Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47

Біздің мейірімділікке жеңіл қадамымыз

12 сәуір 2016, Сейсенбі
Категориясы: Бастауыш сынып
3 - сынып
Сабақтың тақырыбы: «Біздің мейірімділікке жеңіл қадамымыз»
Құндылық: Сүйіспеншілік
Қасиеттері: Мейірімділік, жақсылық, қамқорлық.
Мақсаты: Оқушылардың «мейірімділік», «қайырымдылық» құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері:
- Оқушыларға мейірімділік, жақсылық, қамқорлық қасиеттері туралы түсінік беру;
- өзара сыйластық қарым - қатынастарын, жақсы істер жасай білу іскерліктерін дамыту;
- Оқушыларды мейірімділікпен жақсылық жасауға, қамқор болуға тәрбиелеу.

Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Көк, сары және жасыл түстер арқылы оқушыларды үш топқа бөлемін, «Мейірімділік», «Қамқорлық» және «Сүйіспеншілік» деп. Таңдаған түстер бойынша оқушылар топтарына отырып, топ басшыларын сайлайды

Тыныштық сәті: «Тыныс алуға зейін қою»
Сіздерден аяқ - қолыңызды айқастырмай түзу отыруыңызды өтінемін. Біз қазір тыныс алу жаттығуын жасаймыз. Тыныс алуға зейін қойған кезде, біздің ақылымыз дем алады. Ауаны ішке жұту кезінде тыныштық пен қуаныш қабылдаймыз. Ауаны сыртқа шығарған кезде өзіміздегі мазасыздықтарды сыртқа шығарамыз.
Қане, дайындалайық, балалар. Көзімізді жұмамыз..., арқамызды тіктейміз..., қолдарыңды тізеге қоюға болады..
Дем ал.... шығар... (жаймен 9 - 10 рет)

Біз бүгінгі сабақта адамның жақсы қасиеттерінің бірі мейірімділік туралы әңгімелесеміз. Адамдардың бір - біріне деген мейір - шапағаты – әдептілік белгісі.
Әңгімелесу
Жаңа сабақтың тақырыбын таныстыру мен оның мәнін түсіндіру мақсатында әңгімелесу жүргіземін.
- Мейірімділікті қалай көрсетуге болады?
- Өздеріңе мейірімділік көрсеткен кезде қандай сезімге бөлендіңдер?

Мәтінмен жұмыс
Мейірімділік қасиетінің мәнін түсіндіру мақсатында әңгімелеу жұмысы ұйымдастырылады. Оқушылар М. Төрежановтың «Сары тауық пен балапандары» әңгімесін кезектесіп оқып, оны әңгімелеп береді.

Сары тауық пен балапандары (М. Төрежанов)
Күздің бір күні сары тауық балапандарын ертіп, ауылдан ұзап кеткен. Аяқ астынан жаңбыр кұйып кетті. Суық жаңбырдың астында қалған сары тауық балапандарын қанша асықса да мекеніне жеткізе алатын емес.
Өйткені балапандарының жылы жүні әлі шықпаған балғын жас еді. Сары тауық қатты састы. Шөжелерін қос қанатының астына алып, бауырына басты. Бір балапаны сыймай сыртта қалды. Ана айла жасап, балапандарын кезектестіріп бір - бірден тыста ұстап, тоңа бастағанда бауырына алып отырды. Кезек ең кенжесіне келгенде ана оны сыртқа шығармады.
- Оны неге шығармайсыз? - деп сұрады бір ақ балапан.
- Ол тым жас.
- Жас болса қайтеді? Кезегі келгенде ол да шықсын.
- Сырқаттанып қалады. Кішімізге өзгеміз қамқоршы болуымыз керек емес пе? Кәне, мұның орнына кім барады? — деп сұрады анасы.
- Мен, - деді тұңғышы.
- Мен барайын! — деді оған тетелесі.
- Кезекті маған беріңіз! - деді одан кішісі.
Мен қалам ба сонда? - деді алғашқы қарсылық білдірген ақ балапан.
Қатесін түсінген сенің барғаның жөн! — деді сары тауық балапанды тысқа қарай ысырып.
Сары тауық су өтіп қатты жаурады. Бірақ балапандарын тоңдырған жоқ. Балаға деген ыстық махаббатымен жылытып, сақтап қалды.
Күн ашылып, ана жүрегіндей жадырады.

Оқушылардың мейірімділік туралы пікірлері әңгіме мазмұны бойынша берілген сұрақтарға жауаптары арқылы тыңдалады.
- Сары тауық өз балапандарын қандай жақсы қасиеттерге баулыды?
- Сары тауық өз аналық мейірімін қалай көрсете білді?
- «Күн ашылып, ана жүрегіндей жадырады» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Ал сендер мейірімділікті, қайырымдылықты кімдерден үйреніп жүрсіңдер?
- Сендер біреуге мейірімділік танытқан кезде қандай сезімге бөленесіңдер?
Балалардың жауаптары тыңдалады.

Дәйексөз. «Мейірімділікті анадан үйрен»
- Ана халық ұғымында жаратушы. Олай дейтініміз табиғатты да, адамды да дүниеге әкелуші ана. Ал барлық нәрсенің дүниеге келуі үлкен мейірім шапағаттан пайда болады. Табиғаттың барлық жанға бірдей мейірімді болуы сондықтан. Адамның да ананың кіршіксіз мейірінен берілген мейірімділігін сақтап қалуы өз қолыңда.
Оқушылар дәйексөзді дәптерлеріне жазып алады.
Тапсырма.
«Мейірімділік» тобы: мейірімді істерді жазады. «Қамқорлық» тобы: мейірімді адамның қасиеттерін жазады. «Сүйіспеншілік» тобы: мейірімділік туралы шағын эссе жазады.

Сергіту сәті.
- Бәріміз орнымыздан тұрып, барша адамзатқа, айналамызға деген тілегімізді түрлі қимылдар жасай отырып, көрсетейік.
Тілек
Шөліркемей күн тұрсын, (Сол қолын жайып көрсетеді.)
Жерім жайнап құлпырсын.(Оң қолын жайып көрсетеді.)
Нұрын сыйлап біздерге,(Екі қолын жоғары көрсетеді.)
Көкте мәңгі күн тұрсын.( Екі қолын екі жаққа жаяды.)
Ортақ бізге туыстық,( Екі қолын төбесіне көтереді.)
Нұр сыйлаған күн ыстық. (Қолдарын жаяды).
Ыстық бізге кең өлке, (оң жаққа қарайды),
Ыстық бізге тыныштық. (сол жаққа қарайды)

Шығармашылық жұмыс.
Топтың капитандары үстелдің үстінен конверт таңдап алып, ішін ашып тақырыбын жариялайды. Сол тақырып бойынша плакатқа сурет салып, қорғайды. Сол суреттерге байланыстырып ертегі - аңыз, мақал - мәтелдер, нақыл сөздер айтады. Өлең шығарса да болады.

Тыныштық сәті. «Мейірімділік сарайына саяхат»
Балалар ыңғайланып отырып алыңдар. Көздеріңді жұмсаңдар да болады. Көз алдарыңа «Аспан патшалығы» ақ мамықтай ақша бұлтты жіберіпті деп елестетіңдер. Сол ақша бұлттың үстінде біз отырғандаймыз ақша бұлт мамықтай жұмсақ екен.
Аспан әлеміне қарай көтеріліп барамыз. Айдын шалқар көлден өтіп, орманды алқапқа кездестік. Жүгірген аңдар, сайраған құстар көрінеді. Гүл жайқалған сұлу далаға да жақындап қалдық, әсем гүлдер, көріне бастады. Гүлдер неткен керемет!
Алуан түрлі, көздің жауын алады. Біз осының бірге көргенімізге, осындай шақта бірге болғанымызға іштей қуаныштымыз, ақ мамықтай ақша бұлт бізді жұпар иісті, әсем де көркем «Мейірімділік» сарайына түсірді. «Мейірімділік» сарайында тек қана мейірімді, ізетті кішіпейіл адамдар тұрады екен. Біздің де бойымызға мейірімділік пен ізеттілік сезімдері бойлап бара жатқандай. Енді, сүйіспеншілік пен мейірімділік, ізгілік сезімдерімен айналамыздағы достарымызбен, қонақтармен бөлісейік. Адамдар бір - бірімен тек жақсылық, қуаныш ізгілік сыйлап жатса қандай жақсы болар еді! Қайтатын уақыт та келді. Осы сиқырлы әлеммен қоштаса отырып, мейірімділік, сүйіспеншілік, ізгілік нұрларын өзімізбен бірге ала кетейік. Балалар көздеріңді аша қойыңдар.
(Оқушылардың өзіндік пікірлерін білу үшін мынадай сұрақтар қойылады)
- Балалар өзіміздің жан - дүниеміздегі қандай өзгерістерді сезіндік?

Ойын жаттығу.
- Бүгін бізге қонақ келіп отыр. Мен оның кім екенін жасырып көрейін, сендер оны шешуге тырысыңдар:
- Ол өте нәзік, әдемі;
- Ол ешкімге жамандық ойламайды;
- Гүлдерді өте жақсы көреді;
- Ол әдемі алқаптарда ұшып жүреді.

Оқушылардың жауаптары тыңдалады.
- Ия, бұл – әдемі көбелек. Ендеше, көбелек қонағымызға қошемет көрсетіп гүлді алқап жасайық.
Оқушыларға түрлі – түсті қиылған гүлдерді таратып беремін және мынандай сұрақ қоямын:

- Табиғаттағы неге ұқсағыларың келеді?
Оқушылардың жауаптарын қолдарындағы гүл пішінді қағазға жазып, кезегімен тақтаға шығып, не үшін оған ұқсағысы келетінін айтып гүлін тақтаға жапсырады. Барлық оқушылар гүлін жапсырып біткенде, дайын болған гүлді алқапқа көбелекті қондырамын.

Дәптермен жұмыс:
Тапсырма бойынша оқушылар дәптерге «Мен мейірімді баламын» тақырыбында өздері жасаған ізгілік істері туралы шағын әңгіме құрастырып жазады. Тапсырманы орындап болған соң жария етеді.

Сабақты қорытындылау:
- Бір - бірімізге жақсы, жылы сөздер көп айтылса, өмір мейірім мен қайырымға толы болып, қуаныш пен шаттыққа кенеледі. Сондықтан да барлық уақытта бір - бірімізге жүрекке жылы тиетін жақсы лебіздерді жиі айтып жүрейік.
Сабақ соңында балалар адамдарға, айналасына мейірімді екендіктерін жылы сөздері арқылы білдіреді.
Балалар шеңбер құрып тұрады. Кімнің немесе ненің мейірімді екендігін кезегімен мынадай сөздермен айтып жеткізеді:
Күлімдеген күн мейірімді!
Кіршіксіз ақ қар мейірімді!
Таза мөлдір су мейірімді!
Бәрімізді көтеріп тұрған жер мейірімді!
Аяулы анам мейірімді!
Қадірлі әкем мейірімді!
Әлпештеген әжем мейірімді!
Еркелеткен атам мейірімді!
Жылы жүзді ұстазым мейірімді!
Тату - тәтті достарым мейірімді! және т. б.
Топпен ән айту:
Оқушылар «Асыл анам» әнін айтады.

Үй тапсырмасы:
«Жүректен шыққан жақсы тілектер» тақырыбында эссе жазып келу.

Соңғы тыныштық сәті:
Көзімізді жұмып, еркін жайғасайық. Енді, бүгінгі өткен сабағымызда нені түсіндік, қандай жақсы нәрселерді үйрендік, қандай сабақ алдық сол жөнінде ойланайық. Осының барлығын жүрегімізге салып, көкейімізге түйіп алайық. Жайлап көзімізді ашуға болады.
Бүгінгі керемет сабақ үшін сіздерге көп рахмет!
Сүйіспеншілік, сүйіспеншілік, сүйіспеншілік бар жерде,
Сүйіспеншілік, сүйіспеншілік, сүйіспеншілік бүкіл әлемде.
Топтарды бағалау, мадақтау.

ОҚО, Ордабасы ауданы, Шұбарсу елді мекені,
Мұхаметқұл Исламқұлов атындағы жалпы орта мектебі
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мұғалімі
Қамшыбаева Гүлдар Айдарәліқызы
4 168
0
31 дауыс
Оқи отырыңыз
Жылы және салқын түстер. Жылы түсте натюрморт орындау
Жылы және салқын түстер. Жылы түсте натюрморт орындау
Табиғат қоршаған ортадағы сұлулық бояу нақышымен қымбат. Олардың көркі ең алдымен түрлі - түстің реңіне байланысты айқындалады. Табиғатта кездесетін түстер негізінен үш түске бөлінетінін білеміз.
Арыстан мен тышқан. С. Торайғыров
Арыстан мен тышқан. С. Торайғыров
Арыстан (лат. Panthera leo) — мысық тұқымдасына жататын ең ірі жыртқыш жануар. Орталық Африка мен оңтүстік - батыс Азияның саванна, шөлейт аймақтарында, шөлді жерлерінде де кездеседі.
Бар ізгілік бір өзіңнен басталған
Бар ізгілік бір өзіңнен басталған
Ана, Ана, Ана!... не деген мейірлі, не деген шапағатты сөз еді осынау үш әріптен құралған қасиетті сөздің түп төркінінде қаншама ұлы сезім жатыр десеңізші.
Орманның пайдасы және оны қорғау
Орманның пайдасы және оны қорғау
Орманның өндірістің қай саласы болмасын пайдасы көп. Үстел, орындық, қарындаш, ағаш шкафтар, кітап сөрелері, есік, терезе жақтаулары мұның бәрі де ағаштан жасалатыны сендерге белгілі.
В. Сухомлинский. Нағыз адам
В. Сухомлинский. Нағыз адам
Василий Сухомлинский 1918 жылы, 28 қыркүйекте Херсон губерниясы, Александр уезінде дүниеге келген. Қарапайым отбасында тәрбиеленген.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.