Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47

Шәкәрім Құдайбердіұлы. «Қалқаман – Мамыр» поэмасындағы кейіпкерлер тағдыры мен поэманың көркемдік ерекшелігі

31 наурыз 2016, Бейсенбі
Шәкәрім Құдайбердіұлы. «Қалқаман – Мамыр» поэмасындағы кейіпкерлер тағдыры мен поэманың көркемдік ерекшелігі
Сабақтың мақсаты:
1. Поэманың композициялық сюжетін дамуын жанарлық сипатын, көркемдігін талдауды сұрақ - тапсырмалар ұсыну арқылы оқушыларды өз бетімен жұмыс істеуге дағдыландыру. Ойын жүйелі хабарлай білуіне жіті көңіл бөлу.
2. Оқушыны эстетикалық сезімге шақыру, сауатты да әдеби тілде сөйлеуге қалыптастыру, өз бетімен жұмыс жасауға, белсенді болуға үйрету. Ұлтымыздың ұлы адамдарының еліне еткен еңбегін бағалай білуге тәрбиелеу. Ақынның әндері, өлеңдері арқылы өнерді түсінуге, сүйсінуге тәрбиелеу.
3. Поэма кейіпкерлерінің жақсы мінез құлықтарын үлгі ете отырып, адамгершілікке, достыққа, мейірбандылыққа баулу.
Оқыту нәтижелері:
- Шәкәрімнің озық туындысының идеялық мазмұнын ұғынады, кейіпкерлер іс — әрекетіне оқушылар баға береді.
- Мәтінге сүйене отырып, нақты дәлелдер арқылы өз ойларын анықтайды.
Сабақтың әдіс - тәсілі: Топпен жұмыс, сын тұрғысынан ойлау, сұрақ - жауап, пікірталас, мәтіндік талдау.

Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру бөлімі. Сыныпта психологиялық ахуал орнату.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.
І топ. Шығарманың мазмұндау жоспарын құрып, жоспар бойынша қысқаша баяндау.
1. Қалқаман мен Мамырдың аталары
2. Еркекшора Мамыр
3. Бастаңғы
4. Екі жастың шешімі
5. «Қалқаман мен Мамырдың дауындай» мақалы
6. Төркіндеп келген Мамырдың жайы
7. Қалқаманға шығарылған үкім
8. Елден кеткен Қалқаман

ІІ топ. Шығарманың композициялық құрылымын жасау, әдеби - теориялық ұғымдарды дәлелдеу.
1. Пролог - алғы сөз. Тобықты руының таралуы.
2. Экспозиция - сюжеттің басталуы. Қалқаман мен Мамырдың бір - бірімен кездесуі.
3. Сюжеттік байланыс. Қалқаман мен Мамырдың бірін - бірі ұнатуы. Бастаңғы.
4. Оқиғаның дамуы. Мамырдың біреуге айттырылуы. Екі жастың серттесіп қашуы.
5. Кульминация – оқиғаның шарықтау шегі. Мамырдың өлімі. Мәмбетейлер мен Тобықты руының жанжалдасуы.
6. Шығарманың аяқталуы. Оқиғаның шешімі. Қалқаманды оққа байлау. Қалқаманның елден кетуі. Жоңғар шабуылы.
7. Эпилог. Оқиғадан кейінгі жағдай.

Үй тапсырмасын бекіту.
- Бұл шығарманың тақырыбы мен идеясы не болды?
Тақырыбы - кіршіксіз, адал махаббатты дәріптеу, қазақ халқының әлеуметтік болмысын суреттеу. Идеясы: Қоғамның әділетсіздігіне, ел билеушілердің озбырлығына қарсылық.
- Балалар, осы поэманың басты кейіпкерлері кімдер?
Шығарма кейіпкерлері: Әнет баба, Көкенай, Қалқаман, Мамыр т. б.

ІІІ. Жаңа сабақ.
Ой қозғау.
- Кейіпкер дегеніміз не? (Көркем шығармада жан - жақты толық суреттелетін негізгі тұлға)
- Мінездеме дегеніміз не? (шығарма кейіпкерінің мінез - құлқы, бойындағы қасиеті)
- Шығарма кейіпкерлерін мына кесте бойынша анықтайық.

Шығарма кейіпкерлері. Кейіпкерлердің іс - әрекеті. Кейіпкерлерге мінездеме.
Қалқаман
- Мамырды алып қашады
- Елінен кетеді
- Батыл, намысқой, сүйгеніне қосылуды армандаған жас
Мамыр -
- Өзі өлсе де, Қалқаманның амандығын тілейді
- Ақылды, өз теңін іздеуші, сабырлы, сезімтал
Әнет баба
- Ел бірлігін, тыныштығын ойлайды.
- Мамыр мен Қалқаманға жаны ашиды
- Мейірімді, әділдікті жақтаушы, данагөй қария
Көкенай
- Мамырды өлтіреді
- Қалқаманды өлтір деп қиғылық салады
- Қатал, намысшыл, өз дәуірінің салт - дәстүрін берік ұстанушы.

Қосымша түсінік. Әнет баба Кішікұлы (1628 - 1723) – ежелгі Шыңғыстау өңірінен шығып, қазақ мемлекетін құруға белсене қатысқан тұлғалардың бірі. Әнет баба – Әз Тәуке ханның тұсында өмір сүріп, оның кеңесші болған, «Жеті жарғыны» құрастыруға қатысқан атақты жеті бидің бірі. Шыққан тегі – Орта жүздің Арғын руы. Ол әділдімен, діндарлығымен аты шыққан. Ұлы бидің сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи мазарына жерленген.
(«Қазақтың ұлттық энциклопедиясы»).

Топтық жұмыс.
І топ. Поэма шумақтарын өлең құрылысына талдау.
(Жырдың алғашқы шумағы)
Өткен іс ойға күңгірт, көзге танық,------------- 11 а
Көрмесе де білгенге бәрі қанық.----------------- 11 а
Мың жеті жүз жиырма екінші жыл, ------------ 11 б
Қазақтың Сыр бойында жүргені анық.--------- 11 а

(Жырдың соңғы шумағы)
Хан Шыңғыс деген тауда тұрмыз біз де,------- 11 а
Егер де іздесеңдер, сонан ізде.-------------------- 11 а
Тобықтыда Құнанбай қажы десе,----------------- 11 б
Басты кісі біледі Орта жүзде.---------------------- 11 а
11 буынды, 2 бунақты, қара өлең ұйқасы

ІІ топ. Жырдың поэтикалық тіліне талдау.

Жырдың поэтикалық тілі. Жырдан үзінді мысал
1 Суреттеу. (оқиғаның болған жерін, кейіпкерлердің жеке басына тән ерекшеліктерін, оларды қоршаған ортамен таныстыру - суреттеу)
- Өткен іс ойға күңгірт, көзге танық,
Көрмесе де білгенге бәрі қанық.
Мың жеті жүз жиырма екінші жыл,
Қазақтың Сыр бойында жүргені анық.

2 Баяндау. (оқиға желісін көркемдеп әңгімелеу - баяндау)
- Көкенайдың төркіндеп келген Мамырды атып өлтіруі, т. б.

3 Диалог. (кейіпкерлердің бір - бірімен сөйлесуі - диалог)
- Қалқаман мен Мамырдың сөйлесуі.
4 Портрет.(кейіпкердің сырт тұлғасын, бет - әлпетін суреттеу - портрет) Мінездеу.
- Әнет бабаң – арғынның ел ағасы,
Әрі би, әрі молда, ғұламасы.
Орта жүзге үлгі айтқан әділ екен,
Сол кезде тоқсан беске келген жасы.

5 Теңеу. (заттың, құбылыстың ерекше белгілерін басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттеу)
- Бабаңның нұр жүзі болды мұздай
Жылы жүрек өзіне жар тапқандай
Қалқаман мен Мамырдың дауындай.

6 Эпитет (заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз)
- Салқын термен мөлдіреп нұрлы жүзі,
Жылы жүрек өзіне жар тапқандай.

Пікірталас
- Поэманы талдауды пікірталаспен жалғастырайық.
1 – топ Жақтаушы
2 – топ Даттаушы
1. Қалқаман мен Мамырдың қосылуы дұрыс па?
2. Көкенайдың әрекетін қалай бағалайсыңдар? Іс - әрекеті дұрыс па?
3. Қалқаманның ел ортасынан кеткені дұрыс па?

Жақтаушы және даттаушы топтар өз көзқарастарын дәлелдер келтіре отырып, пікірталас ұйымдастырады.
Ой толғаныс. Рефлексия(кері байланыс)
Менің шығармадан түйгенім... (бүгінгі өмірмен байланыстыра отырып, өз ойларыңды түйіндейді)

Бағалау. Бағалау парақшалары бойынша бағалау.
Үйге тапсырма. «Шынайы махаббаттың қос шынары» тақырыбында шығарма жазу. Поэмадан үзінді жаттау.

БҚО, Ақжайық ауданы,
Алғабас орта жалпы білім беретін мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Мусагалиева Райля Қуанышқызы

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.
4 709
0
1 дауыс
Оқи отырыңыз
Есімшенің жасалу жолдары
Есімшенің жасалу жолдары
Есімше – етістіктің ерекше түрі. Себебі есімше сөйлемде екі түрлі мәнде, екі түрлі қызметте қолданылады. Бірде ешқандай қосымшасыз тұрып, қандай? қай? деген сұрақтарға жауап беріп, анықтауыш қызметін, ал кім? не? деген сұрақтарға жауап беріп,
Ахмет Байтұрсынұлы. Ақын ініме
Ахмет Байтұрсынұлы. Ақын ініме
Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы Торғай уезіне қарасты Тосын болысының 5 - ауылында Сарытүбек деген жерде дүниеге келген. Ахметтің әкесі қарапайым шаруа адамы Байтұрсын Шошақов – арғын Үмбетей батырдың немересі. Шошақтың төрт ұлы болған: Байтұрсын,
"Көктем келді" М. Жаманбалинов "Көктем келді" М. Әлімбаев
"Көктем келді" М. Жаманбалинов "Көктем келді" М. Әлімбаев
Көктем келді өлеңінің мазмұны мен мағынасына түсінік беру. Өлеңнің шумақтарын мәнерлеп, түсініп оқи білуге жаттықтыру, көркем тілде мазмұндай білуге үйрету.
І. Жансүгіров «Бөбек бөлеу»
І. Жансүгіров «Бөбек бөлеу»
Ілияс Жансүгіровтың «Бөбек бөлеу» шығармасын таныту, өлеңнің құрылысына назар аудартып, талдау, «Бесік жырымен үндестігін ұғындыру;
Төлеген Айбергеновтың “Ана”өлеңі
Төлеген Айбергеновтың “Ана”өлеңі
Атырау қаласындағы химия - биология бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Текеева Жанша Тажибаевна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.