ойын сауық отауы
Жарапазан сөздері
27.05.2017 9 743 0 Admin

Жарапазан сөздері

Бата, тілектер
Жарапазан - қазақ даласында ислам діні берік орын тепкеннен кейін пайда болған тұрмыс - салт жырларының бір түрі. Ол ел арасында ораза ұсталатын рамазан айында айтылады. Кешкілік ауыз ашар кезінде ауылдың өлең айтуға бейімі бар жастары жиылып, әр үйдің тұсына келіп Жарапазан айтады. Оны ешкім ерсі санамайтын болған, қайта үйден шама - шарықтарына қарай сыйлық алып шығып, Жарапазаншыларды риза етіп жіберетін болған.

Жарапазан мәтіні айтыла - айтыла әбден қалыптасқан жаттанды шумақтардан құрылады. Мазмұн жағынан оны шартты түрде үш бөлікке бөлуге болады. Ең алдымен, Жарапазаншы үйді, үй иесін мадақтаудан бастайды. Одан ислам дінінің шарттарын уағыздап, имандылыққа шақырып, өсиет айтады. Соңы бата берумен аяқталады.

Әрине, айтушы өзінің қабілет - қарымына орай, жаттанды мәтіннің қаңқасын бұзбай өз ойынан да шумақтар қосып айта береді. Үй иесінің көрсеткен құрмет - сыйына қарай оның жомарттығын, шүлендігін марапаттап, алғыс - тілек те айтады. Кейде көңілден шықпағандарды қуақы тілмен келекелеп, әзіл - қалжыңға да айналдыратын сәттер болады.

Жарапазанды жоқ - жітік замандарда дүние табу кәсібіне айналдырғандар да болған.
Дегенмен, Жарапазанның негізгі мақсаты — ораза айында ел көңілін көтере жүріп, ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа, иманға ұйыту, береке - бірлікке, ізгілікке шақырудан туған. Оған, әсіресе, жастар мен балалар белсенді ат салыса жүріп, өздері де үлгі - өнеге алған. Кеңестік дәуірдегі шектеулердің салдарынан ұмытыла бастаған Жарапазан ислам дінінің жандануына байланысты қайтадан салтқа еніп келеді. Жарапазан айтуға балалар да араласқан, олар, әрине, үлкендер шығарған өлеңдi жаттап айтатын болған.

Жарапазан айтуды үйренейік ағайын!

Үйің-үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен,
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен,
Әшекейлеп сырлатқан,
Ақ сарайдай үйі бар,
Ақ бөкендей қoйы бар,
Қара сақал кер мыйық,
Қандай байдың үйі екен,
Мұхамбет үмбетіне жарапазан!
Адыр-адыр таулардан,
Айғыр мініп біз келдік.
Ауыздығы бoй бермей,
Бай үйіне біз келдік.
Бұдыр-бұдыр таулардан,
Бұқа мініп біз келдік.
Мұрындығы бoй бермей,
Бай үйіне біз келдік.
Кірсін дәулет, шықсын бейнет!
Айтамын байлар сізге жарапазан,
Мoлдалар ертең ерте айтар азан.
Айтқанға жарапазан қайыр берсең,
Барғанда ақыретке бoлмас жазаң.

Балалардың мінгені,
Жорға - жорға тай болсын.
Жорғалатып келгенде,
Байдың көңілі жай болсын.

Ай жағыңа қарасаң,
Алтыннан терек орнасын.
Күн жағыңа қарасаң,
Күмістен терек орнасын...

Бөлшіл - бөлшіл, бөлшіл бол,
Бозторғайдай төлшіл бол.
Бәйтеректей бүрлі бол,
Пайғамбардай нұрлы бол.
Бисмилла, аллаһу акбар!

Бұрама темір, сым темір,
Отқа салса жанбасын,
Суға салса батпасын.
Тәңір берген нәсібе
Тепкілесе кетпесін!
Әумин!

Жарапазан желдірмесі:

Үйің-үйің үй екен,
Үйің толы шие екен.
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен.
Алматыдай көрінген,
Қандай байдың үйі екен!

Жарапазан сөзі:

Айтайын айт дегенде жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза иман!
Ассалаумағаликум, дәуіт ғалам,
Ағаға осы үйдегі бердік сәлем.

Ағаға осы үйдегі берсек сәлем,
Сәлемді қабыл көрсін хақ Тағалам!
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Мәуесі жер мен көкке тиіп тұрған,

Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда Нұрмұхаммет күліп тұрған.
Мінгені Пайғамбардың жирен дейді,
Намазды он екіңде үйрен дейді.

Намазды он екіде үйренгесін,
Тіліңе қызыл істік түйрелмейді.
Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,
Ораза намазыңның несі жұмыс.

Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Бейіштен құрма жейсің уыс - уыс.
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Бұтағы жер мен көкке тиіп тұрған.

Ораза намазыңды тұтып барсаң,
Алдыңда Нұрмұхаммет күліп тұрған.
Біреуі бес намаздың таң намазы,
Оқыған тал түстегі қай намазы.

Ораза намазыңды күтіп барсаң,¬
Терісі шұбар киіктен - жайнамазы.
Біреуі бес намаздың бесін біл тек,
Аллаға оқыдым деп қылма міндет.

Аллаға оқыдым деп қылсаң міндет,
Алдыңда дайын тұрар екі жендет.
Біреуі бес намаздың екінтіні,
Үстінен жалғыз қылдың секіртеді.

Қылмысың ол дүниеге жақпай барсаң,
Барғанда ахиретте өкіртеді.
Біреуі бес намаздың ақшам намаз,
Қойыңдай алдыңдағы бақсаң намаз.
Намазды әр уақыт қылсаң қаза,

Тартасың ахиретте өзің жаза.
Біреуі бес намаздың Жашихты,
Білген адам тартады тәспиықты.

Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда періштелер бас иіпті.
Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза иман.
(әр шумақтан кейін қайырма қайталанады.)

Жарапазан сөзінен кейін кезек жарапазан батасына келіп жетеді...

Үйіңіздің артында шатыр болсын,
Балаңыздың үлкені батыр болсын.
Жау жағадан алғанда, бөрі етектен,
Балаңның батырлығы татыр болсын!

Айтайын жарапазан есігіңе,
Ұл берсін қошқардай ғып бесігіңе.
Ұл берсе қошақардай ғып бесігіңе,
Береді Алла бірге нәсібін де.

Айтайын жарапазан есігіңе,
Қыз берсін құндыздай ғып бесігіңе.
Қыз берсе құндыздай ғып бесігіңе,
Береді Алла бірге нәсібін де.
Аллаху әкбар,
- деп бет сипайды.

Жарапазан сөзінің тағы бір нұсқасы:

Ассалаумағалайкум, мұсылмандар,
Мойынын хақ жолына ұсынғандар.
Құт орнап отбасыңа, бағың артсын,
Құдайым қабыл етсе, ісіңді оңдар.
Атыңнан айналайын хақ пайғамбар,
Алладан әмір келсе – жақ байланар.
Аллаға тіршілікте құлшылық қыл,
Қара жер өлгеннен соң тақтайланар.
Ораза айы келді, ей, жарандар,
Бұл айдың фазілеті Кәламда бар.
Өлеңі жарапазан айып емес,
Мүминге осылайша болған хабар.
Құдай - ау, айналайын, несібе бер,
Күлген мен ойнағанды кешіре гөр.
Күнәміз таудан үлкен, тастан қатты,
Су сеуіп тозақ отын өшіре гөр!
Ораза айы келді болып қонақ,
Күтіп ал қонағыңды болмай олақ.
Мұндағы ғибадатың қабыл болса,
Жаннатта қойылады алтыннан тақ.

Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,
Ораза мен намаз да ізгі жұмыс.
Ұстасаң оразаны, жұмағыңда
Жемістер шашылады уыс - уыс.
Айтамыз жарапазан ауылыңа,
Бақ қонсын бар мұсылман қауымына.
Береке, құт әкелсе, Ораза айы,
Жаз жайлау, жарық енсін ауылыңа!

Жарапазан сөзінің келесі бір нұсқасы:

Жарапазан айта келдім, сіз байларға,
Кім кетіп, кім жетпеген бұл айларға?!
Кірерсіз сегіз бейіш сарайларға
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!
Бір келген он екі айда шақыр рамазан,
Қылыңыз рамазанда жанды құрбан!
Үш айда енді бізге қалам, Құран,
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!
Бес парыз мұсылманға минат болған,
Ораза, намаз, зекет, қажы, - ол - нұр иман!
Бұл айда рахмет нұрға дүние толған,
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!
Ораза тұт, үшбу айда оқып құран,
Қараңғы керде шамың жағып тұрған.
Наныңыз бұл сөзіме, хақ мұсылман,
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!
Бұл айды көрген де бар, көрмеген де,
Білерсіз жан қадірін тергегенде.
Жақсы емес садақаны бермеген де,
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!
Бұл айда кешер Алла жазығыңды,
Сыйласаң біздей пақыр ғарібіңді!
Садақа, берген қайыр - азығыңды,
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!
Бұл айда береке нұр тәңірім шашар,
Бұл айда шайтан лағын қорқып қашар.
Есігін сегіз жұмақ періште ашар,
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!
Әр айда бола бермес бұл рамазан,
Қасиетін оразаның білмес надан.
Ықылас қып қарсы алыңыз, келсе шамаң,
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!
Наныңыз жұмақ, тамұқ - тамам барын,
Тағы бар ғаршы, күрсі, лаухи қалам,
Қожасы дүние, ақырет - Алла тағалам
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!

Қазақ халқының ауа-райын болжау тәсілі Қазақ халқының ауа-райын болжау тәсілі
Құралайдың салқыны Мамыр айының аяғында болатын суық жел. Осы желге қарсы киік өз құралайларын (лағын) аяқтандырып, жүгіртіп, өргізеді. Киіктің
Қонақ құдайдың елшісі Қонақ құдайдың елшісі
Бір әйел кісі күйеуінің үйіне көп қонақ ертіп келетінін, соның себебінен қиындыққа тап болып қалатындығы жайында пайғамбарымызға (саллаллаһу әлейһи
Ораза ұстаған адамға ауызашар бергеннің күнәсі кешіріледі... Ораза ұстаған адамға ауызашар бергеннің күнәсі
Ауызашар беру – сауапты іс. Аузы берікті ауызашарға шақырсаңыз, ораза ұстаған адамның алатын сауабын сіз де аласыз. Аузы беріктің сауабынан да еш
Наурыз бата Наурыз бата
Ниеттерің ақ болсын, Наурыздың ақша қарындай! Бастарыңа бақ қонсын, Шашыңның барлық талындай!
Айбөкен Айбөкен
АЙБӨКЕН. Аты шартты түрде ғана аталып отырған ертегілік образ. Ертегіде "ол айға шабамын деп мерт болған". Сондай - ақ "ол адам жейді" деп айтылады.
Асыл сөз Асыл сөз
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе. Адамдықты көздесең, Жат тоқып ал көңілге.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×