ойын сауық отауы
Толғау
03.05.2016 2 868 0 Дауыл

Толғау

Өлеңдер
Мағжан Жұмабаев

Тек ел деген сөзі үшін,
Ергенде, ердім ұранға.
Болмаса, аян досыма,
Досым түгіл, қасыма:
Аты бар деп атшы боп,
Қошемет қып, қосшы боп,
Ел бастаған ағаға
Адъютант болып ермедім.
Адъютант болып адамға
Ермеуіме көп белгі.
Көп белгіден бір белгі:
Ағаның азы қасарып,
Аузына ауыр тас алып,
Түн шығып оймен жатқанда
Талай аға тез жүдеп,
Жөңкіле жүкті тартқанда.
Жеммен жүрер жабыдай,
Құрбының көбі тез түлеп,
Топырлап топқа шапқанда,
Жапанда жалғыз күңіреніп,
Мен ойыма ергемін
Еділ кездім, шөл кездім,
Кезгенімде не көрдім:
Қайда барсам, көр көрдім.
Айдарлысы құл болып,
Тұлымдысы тұл болып,
Еңіреген ел көрдім.
Қаралы көптің ішінде,
Қара салып басыма,
Елмен бірге еңіредім.
Бұл айып деуші дей жатар,
Мен мұны айып білмедім.
Мен еліме басшы емен,
Мен еліме қосшымын.
Күлкісін гүлге бөлейтін,
Жыласа, бірге жылайтын,
Жаны бір жолдас жыраумын.
Жылағанда жалпы жұрт,
«Жылама, күл!»- дегенде,
Көне алмадым, көнбедім.
А дегеннен асылды
Тебіренген толқын бетінде
Көремін деп асықтым.
Асыққаннан не пайда,
Толғақсыз туар бала жоқ.
Ту баста толқын бетінде
Асығып күткен асылды
Көре алмадым, көрмедім.
Бұлқынған толқын бетінде,
Қалқыған қу тезектей,
Бір күн бура болғышыл
Бұзықтар болды көргенім.
Көргенім анық, алайда
Тезекке бола толқыннан
Ат - тонымды ап безбедім.
Бұл безуден саулығым:
Жүзден тоқсан толқында ед.
Анда - санда ес кіріп,
Сұрадым тоқсан саулығын.
Ақталмаймын, қалайда,
Толқынға жоқ - ты жаулығым.
«Жау» деген - жаудың жаласы,
Әділ болсаң, өмірімді
Ақтарып әділ қарашы.
Отыз жыл өмір бойында
Жазғанымды жайып caп,
Екі жар ғып санашы.
Тексеруді отызды
Ауырсынсаң, қояйын.
Бір сөзімді есіңе ал:
Мен толқынға жау болсам,
Жеті жыл бұрын осыдан,
Төңкерістің таңында
Алты алашқа әйгілеп:
«Не бостандық, не құлдық,
He езілу, не теңдік,
He патшалық, не Кеңес -
Екіден бір!»- дер ме едім?!

Мен неге мінбедім Мен неге мінбедім
Отыр Өркен есептеп, Бөліп жүйе - жүйеге: «Мініп көрдім есекке, Мініп көрдім түйеге.
Түсімде Түсімде
Басында жаназаның қызғыш көрдім, Сырты — қой, іші — қасқыр бұзғыш көрдім. Жұрт көзінше сүзіліп, түсін бұзып, Тәсбиқ деп кез жарым тас тізгіш көрдім.
Көңлім қайтты достан да, дұшпаннан да Көңлім қайтты достан да, дұшпаннан да
Көңлім қайтты достан да, дұшпаннан да, Алдамаған кім қалды тірі жанда? Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім, Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.
Сәлем хат Сәлем хат
Сәлем сөзім алыстағы еліме, Алыстағы ақ селеулі беліме. Айдан да айқын сендерді іздеп қайтуым Күнім бітіп, кіргенімше көріме.
Жан сөзі Жан сөзі
Өмір - теңіз, жоқ оның түбі, шеті, Сылық - сылық күлген сиқырлы толқын беті. Осы өмірге кіргелі көп күн болды, Енді бір ай - толады жиырма жеті.
Ботамды көрдім түсімде Ботамды көрдім түсімде
Ботамды көрдім түсімде Қырмызы моншақ тағынған. Ботамды көрдім түсімде Атасын боздап сағынған.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×