ойын сауық отауы
Қайырымды түлкі
06.06.2016 2 741 0 Дауыл

Қайырымды түлкі

Өлеңдер
Ахмет Байтұрсынов

Бір мерген бозша құсты атып алды,
(Қоймады өлтіріп - ақ жалғыз жанды).
Басында бір ағаштың үш баласы
Шырылдап ұясында жетім қалды.
Ана жоқ таситұғын тағам - жемді,
Күн көрер бишаралар қайтіп енді?
Шулаған балапандар даусын естіп,
Сөз сөйлеп осылайша Түлкі келді:
«Алда сорлы, бейшара балалар - ай,
Жасынан өлген екен аналары - ай.
Көбелек, шыбын аулап күн көретін
Жоқ екен пақырлардың шамалары - ай.
Әй, құстар! Тыңдаңыздар құлақ салып,
Кезекпен жем тасыңдар ұшып барып.
Үшеуін асырауға қанша қиын,
Етіңдер аз күн қайыр бөліп - жарып.
Көкек құс! Жүнің түлеп жүр ғой бекер,
Азырақ жетім үшін жұлсақ нетер?
Қайырдың бұл дүниеде жетімге еткен
Басқа іс сауабына бар ма жетер?!
Бозторғай! Қарап тұрма сен де текке,
Жүресің бекер шырлап ұшып көкте.
Даладан, тоғайлардан тамақ ізде,
Бұлардың үшеуіне көп керек пе?!
Сарымойын! Ер жетті ғой балаларың,
Бәледен Құдай сақтар бірер - жарым.
Бұлардың күндіз - түні жанында бол,
Жоқтатпай сорлылардың аналарын.
Қарлығаш! Сен келтірсең маса - шыбын,
Бұларға о да қорек болар тығын.
Осындай жұрт жабылған сауап іске
Ұят қой кіріспесең, жарықтығым.
Сандуғаш! Не қылайын сені қайрап,
Қоярсың оқтын - оқтын өзің сайрап -
Көңілін біраз ғана көтермекке
Зарлының жетім қалған соры қайнап.
Достарым! Осындай бір іс етелік,
Жастарды жетім қалған кісі етелік.
Ізгілер орманда да бар екенін
Осындай сауап іспен көрсетелік!»
Тұрғанда Түлкі сөйлеп сауап жолды,
Қайғыға естігеннің көңілі толды.
Аштыққа шыдай алмай үш балапан,
Ағаштан төмен жерге түсіп қонды.
Жұрт жинап жақсы кеңес қылған Түлкі,
Зарланып жетімді аяп тұрған Түлкі
Аузына үшеуін де қағып салды -
Өзі екен нағыз Құдай ұрған Түлкі.

* * *
Жеп қойды құстың жетім балапанын,
Қорықпай - ақ обалынан Түлкі залым.
Қарасақ, ел ішінде аз ба адамдар
Жеп жүрген обалсынбай жетім малын?
Пана боп, өзің сақта, Құдіретім,
Кім де кім балапандай қалса жетім.
Жұмсақ тіл, көңілі қатты залымдардың
Ете көр жетімдерден аулақ бетін!
Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері, өмірбаяны

Жетімге - Сәкен Сейфуллин Жетімге - Сәкен Сейфуллин
Жастай жетім қалдың жалғыз, Қоясың қайда басыңды? Туғаныңнан айрылып, Ағыздың көзден жасыңды.
Есек пен сандуғаш - Спандияр Көбеев Есек пен сандуғаш - Спандияр Көбеев
Отырған сандуғашқа келді есек, Аузынан сөзі шығып кесек - кесек, — Әй, бұлбұл, сені әнші деп естіп едім, Сайрашы сынайын мен өзім естіп.
Құстар Құстар
Алманы қарға шоқиды, Көкқұтан кітап оқиды. Ұшып кеп ағаш басына, Ала сауысқан қоқиды.
Қарға мен түлкі Қарға мен түлкі
Ашылып түлкі жүрді жапандарда, Тамақ іздеп жол шекті сапарларға... Ешнәрсені көре алмай келе жатса, Көзіне түсті алыстан жалғыз қарға.
Бұлбұл мен есек Бұлбұл мен есек
Бір күні бұлбұл құсты есек көрді, Қасына сөз айтпаққа жақын келді: «Сыртыңнан сайрағыш деп жұрт мақтайды, Тыңдайын, достым, біраз сайра, - деді. -
Арыстан, киік һәм түлкі Арыстан, киік һәм түлкі
Бар еді бір зеңгір тау асқан биік, Әр түрлі мекен еткен аңдар сүйіп. Жол шеккен тамақ іздеп аш Арыстан Сол таудың арасынан қуды Киік.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×