ойын сауық отауы
О. Айтанұлы / Аң шадырын оқ табар
03.04.2023 214 0 Admin

О. Айтанұлы / Аң шадырын оқ табар

Әдебиет
Ұлы Даланың рухани жауһары: О. Айтанұлы / Аң шадырын оқ табар
“Аң шадырын оқ табар” романы Шін Жаң халық баспасында (Үрімжі) 1986 жылы бірінші рет басылған.
Кейіпкерлері: Ақтағыс, Сәтбек, Мәкес (Ақтағыстың қызы), Қазым (Ақтағыстың ұлы), Нұрғиза (Қазымның әйелі), Қоңқай, Жәзи, Қаратай молла, Өтеген, Шағыбан, Ақтан, Тұрағұл, Тулен, Ағайша, Зауқия (Қаратайдың бәйбішесі) және Аққоян (ит).
“Аң шадырын оқ табар” атты бұл еңбек 1958 жылдың қазақ даласындағы бір жетілік бейнесі арқылы сол заманды иіре суреттеген тегеурінді туынды. Роман қолтоқпақтай, тобан аяқ Ақтағыс ақсақалдың төңірегін толық көретін қожыр тастың үстінде отырып, айналасына қиялдай көз жүгіртіп, күнде құмырысқаның илеуіндей қарбаласып жататын тау етегіндегілердің аяқ астынан аяқтары тиылып, өліктей тып - тыныш жатқанын ой түрткі етуінен басталады. Тау ешкінің жас қуырдағын жеп, айран ішіп, келіп - кетіп жүретін әңгімешіл көп жігіттер болушы еді, міне олар жел ұшырғандай жоқ болған. Ұзақ отырып ешбір қыбыр - қимыл байқамаған Ақаң бұған қайран қалды, “Не болған оларға?... Бір жаққа ауып кеткен бе?... Баяғыда сары сүзек келгенде елдің түндігі жабулы - жабулы қалған еді...” Ағынның аржақ иініндегі үш киіз үйдің түндігі ашылмаған, екі шатыр да сондай жым - жырт. Әдетте бөрене сүйретіп ағылып жататын қызыл тракторлар мен қарбалас адамдар бір - ақ күнде сап болған. Сіріңке қорапқа салған шырпыдай бір келкі кесілген қарағай бөренелер жол бойында рет - ретімен жаюлы тұр. “Осынша қауырт жұмыстарын тастап олар қайда кетті екен?... Маған келген селебе оларға да келгеніме әлде?... Дүние не болып барады?!...” Шал ойға қарағысы келіп қарай алмады, қат - қабат күз жаңқа тастар бетін қайтарып тұрғандай. “Оның аржағында не болып жатыр?...” Жерден ауыр тыныштыққа тұншыққан тобан аяқ шал тырмысып жүріп өз кеудесіндей, тіпті өзіне ұқсап кетерліктей божбиған бір үлкен қара тасты аударып, домалатып, иен тау, қараң қалған шатқалдың адамды мезі қылып, тынысты тарылтқан мына меңіреу үнсіз, жым - жырттығын бұзып, тас болса да тілдесуге дыбыс шығарғысы келді ме кім білсін?! Тас домалап барады. Алғашында баяу домалап, енді секіруге ауысты, бір тәуірі тұяққа қағар бөгіде кедергіден ештеме байқалмайды. Күреңселі, құйқалы теріскей оның тепкісіне көніп, өзіне біткен сабырлығын сақтап - ақ қалды. Тек арқы жағадағы тасқа ұрылғанда барып, әлгі тастың быж - тыжы шығып, ұсақ сынықтарын асау ағысқа тапсырып, тұп - тұнық кеңістікте бір сәттік жаңғырығы ғана қалды. “Өлген” тастың көр талқысын жүргізіп отырғандай тізерлеген бойы аузы аңқиып, қозғалмай қалған Ақтағыс өзінің осы тасты не үшін домалатқанын да ұмытқан. Аттай желіп жүрген кезінде санап ататын аңдары енді сынық көңіл қарт аңшыны келекелегендей сойыл тастам жерден тобымен жанап өтіп жатты. Мүйізі қарағайдай екі текесі жекпе - жекке түсіп, өз үйіріне сапалы тұқым қалдыру құқығын алу үшін тауды жаңғыртып майдандасқан. Ақыры әлеуеттісі жеңістік алып, ырыққа шыққан. Аңкөс шал олардың қызарған көздеріне дейін көріп отырған...
1958 жылдың сақадай сай күндерінің бірінде қаншама көкіректі желпіндіріп, қаншама жұмыр басты пенденің екі танауын желпілдеткен болат қорыту науқанының ұлы үндеуі осы өңірді де шарпып тігерге тұяқ қылдармай, бәрін атқа қондырған. Ырымға қара етіп жалтаңкөз, кірме жас биолог Сәтбекті ғана қарауылдыққа қалдырған. “Бір жөні болар” – деп ойлады ол, ап - сап басылып, иен жұрттағы өз шатырының қасындағы қарағай дөңбекке отырып жатып, дегенмен, жалғызсырап құлазу сияқты бір күңгірт сезім оянғандай болған. Осылайша арғы - бергі, өткен - кеткенді еске түсіріп орнынан тапжылмай ұзақ отырған. Түрткіл дүниені басына көшіріп соғылған тасты Сәкең де естіген. Көп өтпей таудың жүйрік басынан тымағын шексіз кеңестікке қайта - қайта шыр айналдырып, кімді шақырып тұрғаны белгісіз кішкентай адамды көрген. Бұл бір күн өтпей жатып адамсыраған Сәтбекке үлкен медеу болған. Енді үкідей ұшып солай қарай беттеген...
Таулықтарға оқу - тәрбие жұмысымен келе жатқан Мәкес сартап сағынышын баспақ болып, ауылына ат басын бұрады. Жолшыбай көзіне ыстық өзі өскен өңірді көріп, тамылжыған табиғатын тамашалап, көңілі көтеріледі. Жат жұрттық болмаған, әлдилеп бала сүймеген қыздың әлі де балапан құстай түлеп ұшқан ұясына қайта - қайта оралғысы келе беретін. Анау тас мойнаққа иек артқан соң, мұны көрген Аққоян сағымдай бұлдырап жетеді, құлағын жымырып, құйрығын бұлаңдатып бұла еркеліктің бәрін істеп бәйек болады. Үй маңынан өріске дейін жыбырлаған түліктер, түтіні тік ұшқан қасиетті қарабайыр шаңырақ, құтты табалдырықтан кіріп - шығып жүрген жаны мамық жандар жанарға нұр құйып жарық етпек. Осындай алуан ойлар Мәкестің миында өрекпіп, көзеулі кезеңіне де келіп жетті. Бірақ, ол қайнаған тірлігі тоқтаған, жұт жайлағандай жүдеу жұртты көреді. Нәзік жанын қарыған қасіретті көріністен а деп аузына түскені “Әке! әкелеген” ащы айғай болып, аяқ жеткен айналасын арылта іздеп, арқандаулы бұзаулардан басқа еш жан иесін таппаған. Арқаларында енелерінің жалпақ тілдерімен жалаған сойдақ іздерін сипай отырып, ойға ерік берген. Кенет олардың мөңірей қараған жағына жалт бұрылғанда қырат басында арқасында көтерген “баласы” бар еңгезердей қараны көзі шалады. Үйге кіріп әкесінің мылтығы мен оқшантайын ала салып, қораның артындағы тастың жықпылына жасырынады. Оның иманын бойынан қырық кез ұшырып келе жатқандар әлгінде мұның дауысын естіп, Ақтағысты арқалаған Сәтбек болатын. “Атты кісі, тебіні қатты кісі” – дегендей, тобан аяқ шалдың еңсесі көтеріңкі айтылған шақыруынан Мәкес жатқан жерінен қарғып тұрып желдей есіп жеткен. Әкелі - бала емірене қауышқан. Олар алабұртқан көңілдерін басып, сабасына түскеннен кейін, сыйлы жігітке сый көрсетіп, қазан шегелеген. Талай әңгіменің арқауын ширатқан. Сиырдың күздігүнгі қою айранына тойып алған Сәтбек әдетте Ақтағыс еңбектеп - ақ шығып жүрген балта сабы кезеңге мең - зең болып әрең шыққан. Бүйірі шығып, буыны босаған ол сол жерінде жантая кеткен. Әлде бір ұшқыр сезімнен көкірегі толып, көңілі масайып барып, даланың жұпар иісті кең құшағында маужырап өлі ұйқыға бас қойған. Күндізгі тәйтиген, мұжық шалмен болған қысыр кеңесі керуендей тізіліп ұзақ ойға батырған. Көпті көріп, көнек түбін тескен кәрия бірде: табан ет, маңдай терімен жиған малын ортақтастырамыз деп колхозға әкеткенін ашына айтса; бірде: философиялық ойға тартып “Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі”. Құдай жаратқан он сегіз мың ғаламның бәрінде ие бар. Тау, орман, су, жер... құдай бізді онан ырыздығыңды теріп же деп жаратқан. Оны қорлауыңа, қиратып бүлдіруіңе, аң болса қырғындауыңа, орман болса өртеп немесе кесіп, жоқ қылып түгетуге асығып құртуға бола ма? Үкімет дейсіңдер, ол патша ғой. Патшаның жазасы көзге көрініп келеді, құдай асықпайды. Обал бар жерде сауап бар екенін білсе бұл жұрт. Тағы бірде: әр адамның бұл дүниедегі жақсылық - жамандығының бірдей болмайтындығынан, олардың өлім азабы да бірдей болмайды. Бай адамдардың өлім азабы кедейлерден ауыр болады. Мұны “ел оның мал, дүние байлығын қимай жатқандығы” – дейді. Жан алқымға келгенде мал - дүние, тіпті алтын болса да оған не пайда... Мен жартылай өлген адаммын, алланың мұнысына да шүкіршілік. Күпірлікке жазбасын! Міне, мынау бір уыс топырақ, тірі пенде оған өзін теңестірмейді. Аяғының астында жатқан топырақ, өлгенде өз үстіне шығатынын ұмытады. Балам, дүниедегі ең ұлы нәрсе топырақ қой, топырақ! Алыста жүрсең де өзіңе жер иісі сіңген туған топырағыңды аңсайсың, бұл жандыларға ортақ қасиет. Ал өмір деген күрес! Әрбір тірі мақұлық көз ашып дүниеге келгеннен көз жұмыр көрге енгенше өздерінің күндес жауларының қысымынан, олардың қайтпайтын қатты сынынан еш уақыт құтылып, бейғам бола алмайды. Мұның түп - төркіні қу кеңірдектің құлдығынан да құтыла алмау болса керек. Бәрімізге пана болған тақуа табиғат бір жағынан жалпақ шешей болып мырзаланса, енді бір жағынан сыған болып, сараңданады... Өмір базарынан қайтуға бет алған, оқымаған мүгедек қарттың осыншама ғақылия сөздерімен алысып, “Тауықтың түсіне тары кіреді” дегендей, қай - қайдағы қысырақ ойлар жамбасынан сыз өткен Сәкеңді меңзіғыр етіп оятқан. Өзінің қайда жатқанын пайымдап, есін жиған ол сондайда алғашқы таң нұрына малынып, мойнында мылтығы бар алауланып тұрған алтын адамды көрген... (жалғасы бар)

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Есенбике. Қазақ тарихындағы әйелдер Есенбике. Қазақ тарихындағы әйелдер
Есенбике - XVIII ғасырда өмір сүрген Қаратай батырдың қызы, Олжабай батырдың шешесі. Есенбике кішкентайынан Айдабол бидің бәйбішесінен туған кенже
Ұрлық, өтірік туралы мақал - мәтелдер Ұрлық, өтірік туралы мақал - мәтелдер
Ұры байымайды, Сараң семірмейді.
Туған жер - Отан туралы мақал-мәтелдер Туған жер - Отан туралы мақал-мәтелдер
Қазақ және әлем халықтарының таңдамалы мақал - мәтелдері
Шашылу Шашылу
Сөйлесем, даусым аңқыған, Сөйлеуге жүрек талпынған, Атасы Беріш болса да Артық пайда көрмедім
Сабырханға Сабырханға
Қызылқұмда ізіміз қалар ма екен, Іздеген жан біздерді табар ма екен? Адасармыз, адассақ, қарамай - ақ Кел екеуміз кезейік жалаң аяқ.
Туған жер – отан туралы мақал-мәтелдер Туған жер – отан туралы мақал-мәтелдер
Туған жерге туың тік. Ит тойған жеріне, Ер туған жеріне.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×