ойын сауық отауы
Асан Қайғының даналы сөздері
11.10.2023 287 0 Admin

Асан Қайғының даналы сөздері

Әдебиет
Бабадан қалған асыл сөз
Ұрпаққа мәңгі тіл қатшы, далам...
Асан Қайғы
Ел - жұртының болашағы жайлы ойланып, қабырғасы қайыса қайғырып, толғанған Дешті Қыпшақтың XV ғасырдағы ірі жырауы, шешен биі Хасан Сәбитұлын халқы Асан Қайғы атап кеткен. XIV ғасырдың аяғын ала дүниеге келіп, XV ғасырдың ортасында Сарыарқадағы қасиетті Ұлытау жерінде дүниеден озған деген дерек бар.
Асан Қайғы – Ұлығмұхамед, Жәнібек хандардың қасында жүріп, мемлекет ісіне араласқан ықпалды бектердің бірі болған. Қадірменді жырау өзінің арнау - толғауларында ру - тайпалық одақтардың құрылымы мен халық дәстүрлері жайында сөз қозғап, ханның ел басқару әдісіне сын айтып, кеңес те беріп отырған. Ол хандықты нығайтып, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажеттілігіне де назар аударады. Жақсылық пен жамандық туралы сыр шертіп, халқын бейбіт те адал өмір кешуге шақырған.
Өз заманының өнерлі де данышпан ойшылы болған атақты жыраудың шығармашылығындағы «Жерұйық» идеясы орта ғасырдағы еуропаға тән утопиялық көзқарастармен ұштасады.

Көлде жүрген қоңыр қаз
Қыр қадірін не білсін!
Қырда жүрген дуадақ
Су қадірін не білсін!
Ауылдағы жамандар
Ел қадірін не білсін!
Көшіп - қонып көрмеген
Жер қадірін не білсін!
* * *
Ата - жұрты бұқара
Өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп.

* * *
Таза мінсіз асыл тас
Су түбінде жатады,
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз
Шер толқытса шығады.

* * *
Жылуы жоқ жібектен,
Жұлымы шыққан бөз артық!
Астауы бал болса да,
Азғын болған шаңырақтан,
Ащы болса да алақанда,
Адал жалаған тұз артық!
Көре алмаған туыстан,
Қол ұшын берген кісі артық!
Күндес болған қоңсыдан,
Күнде аңдысқан жау артық!
Жақсыны да, жаманды да жаратқан - ау Тәңірім!
Пейілі жемсау, жемқорлық
Пендеге біткен осалдық!
Ойланыңдар, жамағат!
Таразы тасы – Имандық!!!

* * *
Есті көрсең кем деме,
Бәрі тұйғын табылмас,
Қарындасын жамандап,
Өзіңе туған табылмас.
Адам әзіл айтар деп
Көңіліңді салмағыл.
Нәпсі алдаушы дұспаның
Насихатын алмағыл.
Бақыты оянған ерлердің
Әрбірі ісі оң болар,
Дәулеті күнге артылып,
Не қылса да, мол болар.
Тазылары түлкі алып, қаршығасы қаз іліп,
Сөз сөйлесе жөн болып, не десе де жарасар,
Бай, байсын деп ат қойып,
Ел аузына қарасар.

* * *
Арғымаққа міндім деп
Артқы топтан адаспа,
Күнінде өзім болдым деп,
Кең пейілге таласпа,
Артық үшін айтысып
Достарыңмен санаспа.
Ғылымым жұрттан асты деп,
Кеңессіз сөз бастама,
Жеңемін деп біреуді
Өтірік сөзбен қостама!

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Қазақ әдебиеті әлемінен Қазақ әдебиеті әлемінен
«Абат батыр» - «Қырымның қырық батыр» топтамасына енетін эпостық жыр. Жыр ел аузында аңыз, әңгіме түрінде сақталған. Асан қайғының ұлы Абат батырдың
Асан Қайғы – Бұл заманда не ғаріп? Асан Қайғы – Бұл заманда не ғаріп?
Бұл заманда не ғаріп? Ақ қалалы боз ғаріп Жақсыларға айтпаған, Асыл шырын сөз ғаріп. Замандасы болмаса, Қариялар болар тез ғаріп
Әділдік, шындық, қанағат - рақым туралы ұлағатты сөздер Әділдік, шындық, қанағат - рақым туралы ұлағатты
Әділет тілесе - атаңның болсын айыбын айт.
Табыңдар Табыңдар
Асан - Үсен екеуі Тату – тәтті дос еді Көңілдері қош еді, Екі қолы бос еді.
Аязды күні Аязды күні
Далада аяз, қашан ғана тыншиды? Мұрынды бір, Құлақты бір шымшиды. Үйде Асан ыстық көже іше алмай Шек – қарны шұрылдайды, сыңсиды.
Білгішін – ай Білгішін – ай
Асанды ерттім жаныма Бауға бірге барғалы. Біледі ол айыра, «ЗИМ» мен «ЧАЙКА», «ВОЛГАНЫ».
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×