ойын сауық отауы
С. Жүнісов / Ақан cері
11.03.2021 1 354 0 Admin

С. Жүнісов / Ақан cері

Әңгімелер
Ұлы Даланың рухани жауһары
С. Жүнісов / Ақан cері
Әлбетте, «Ақан сері» романында Ақан Абай сияқты өмірге көзқарасы жаңа қалыптаса бастаған кезден емес, аз да болса, өмірдегі теңсіздік мәселесін аңғарып қалған күйде жүздеседі оқырманға. Әрине, екінші кітаптағыдай басына түскен ауырпалықтан қысым көрген Ақан есейіп, өмірге көзқарасы байып, үлкен күреске әлі шыға қойған жоқ. Патша мұрагері – Цариевичке қазақ халқы атынан үлкен шағым айтатын дәрежеге ол әлі жеткен жоқ. Ақан – әдемілікке, әсемдікке ғашық, өмірдегі сұлулыққа, өнердегі пәк тазалыққа ғашық. Халқы оны сері атандырған.
Жалпы алғанда, шығармашылық адамдарында өзгеше бір ерекшелік бар: олар да өзге пенде сияқты кәдімгідей өмір сүреді, ал қиялдарында олар бейне екінші, басқа бір әлемнің адамдары сияқты күн кешеді. Ақын – өнер адамы. Ол өзін күнделікті күйкі тұрмыс - тіршіліктен аулақ, кербез, сырдаң ұстайды, өмірден сұлулық іздейді, әдемі өрнек, сымбаттылық көрсе, өмірдегі жоғалтқан жоғын тапқандай, балаша қуанады.
«Ақан сері» романында да демократтық көзқарастағы, жаны сұлулыққа ғашық, ізгі жүректі орыс әйелі Анна Ивановна – уезд начальнигі Измайловтың әйелі. Орыс жұртынан ең алғашқы боп, Ақандай ардагер ақынның өнеріне табынып, жалпы, қазақ өнеріне (әншілік өнеріне) тәнті болған да осы Анна Ивановна. Осынау орыс әйелінің мына бір сөзінен Ақанның жан дүниесіне үңіліп, оның қандай адам екенін болжауға болады. Анна Ивановнаның Ақанмен Сағынай асы кезіндегі серуен тұсында әңгімелесуі бас қаһарманның образын айқын ашып тұр.
«Өз басым композитор, ақын атаулы мұңсыз болады деп ойлаймын. Жаны нәзік жанның сезімі өрмекшінің өрмегіндей болмашы желдің өзін тез аңғарғыш қой. Мен де сіздің жаныңызды тереңірек түсінсем бе деймін».
Тарихтан білеміз, халық сөзін сөйлеген, халыққа бір табан жақын тұратын Ақан, Жаяу Мұса, Мәди сияқты өнер адамдары зұлмат заманда өктем күш иелерінен озбырлық көреді. Олай болуы заңды да еді. «Имеген иттерге бас сері, дархан» деп ақын жырлағандай, олар болыс - би, атқамінер байлардың шашбауын көтеріп өлең айтқан жоқ. Керісінше, сол озбырлардың халыққа істеп отырған қылығын аяусыз беттеріне басты.
Ақанда сұлу сөз, сырлы да әсем ән көп. «От тілді, орақ ауызды» ақын зұлмат заманның шүйделі мықтыларына өткір сөзі, удай ащы тілімен тойтарыс беріп, бүкіл жұртты аузына қаратады. Ал Мәдиде сөзден гөрі іс басым, әрекет басым. Туған өлкесінің халқы аштыққа ұшырап, қырылу қаупі туғанда Мәди еш ойланбастан халқын аштықтан құтқару қамына кірісіп кетеді. Жас кезінде сүйгеніне айырып, жас жүрегіне жазылмас қаяу салған Түнекбай, Төкеш шонжарлардың жылқысын шауып алып, Шомбал сияқты алпауыттан кек алады. Сонау жас кезінде жүрегіне түскен әділетсіздік жарасы Мәдиді үлкен күрестерге аттандырады.
«Ақан серінің» бірінші кітабында айтылғандай, Сырымбет саласындағы, Қаратал қойнауындағы, Ереймен баурайындағы сері басына түскен үш соққы жеңіл теперіш емес. Жаны нәзік, табиғатынан сезімтал, кірпияз, сұлу жанды Ақанға тағдыр Сырымбет саласында аяулы да адал махаббаты Ақтоқыдан айырылу сыйын әзірледі. Әлібектің Қарабедеуімен Ақтоқтысын алып қашқан Ақан қолға түскен. Кеше ғана атын сырттай естіп, жүзін бір көруге іңкәр болған жастар енді Жалмұқанның атшабарлары болып, аяулы серіні қолға түсіріп, үнсіз қоршап тұр. Осы тұста Ақтоқты характері бар болмыс - бітімімен дараланып, оқырман алдында анық айқындала түседі. Ол қапылыста қаза табар Ақанның тағдырын ойлап, мына қара нөпірдің, қара күштің алдында амалсыз жуасып, бас иді. Жалмұқан соңына ергендер – «ертең өкіне білсе де, бүгінін ойлай білмейтін шел көздер тарпа бас салып, өз әнін, өз сәнін, қасқырша таламаққа даяр. Олар қазір өз жүрегі қалаған ғашығы үшін күйген Ақан сері дегенді ұмытқан. Ру, ата намысын лайлаған жау тұр деп қана түсінеді. Бөлтірікше баулынған жау жүректер қазір қыл арқанды жазықсыз жандардың мойнына бұғалық тастап, қарауыл қотанында әулекіленіп, дырылдата сүйретуі де ықтимал».
«Ақтоқты:
«Ақан аға, кездігіңді маған беріңізші», - дейді...
«Ақан аға, хақ тағала сіз екеуімізді қосылуға жазбаған екен.
Мен үшін жүдеп, ессіздердің алдында қор болмаңыз. Ақтоқтылар көп. Ақан сері біреу қарауылда. Мен сізге татымайтын сол көп Ақтоқтылардан аса алмаған бір бейбақ екенімін. Сізбен бірге болу қолымнан келмеді. Бұғалыққа мойы ұсынар көп жасық қыздардың бірі ғанамын. Өмір бойы енді сіздің адал жүрегіңіздің, махаббат періштесінің қарғысы атсын мені. Мен енді сізбен еркін серуен құрар азат Тоқты емеспін, көгендегі басыбайлы қара тоқтымын».
Ақтоқты бұл жерде әйел теңсіздігі сияқты шынжыр - бұғаудан құтыла алмай, басқа түскеніне көніп, шерменде болғанның көз жасын көлдете мойындап та тұр. Ескі заманда қазақ қыздары мен әйелдерінің бәрі бірдей ескі салтқа мойын ұсына бермейді, сондай - ақ ескі салт - дәстүрге еш қарсылықсыз мойын ұсынып кете бергендердің қатарына «Абай жолындағы» Тоғжан, Ділдә т. б. жатқызсақ, эпопеядағы Керімбала, Салтанат, Нұрғанымдар аз да болса бостандық, махаббат еркіндігі үшін қарсылық жасайды. Ал Үмітай мен Салихалар батыл күреске түседі. Әуезов романда әйелдердің әрекетсіздіктен қарсылық, наразылық білдіруге дейін барып және жай наразылықтан әрекет, қимылға көшкенін, сөйтіп, бостандық, еркіндік үшін күрестің эволюциялық дамуын көрсеткен, әйелдердің ертеңгі күні бостандық алатынына оқушының сенімін тудырған. Ақтоқты да Тоғжан мен Ділдә сияқты ескі заңға мойын ұсынған, бағынған көп қазақ қызының бірі. Дәл осы тұста бір айтар жайт, осынау Жалмұқан тобының алдында Ақан неге үнсіз? Басынан сөз асырмайтын адуынды Ақан көп шәуілдектің ортасында неге үнсіз қалды? Ақан сынды ақынның болмыс - бітімін даралайтын тартыс осы жерде өзінен - өзі туын тұрған жоқ па? Автор өз кейіпкерін бұл жерде лайықты көрсете алмаған. Өнер адамының басынан өткен кез келген кездейсоқ биографиялық ұсақ - түйектерді жиып - теріп көрсетудің керегі аз. (жалғасы бар) 

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Шешендік сөздер: Деген екен... Шешендік сөздер: Деген екен...
Ақан сері ел аралап жүріп атақты Мейрам болыстың үйіне түседі. Кіріп келіп сәлем бергенде, Мейрам болыс орнынан ұшып тұрып: – Қарауылдың саңлақ
Көркем сөздің құдіреті: Басыр Көркем сөздің құдіреті: Басыр
1. Көз ауруы; көзге ақ түсіп, көрмей қалуы; 2. Еш нәрседен хабарсыз, бейхабар
Абай айнасы – рухани кемелдену: Адам өзінің жан екенін түсінуі Абай айнасы – рухани кемелдену: Адам өзінің жан
Адамның имандылығы дамып, белгілі бір дәрежеге жеткенде оны бұл өмірдің қызығы жалықтырып, одан да жоғары ләззат барын сезе бастайды. Ол ізденіс
Абай айнасы – рухани кемелдену: Сезім қанағаты Абай айнасы – рухани кемелдену: Сезім қанағаты
Абайдың он бесінші қара сөзінен есті кісі мен есер кісінің әрекетін салыстыруға болады. «Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір
Өмір маған... Өмір маған...
Өмір маған кейде тау сияқты, Шыңына шыққым келеді.
Қызбел Қызбел
Табиғат, құпия әлі сырың жұртқа, сұлулық сыйла әніме мұңымды ұқ та. Келемін бас июмен талантыңа ғашық боп ғұмыр бойы сұлулыққа.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×