ойын сауық отауы
Бурабай - Сәкен Сейфуллин
06.05.2019 4 339 0 Дауыл

Бурабай - Сәкен Сейфуллин

Өлеңдер
Бурабай - Сәкен Сейфуллин
Тағы бір ақбас бура – емес атан,
Жүріпті Көкшетауды қылып Отан.
Мұны да «көзі көрген» қарт айтады,
Тыңдаған әлеуметке алқа - қотан.

Тағы екен жанға ұстатпай жүрген қашып,
Күркіреп тұрады екен көбік шашып,
Бір көлді мекен қылып күнде келіп,
Су ішіп кетеді екен алшаң басып.

Дүниеде әрбір бөлек жердің аты,
Себеппен қойған бәрі елдің аты;
Бурабай атаныпты содан бері
Ақ бура мекен қылған көлдің аты.

Мөп - мөлдір Бурабайдың суы күміс,
Көргенде шаршаған жан алар тыныс.
Мінбелеп қоршалаған шымылдықтай,
Қарағай, қайың менен қалың жыныс.

Ақ көбік көпірді күміс судан,
Сан сұлу сол көбікпен бетін жуған;
Көл басы бірде тыныш, бірде у - шу,
Әңгіме сансыз сырлы ертек туған.

Ақ бура көп жыл тауды қылған мекен,
«Бір үлкен іс боларда сезеді екен».
Ол істі елге айтқандай маңайдағы,
Бақсыдай тауды азынап кезеді екен...

Шабысып бірін - бірі ел қуар болса,
Не өлмек, не бір батыр туар болса,
Немесе бір апатқа ел ұшырап,
Кәрі - жас бетін жаспен жуар болса.

Бақсыдай бура аузынан жүреді екен,
Мал шулап, иттер ұлып үреді екен.
Қалың ел маңайдағы құрбан шалып,
Құлақты алдағы іске түреді екен.

Қара бұлт тауды төніп басады екен,
Күркіреп жерге зарын шашады екен.
Аспаннан қып - қызыл от жерге шашып,
Таудағы аң пана таппай сасады екен.

Білген соң бураның бұл қасиетін,
Үлкеннің кіші тыңдап өсиетін.
Түнеріп таулы бұлттай күркілдеген
Бураға болмапты енді жұрт тиетін.

Баласы Абылайдың Қасым төре,
Жасынан сотқарлығы басым төре,
Бір күні тау ішінде келе жатты
Өзіндей бір топ жігіт қасында ере.

Бәрінің асынғаны қару - жарақ,
Соқтыққан өңкей сотқар жалақ - жалақ.
Найзамен неше түрлі ат үстінде
Ойын ғып келе жатқан көлді жанап.

Тастарды, ағаштарды қылып қарақ,
Ысқыртып келе жатқан өткір садақ.
Бураны Қасым төре сөз қылыпты,
Кел келсе, атпақ болып төстен қадап.

Қасым хан туғаннан - ақ қанға құмар,
Дірілдеп өліп күткен жанға құмар
Анадан қан уыстап туған мұндар,
Қан ұрттап жүрсе ғана көңлі тынар.

Сол кезде шыға кепті ақбас бура,
Жап - жалбыр үстін басқан әппақ шуда.
Қасым хан тұра қалып ақ бураны
Шіреніп атып сапты нақтап тура.

Өкіріп ақбас бура көбік шашып,
Шиқылдап тісін қайрап, аузын ашып,
Қысымды бір айналып бура қотан,
Қан ағып кеткен тулап таудан асып.

Бақсыдай сарнап бура тауды кезген,
Күңіреніп мекенінен енді безген.
Ел естіп хан ұлының бұл жұмысын
Зор іске ұшырарын бәрі сезген.

Жоқ болып ақбас бура көп күн өткен,
(Қасымның қан қолынан қаза жеткен.)
Бір күні таудай болып шөгіп жатқан
Бураны «көреді» жұрт өткен, кеткен.

Құбылаға басын беріп шөгіп жатқан,
Көк мұнар қалың ойға шомып жатқан,
Ақ бура қабақтарын қарс жауып,
Қозғалмай мәңгі жатып тас боп қатқан.

Ақ бура таудың тағы түйесі деп,
О - дағы қасиетті бір иесі деп,
Тұқымы сотқар ханның оңбағаны,
Жұрт айтады «сол түйенің киесі» деп.

Бұл іске Бурабайдың көлі куә,
Қасымның қалған жұрты, көңіл куә,
Бураша шөгіп жатқан мұнар тау мен
Ызыңдап таудың соққан желі куә...

Сәкен Сейфуллин - Жазғытұры Сәкен Сейфуллин - Жазғытұры
Кеш. Ымырт. Таудың іші... жазғытұры, Құлпырды шыққа оранып ойы, қыры. Тәніне құлпырған ақ перде жапқан Сұлудай тау менен тас жердің түрі.
Жеке батыр - Сәкен Сейфуллин Жеке батыр - Сәкен Сейфуллин
Болыпты баяғыда Жеке батыр.... Тау бағып жатады екен тігіп шатыр. Бір күні қарауылда қалғып кетіп, Сол батыр бүгінгеше ұйықтап жатыр.
Сәкен Сейфуллин - Көкшетау дастаны Сәкен Сейфуллин - Көкшетау дастаны
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы, Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын. Жан - жақтан ертелі кеш бұлттар келіп, Жүреді біліп кетіп есен - сауын.
Көкшетау - Сәкен Сейфуллин Көкшетау - Сәкен Сейфуллин
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы. Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын. Жан - жақтан ертелі - кеш бұлттар келіп, Жүреді біліп кетіп есен - сауын.
Бурабай Бурабай
Тағы бір ақбас бура, - емес атан, Жүріпті Көкшетауды қылып Отан. Мұны да "көзі көрген" қартайтады, Тыңдаған әлеуметке алқа - қотан.
Жер жүзін топан басса екен Жер жүзін топан басса екен
Жер жүзін топан басса екен! Асқар таудан асса екен! Таудай толқын құтырып, Улы көбік шашса екен!
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×