ойын сауық отауы
Абайдың хакімдігі: «Мұңлы шайтан – құдайдың қуған жаны...»
24.11.2024 10 0 Admin

Абайдың хакімдігі: «Мұңлы шайтан – құдайдың қуған жаны...»

Әдебиет
Абайдың хакімдігі: «Мұңлы шайтан – құдайдың қуған жаны...»
Шайтандық – өмірге адаммен бірге келіп, адамның есі еніп, санасы оянғанда бой көрсететін көрініс.
Шайтанның ең ұнатқан, ұялаған жері – адам баласының нәпсісі. Себебі нәпсі – ақыл - санаға ырық бермейтін, адамның өмірге құштарлығынан туатын қитұрқы сезім. Нәпсіге ие болып, оны ноқталау үшін адамзаттың ойлап таппаған айласы қалмады. Әулиелік те, дәруіштік те, монах болып та, жаратқанға ғашықтықтың бәрі - бәрі осы нәпсіні жеңу үшін жасалған қаркеттер. Нәпсіні жеңіп, тақуалық жолына түскендерді барлық заманда «әулие» деп пір тұтқан. Сонда нәпсіні жеңу – адамның өз бойындағы шайтандықты жеңіп, одан арылуы. Бұл осал шаруа емес.
Бізге шайтан туралы идея қажет. Ол болмаса адам табиғаты ашылмайды. Өйткені шайтан болмысын анықтаушы рухани қуат иесі бар, оның есімі – періште. Демек, періштенің мәні шайтан арқылы анықталмақ. Бірі зұлымдық иесі болса, екіншісі – пәктік иесі. Бұл – адамның еркіне қатысты екі бағыттағы екі мінезі. Осы екі мінез синтезінен нақтылы жанның адамшылық сипат - қасиеттері көрінбек. Адамға баға осы екі мінездің қайсысының басым екендігінен анықталмақ.
Шайтан да, періште де, нақтылы жағдай әр адамның басындағы күйлер арқылы айшықталғанымен, санамыздан тыс өмір сүретін рухани субстанциялар, яғни объективтік идеяның көріну формалары. Оларды бұлайша объективтендіріп, құнарландырып тұрған бастаулар – әр адамның шайтандық, періштелік істері. Бұл істер көркем образдар, салт - дәстүрлер, ырым - ғұрыптар, естеліктер, аңыз - хикаялар арқылы толығып, өңделіп отырады. Тіптен сөйте - сөйте нақтылы шайтан образы, періште образдары жасалған. Олардың мәдениет тарихында есімдері бар. Шайтан образы – Ібіліс, орыс мәдениетінде – Демон, періштелер: Әзірейіл, Жебірейіл, Мекайыл, Исрафил, т. б.
Абай шайтан туралы ойында адам шайтан да емес, періште де емес екендігін ашық айтқан. Ол: «Ел бұзылса салады шайтан өрнек», - дейді. Демек, ел бұзылмауы керек. Егер ел бұзылса оның еркіне шайтан ие болмақ. Елді бұзып отырған адамдардың қылықтары – шайтандық, сондықтан қазіргі қазақтардың арылатын кеселді ісінің бірі – шайтандық.
Абай заманында ел бұзылған. Билігі басынан кетіп, өзге жұртқа бодан болған халықтың ахуалы түсінікті. Билеушілер әманда өз тәртібін орнатуға мүдделі. Тұрғылықты халық өз бітім - болмысын, салт - дәстүрін, күнкөріс қарекетін сақтап қалуға ынталы. Абай өмір сүрген мезгілде осы екі мәселе ел ішінде көріністер беріп жатқан. Қара халық кімнің етегінен ұстарын білмей адасуда болды. Ел біліктілері, естілерінің өзі есалаң күйде еді. Орысша оқып, оның тұрмысына еліктеп, дініне кіріп мүлдем қарасын батырайын десе, қазақтығын қайда қоймақ? Қазақы тұрмыста қала беруге тағы да болмайды. Сондықтан не істеу керек? Дұрысы тұрмыста жаңа тәртіпке бейімделген жөн, яғни «пысық» болуы керек. Пысықта халық, ел деген сана жоқ, оның бар ой - арманы – жеңіл пайда. Ол үшін туған әкесін сатуға даяр. Бұл заңдылық отаршылдыққа түскен барлық халықтың басында болған.
Ел бұзылды, оның себебі қазақ халқы отыршылдыққа, құлдыққа түсті. Езілуге, езгенге жаны сүйсініп, өзінің құл болғанын бұлдайтын кездер болады. Сондайлардың алдыңғы тобы Абай тұсында өсіп шықты.
Абайдың: «Ел бұзылса салады шайтан өрнек», - деп бейнелеп айтқан ойын талдасақ, шайтан өрнекті салатын екі күшті айқын аңғарамыз. Бірі – жоғарыда айтқан, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар сияқты қаптап өсіп шығатын пысықтар. Олардың шайтандығы – надандықта. Надандық – шайтанның азығы. Наданның сүйгені көп пен дүрмек. Бұл – Абайдың сөзі. Надандық пен ақылсыздық бір емес. надандық – адам рухына кереғар жасалатын әрекет. Надандық тек білместікпен жасалмайды, ол білгендіктен де туады, бұл мәнде надандық жауыздыққа айналады. Саналы түрде ақылмен қорытылып жасалған іс надандық емес – жауыздық. Осындай шайтан өрнектер (надандық, жауыздық) Абай заманында болған.
Ел бұзылған кезде пайда болатын тағы бір шайтан азығы – үрей. Ол – адамның еркін билеп алатын аса қауіпті дерт. Отыршылдар қазақ халқын күштеп басып алғандықтан, үрей үстемдігін әбден орнатты. Әу деп бас көтерсең кезеулі мылтық, тар түрмеге душар боласың. Адамды күнәсына сай жазалап соттау дәстүрі бұзылды, жаңа тәртіп орнықты. Адам өзінің не үшін жазықты, не үшін жазықсыз болатынын білмей дал болды. Сондықтан «тыныш жүру» деген философия қалыптасып, үрей бойды кернеп алды. Қайда барса алдынан «Қорқыттың көрі» шыққан соң қазақтың қара таяқтары (оқығандары) орыстардың өздері шығарған, елге әкелген түсініктеріне орай ойлар құрастыра бастады. Сөйтіп, ағартушылық атын жамылып миссионерлік саясат жүре бастады. Оған қазақ оқығандарының кейбіреулері қол ұшын берді. Бұл істе білгендік те, білмегендік те бар болатын. Бойын үрей билеген қазақ оқығандары көбінесе жақсы мен жаманды айыра білмейтін. Реті келгенде айта кетелік, үрей дерті большевизм заманында мейлінше өршіді. Бойын үрей билеген қазақ зиялылары бөгде жұрттың сөзіне қоғадай жапырылды. Үрей қазақ зиялыларының драмасына да, қасіретіне де айналды. (жалғасы бар)

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Абайдың хакімдігі: «Адамның тауып айласын, кісілікті ойламай...» Абайдың хакімдігі: «Адамның тауып айласын,
Абай түсінігінде «кісілік» пен «адамшылық» бір мәнде емес. Әрине, ауызекі сөзде, кейбір жайларда оларды мәндес ұғымдар ретінде қолдана береміз, бірақ
Абайдың хакімдігі: «Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ...» Абайдың хакімдігі: «Алла мінсіз әуелден,
Біз терең түсініксіз, ақылмен жан баласы жетпейтін құпияны тылсым дейміз. Тылсым болмаса түсінікті нәрсе болмас еді. Себебі түсінікті нәрсе
Абайдың хакімдігі Абайдың хакімдігі
«Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ...» Аллада мін жоқ, мін – адамда. Мәселенің нақ осылай болуы да Алла әмірі. Олай болса, адамға ақыл мен мінді
Махаббатпен жаратқан адамзатты.. Махаббатпен жаратқан адамзатты..
Алла – ислам дінінде құдай есімі, Алланы сүюге насихаттаушылар Абайға дейін де көп болған. Ақынның мәселе қойысы өзгеше, ол сен Алланы адамзатты
Дәрет алып, таза жүр Дәрет алып, таза жүр
Мұхамбет пайғамбар үнемі дәрет алып, таза жүруді насихаттаған. Дәретсіз адамға жын - пері, шайтан үйір болады. Ол туралы пайғамбар өзінің хадисінде:
Шайтан Шайтан
Мұңлы шайтан — құдайдың қуған жаны, Күнәлі жер кез келіп бір ұшқаны. Өткен жақсы дәурені ойында оның, Сондағы не көргені, не қылғаны.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×