың,
Арылмаған аяқтан сен бір кісен.
Пушкин мені алыстан іздеп келді,
Бұғауларды жырымен үзбек те еді.

Өз жанымен жанымды салыстырды,
Көп ұқсастық көзінде тізбектелді.
Көл - көсір ән, кең жазық көсілген ән,
Керуенін заманның көшірген ән,

Қозы менен Баянның, сырындай ән,
Күйзелткен ән, көңілді өсірген ән...
Аңсап келді ұлы ақын, ұға келді
Құдіретті ән иесін, құба белді.

Қараң етіп алдынан, күркелерден,
Көлеңкесі Пугачевтың шыға берді.
Шыға берді, дауылды шақтай әлі...
Жаңа жыр боп ақынға бақ таянды...

«Сұлу Баян, – деді ол – Татьянам,
Татьяна – қазақтың ақ Баяны».
Ақ табан боп жатсам да босып, өріп,
Ақын кетті даламның досы болып.

Соның да сен, Алдияр, жендетісің,
Тұратұғын тоятсыз тосып өлік.
Досым еді украин кобзары да,
Қанып еді Жыр – Тарас көп зарыма.

Сен итеріп оны да жібергенсің
Арыстан жал Аралдың көк жарына.
«Танған жоқсың әлі сол бағытыңнан!
Дер еді олар, бір тұрса табытынан, –

Қазақтың да білерсің кім екенін,
Соға қалса өр дауыл тағы тыңнан!..»
Ал әзірге білмесең, білме, патшам,
Болды маған мұжықпен бірге жатсам.

Болды ұқса жанымды солар менің,
Болды соның білігін тілге тартсам.
Білмейсің ғой мен түгіл соларды да,
Халық қамы ойыңа оралды ма?

Жез өкшедей жат тілде шүлдірлейсің,
Күлесің сен орыстың соры алдында.
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда, күлкімнен түн түрілген.
Мен – бұл кезде Шоқанмын, Абайлармын,
Оң - солымды туды енді абайлар күн.

Оятқандай даламды дауыстары
«Кім жазықты?» дегенде талайлардың.
Мен өзгердім, көп жіті көз - құлағым.
Бөгде - бөгде жайларды сөз қыламын.

Қилы ертегі шертеді тамыр орыс
Қанжарының бір сипап жез қынабын.
Талай сөзі миымда шегенделді:
«Күрес», «теңдік», «декабрист» дегендері.

Жүрегінде жүн болар орыстардың,
Патшаға да оқталса, егерде елі.
Жалғыз қалсаң, жасыйсың, әл кетеді,
Жақсы жолдас сүйейді, әлді етеді.

Жырға қосып Стенька Разинді
Орыс, қазақ отырып әндетеді.
Кейде кезі болады «тастап алған»,
Бақыт тілеп, нұр тілеп досқа таңнан.

Ақ шөлмекті құйрықтан бір - ақ қойсаң,
Ақ патшаны табасың тостағаннан...
Ех, Алдияр, шерімді тарқататын
Ащы судай жоқ болды - ау марқабатың.

Саған деген жанымның, жүрегімнің
Арктика жайлады әр қабатын...
Жоқ, жоқ, сенің алдыңа кіре алмадым.
Тыңдайды деп сөзімді тірі алдандым.

Бұл – айтқаным ойымның даусы ғой тек
Өзі ғана еститін бір алланың.
Сол алла не, патша не бірақ маған?
Екі айыпты біреуін бірі ақтаған.

Мен – қазақпын, перзентпін танылмаған,
Сот алдында «әкемді» бір - ақ табам.

VI

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда, күлкімнен түн түрілген.

Дүбір дала дыбысшыл, дабырашыл,
Ат қосқандай бәйгеге ауыл да асыр.
Көп күркіреп, жалт ойнап жетті түзге
Жиырмасыншы жас ғасыр, дауыл ғасыр.

Миллиондардың үніндей жаңғырығы - ай!
Тарап жатыр өлкеме жан жырындай.
Қапырықта қаһарлы Бесінші жыл
Төгіп өтті жаздың ақ жаңбырындай.

Таң белгісі секілді жел тұрды саф,
Саф самалға шөліркеп ел тұрды аңсап.
Белбеуіндей шығыстың шапанының
Көкжиектен көрінді кемпірқосақ.

О, қызық - ай, қызылы мол ағынан,
Ту желбіреп тұрғандай жолағынан.
Жоқ, әншейін қызылшыл әдетімен
Әлденеге жориды, шолады жан...

Кемпірқосақ шыққан жоқ асылы езге,
Болған да емес қызылы, жасылы өзге.
Өзгерген тек өзімнің көзім, бәлки,
Самолетті, сауытты ғасыр өзге.

Қой торымен мен бірақ жүрмін әлі,
Кей жағдайда жаяумен бірмін әлі.
Жаңа естідім заводтың гудоктарын,
Өгей бала үніндей үн бұл әлі.

Әлі де одан жүреді үркіп атым.
Жекірігі секілді ол Урквардтың.
Урквардтың қалтасы – Қарағанды,
Аузына оның Алтай тұр бүркіп алтын.

«О, ақ патшам, саған еш ем қонбады,
Жатқа неге жеріміз жем болғаны?
Мені тіпті жабайы малшы десең,
Орыс қалай өзгеден кем болғаны?

Миллион жылдар адамзат аяқтанды:
Еңбектеді, тәй тұрды, аяқ талды.
Нәрестедей жүруді үйренді әрең,
Жаяулады, арманы жай ақталды.

Көтерілмей бөксесі қара жерден,
Жер тартқандай бабалар қала берген.
Содан бетер мақтаныш орыс ұлы
Аэроплан қанатын ала келген.

Жер - дүниенің эфирден даусын берген,
Қалай ғана Поповтар таусылды елден?
Ломоносов, Ползунов, Менделеев –
Ақыл - ойдың дәуі ғой дәусінбеген.

Сорлы боп па соларды туған халық?
Тегін де емес жатқаны ту қанданып.
Сол жасайды замана заводтарын
Соған қарап далам да тұр қамданып.

Тең бағалап қантамыр жалғасымен,
Ұйықтап жатып санағам мал басын мен,
«Шәйт!» деп енді лақтырсам, ақ таяғым
Табысады жұмысшы балғасымен.

Табысады ту тіккен Нілдімен де.
Кімде қайрат барын да білдім енді.
«Мен – басшымын, сен – қосшы» десе біреу,
Ер қасына сойылды ілдім мен де...

Пісіргені көк құрыш көріктердің.
Сарбаздарға сом дойыр өріп бердім.
Қолы аттың жалында тұрған халық,
Баса киіп тымағын, бөріктерін.

Кейде қозып кеткендей делебесі,
Лап береді ел дауы, жер егесі.
Шаңырағы шатырлап ақ ордалар,
Қара күйе болады керегесі.

«Бұл – ойыншық, алда зор насыры әлі,
Ақ патша да аяққа бас ұрады.
Ақау, айдай, ашылар көңіл шайдай!..»
Деп күбірлеп тұрғандай ғасыр әні.

Дала соны тыңдайды, «ұзын құлақ».
«Ұзын құлақ» әзірге ызың бірақ.
Ызың бірақ маған өр жел бітірді,
Қыран билік алғандай, құзғын құлап.

«Мен – қазақпын» деп қоям батқан күнге,
Көз қысам шығып келе жатқан күнге.
Бәйге күткен тұлпардай жер тарпимын,
Асығамын қиқулы «аттан» күнге.

VII

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен – қазақпын, бір биік белеспін мен
Европа да, Азия да емеспін мен.
Аралықпын, жетінші материктей,
Бірақ барша адаммен тел өстім мен.

Жүргенімде жүдеткен түнде езіле,
Дүр сілкінтіп дүмпуіл тиді өзіме.
Ұлы аралдай жер - мұхит астындағы
Қалқып шықтым түнектен күн көзіне.

Мен – қазақпын, мен енді Октябрьмін,
Революция күшімін, нақ тәңірмін.
Кейіпкері Лениндік декреттің,
Мен – жұлдызды халықпын, бақ тамырмын.

Жерім – майдан штабы, пәтер үйі,
Қасиетті күрес бұл, қатері игі.
Мен – Россия, мен – Совет Одағымын –
Азаттықтың бірінші материгі.

Аласапыран айқастың дүбірі өтті.
Жиырмасыншы жыл келді құдіретті.
Паспортымен қайтарып есімімді,
Ұлы Ленин бұл жылды қыдыр етті.

Республика! Ерікті ел – Қазақстан!
Келді ақыры көп күткен жаз алыстан.
Келді алыстан аңсатып, армандатып,
Торды бұзған мен де бір мәз арыстан.

Жоқ - жітікпін әзірге, жалаңашпын.
Жан тоқ болса, демейді дала ашпын.
Қазеке деп атымды атаса жұрт,
Қалай тұтас бақытқа баламаспын!

Мен – қазақпын, азат қыз, ерікті ұлмын,
Жер бетінде Антейден берік тұрмын.
Революция қамымен, міне, енді
Кремльге, Ильичке келіп тұрмын.

Қараймын да даналық бұлағына,
Ыржиямын, екі езу құлағымда.
Шекпен шалбар, тері тон, киіз етік,
Бөрі талап кеткендей тымағым да.

Ал ұлы адам, жұпыны көз көруге,
Өз көзімдей қысыңқы кездері де.
Бірден көрді жанымды жалаңаштай,
Бірден баурап әкетті сездері де.

– Аталғанға не жетсін өз атыңмен!
Ән төгіліп тұрмай ма азат үннен!
Мен – орыспын, мысалы, деген қандай,
Тартсаң дағы сол үшін жаза кімнен...

Желдей еркін, түздей кең, таңдай азат
Мен – қазақпын деген де қандай ғажап!
Мақтан етсін халықтар халықтығын!
Жетер сан жыл шеккені малдай азап!

Бірде тіпті, жат елде жүргеніңде,
Түседі еске сәбилік жөргегі де.
Сағынтады туған тіл, бесік жыры,
Қалықтаған орыстың жер - көгінде.

Өз басымнан өтті бұл, мол ұққаным.
Сенімен де сырт таныс болып қалдым.
Степнов – Әліби Жангелдинмен
Швейцария жерінде жолыққанмын.

Сонда тұңғыш есіттім ән - жырыңды,
Жан жырыңды, жан сүйер сән жырыңды
Ән - жырыңда тұрғандай тізбектеліп,
Көз алдымнан өткіздім сан жылыңды.

Ән қанатын мекендеп әуелі мен,
Дидарластым даланың дәу елімен.
«Аппассионата» секілді шалқыған үн
Тұрды аңқылдап қазақтың әуенінен.

Қайран қылды қайнардай тазалығы,
Кейде жарқын, кей шақта азалы үні.
Кейде шырқап армандай кетеді алыс,
Ұмытқандай мұң - зарын қазақ ұлы.

Бірде ғашық тілімен күбірлейді,
Бірде шеру тартқандай дүбірлейді,
Бірде қыран бүркіттей шүйіледі,
Түңілмейді, бұқпайды, бүгілмейді.

Әуеніңнен сонда мен алып көрдім,
Жақсылыққа жаралған халық көрдім.
Жорамалым ақталды, жаңылмаппын,
Жайла, қазақ, өңірдің жарық төрін.

Шалқы, қазақ, шалқитын заман келді,
Текке қанын төккен жоқ Аманкелді.
Кең далаңда керіліп, атыңды атап,
Жырла, қазақ, жаңа күй, жаңа ән келді.

Бірде тоңып, бірде аш бүрсең қағып,
Революция қазығын жүрсің қағып,
Қаға түс, қақ, терең қақ, жалпақ алып,
Жер бақытын сақшыдай тұрсын бағып.

– Жолдас Ленин, үш түрлі байлығым бар:
Мал бар, жер бар, жаным бар – барлығ адал –
Революция ісіне сарп етемін.
Қандай маған тағы да жарлығың бар?

– Жарлығым сол – патша бол тағдырыңа.
Таңың атты, ұрлатпа таңды ұрыға.
Республикаң тізгінін берік ұста,
Су тамызба жауыңның тандырына.

Мал да зәру, тым зәру бізге бүгін.
Ашаршылық артып тұр түзге жүгін.
Нағыз байлық мал емес, бірақ, достым,
Ең үлкені – сенімнің үзбе жібін.

Сенім болса, большевик жаның болса,
Революция лаулатқан жалын болса,
Небір биік мұратқа жете аласың,
Одан өзге нәрсеге жалынба онша.

Жаннан үлкен тартуды білген емен.
Сен де білме, білмесең, біл де демен.
Соның күші жаңғыртып жасаулайтын
Далаңды да шын үлде - бүлдеменен.

Жер деген, ал, зор байлық өз алдына.
Жерден адам ешқайда оза алды ма!
Сапқа тізсе, сол үшін өлгендерді
Жүз орайды жер шарын көз алдында:

Тілі болса жер үшін аққан қанның,
Айтар еді қаншама қақ қалғанын.
Айтар еді сұстанып сұр далаң да
Қандай құрбан арқылы сақталғанын.

Қарап тұрып жүзіңе жайраңдаған,
Бір нәрсеге сүйінем, қайран қалам:
Жүзге, руға ұнталған көшпе халық
Мұнша өлкені қалайша сайрандаған!

Жерге шағып өлшенсе ел күші бір,
Ұлылықтың емес пе белгісі бүл?
Белгісі бұл, алда әлі нағызы оның,
«Кереметке куәмін» дер кісі бір.

Жер – анадан табады мәртебе елің.
Ертеңі бар әр тақыр, әр төбенің.
Бетпағында бақ сыңсып, өзен ойнап,
Жасыл бұйра жабады бар төбелін.

Дәуірімізге дарынын дала арнайды.
Қаңбақтардың жолында қала орнайды.
Мүсіні емес жалаңаш қатындардың,
Ескерткішін ерліктің сала орнайды.

Сұлулық – өлі дүние базар емес,
Пирамида, мұнара, мазар емес.
Сұлулық – тіршілікте, тірі адамда,
Ешбір ажар онысыз ажар елес.

Таңғажайып жеріңнің келешегі,
Қазынаңның кім білген неде шегі.
Қандай болмақ бір үш - төрт бесжылдықта
Ұлттық аты ұрланған ел кешегі?!

Қол ұстасып халықтар, тұрды сапқа.
Қосыл, қазақ, бас, қазақ, нұрлы шаққа!
Отан деген ұлы ана перзентісің,
Бауырларың өзіңмен бір құшақта.

Жолдас қазақ! Дос қазақ! Бауыр қазақ!
Араласам, дариға - ай, ауылыңды аз - ақ! –
Деп, армандап Ильич желпінгенде,
Билеп кетті кеудемді дауыл ғажап.

– Жолдас Ленин, көзіңе мақтамаймын.
Өзің аштың. қазақтың бақ - таланын.
Мен даярмын жаңа өмір жорығына,
Тілемеймін жолдың да тақтадайын.

Хан, патшадан түңілген сор басты ел ем.
Әділеттік әлемде болмас деп ем.
Сен сипадың әкеше маңдайымнан,
Сенсің тұңғыш қадірлеп «жолдас» деген.

Жолдасыңмын жер мен көк ауысқанша.
Солдатыңмын демімді тауысқанша.
Большевикпін қақ жарған қара қылды,
Жыршың да мен, жеткенше дауыс қанша.

Сені күтіп тұрады төрім енді,
Жүрегіміз шоқ гүл боп өріледі.
Атқан таңы даланың, шыққан күні
Әр тәулікте өзің боп көрінеді.

Сан ғасырға сөзіңді тоқыр әлі
Төңкерісшіл «тобырдың» топыры әрі.
Тірілткендей Марксты, сені берген
Мың рахмет, Россия топырағы!..

О шежіре, белгілі назың маған:
«Документте бұл сөздер жазылмаған...»
Жазылмаған заң аз ба, шындық аз ба?
Оны жырлау қалайша жазым маған?

Өз жаныма сенбесем, неге сендім?
Тек Ильич жебейді, жебесе кім.
Жасап келем сол берген мандатпенен,
Минут сайын өзімен кеңесемін.

Қандай болса ол Октябрь азанында,
Әлі сондай, жеңіп жүр қазаны да.
Мен де қызыл шеке боп қайнап пістім
Майдандар мен құрылыстар қазанында.

VIII

Мен – қазақпын, белдімін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Мен Ленин есімін айта келдім.

Айта келдім ақ, адал жүрегіммен,
Еңбек өмір, ер өмір, жыр өмірмен.
Ақын тілі, махаббат, бұлбұл тілі –
Жыр ғып қазақ тілімен жүремін мен.

Жас күшіктей жарық нұр дәніктірген,
Тырнап аштым кезімді әріптермен.
Марқа бұзау секілді қадалдым кеп
Желініне ғылымның дәріптелген.

Қанша бүгін әлемге аян ұлым!
Тыңдайды түз сансыз шат Баян үнін.
Қайта туған қарт Жамбыл, жас Күләштер
Бір - бір жолы жаңа өмірбаянымның.

Мені уақыт шыңдады, шынықтырды.
«Күрес – бақыт» дегенді шын ұқтырды.
Көз алдымда ұзарып көлеңкесі
Зәулім құрылыс, ұлы істер тұнып тұрды.

Жалындатып бесжылдық жалауларын,
Әр төбенің басында алауладым.
Әр кірпіштің сәбидей жауырынын жазып,
Әр шешектен арадай бал ауладым.

Турксиб боп төселдім поездарға,
Поездарша жүк артып ой озды алға.
Қарағанды аталған кочегар боп,
Отан пешін қыздырдым аяздарда.

Тіреу болдым Жезқазған шахтасына,
Бақыт жатты сары жез саф тасында
Жер астынан көр емес, жұлдыз кердім,
Түстім қызыл екпінді тақтасына.

Құнықтым мен еңбекке, дәндеп алдым,
Тамшы болдым, шық болдым, дән де болдым.
Әлдилендім заводтың гудогымен
Соныменен оянып ән боп өрдім.

Ғаламат күш, апырау, бұл не деген?
Тас та қалмас, сеземін, гүлдемеген.
Тәттілігін еңбектің осыншама
Қазақ қазақ болғалы білген емен.

Сепкенім – дән, шашу – гүл, тергенім – бал,
Өрмектерім – өзендер, өргенім – тал,
Жаңа үй болған жастардай мәз боп үріп,
Жақсы күнде жаман түс көргенім бар.

Жылды айтпаймын қап түбін бос ақтарған,
Шалбарымның белдігі босап қалған.
Түнді айтамын бауырымнан Сәкенімді ап,
«Жау» деген сөз жанына қосақталған.

Жиырма жылда біреу - ақ ондай түнім.
Білем уақыт оны да оңдайтынын.
Білем барда Партия, Ленин жолы
Жөнсіздіктің жасы ұзақ болмайтынын.

Тамшы жастай көзімнен түнді сылып,
Таңды орнынан кердім мен, бір ысылып
Төрт жүз миллион қол тұрды тік көтеріп
Мені, менің жерімді күнге ұсынып.

Күн астында орнымның үлкендігін
Тағы өзінше танытты бүл кемді күн.
Құлағымда, жүректе Ленин даусы:
«Қазақ, сенің жеріңе тіркелді күн!..»

Тіркелді күн даламда сан күйінген,
Қызға ұқсаймын мен тұңғыш сән киінген.
Жазып жүрмін жана өмірбаянымды
Қанмен, термен, қаламмен, ән - күйіммен.

Мен – айғақпын, ұстамын ертегіге,
Мен иемін бүгінге, ертеңіме.
Конституция! Герб! – Қазақ ССР - і!
Елдік күйін, ел күйін шертем мен де!

Марстықтай қараймын айналаға:
Туып жатыр жұлдыз бен ай далада.
Тыныштық бер, мұрша бер, о замана,
Бұршағыңды, бұлтыңды айдама да.

Мен бақыттың не екенін жаңа ұқтым.
Өз өмірім өзіме жаңалық тым.
Көп отырып қалыппын сәбилікте,
Кең кеудемде жүрсе де жаны алыптың.

Мен қызығам сауатты атаға да,
Өз жерімде тоқылған матаға да,
Өз қолыммен жасалған тетіктерге,
Тіпті сонда жіберген қатама да.

Қаталар да – жанымның перзенттері
Көре білсем, көңілдің ержеткені.
Жас әкеше үйренем жөргектеуді,
Жас ананың сүтіндей жер женттері.

Мен осылай жақсыға жанасқанда,
Дүние – сұлу көрпесін жаңа ашқанда,
Ту сыртымнан сарт етті қара қанжар,
Қан боп шықты соғыстың шаңы аспанға.

«Жарлығым сол – патша бол тағдырыңа!
Таңың атты – ұрлатпа таңды ұрыға!»
Осы бір сөз сап етті ә дегеннен,
Түнек қаупі төнгенде таң нұрына.

Құлап түсті шекара бағанасы –
Қабырғамдай қираған маған осы.
Таразыда теңселді өлу - өлмеу,
Азаттықтың, елдіктің мағынасы.

Маған совет жерінің әр сүйемі –
Ана емшегі, ақ сақал, ар сүйегі.
Таптап жатса соларды жау табаны,
Қалай қазақ ас ішіп, жар сүйеді?

Түсіп кеттім майданның құрсағына.
Бейбіт күндер ұқсады құр сағымға.
Туыстыққа тапсырдым бір емтихан
Ұлы Ленин қаласы құрсауында.

Мен – Жамбылмын, жаугер жыр ел тілеген,
Қазған ормын дұшпанға ентелеген.
Мен – Москва қорғаны, Жиырма сегіз,
Мен – Әлия, мен – Мәншүк, мен – Төлеген.

Паспорттары, паролі сол да атымның.
Еңбектің де сом білек солдатымын.
Ұйқысызбын, майдандық вахтадамын,
Тоғызы боп он оқтың сонда тудым.

Жүргенім жоқ айқасып атақ үшін,
Танытам деп әлде бір ата күшін.
Қорғамақпын соң келген бақытымды,
Октябрьдің, Ильичтің аталы ісін.

Мен – солдатпын сол үшін шаужайлаған.
Ұлт атында жоқ енді дау жай маған.
Украин, белорус, орыспын мен,
Азат етем жерімді жау жайлаған.

Бәрі мендік, менікі емесі жоқ,
Менің халқым, бауырым демесі жоқ.
Солар мені компастай Октябрьде
Алып шыққан азаттық кемесі боп.

Қалқандарым қазір де солар менің,
Қазақ елі оларсыз болар ма елім.
Жалғыздықты дүниеде жауға берсін,
Дос - жарым көп қандай мен оралды едім!

Солдат бірде – мейрімсіз қатал алып,
Бірде бала, ал кейде ата халық.
Алғашқы азат метрін жеріміздің
Мен сүйгенмін еңіреп жата қалып.

Минутым сол көз жасын жасырмаған,
Азаткердің берді атын ғасыр маған.
Тіккенде де Берлинде жеңіс туын,
Қуанышы сол күннің басылмаған.

Жеңімпаздар атына тост арналып,
Жатқан сәтте құшағын достар жайып,
Тұрды аспанда Егоров, Кантария,
Тұрды аспанда жас қазақ Қошқарбаев.

Төменінде – ұлы ұлттың кең өлкесі,
Бранденбург, Шпрея, көл еркесі,
Күл боп қалған сүлдесі Гитлердің,
Алас ұрған фашизм көлеңкесі...

Дей алмаймын өлікті азулы әлі,
Дей алмаймын және одан аз у қалды.
Рейхстаг жарында ескертудей
«Қазақ» деген әйтеуір жазу қалды.

«Мұнысы кім?» дейтіндер табылмас та –
Даңқым басқа, бүл күнде дабыл басқа.
Кіші болғым келеді кейде атымнан,
Асып - тасқан біреу боп танылмасқа.

Барымта емес даңқ бірақ даулап алған.
Жеңіп алғам оны мен, жаулап алғам.
Жаңбыр да емес түйірлеп оны өсірген,
Өз денемнен аққан тер, саулаған қан.

Аз алған жоқ шапқындар ғұмырымды,
Аз болған жоқ халықтар шұбырынды.
Соғыста емес, соғысты құртқанға орнат,
О адамзат, ең биік тұғырыңды!

Маршалдықтай көремін малшылықты,
Мәпелеймін бөбектей тал шыбықты.
Жұмысшы қыл, дихан қыл, ғылымға қой,
Еңбек жүгін еселеп салшы мықты.

Бірақ мені егін де, жасыл бақ та
Күтпесін тек күрестен жасырмаққа.
Тілей қалса тағы да Отан қамы,
Соғысуға бармын мен ғасырлап та.

Осы ойымды олжадай еншіге алып,
Солдаттықтан оралдым жең сыбанып.
Жігіт шағы, сұлулық, бір сенікі
Мен – қазақпын, жаушы емес, елші халық.

IX

Мен – қазақпын, белдімін, байтақ елмін.
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Мен Ленин есімін айта келдім.

Айтып келем, айтамын, жар саламын,
Жаршысы қып даланың барша адамын.
Мен күлемін, жырлаймын, қызумын мен,
Жер - жаһанның ішкендей бал шарабын.

Көлеңкесі көлбеген көк төрінде
Алатаудың көк бұйра бөктерінде
Ойнап берді оркестр күймен қырып,
Көктемеде әуезі көкке өріле.

«Қазақ елі – мереке» күйдің аты.
Аясындай аспанның күй қанаты.
Дірілдейді жас қыздай жігіт күткен
Табиғаттың құз атап құйған заты.

Жалғыз тұрса тау емес, бір ұршық тас.
Жалғыз қаздың, деген бар, үні шықпас.
Қырық рудай сан жылдар тозғындаған
Домбыраның өзіммен күні ұшықтас.

Сардаланың шөлдеткен сырдаң жазы,
Жапа - жалғыз сол көптен тұрған қазды
Алып келген өлтірмей – асқан өнер,
Найзагер күй сиқыры Кұрманғазы.

Мылқаулықты домбыра жерлейді енді.
Көкжиекті күмбірі кернейді енді.
Контрабас, прима, қобыз, керней,
Ду көтеріп қосыла сермейді енді.

Өз атымдай мәшһүр болған аты,
Домбыра да осындай қолқанатты.
О да шықты әлемнің сахнасына,
Жалт қаратты, телміртіп мол қаратты.

Тыңдайды ұйып арбаған оркестрді
Маңқиған тау шөгерген нар кескінді.
Әр дыбысы даланы думандатып,
Әр шертуі баурына тарта естілді.

Дәл ұқпаңдар сөзімді «дала» деген,
Өзгерді ұғым көп ғасыр ала келген.
Қандай дала, лық толы дастарқаны,
Қала оттары самсаса ала белден?

Қандай дала Кентауы, Теміртауы,
Алтын тауы, жез тауы, көмір тауы?
Қандай дала жас орман, жасыл жайлау
Тұрған күліп төсінде өмір таңы?

Қандай дала жолаушы шөлдемесе,
Сайтанданған сағымды «көл» демесе,
Ай жүргенде жолықпай жалғыз пана,
Бір сапары жүз рет «өл» демесе?

Қалай сондай дей алам Сарыарқаны,
Сал Біржандай тірілген әні арқалы.
Көкжиекке соғылған алтын теңіз
Алтын мұртты бидай ғой әр алқабы.

Жапырылған толқындай, қопарылған,
Жалы қандай жайқалған шоқы, адырдан!
Шал күйеуден құтылған арудай түз –
Топас кетпен, азусыз шот арылған.

Жыр толғанып соны ойлап, «дала» десем.
Түседі еске ұйқастай дана көсем.
Дана – дала, сондай - ақ дала – дана,
Бір ұғымға қалайша баламас ем.

Мың жылда да оны «өлді» демес едім.
Күнде өзімен тілдесіп, кеңесемін.
Сол таныды өлкемнің, келешегін,
Соған дәйім беремін ел есебін.

Жолдас Ленин, тағы не жарлығың бар? –
Мал, жан, білім, жер, бақыт – барлығы бар
Бұратана емеспін, Отаным бар,
Соның менде күші бар, нарлығы бар.

Талай заман жаныштап жабырқатқан,
Тәубаға кеп, тартқандай тәңір қартаң,
Мен күш алып, аспандап тұрмын бүгін,
Таңырқаман, бірақ мен таңырқатам.

Айсыз түнде қыз торып, мал қорыған
Қандай сырлы «Ал қоңыр» – бал қоңыр ән!
Әнмен бірге кемелер кетіп жатыр
Старт алып космосқа Байқоңырдан.

Байқоңыр бұл – екі соз: бай да қоңыр,
Бай да қоңыр қанатты байтақ өңір.
Адамзаттың алдында жатқалы тұр
Сол баспалдақ арқылы Айдағы өмір.

Биіктіктің даламмен бірге есігі,
Өз атымдай естілген елге есімі.
Орыс ұлы Гагарин – менің де ұлым,
Менің жерім оның да бір бесігі.

Осында да тербелді, сусындады
Эйнштейн, Кюридің қисындары.
Сол бесікте жасарды Циолковский,
Содан таппақ шын ғылым сый, сындарды.

Сонда туды қазақтың дер көктемі,
Қара көзі көкке өтті, жерге өтті енді.
Сол бесікте бір мәз қып, бір қайғыртып,
Қанышым да екі рет жөргектелді...

Ол бесігі – ана мен әкенің де,
Жаралған тек тіршілік әкелуге.
Сол бесікте бір түгіл екі туды
Қызыл сұңқар ақ жүрек Сәкенім де...

Дәуірледің, о дала, ойқой дала,

Дүниеге жар. Қасым Аманжолов өлеңі Дүниеге жар. Қасым Аманжолов өлеңі
Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені? Мен – қазақтың баласы!
Туған жер туралы өлең шумақтары Туған жер туралы өлең шумақтары
Ақын боп, азамат боп Отан — Ана, Өзіңнен қайта тудым осы арада. Жер түгіл, айды айналып күнді құшсам, Жаныма мұнша шаттық қоса ала ма.
Бауырлар Бауырлар
Менің жерім мына жер - сенің жерің, Жарасып тұр сол жерге келулерің. Осы алқапта сенің де малың жатыр, Жайқалып тұр шабылмай егіндерің.
Қазақпын Қазақпын
Қазақпын мен ұлт боп ұзақ ұйыған Сері елмін ұнатқан күй, сүйіп ән. Досқа құшақ ашып, жауға бас имей Тарихтың өткен талай сынынан.
Ең жақсы өлең Ең жақсы өлең
Таудай сөздің түйіні бар тарыдай, Өлеңнің де бермейді ғой бәрі ұнай. Маған Пушкин - «Есімде өткен сол бір шақ» Маған Абай -«Желсіз түнде жарық ай».
Ділнұр Біржанова және Қайрат Баекенов - Мен Қазақпын Ділнұр Біржанова және Қайрат Баекенов - Мен
Ділнұр Біржанова және Қайрат Баекенов - Мен Қазақпын
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×