ойын сауық отауы
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат
17.05.2016 16 853 0 Дауыл

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат

Өлеңдер
Абай Құнанбаев

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса, жарайды қылса сұхбат.

Кейбіреу тыңдар үйден шыққанша,
Кейбіреу қояр көңіл ұққанша.
Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,
Абайлар әрбір сөзді өз халынша.

Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе.
Қырмызы, қызыл жібек бозбалалар
Оңғақ бұлдай былғайды, бір дым тисе.

Керек іс бозбалаға – талаптылық,
Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық.
Кейбір жігіт жүреді мақтан көйлеп,
Сыртқа пысық келеді, көзге сынық.

Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!
Күншіліксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғиззәт хұрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.

Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс,
Оның қадірін жетесіз адам білмес.
Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес.

Күйлеме жігітпін деп үнемі ойнас,
Салынсаң, салдуарлық қадір қоймас.
Ер жігіт таңдап тауып, еппен жүрсін,
Төбетке өлекшінің бәрібір бас.

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!

Көп жүрмес, жеңісқойлық тез-ақ тозар,
Жаңғырар жеңсік құмар, жатқа қозар.
Күнде көрген бір беттен көңіл қайтар,
Қылт еткізбес қылықты тамыршы озар.

Толқынын жүрегінің хаттай таныр,
Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр.
Жар көңліне бір жанын пида қылып,
Білместігінің бар болса, қылар сабыр.

Шу дегенде көрінер сұлу артық,
Көбі көпшіл келеді ондай қаншық.
Бетім барда бетіме кім шыдар деп,
Кімі паңдау келеді, кімі тантық.

Ақыл керек, іс керек, мінез керек,
Ер ұялар іс қылмас қатын зерек.
Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез,
Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ерек.

Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,
Қоржаң суық келеді кей сасық ми.
Ері ақылды, қатыны мінезді боп,
Тату болса, райыс үстіндегі үй.

Жоқ болса қатыныңның жат өсегі,
Болмаса мінезінің еш кесегі,
Майысқан, бейне гүлдей толықсыған,
Кем емес алтын тақтан жар төсегі.

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.

Үйіңе тату құрбың келсе кіріп,
Сазданбасын қабақпен имендіріп.
Ері сүйген кісіні о да сүйіп,
Қызмет қылсын көңілі таза жүріп.

Құрбыңнан тәуір болса өз мінезі,
Абройлы қалжыңмен келсін сөзі.
Сен оған мойын бұрып сөз айтқанда,
Қатыныңда болмасын оның көзі.

Кей құрбы бүгін тату, ертең бату,
Тілеуі, жақындығы – бәрі сату.
Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ.
Қажымас, қайта айнымас қайран тату!

Пайда деп, мал деп туар ендігі жас,
Еңбекпен терін сатып түзден жимас.
Мәліш сауда сықылды күлкі сатып,
Алса қоймас, араны тағы тоймас.

Асық ұтыс сықылды алыс-беріс –
Тірі жанның қылғаны бүгін тегіс.
Бірі көйтке таласып, бірі арам қып,
Төбелескенде, дауласқан жанжал-керіс.

Жас бала әуел тату бола қалар,
Ата-анадан жақын боп, ертіп алар.
Бірін бірі құшақтап шуылдасып,
Ойын тарқар кезінде ұрыс салар.

Біреуі жылап барса үйге таман,
Ата-анасы бұрқылдар онан жаман.
Татулығы құрысын ойыны мен,
Дәл соларға ұқсайды мына заман.

Жаман тату қазады өзіңе ор,
Оған сенсең, бір күні боларсың қор.
Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,
Өзі зордың болады ығы да зор.

Қазақтың қайсысының бар санасы?
Қылт етерде деп-дайын бір жаласы.
Пысықтықтың белгісі – арық беру,
Жоқ тұрса бес бересі, алтын аласы.
Абай Құнанбайұлының басқа өлеңдерін қарау

Абайдан қалған нақыл сөздер Абайдан қалған нақыл сөздер
Құдайдан - қорық, пендеден – ұял: балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма! Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады.
Түлкі менен жүзім жемісі - Спандияр Көбеев Түлкі менен жүзім жемісі - Спандияр Көбеев
Біреудің сап алтынын қолындағы, Жамандап надандар көп мыс қылатын. Асылдың жамандаумен заты кетпес, Көңілден сондай сөздің, даты кетпес, Кейбіреу
Қазақтың ұлы тұлғасы — Абай Құнанбайұлының болашақ ұрпағына қалдырған өсиеті Қазақтың ұлы тұлғасы — Абай Құнанбайұлының
Бір жерде бірге жүрсең басын қосып, Біріңнің бірің сөйле сөзін тосып.
Қуанбаңдар жастыққа Қуанбаңдар жастыққа
Қуанбаңдар жастыққа, Елірме күлкі, мастыққа. Көзің қайдан жетеді Достық пенен қастыққа?
Құрбының тілегі Құрбының тілегі
Уақыттың бірге жылжып күндері, Жылыстайтын әр кезеңмен жыл легі. Ортақ еді біздің салған әніміз, Таңымыз да қарсы алатын бірге еді. Бірге еді
Абай Құнанбаевтың өлеңдері №1 Абай Құнанбаевтың өлеңдері №1
Кім екен деп келіп ем түйе қуған, Қатын ғой күлдәріден белін буған. Төркініңнің бергені жауыр айғыр, Бауырыңды ұрайын бірге туған.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×