ойын сауық отауы
Қансонарда бүркітші шығады аңға
17.05.2016 3 537 0 Дауыл

Қансонарда бүркітші шығады аңға

Өлеңдер
Абай Құнанбаев

Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибат
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.
Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,
Сағадан сымпың қағып із шалғанда.
Бүркітші тау басында, қағушы ойда,
Іздің бетін түзетіп аңдағанда.
Томағасын тартқанда бір қырымнан,
Қыран құс көзі көріп самғағанда.
Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,
Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға,
Көре тұра қалады қашқан түлкі
Құтылмасын білген соң құр қашқанға.
Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,
Ол да талас қылады шыбын жанға.
Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,
Шабар жерін қарамас жығылғанға.
Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,
О-дағы осал жау емес қыран паңға.
Сегіз найза қолында, көз аудармай,
Батыр да аял қылмайды ертең таңға.
Қанат құйрық суылдап, ысқырады,
Көктен қыран сорғалап құйылғанда.
Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады,
Жеке батыр шыққандай қан майданға.
Біреу – көк, біреуі – жер тағысы,
Адам үшін батысып қызыл қанға.
Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.
Қара шашын көтеріп екі шынтақ,
О да бүлк-бүлк етпей ме сипағанда,
Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш.
Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда.
Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,
Және ұқсар тап төсекте жолығысқанға.
Арт жағынан жауырыны бүлкілдейді,
Қыран бүктеп астына дәл басқанда.
Құсы да, иесі де қоразданар,
Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.
«Үйірімен үш тоғыз», деп жымыңдап,
Жасы үлкені жанына байлағанда.
Сілке киіп тымақты, насыбайды
Бір атасың көңілің жайланғанда.
Таудан жиде тергендей ала берсең
Бір жасайсың құмарың әр қанғанда.
Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,
Аң болады кеңесің құс салғанда,
Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген,
Бір қызық ісім екен сұм жалғанда.
Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға
Бәрі де анық тұрмай ма ойлағанда?
Ұқпассың, үстірт қарап бұлғақтасаң,
Суретін көре алмассың, көп бақпасаң,
Көлеңкесі түседі көкейіңе.
Әр сөзін бір ойланып, салмақтасаң,
Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын,
Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң.
Абай Құнанбайұлының басқа өлеңдерін қарау

Қасқыр менен мысық - Спандияр Көбеев Қасқыр менен мысық - Спандияр Көбеев
Аңшылар аңға шықты мылтық алып, Иттерін жүйрік - жүйрік ертіп алып, Ішінде қалың тоғай ұйықтап жатқан, Бір қасқыр қаша берді тұра салып.
Кәрі қыран Кәрі қыран
Қанатынан қаңтардың қары бүркіп, Қашатұғын көргенде бәрі де үркіп. Қырағы көз бұл күнде қарауытып, Қалғып отыр қияда кәрі бүркіт.
Қарға мен түлкі Қарға мен түлкі
Ашылып түлкі жүрді жапандарда, Тамақ іздеп жол шекті сапарларға... Ешнәрсені көре алмай келе жатса, Көзіне түсті алыстан жалғыз қарға.
Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап? Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап?
Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап? Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап, Қыран шықса қияға, жібереді Олар да екі құсын екі жақтап.
Сонарда Сонарда
Күн аяз. Қаңтарда ма, ақпанда ма, Із кесіп, қан сонарға аттанғанда, Қарайсың қырқаларға, қапталдарға, Қарайсың ақ қағаздай жатқан қарға.
Абай Құнанбаевтың өлеңдері №1 Абай Құнанбаевтың өлеңдері №1
Кім екен деп келіп ем түйе қуған, Қатын ғой күлдәріден белін буған. Төркініңнің бергені жауыр айғыр, Бауырыңды ұрайын бірге туған.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×