ойын сауық отауы
Жоқ, дәрігер
08.05.2016 15 823 0 Дауыл

Жоқ, дәрігер

Өлеңдер
Мұқағали Мақатаев

Жүрегіме жүк артып жүргенімде,
Қажыдың ба, байғұсым, білмедім бе?
Шайпау тиіп, шаршатып кім көрінген,
Уландың ба, білмеймін кірледің бе?
Бары ақиқат бір дерттің жүрегімде,
Дәрігер - ау, арқалап жүремін бе?
Сорлайтындай соншама кім едім мен,
Heгe аяныш атасың іреңіңнен?
Айтып өлтір, қайтесің босқа ойланып,
Жүрек дерті өлімге бастай ма анық?
Адасам ба өмірден жастай қалып?
Ет жүрегім кете ме тасқа айналып?
Heгe айтпайсың, тұрғанша босқа ойланып.
Пері соққан пендедей есі жарым,
Тамырымда тулайды есіл ағын.
Бұл жүректің білмеймін несін алдым,
Несі жоғын білмеймін, несі барын?
Қаным қайнап барады, қаным қайнап,
Бір амал тап, дәрігер, халімді ойлап.
Алауыртқан ақынның қолын байлап,
Әкетпесін ажал кеп, өлімге айдап.
... Жоқ!
Дәрігер! Орнатпа басқа жүрек!
Басқа лүпіл жасама, басқа леп.
Қалай айтам, бүлінген жүрегімді,
Білдірмей доғдыр алып тастады деп?!
Өңгеріп өгей жүрек қайда барам,
Өзгенің ғұмырын қалай пайдаланам?
Сыйыңа рахмет, қайран адам!
Өзімнің жүрегімдей қайда маған?
Алмастырам!?
Дедің - ау, алмастырам!..
Сірә, менің жұлдызым жанбас бұдан.
Өзімнің жүрегімді жерлеп келіп,
Өзгенің өмірін қайтіп жалғастырам?
Тула, Жүрек!
Өкінем мен несіне!?
Туған жүрек, әрине, өлмесін бе?
... Жоқ!
Дәрігер!
Қозғама,
дамылдасын,
Әрбір жүрек өзінің кеудесінде!

Мұқағали Мақатевтың өлеңдері 1
Мұқағали Мақатевтың өлеңдері 2

Соқ, жүрек! Соқ, жүрек!
Қалай - қалай соғады, қан - жүрегім?! Соғасың, әлі өмірің бар білемін. Дем ала «әй, байғұсым, дем ала ғой. Бұл тірлікте құм арым қанды менің.
Солай Солай
Бұдан бөлек қай жерден ем таба алам Тіптен менің кеткім жоқ емханадан Көре - көре жалыққам мен қаладан, Жүре - жүре шаршағам кең даладан
Күн ауысып барады Күн ауысып барады
Күн ауысып барады түнге қарай, Шығыста - кеш, Батысқа - кірген арай. Күн шыққан жерден әркез түн келеді, Маған солай, білмеймін, кімге қалай.
Жүрек демін алғанда Жүрек демін алғанда
Сандалғаны - ай санамның сан бөлініп, Тамырымда тулайды қан желігіп. Бара жатыр көлшіктер көлге айналып, Бара жатыр төбелер тау көрініп.
Дәрігер Дәрігер
Маған айтты бір дәрігер: - Таба алмассың бір ауру Ұнамады деп айтқан Мен істеген ем - дәру.
Ауру Ауру
«Дәрігер, дәрі, бақсы!»- деп, Алмаңдаршы мазаны. «Тірліктен өлім жақсы!»- деп, Сұраймын өзім қазаны.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×